Эссе және өлең-жыр байқауы

Цинга: С дәруменінің тапшылығы

Мұны «скорбут» деп те атайды. Оны қазақтар «құрқұлақ» ауруы деп кеткен.

Бұл дерт адамның организмінде С витаминінің, яғни аскорбин қышқылының жеткіліксіздігінен пайда болады. Көп адамдар цинганы қызылиектің ауруы деп біледі, қызылиектің қанағыштығы мен тістердің түсуі, негізінен, ауыр дерт белгілері болып табылады. Құрқұлақ дәнекер тіндердің құрылысы мен қызметінің бұзылуына әкеп соқтырады. Коллагендердің жасалуын төмендетеді, қан тамырлардың өткізгіштігін арттырып, геморрагиялық белгілерді дамытады. Құрқұлақ ауруы үш сатыға бөлінеді: алғашқысы — жасырын кезең, екіншісі — клиникалық көрінісі білінетін кезең, ал үшіншісінде клиникалық көрінісі ең шегіне жетеді.

Алғашқы сатысында науқаста әлсіздік, тез шаршағыштық, балтыр бұлшықеттерінде ауырсыну, ұйқышылдық пайда болады. Тері кедір-бұдырлы болады және түлейді, қызылиектер борпылдақ күйге түседі және аздап қанайды. Иықтан төмен жерлерді қатты қысқан кезде нүктелі қанталаулар байқалады. Бұл кезең 4 айдан 6 айға дейін созылады.

Екінші сатысында геморрагиялық көріністер байқалады. Бұл кезде бұрынғы белгілерге түкті терілер маңайында пайда болған нүктелі қанталаулар, бөртпелер, бұлшықеттерде, буын айналаларында көгерулер қосылады. Өте маңызды белгілер аяқтарда, қабырғалардың сүйек-шеміршек аймақтарында байқалады. Қызыл иектерде таңдақтар түзіліп, жараға айналуы, тістер босап, түсіп қалуы да мүмкін. Жақ астындағы және мойындағы лимфатикалық түйіндер ұлғаяды. Құрқұлақтың бұл сатысында остеопороз дамып, сүйектердің сынуы да кездескен. Аурудың соңғы сатысында дене температурасы жоғарылап, лейкопениямен, эозинофилиямен бірге қаназдық, кахексия дамиды. Сонымен қатар екінші қайтара болатын жұқпалар, мысалы, пневмония, плеврит сияқты аурулар байқалып, асқынуы мүмкін.

Цингамен ауырған адамның тамаққа тәбеті болмайды, салмағы азаяды, әрқашанда шаршап және әлсіздікті сезіп тұрады. Ауру адамның аяғы ісінеді, іші өтеді, ентігу пайда болады, зәрінде қан пайда болады, иммунитеті төмендейді. Цинга ауруының ұзақтығы бір жетіден бірнеше айға созылуы мүмкін. Егер науқасқа ешқандай жәрдем жасалмаса, ол жалпы арықтаудан немесе оған қосылған аурулардан өліп кетуі мүмкін.

Қазіргі замандағы ғалымдар цинганың себебі жұқпа деп болжап отыр, бірақ бұл ауруды қоздырушы вирус табылған жоқ.

Алдын алу және емдеу

Адам организмі С дәруменін жасамайтын болғандықтан, оның қоры аз. Тіршілік барысында организм оны көп жұмсайды, сондықтан организмге тамақпен бірге, немесе дайын С витаминін қабылдау арқылы ұдайы түсіп тұруы тиіс. Сау организмнің С витаминіне тәуліктік қажеттілігі 100 мг, алайда бұл мөлшерді көптеген ауруларда арттыру қажет болады. С витамині көкөністерде, жеміс-жидектерде, қырыққабатта, көк пиязда, қызанақта, сарымсақта көп болады. С витамині жоғары температураның, жарықтың әсеріне тұрақсыз. Құрқұлақты емдеу үшін аскорбин қышқылы тағайындалады. Оның дәрігердің кеңесімен 2-3 ай қабылдау керек. Сонымен қатар Р дәрумені қоса беріледі. Өйткені ол аскорбин қышқылының белсенділігін арттырады және оның организмде жиналуына мүмкіндік береді.

Қ. Қажыкенова, бала дәрігері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×