Бүгін айт.
Айт күні менің үйімде әлде нәрселер туады. Ертерек кезде "Айт" күні болғанда бір түрлі қуаныш көңілмен қарсы алған секілденуші едім, берірек келген соң "Айт" күні қуануды қойып, түрлі ойға шоматын болдым. Оған түрлі себептер болды. Бүгін де — "Айт". Менің ойым тағы өткен-кеткенді шолып өтіп, әрқайсысына өзінше мағына беріп отыру.
Көп жыл болды. Құрбан айты. Күзді күнгі кез. Мешіт болмағандықтан Қайынды басындағы үш-төрт ауыл жиналып, молдаға барып, айт намазын оқыды. Кәрім молданың сол кезде жаңа оқып шыққан кезі, мақамы да әдемі-ақ. Жиналған жұртқа уағызды сөйлеп, жұмақ-тамұқ туралы соққанда, бірен-саран билік айтып, пара алудан басқа бұзықтыққа баспайтын жіңішке көңілді сопылардың жылағандары болды.
Уағыздың қорытындысы — сегіз жұмақ, хор қызы, хүлла түн, қанатты пырақ бәрі де құрбанға семіз мал сойып, Айт күні аямай садақа берген байлардікі!
Біздің елде Ерқосай дейтін кекештеніп сөйлейтін бір шалдау кісі бар еді. Сөзінің ішінде кедір-бұдыры көп болатын.
Шаншу тілін жақтырмағандар:
— Құдай сені осы тіліңнен кекеш қылды ғой, — дейтін. Сол Ерқосай отағасы жұлып алғандай қылып:
— Молда шырағым, жұмақ біткенге байларды толтырып болдың, енді біз сиятын жер қалды ма? — деді.
Ерқосай сөзін молда жақтырмады:
— Шариғатты әзілге шаптырсаң, жұмаққа жылдам кіресің,— деп кекетті. "Мына түрімен жұмақта несі бар екен"— деген тәрізденіп байлар да ала көзімен қарады... Менің көңілімде түрлі ойлар туды. Молданың шариғатына қарағанда, кедей біткенге жұмақтан орын берілмейтін секілді еді...
Кедейдің жетіскен күні бар ма, бір жылы құрбанға шалатын малым болмай қалды. Сиыр шалатындар, ақша тауып бере алмайсың деп телмеге кіргізбеді. Амалсыздан құрбансыз "Айтты" өткізетін болдым. Менің әйелім қай бір шаруашылықты ойлайтын адам.
— Жұрттың бәрі "Айт" шалып жатқанда, қарап отыру деген не масқара?! Өзіңнің етің болмаған соң, бір үйге айтшылап барсаң да, ашық шыраймен асын бермейді, ішуге тамақ таба алмай отырған жыпылдақ шешейдің үйі де шалып отыр, сенің-ақ пейілің тарыла береді, — деп бүріп болды. Пейілім тарылғанда мен малым болып аяғаным жоқ, жалғыз бұзаулы сиыр мен жалғыз аттан басқа адал қараның жоқтығы қолды байлады.
Қайткенмен де қатынның сөзі жанға батып бара жатқан соң қысылдым.
- Құрбан қазақшылық ғұрыпқа қарап шалынбайды ғой, шариғат мендей кедейді қысатын болса, жерден қазсам да құрбан шалайын, — деп қатыңды жұбатып, бірер дәлел тауып берер ме екен деп Кәрім молдаға келдім. Жасы менен кіші болатын. Сөзді дыбырлап көп сөйлегенімен де, біздің қыстауды күзететін Айпанның екі сөзінің біріне "ызнашитті" қосқаны секілді "яғни, мәселенді" қыстырмай сөз сөйлемейтін. Мен кіріп жайымды айтқаннан-ақ, тамақты қырып алып, жөнелді.
— Яғни, мәселен, қала — айтты пайғамбар ғалейсалам, мән бір мән ғайит шариф күні құрбан шалмаса, ол мен қиямет күні менің дидарымды көрмесін, — деген... яғни, мәселен, малыңыз болмаса да, ауыруыңыз болмаса, құрбан шалуыңыз керек, — деді молда екем.
Қияметте пайғамбардың дидарын көрмеу маған ауыр соқты. Үйге келіп, жалғыз сүт бұзауды Есмағанбетке бермек болып бір тоқтысын алып сойдым.
Жылдан жыл өтіп, 22-інші жылдың жұтына кездестік. Көппен бірге Кәрім молда да жұтады. Оның үстіне жұтап қалған жұрт молдаға садақа беруді сиретті. Екі сөзінің бірінде Кәрім молда: — Жұрт құдайды ұмытты. Садақа беру деген жоқ. Осы әлеметтің бәрі жұрттың пейіліне қарай болып отыр, —дейтін болды.
Бір күні "Айт" болды. Бізге екі бастан құрбан шалу жоқ. Жалғыз ат, жалғыз сиырдан айырылып, шәйге сүтті көрінген үйден алатын болған соң, құрбан шал деп қатын мазаны алатын емес. Ендігі менің аңдитыным — кім құрбан шалар екен деген.
Кәрім молда менімен көрші. Қой-қозысы болмағанмен ірі қарадан 10-15 қарасы бар. "Айт" күні болғанша пәлендей мал іздегендігі көрінбеді. Бұрынғы қалпымен бірер ту сиырын сойғысы келіп жүр ме деп те ойлаймын.
Таңертеңгілік молданың үйінен шаң-шұң дауыс шықты. Дауыс белгілі — май басқан жуан, кейкі тұмсық сары бұжыр қатыны барды, қит етсе молданы тақымдап бажылдайтын да жататын. Жайшылықтағы ұрысы елеусіз болғанмен, бүгінгі "Айт шариф" күнгі молда қатынының неге сөйлеп жатқанын көріп тұра жөнелдім. Үйіне жақындай бергенімде:
— Сен молда болушы ме едің, құдайдың қарғаған адамы сенсің!— деген қатынының сөзі құлағыма сап ете қалды. Қызыққанымнан үйге кірмей тыңдадым.
— Сен құдай қарғаған болмасаң, жұртты азғырып құрбан шалдырғанда жақсысың, қазір де ортан қолдай ірі 15 қараң бар, құрбан шалар едің ғой... Ертеңгі күні абысын-ажын "құрбан шалмадыңдар" деп менің бетіме басады... — деп бүріп жатыр екен.
Кіріп келдім... Молда сасқалақтап қалды:
— Жәке, әйел деген, яғни, мәселен, ақылсыз болады ғой, "әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа" деген, яғни, мәселен, рас сөз ғой. Жұтқа ұшырағанмен жұмысы жоқ, құрбан шалмадың деп мені қысып отырғанын көрдің бе, — деп мүсәпірсінген тәрізді болды.
Тентек қатын менде де бар, тілі тигенде күйіп кетуші едім. Менің күйім молданың басына келгеніне аяушылық қылатын жөнім болса да, баяғыда менің екі қарам бар да "пайғамбардың жүзін көрмейсің" деп қорқытып маған құрбан шалдырып, 15 қарамен отырып өзінің құрбан шалғысы келмегендігіне ашуым келді:
— Жалғыз қарасы барларға "пайғамбардың дидарын көрмейсің" деп құрбан шалдырушы едің. Енді, 15 қарамен отырып, құрбан шалмай пайғамбардың дидарын өзің қай бетіңмен көрмексің? Шын кәпір сен екенсің ғой, — дедім.
Молда сасып қалды.
— Яғни, мәселен... — дей берді.
Содан қайтып молданың сөзіне сенбейтін болдым.
Бірақ "Айт" болған сайын басыма түрлі ойлар толады. Қаншама жылдар алдаған тілге еріп, маңдай терімді сыпырып жүріп тапқан жалғыз-жарым қарамды құрбан шалып сират көпірінен мініп өтемін деп сойып, желге жібергеніме ішім ашыды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі