Өлең, жыр, ақындар

Іріңді артрит

Артрит — буынның ірінді қабынуы. Буынды жаралау, буынға басқа ірінді аурудан микробтардың келуі, лимфа немесе қан тамыры арқылы келіп түскен микробтар буынды іріндетіп жібереді. Іріңді артритке шалдыққан науқастың іріңін зерттегенде, онда стафилококк немесе стрептококк микробтары жиі кездесті. Буынға оқ тигенде микробтардың неше түрлісін табуға болады. Жаралану салдарынан пайда болған артритті бірінші дәрежелі артрит десе, сепсис, остеомиелит, лимфаденит түрін екінші дәрежелі артрит деп атайды.

Науқас адам жағдайын нашарлататын артриттерге тізе буыны, жамбас-сан (ұршық буыны), иық буыны, жіліншік-табан буындары-іріңдеу жағдайына душар болған артриттер жатады.

Микробтар буынға түсуіне байланысты буын қуыстарындағы сұйық заттар фибринге бай келеді, содан соң ірің пайда болады. Кейінірек ірің-қан аралас сұйықтық шіри бастайды. Қабыну процесіне шалынған буын қапшығынан ірің буын сіңіріне шабады. Ем ойдағыдай болмаса, немесе науқас адам дәрігерге кешігіп келсе, ірің буын қапшығын ірітіп жібереді де, бұлшық еттер арасына жайылып флегмона жағдайын туғызады.

Белгілері

Буыны іріңдеу жағдайына ұшырағанда ауыру сезімі пайда болады. Науқас адам қозғалып, қимылдарында ауыру сезімі күшейе түседі. Сондықтан науқас төсекте қозғалмай жатып, ыңғайлы жәй іздейді. Жамбас-сан-ұршық буыны қабынуға ұшырағанда науқас аяғын жиыңқырап, табанын сыртқа қарай бұрыңқырап қойғанда, оған осындай жәй оңды сияқты көрінеді де, ауыру сезімі азаяды.

Ауруға шалдыққан буынның көлемі ұлғайып, буын пішіні өзгеріп, буын үстіндегі тері қызарып тұрады. Сол буынды саусақпен басса, ауыру сезімі күшейіп кетеді. Егерде ірің буын сыртына шығып, жан-жаққа жайыла бастаса, науқастың хал-жағдайы нашарлап, терілері сарғайып, дене қызуы біресе көтеріліп, біресе төмендеп, адамды селкілдетіп, қалшылдатып жібереді де сандырақтатады. Буын сіңірлері еріп, езілігі қалғандықтан, мүше буын төңірегінде босаңсыған жағдайға ұшырап, буын шығып кетуі ықтимал. Ауру басталғаннан екі-үш апта өткен соң буынды рентген сәулесімен зерттейтін болсақ, буын ішіндегі шеміршектің өзгергені, буынның тайып, шығып кеткені анықталады. Науқастың қан құрамы зерттелсе, лейкоциттер саны көтеріліп, лейкоциттік формуланың солға қарай жылжығаны байқалады.

Емдеу

Артритті екі түрлі амалмен емдейді. Бірі — жергілікті емдеу, екіншісі — жалпы емдеу. Емдеудің бір түрі — ота жасау.

Іріңнің жан-жаққа жайылмауы, сөйтіп төңірегіндегі тіндерді іріңдетпеуі үшін, сол мүшені немесе буынды қимылсыз қалдыру шарт. Сол үшін артриттің қай түрі болса да аяқты немесе қолды гипстен жасалған қалыпқа салып қояды. Қабыну процесі тежеліп, аурудың беті қайтса, бұл қалыпты алып тастау керек.

Ал буын ішіндегі сүйектер өзгеріп, іріңдеп, қабынып кеткен болса, гипсті ұзақ уақытқа дейін ұстау керек.

Буын ішіне ірің жиналғанда оның бетін күнара инемен тесіп, іріңді сорып алып, шығарылған ірің орнына антибиотиктер дәрісін ерітінді түрде енгізіп отырады. Іріңді ағызып жібергеннен кейін буын сыртынан таңба салып, дәкемен қатты орап тастау керек. Мұндай ем нәтиже бермесе, аргротомия отасы жасалады. Артротомия деп буынның ішін ашу отасын айтады. Буынның іші ашылғаннан кейін ірің алынады да, ішіне антибиотиктер құйылып, резеңкелі түтік қойылады. Сонан соң буын қимылдамас үшін гипске салып, таңып тастайды. Буын ішіндегі сүйектер іріп-шіріп кеткен болса, өзгерген сүйек кесіледі. Осыдан соң буын еш қимылсыз қалып, анкилоз жағдайы туындайды. Сол себепті отадан кейін осы буыны бар мүшені көп уақытқа дейін гипстен жасалған қалыпқа салып, таңып қояды. Егер буын ішіндегі ірің сүйектерді ірітіп-шірітіп жіберген болса және өзі сепсис жағдайына ұшырап жатса, науқас адамның келісімі бойынша сол аяқты немесе сол қолды біржолата алып тастайды, яғни ампутация жасалады.

Артрит ауруын дәрі-дәрмектермен емдеу арқылы жағдай жақсарып, буын ішіндегі сары су көлемі азая бастағанда, ультракүлгін сәулесімен ем жасай басталмақ.

Науқастың жағдайын жақсарту үшін жалпы ем жүргізіледі, көктамыр арқылы қан, сұйық дәрілер құйып, антибиотиктер беріп, күтімін және тамақтануын күшейтіп, жүрек, өкпе, бауыр, бүйректердің қызметін жақсартатын дәрілер керегінше және ауық-ауық беріліп отырады.

Қ. Дүрмәнов медицина ғылымдарының докторы, профессор


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Айгерім

қандай жаман ауру

Болат

Ауруының бәрі жаман ғой

Myrza

Өте керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз