Совхоз механигі Роман Звягин жұмыстан соң, өзі жасаған диванның үстінде жатып, баласы Валерканың сабақ оқығанын тыңдауға әуес. Роман баласына сабақты дауыстап оқы деп үйрететін, сол себепті Валерка есепті де дауыстап отырып шығарады.
— Құлағыңның тиегін ағыта түс, көбірек құйылсын көкірегіңе, — дейді әке.
Роман әсіресе өз әдебиетіміздің сабағын ұнатады. Мұнда ой емін-еркін өрістейді. Қайтып келмес жастық шақты еске аласың. Мұң оралады ойыңа.
Бір жолы Роман диванда шылым тартып жатып тыңдады. Валерик "Өлі жандардағы" "Русь тройканы" жаттап отырған-ды.
— "Русь, сен шапса жеткізбес парлап жеккен үш аттай заулап келеді емессің бе? Тұяғыңнан шаң борап, көпірлер дүрсіл қағады, бәрі де бұлдырап артта қалып жатыр. Тоқтай қалдың..." Жоқ, бұл керек емес, — деді Валерка өзіне-өзі. Одан әрі: "Шіркін аттар, аттар неткен аттар едің! Жалдарыңнан ескен дауыл ма еді! Бітім-болмысың қандай сергек еді? Биіктен таныс әнді ести сала, отты омырауларын бірден жұмыла керіп, тұяқтары жерге тимей ұшып келе жатқан бір тұтас шеруге айнала кеткен бойы, құдайдың желеп-жебеуімен ағызып келеді!.. Русь қайда төпеп барасың? Жауап бер!.. Жауап бермейді. Сиқырлы қоңырауының үні ғана келеді..."
— Асықпа, — деді әке. Ойлан! Қандай әдемі сөздер.
Роман осы "Русь-тройканы" ертеде өзінің қалай оқығанын, еш нәрсенің байыбына бармастан тек сықпыртып айтып беру үшін басқа-көзге төпеп жаттағанын есіне алды.
— Кейін өкінесің.
— Не үшін?
— Осылайша немқұрайлы оқығаның үшін. Өкінесің, қапы қаласың.
— Оқып отырмын ғой! Енді не істе дейсің?
— Байыбына барып оқы, ал сенің есіл-дертің көше болады да тұрады. Көше ешқайда қашпайды. Онда уақытты босқа өткізіп аласың...
— Түу, ол не дегенің?
— Түу-түулеме, оқы.
— Оқымағанда не істеп жүрмін.
— Зейін қойып оқы деймін, қазіргіңдей шатты-бұттылап өте шығу үшін оқыма.
Валерка "Тройкасын" қамшылап кете барды, ал Роман тағы да ойға кетті. Бұл өзі тәтті де сонымен қатар, әлдеқалай... көңілсіз де ой еді. Жарты өмірі өткен екен сонда не көрді бұл? Екінші жартысын бастан кешіріп жүр — ешнәрсе кездескен жоқ. Тақта жолдың ұшығына қалай барып шығатыны, сонан соң... сұлай кеткені бір мезет есіне түсе қалғанда Романның ойы астан-кестең болды. Роман диванға келіп отырды. Иә, оның ешқандай қиындығы жоқ
— жуырда қайтыс болған немере інісі Егор Звягин сияқты бұл да қылжия кетеді... Солай.
Ал Валерканың:
— "...Отты омырауларын бірден жұмыла керіп тұяқтары жерге тимей ұшып келе жатыр..." дегені құлақтан әлі кетер емес.
Бір сәт ыза ма, ашу ма кім білсін Роман ойға қалды: "Аттардың сондағы алып келе жатқаны кім? Әлгі... Чичиков па?" Айран-асыр болған Роман орнынан тұра берді. Бөлмені кезіп жүре бастады. Иә, Чичиковты, өлкені аралап жүріп, өлі жандарды сатып алатын сұмпайыны алып келеді. Атасына нәлет! Ал саған тройка, керек болса!
— Валерка! Мұнда келші. Тройкада кетіп бара жатқан кім?
— Селифан.
— Селифаның Селифан ғой! Ол ат айдаушы. Ал оның Селифанның алып келе жатқаны кім?
— Чичиков.
— Ол не болғаны? Ал мұнда Русь-тройка делінген ғой...
— А?
— Иә. Оның несі бар?
— Несі барың қалай? Несі бар?! Дүбірі жер жарғандай боп қоңыраулатқан Русь-тройка, ал тройкада келе жатқан кері кеткен алаяқ... Валерик еш нәрсенің байыбына бара алмады.
— Бұл не өзі?! — Роман шынымен-ақ қатты ыза болды, бірақ әлдене есіне түсіп кеткендей, қолын бір-ақ сілтеді. — Оқы. Үйде оқып кел деп тапсырған екен, оқы. — Баласын алаңдатпайын деді де ол бөлмеден шығып кетті. Сонда да таңырқау үстіне таңырқай түсті.
— Мұндай да керемет болады екен! Құдайдың желеп-жебеуімен ағызып келеді! Сондағы алып келе жатқаны әлгі сұмырай. Сонда не болғаны? Сен де сондай ма едің, Русь... Тфу!..
Роман үй ішінде әрлі-берлі жүріп, шылым тартты... Өзінің аяқ астынан тап болған жұмбақты ойын ортаға салайын десе, маңында ешкім жоқ. Онысын кіммен болса да ортаға салғысы келіп-ақ тұр. Осы арада өте бір жаңсақтық бар. Ағызып-ақ келе жаталық, жарқыным-ау, сондағы алып келе жатқанымыз кім? Мұны басқаша түсінуге болады ғой. Әбден болады... Ай-ай! Романның шыдамы таусылуға айналды. Сөйтіп тұрғанда оның есіне мектеп мұғалімі Николай Степанович түсті. Соған барып келсем бе екен, — деп ойлады ол.
— Валерий! — Роман бөлменің есігінен қарады. — Николай Степанович үйінде ме екен?
— Білмедім. Не айтайын деп едің? — Валера шошып қалды.
— Жай әншейін, оқи бер сабағыңды. Үрейлене қалдың ғой... Неден қорқасың? Тағы да сотқарлық жасаған боларсың-ау?
— Жасағаным жоқ. Оны қайдан шығардың тағы?
— Ол ауданға барамын деген жоқ па еді?
— Естігенім жоқ.
Роман мұғалімге кетті.
Николай Степанович сарайындағы қоқыр-соқыр бірдеңелерін аударыстырып жүр екен. Роман екеуі бұрыннан жақсы таныс еді, мұғалім бір жаққа барарында механиктен ауық-ауық машина сұрап қоятын.
— Сәлеметсіз бе, Николай Степаныч.
— Есен-саусыз ба, Роман Константиныч. — Мұғалім қолының шаңын сүртіп сарайдың есігінен сыртқа, жарыққа қарай шығып тұрды. — Осында бір нәрсені жоғалтып... іздемеген жерім жоқ.
— Николай Степаныч, — Роман бірден іске көшті. — Әлгінде мен "Русь-тройканы" оқып отырған баламды тыңдадым...
— Иә...
— Маған мынадай бір ой келді: тройка ағызып келе жатыр, көрген жан оған сүйсіне, таңдай қағады, айталық Русь тройка деп оған жол береді. Онда осылай делінген. Басқа мемлекеттер де оған жол береді...
— Сонымен...
— Ал тройкада отырған кім? — Роман мұғалімге қадала сынай қарады. — Келе жатқан кім? Кімге жол берілуде?..
Николай Степанович сәл бөгеліп барып:
— Чичиков келе жатты ғой... — деді.
— Сонда Русь Чичиковты төбесіне көтере ұшырып алып келе жатқаны ма? Жұрттың бәрі Чичиковқа құрмет көрсеткені ме?
Николай Степаныч күлді. Ал Роман не айтар екен дегендей, оның көзінен көз алмай тұр.
— Олай емес қой, — деді мұғалім, — Чичиковта тұрған не бар?
— Ал қалай? Қайда болсын жұрт қоғадай жапырылып тройкаға жол береді...
— Русь Чичиковпен емес, тройкамен салыстырылған. Бұл арада Гоголь қозғалысты, шапшаңдықты, екпінді қимылды көрсетіп отыр. Чичиковтың бұған не қатысы бар?
— Тройкамен келе жатқан Чичиков қой?
— Онда не тұр?
— Ал сонда қалай болғаны? Мен түсіне алмадым: Русь тройка, солай ма... Ал тройкада келе жатқан алаяқ қу. Мұнда қандай мақтаныш болмақ?
Николай Степаныч Романға қарап тұрып-тұрып... езу тартты.
— Сіз оқиғаға басқа жағынан келгенсіз.
— Қай жағынан келсең де тройкада отырған Чичиков қой... Степька Разин болса екен онда бір сәрі. Ал мынау өлкені аралап.
— Губернияны деңіз.
— Жарайды, губерния-ақ болсын. Бәлки, Гоголь соқасын салып шығайын, қашан анығына жеткенше мен де тірі жүре қоймаспын деген болар. А? — Николай Степанович тағы күлді.
— Сіз мұны атүсті түсінген сияқтысыз. Өзінше қалайда тосын толғаныс... Сіз не айтпақ едіңіз?
— Басыма келе қалған ой ғой әншейін!
— Айттым ғой, онда тұрған ештеңе жоқ: Гогольді қозғалыс билеп әкеткен, сонан соң оған Русь туралы, оның тағдыры туралы ой келген.
— Мен оны түсінемін ғой.
— Енді не жетпейді? Лирикалық шегініс жасап, бірінші томды аяқтады. Екінші томды жазуға әзірленді. Чичиковты екінші томға дейін қалдырды...
— Ол оны тройкада қалдырды, менің жүйкеме тиген де осы. Атжалман алаяқ қалайша тройкамен келе жатады, о... Жоқ, мен білемін — бұл арада: қозғалыс, шапшаңдық, уытты жүріс деп түсіндіруге де болар. Былайша... Сайтан білген бе, түге! Ал енді мұны менің ойлағанымдай күйде де топшылауға болады ғой.
— Ойлап болдың ғой... енді не керек? Әрине, солай ойлап қалуға да болады. Бірақ Гоголь болып ойлау керек. Ол бұлайша ойлаған жоқ.
— Иә, ол солай ойлады ма, жоқ па, енді одан сұрап біле алмайсың. Жоқ, әңгіме тіпті онда да емес, бәлки, ойламаған да болар. Бірақ менің басыма сап етіп келе қалды!
— Айта кетейін, мен өзімнің бүкіл оқытушылық өмірімде осы үзіндімен сан рет кездесіп жүрсем де тап мұндай ойға келген емен. Және ешкімнен естігенім де жоқ, — Николай Степанович езу тартты. — Апыр-ай десе! Бұлайша да түсінуге болады екен ғой. Жоқ, мұнда таң қаларлықтай ештеңе болмаса керек... Бұл жайында балаңызға ештеңе айттыңыз ба?
— Жоқ. Несіне айтпақпын?
— Керегі жоқ. Айтпай-ақ қойыңыз.
Роман қалтасынан папирос алып мұғалімге берді. Екеуі отырып шылым тартты.
— Не жоғалтқан едіңіз? — деп сұрады Роман.
— Бір болымсыз нәрсе... әлгі фотоаппараттың сирағы еді. Күннің батар алдындағы арайлы шапағын түсіріп алайын деген едім... Өзі де арай емес, кәдімгі өрт десе болғандай. Көрмейсіз бе, жоғалтып алғанымды, бір жерге қойсам керек еді...
— Қазіргі кездегі шапақ дегеніңіз адам таң қаларлықтай. Сирақтың оған не керегі бар?
— Түсірген суретті жетілдіру үшін де біраз уақыт қозғамай қоя тұру керек. Қолыммен көтеріп тұра алмаймын.
— А-а, солай екен ғой. Жазғытұрғы күннің кешкі шапағы ерекше болады.
— Солай... — мұғалім Романға қарап тұрып тағы да еріксіз күліп жіберді. — Чичиков деңіз? Шынында да ғажап. Мұндай да болады екен!
Роман да мырс етіп күлді. "Ал сонда тройкамен келе жатқан кім?! Кім?"деп тағы дүрсе қоя бергісі келді. Бірақ бұған барған жоқ. Шынына келгенде бәрі де берекесіз-ақ нәрсе. Баланың ісі сияқты.
— Өзіңіздің оқып көргеніңіз бар ма еді?
— Оқығанда қандай? Әлі есімде, мен де сықпыртып жаттағанмын... Отыз жыл өткен соң барып түсінгендей болдым Роман басын шайқады. Мұғалімнің қолын алып қош айтысты да үйіне қайтты.
Көңілі тынғаны өз алдына, ол қолын бір-ақ сілтеді де өз-өзінен ұялғандай боп, "Еріккенің ісі ғой бұл: тройкамен кетіп бара жатқан Чичиков па немесе Чичиков емес пе? Сол үшін есалаң адамдай ерсілі-қарсылы жүгіріп, әбігерге түсермін бе" деді. Сөйтіп тұрғанда, қасақана оған: "Чичиковты алып кетіп бара жатыр екен, оған не дауа?" деген ой тағы да сап ете қалды.
— Тфу! — Роман шылымының тұқылын лақтыра тастап, қалтасына тағы да қол салды. — Мұндай да қызық болады екен! Қараптан-қарап жүріп сүрініп кеткенімші. Пәле деген аяқ астында. Қарай гөр!..
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі