Өлең, жыр, ақындар

Әумесер

Әйелі оны кейде еркелетіп Әумесер дейтін. Әумесердің ерекше бір мінезі: қашанда болсын әйтеуір бірдеңеге ұрынбай жүрмейтін. Мұны ол өздігінен істейін деп істемейді, бірақ оған аяқ астынан әйтеуір бір болмашы қынжылысты оқиға тап бола кетеді.

Бір сапарда оның кездескен оқиғалары мынадай еді.

...Әумесер демалысқа шығып, Орал жақтағы ағасына барып қайтпақ болды: он екі жылдай көріскен жоқ-ты.

— Әлгі бір балықтың басына ұқсас қалытқы қайда кеткен?! — Әумесер кілетте жүріп айғай салды.

— Мен қайдан білейін.

— Осында жататын еді ғой! Ол көкшіл көздерін аларта қарады. — Басқаның бәрі түгел, сонда қалытқы қайда кетпек?!

— Балықтың басына ұқсас дедің бе?

— Иә, шортандікі сияқты.

— Мен оны қателесіп қуырып жіберген болдым ғой онда.

Әумесер біраз үндемей тұрды да:

— Ал сонымен қалай екен? — деді.

— Қалайы несі?

— Дәмді ме екен деймін? Ха-ха-ха! — Ол соншалықты жәһатдана тұрса да қағыту қолынан келмейтін. — Тісің бүтін бе, әйтеуір? Оның өзі — мыс пен қалайының қосындысынан жасалған еді ғой!..

Түн ортасына дейін жолға әзірлік жасалды. Ал таңертең ертемен Әумесер шамаданын алып селоны өрлей кетіп бара жатты.

— Оралға! Оралға! Қайда барасың дегендерге ол осылай деп жауап беріп келеді. Аздап желпініп алу керек. Алыс жол дегенді ешқандай елең қылмайтыны оның шартабақтай бетінен, дөңгелек көзінен сайрап көрініп тұрғандай, бақайынан да келер емес,Оралға!

Оралдың мойыны әлі де қашық еді.

Әзірге ол аман-есен аудандық қалаға келіп жетті, мұнда билет алып, пойызға отырмақ.

Пойыздың келуіне біраз уақыт бар. Әумесер оған дейін балаларға сәлем-сауқат кәмпит, тәтті тоқаш сатып алмақ болды... Азық-түлік дүкеніне келіп кезекке тұрды. Оның алдында қалпақ киген біреу, ал қалпақтың алдында ернін бояған бір жуан әйел бар. Әйел баяу үнмен желпілдете сөйлеп қалпаққа былай деді:

— Небір жүгенсіз, тұрпайы адам бола береді екен ғой! Оның ұмытшақ ауруы бар екені рас-ты. — Жеті жылдан бері ұмытшақ, бірақ сонда да оған ешкім зейнет демалысына шық дей қойған жоқ-ты. Бұл — ұжымды басқаруға келе сала: "Александр Семеныч, сіздің зейнет демалысына шыққаныңыз дұрыс болар?" депті. Беті шімірікпестен! Қалпақ әйелдің қолтығына су бүрке түсті. — Иә, иә... сөйтетін болып алған бұлар. Ұмытшақтықтың несі бар? Ал Сумбатыч ше? Соңғы кезде ол да алжаса бастаған. Ал әнебір әйел ше, аты кім еді?..

Әумесер қала адамдарын ұнататын. Бәрін де емес, әрине қазанбұзарлар мен сатушыларды жек көреді.

Қорқады. Оның кезегі келді. Ол кәмпит, тәтті тоқаш, үш тақта шоколад сатып алды. Алғандарын шамаданына салмақ боп шеткері шықты. Шамаданын жерге қойып, оған әлгілерін сала бастады. Сөйтіп жүріп еденде жатқан бірдеңеге көзі түсе кетті. Сөйтсе, сөренің іргесінде кезекте тұрған адамдардың дәл аяғының астында елу сомдық ақша жатыр екен. Құлпырған көк-ала сайтан жатыр, ешкім оны көрген де жоқ. Әумесердің қуанғаны соншалық, өне бойы шымырлап, көздері жайнап кетті. Біреу-міреу көріп қалмай тұрып сол арадағыларға бұл құнды қағаз туралы ұтымды да көңілді бірдеңе айтып қалудың жайын ойластыра бастады.

— Тұрмыстарыңыз жақсы екен, азаматтар! — деді ол жайраң қағып.

Жұртшылықтың бәрі оған қарай қалысты.

— Бізде, мәселенки, мұндай қағаздармен қақпақыл ойнамайды.

Сондағылардың бәрі де абыржып қалды. Енді қалай үш сомдық, бес сомдық та емес елу сомдық жарты айдың еңбекақысы! Ал қағазға ие жоқ.

"Дәу де болса, осының иесі әлгі қалпақты шығар-ау" деп ойлады Әумесер.

Қағаз көрнекті жерге қойылсын деп шешті көпшілік.

— Қазір-ақ біреу жетіп келер,деді сатушы. Әумесер дүкеннен құлан атқандай масаттана жайраңдай шықты. Қалайша ғана өзінің "Бізде мұндай қағаздармен қақпақыл ойнамайды!" деп оп-оңай тауып айтқаны есінен кетер емес. Бір мезетте оның өне-бойы түршіге қалды: сақтық кассасынан өзінің тап сондай елу сомдық, тағы бір жиырма бес сомдық алғаны есіне түсе кетті. Жиырма бес сомдықты әлгінде ғана ұсаттырды, елу сомдық, — қалтасында болуға тиіс... Қалтаға қол салды — жоқ. Олай қарады, бұлай қарады жоқ.

— Елу сомдық менікі екен! — деп дауыстап жіберді ол. — Алда сығыр-ай! Менікі екен ғой.

Күйінгені соншалық, жүрегі дүрсіл қағып қоя берді. Шу деген бетте ол аналарға барып: "Азаматтар, мынау ақша менікі екен. Сақтық кассасынан бір жиырма бес сомдық, бір елу сомдың алған едім. Жиырма бес сомдықты әлгінде ғана осында ұсақ-түйек сатып алып ұсаттырдым, ал елу сомдық қалтамда жоқ болып шықты" деп көрейін деген ойға келді. Бірақ мұныменен сол арада тұрғандарды шамдандырып алмаймын ба, олардың кейбіреулері "әрине, иесі табылмаған соң ақшаны өзі ала қоймақ" демес пе екен деп тағы күдіктенді. Жоқ, ол бұған беттеп бара алмайды бұйырмағаннан дәметпе деген. Және тіпті ондағылардың бермей қоюы да ықтимал ғой.

— Құдай мені бүйтіп несіне жараттың? — деп назаланды Әумесер. — Енді не істемекпін? Үйге қайту керек.

Дүкенге жақындап, сонадайдан болса да елу сомдықты бір көрейінші деп есіктің көзіне келіп тұрды... Бірақ кірген жоқ. Батылы бармады. Жүрегі жарылып кетердей болып тұр.

Автобуста келе жатып қынжыла кейіп, әйелімен болатын алдағы сайысқа доңыз айбар, әзірлік ойлады.

Сақтық кітапшасынан тағы елу сом алынды.

Әйелі қарғап-сілеп, тағы да бетіне басқан (ол тіпті бастан кепсермен бір-екі рет періп те қалды) өзінің бейшаралығын мойындап, жермен-жексен болған Әумесер енді пойызда келе жатты. Бастан кешкен жәбір-жапа бірте-бірте сейіле бастағандай. Орман, тоғай, деревнялар терезеден бұлың қағып артта қалып жатыр... Әр қилы адамдар: вагонға бірі кіріп, бірі шығып жүр, әр алуан әңгімелер айтылуда. Шығар ауызда шылым шеге тұрып Әумесер де зиялылау біреуге әңгіме айтып берді.

— Бізбен көршілес деревняда, — деді ол, — бір ақымақ жанып тұрған шаланы ала сала шешесін қуып кеп берген. Mac екен. Шешесі қашып бара жатып, оған: "Қолың күйіп қала көрмесін, балам!" деп дауыстапты. Көрдіңіз бе, сонда да оның қамын ойлап барады... Ал баласы маскүнем, сүңей неме, сонда да қыр соңынан қалар емес дейді. Байқайсыз ба, дүниеде небір жөргөкте ұрған жексұрындар бола береді екен ғой...

— Осыны өз ойыңнан шығарып тұрған жоқсың ба? — деп зиялы адам оған көзілдірігінің үстінен қарады.

— Қалайша? — бұл түсіне алмады. — Бізде өзеннің арғы бетінде Раменское деген деревня бар...

Зиялы адам теріс айналып, терезеге қараған бойы үн қатпады.

Пойыздан түскеннен кейін де Әумесер жергілікті ұшақпен тағы да бір жарым сағат ұшуы керек. Оның бұған дейін бір рет ұшқаны да бар-ды. Ертеде, ұшаққа отырғанда қорықты. "Бір жарым сағат бойы ұшқанда қалайша мұның бірде-бір бұрандасы шетінемей қоймақ екен" деп ойлады. Сонан соң бірте-бірте еті үйрене бастады. Қасындағы көршісіне тіл қатып сөйлеспек те болған еді, бірақ анау газеттен бас алмады, оқып отырғаны өте бір қызық нәрсе болса керек, сондықтан оның тірі жанмен сөйлескісі де келер емес. Әумесердің ұшақта тамақ береді дегенді естігені бар-ды. Мұны да білгісі келеді. Ал әзір келіп жатқан ондай ештеңе жоқ. Ұшақтың ішінде тамақ ішуге ынтызар болып-ақ отыр. Ол да қызық қой!

"Өздері жеп те қойған шығар-ау" деп ойлады. Төменге қарады. Төменде будақ-будақ бұлттар. Неліктен екенін өзі де білмейді: бұлар әдемі ме, жоқ па, Әумесер ештеңе айта алмады. Ал айналасындағылар: "Аһ, қандай сұлу көрініс!" десіп жатты. Бір мезетте оған тек мамыққа құлағандай осынау бұлтқа барып күмп ете қалар ма еді деген бейсауат ой ғана келді. "Осының бәріне мен неге таңырқамаймын? Кем дегенде бес километр биікте келемін" деп те ойлады. Таңырқау үшін осы бес километрді жер бетінде оймен өлшеп таңбалап та шыққан еді онда да селт етпеді.

— Адам дегенді қойсаңшы бұл!.. Ойлап табады-ақ қой! — деді ол қасындағы көршісіне. Анау бұған қарады да, ештеңе деместен газетін сытырлата түсіп отыра берді.

— Белдік байлаңыздар! — деді сүйкімді келген жастау әйел. — Қонғалы келеміз.

Әумесер жалма-жан белдік байланды. Ал көршісі селт еткен де жоқ. Әумесер оны ақырын ғана түртіп қалды:

— Белдік байлаңыздар деді ғой.

— Ештеңе етпейді, — деді көрші. Газетін жанына алып қойып, орындықтың арқасына шалқая бере әлдене ойына түсіп кеткендей боп:

— Бала өмірдің гүлі, оны басын төмен қаратып отырғызу керек.

— Қалайша? — бұл түсінбеді.

Көрші сықылықтай күлді де, одан әрі тіл қатпады.

Ұшақ төмен қарай сорғалап келеді. Жерге де жақын қалды мінеки, тиіп тұр, зымырап барады. Ал дөңгелек жерге тие қояр емес. Ұшақ жайын білетіндер мұны "ұшқыш жаза басты" деп жорыды. Бір мезетте дөңгелек те жерге тиген еді, сол-ақ екен, ұшақтағылар тезектей шашылып, сарт еткен тістері шақұр-шұқыр ете қалысты. Газеттен бас алмайтын мырза отырған орнынан ұшып кетіп, қасқа басымен Әумесерді сүзіп өткен бойы терезеге барып соғылып, одан еденге келіп сұлап түсті. Соның өзінде де ол "ыңқ" деп дыбыс шығармады. Айналадағының бәрінде де үн жоқ. Әумесер таң-тамаша! Ол да үндер емес. Ұшақ тоқтады. Алғаш есін жиғандар терезеден қарап, ұшақтың картоп еккен аңызда тұрғанын көрді. Қабағын қарс жауып ұшқыштар бөлмесінен шыға келген бір жігіт есікке қарай беттеді. Сондағылардың біреуі мәймөңкелеп:

— Біз картопқа келіп қондық, білем? — деп қалды оған.

— Немене, көрмей тұрсыңдар ма? — деді ұшқыш. — Үрей басылып, кейбір қалжыңбастар тиіп-қашып әзілдесе бастаған.

Қасқабас өзінің алмалы-салмалы тістерінен айырылып қалған екен, сонысын іздеуде. Белдікті шешіп тастап Әумесер де тіс іздеуге кірісті.

— Мынау ма?! — Ол тісті бірден тауып әкеліп иесіне ұсынды.

Қасқаның төбесі қып-қызыл болып күреңіте қалды.

— Немене, мұны жалаңаш қолыңмен ұстамасаң болмады ма? — Қасқа ысқырына зекіді.

Әумесер сасып қалды.

— Мұныңды қолмен емей немен ұстайтын еді?

— Енді мұны қайда апарып қайнатып алмақпын?! Қайда?!

Әумесер бұған да түсінбеді.

— Менімен бірге жүріңіз? — деді ол. — Осында менің ағайым тұрады... Тісіңізге микроб жіберді деп жиіркенесіз бе? Менде ондай пәле жоқ...

Tic иесі Әумесерге таңырқай қарады да, одан әрі кейігенін қойды.

Әумесер әуежайда әйеліне былай деп жеделхат жазды:

"Жерге қондық. Қуаныштымын, сәулем Груша, мені ұмытпа. Васятка".

Телеграфист тарамысына ілінген қатыгез әйел жеделхатты оқып шығып:

— Қайта жаз, — деді. — Сіз тіс қаққан адамсыз, балалар бақшасында жүрген жоқсыз.

— Неге? — деді Әумесер. — Мен оған әрқашан хатты осылай жазатынмын. Ол менің әйелім!.. Сіз ойлап қалған боларсыз...

— Хатта не жазсаң да сыя береді, ал жеделхат байланыстың басқа түрі. Мұндағы жазу ашықтан-ашық жүреді.

Әумесер қайта жазды.

"Жерге келіп қондық. Аман-есенбіз, Васятка".

Телеграфист әйел мұның "Жерге келіп қондысы" мен "Васяткасын" түзетті.

— Жерге келіп қондық дейсіз. Сіз, немене, ғарышкер емессіз ғой?

— Жарайды, — деді Әумесер. — Солай-ақ болсын.

...Дмитрий дейтін ағасы, оның үш баласы бар екенін Әумесер біледі... Ал бұларға қоса жеңгесі де болуға тиіс екені оның есінде де жоқ. Бұл оны ешқашан көрген де емес-ті. Мұның бүкіл демалысының бей-берекетін шығарған да осы жеңгесі болды. Салған жерден ол мұны жаратқан жоқ.

Кешкілікте ағасы екеуі арақ ішкен еді; Әумесер әнге басты:

Бәйтеректер-ер-ер...

Жеңгесі — Софья Ивановна екінші бөлменің есігінен түксие қарап:

— Бақырмасқа болмай ма? Сапаржайда отырған жоқсыңдар ғой, солай емес пе? — деп есікті сарт еткізіп жауып алды.

Дмитрий қысылып қалды:

— Ана жақта балалар ұйықтап жатыр дегені ғой. Қылайша жеңгең жақсы адам.

Тағы ішті. Жастық шақтарын, әке-шешелерін еске алды.

— Айтпақшы, есіңде ме? — деді Дмитрий. — Бірақ сенің есіңде ештеңе жоқ шығар! Онда емшекте болатынсың. Сені маған тапсырып тастап кеткенде мен сені үсті-үстіне сүйе беретінмін. Бір жолы, тіпті сенің бір жеріңе көгеріп дақ та түсіп қалса керек. Ол үшін, әрине, мен де жазамды тарттым. Осыдан соң сені маған тастап кетпейтін болды. Бәрібір жүздері тайып кетсе-ақ, жанымда отырған сені сүйе беретінмін. Неткен құштарлық екен десеңші соншама. Сонда өзімнің де мұрнымның боғы тыйылмаған кез, сөйте тұра тағы да... әлгі... сүюді қоймаймын...

— Есіңде ме?! — деп Әумесер де бірдеңені қоқырсытып келе жатты. — Мені сенің...

— Қоймайсыңдар ма былшылды? — деп тағы тепсінді Софья Ивановна. — Сендердің қоқып жатқан сүйістерің мен мұрын боқтарың кімге дәрі? Қараларыңды батырып былшылдаңдар.

— Далаға кетейікші, — деді Әумесер.

Екеуі тысқа шығып баспалдаққа келіп отырды.

— Есіңде ме? — дейді Әумесер тағы да.

Нақ осы арада ағасына аяқ астынан бір пәле сап ете қалды. Ол жылап қоя берді де, тізесін жұдырығымен түйгіштей бастады.

— Менің көрген күнім осы! Көрдің ғой? Қандай бейапар жан десеңші! Сұрама!

— Қой босама! Керегі не? Олар ешқандай бейапар да емес, кәдімгі көкайыл. Менікі де осындай.

— Неге жақтырмайды?! Не үшін. Ол сені жаратпады ғой...

— Жазығың не?

Жеңгесі өзін жақтырмағанын Әумесер осы арада ғана аңғарды. Бәсе, сонда не үшін?

— Оның себебін мен айтайын сен ешқандай жауапты қызметкер де, басшы да емессің. Бұл сұрқияның жайын білемін мен. Өздеріңдегі жауаптыларға сұқтанып, әбден желігіп алған. Өзі кім екен сонда? Басқарманың буфетшісі тақырға біткен қылтанақ. Жан-жағындағыларға қызығады да, содан соң құтыра бастайды... Жауапты қызметте емес, ауылдан келген адам деп, ол қатын мені де жақтырмайды.

— Қай басқармада еді?

— Әлгі... тау... Қазір тілім де келмейді.

— Олай болса түу баста неге тиген? Білмеген бе? Ауыл адамы деген сөз Әумесердің де қытығына тиіп кетті. — Онда не тұр? — деді ол ағасынан емес, басқа біреуден сұрағандай-ақ. — Білер болсаң, әйгілі адамдардың бәрі дерлік деревнядан шыққан. Қара сызықпен көмкерілгенге қарай қалсаң, бәрі де ауылдан шыққан адам екені анық. Газет оқу керек! Білікті біткеннің бәрі ауылдан шыққан, жұмысқа ерте араласқан.

— Деревня адамдары жақсы, қағылған-соғылған қатпалар емес деп оған түсіндіріп-ақ бақтым емес пе.

— Степан Воровьев есіңде ме? Сен оны білетін едің ғой...

— Әрине, білемін.

— Ал саған деревня керек болса! Әнеки ол Советтер Одағының Батыры. Жаудың тоғыз танкін жойған. Жекпе-жек шайқасқа шыққан. Шешесі өмірінің ақырына дейін алпыс сом зейнетақы алып отыратын болды. Жақында ғана анықталды, бұрын хабар-ошарсыз кетті делінген-ді...

— Максимов Илья ше! Біз онымен майданға бірге аттанғанбыз. Әнеки, ол үш бірдей Даңқ орденінің иесі. Ал — Степан жайында сен оған ештеңе демей-ақ қой... Керегі жоқ.

— Жарайды. Ал, әлгі...

Ағайынды екеуі дуылдасып көпке дейін отырды. Әумесер тіпті екі қолын ерсілі-қарсылы сермеп, баспалдақ алдында жүріп те алды.

— Деревнядан садаға неге кетпейді. Оның бір ғана ауасының өзі не тұрады! Таңертең терезеңді ашып жібергенде таза ауа бәрін де жаппай жуып-шайып әкетеді. Әр түрлі шөптердің, гүлдердің иісі аңқыған мөп-мөлдір кәусардай ауа, жұтсаң мейіріңді қандырады.

Екеуі де шаршады.

— Шатырыңды жаптың ба? — деп сұрады ағасы інісінен.

— Жаптым. — Әумесер ақырын күрсінді. — Дәліз жасадым — кірсең шыққысыз. Кешке таман дәлізге шыға қалғанда... марқұм әке-шешеміз, тірі болып, сен балаларыңмен келсең, бәріміз сонда отырып таңқураймен шай ішер едік-ау деп армандай бастаймын. Таңқурай биыл өте қалың шықты.

Дмитрий, сен әйеліңмен көп ұрсыса берме, онда ол бұрынғыдан бетер өршелене түседі. Мен де бір есебін тауып жылыұшырап байқайын, қара да тұр, сонда ол райдан қайтатын болады.

— Апыр-ай деймін, оның өзі де деревнядан шықты ғой! — Дмитрий жабыға, таңырқады. — Ал енді...бұл есуас балаларды да ит әуреге салып болды. Біреуін күйсандық үйренуге беріп, енді біреуін мәнерлеп сырғанауға жаздырып қойды. Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ, ауызыңды аштың-ақ шаптығып шыға келеді.

— Мм-х! — Әумесер тағы да желпінді, — осы бір газет дегендерді де түсіне алмай-ақ қойдым, дүкенде істейтін пәлен әйел өте шайпау деп жазады. Сол да сөз болып па?.. Оның үйге келгенде де істейтіні сол ғой. Әнеки, пәле қайда! Мен де түсінбеймін! — Бұл да тізесін жұдырығымен түйіп-түйіп қалды. — Түсінбеймін, бұл қатын дегендер неліктен шайпау болып кеткен?

Таңертең Әумесер ұйқыдан оянса, үйде ешкім жоқ екен. Ағасы Дмитрий мен әйелі жұмысқа кеткен, балалардың ересектері аула ішінде ойнап жүр, кішкентайын сәбилер үйіне апарып берген.

Әумесер төсегін жинап, жуынып болған соң, жеңгесіне жағардай бірдеңе істеуді ойластырды. Сөйтіп тұрғанда оның көзіне баланың бесік-арбасы түсті. "Еһе! — деді ол. — Осыны әшекейлеп бояп көрейін". Ол өзінің үйіндегі пешін де келістіре әрлеген болатын, оны көрген жұрт таң қалады. Балалардың сурет салатын бояуы мен қылқаламын тауып алды да іске кірісті. Бас-аяғы бір сағаттың ішінде жұмыс та аяқталды. Арба адам танығысыз болып шықты.

Әумесер арбаның үстінен үшкілдене сап түзеген тырналар тобын ұшырды, төменгі жағын әр түрлі гүлдермен, шөп-шаламмен жайнатып, онда енді қораз бен бір шібиді жіберді... Арбаның ол жағынан бір, бұл жағынан бір айналдыра қарап шықты, қараса көз тойғысыз. Арба емес, ойыншық десе де болғандай, жұтынып тұр. Мұны көргенде жеңгем аузын ашып, көзін жұмар-ау деп ойлаған қайнысы езу тартып күліп те қойды.

— Қит етсе деревня, деревня дейсің, жазған. — Жеңгесіне осылай деп жанасқысы келді оның. — Бала мұнда гүл шарбақтың ішінде отырғандай болады.

Әумесер күні бойы қаланы кезіп, витриналарды көріп тамашалаумен жүрді. Немере інісіне кішкентай кеме сатып алды, кеме болғанда қандай, аппақ шағаладай, лампасы да бар. "Мұны да жұтындырып қояйыншы" деп ойлады ол.

Сағат алтыларда Әумесер ағасынікіне келді. Баспалдақтан көтеріле бере Дмитрийдің әйелімен ұрсысып жатқанын есітті. Ұрсып жүрген әйелі, ал Дмитрий:

— Е, қойшы, мұнда не тұр!.. Жарайды енді... Соня, қойшы енді...деп жалынады.

— Ертеңнен қалмай бұл есалаң көзін жоғалтатын болсын! — деп шаптығады Софья Ивановна. — Кетсін!

— Жә, болды ғой енді! Соня...

— Болмайды! Болмайды деген соң болмайды! Кетсін, өйтпейді екен, шамаданын далаға лақтырамын. Жетеді!

Әумесер енді баспалдақтан төмен түсуге асықты... Одан әрі не істерін білмеді. Тағы да қапаланды. Өзін біреу-міреудің жек көргенін білсе, ол қатты қапаланатын.

Шошынатын. Жеткен жері осы, енді тіршіліктің не керегі бар? Өзін жек көретін немесе тәлкек ететін адамдардан аулағырақ бір жерге кеткісі келеді.

— Не пиғылымнан тауып осындай болды екенмін. — Жападан-жалғыз отырып ол өз-өзінен қамыға күңіренді. — Бұл қатынның ештеңені түсінбейтіні, халық өнері дегеннің не екенін білмейтіні есіме келсеші.

Сол жаппада ол қас қарайғанша отырды. Жүрегі сыздап тыпыршумен отыр. Бір мезетте Дмитрий келді. Ағасы оның бағанадан бері осында отырғанын көріп-білген жандай-ақ бұған мән бере қойған жоқ.

— Көрдің ғой, — деді ол. — Әлгі... тағы да шаптығып шаңымды қағып болды. Баланың арбасы түскірге бекер-ақ жуыған екенсің..

— Ол ұнатар деп ойладым емес пе. Мен кетейін, бауырым.

Дмитрий күрсінді. Ештеңе айтқан жоқ.

Әумесер ауылына қайтып келгенде жылы жаңбыр себелеп тұр еді. Автобустан түскен бетте, ол жаңа бәтеңкесін шешті де, бір қолында шамадан, бір қолында бәтеңке, жып-жылы, дымқыл жер бетімен жалаңаяқ тартты. Текеше орғи түсіп, әндетіп келеді:

Бәйтеректер-ау, бәйтеректер...

Аспан жиегінде бұлт іргесі сөгіліп, күн ашылып келе жатты, кешікпей күн көзі де көрінетін сияқты. Жауын саябыр тартып, оның шалшық суларға түскен бұршақтай тамшылары шеңбірек атып барып, жарылып та жатыр.

Бір кезде Әумесер тайып кетіп шалқасынан түсе жаздады.

Оның аты-жөні Василий Егорыч Князев болатын. Отыз тоғыз жаста. Селода киномеханик болып қызмет істейді. Ізге түсетін тыңшылар және итті ұнататын. Балалық шағында тыңшы болуды арман еткен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз