Өлең, жыр, ақындар

Флора

Флора (латынша flora — Рим мифологиясындағы көктем құдайы; латынша florіs — гүл) — нақты бір жер аумағында өсетін немесе өткен геологиялық дәуірлерде өскен өсімдік таксондарының тарихи-эволюциялық қалыптасқан жиынтығы. Флораны өсімдіктер бірлестігінен (әр түрлі өсімдік қауымдастығының жиынтығынан) ажыратып қарау қажет. Мысалы, Солтүстік жарты шардың қоңыржай салқын аймағының флорада тал, қияқөлең, қоңырбас, сарғалдақ, тағы басқа, ал қылқан жапырақтылардан: қарағай, кипарис, тағы басқа тән болса, өсімдіктер бірлестігінде — тундралық, тайгалық, далалық, тағы басқа өсімдіктер қауымдастығы кең тараған. Флораның тарихи дамуы түр түзілу процестерімен, бір түрді екінші түрдің ығыстыруымен, өсімдіктердің миграциясымен және түрлердің жойылуымен тығыз байланысты.

Әр флораның өзіне ғана тән арнайы ерекшеліктері бар. Оған: флораны құрайтын түрлердің сан алуандығы (флораның байлығы), жасы, автохондық және эндемизм деңгейі, тағы басқа жатады. Флораның өзара айырмашылығы ең алдымен әр өңірдің геология тарихына, орография, климаттық жағдайларына және топырағының құнарлылығына байланысты. Аумақтық деңгейіне қарай: жер флорасы (500 мыңға жуық түр, оның ішінде 330 мыңға жуығы жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер: гүлді өсімдіктер, ашық тұқымдылар, споралылар), жекелеген құрлықтар мен олардың бөліктерінің флорасы, аралдық флолалар, тау жүйелерінің флорасы, сондай-ақ мемлекеттер мен жекелеген әкімшілік аудандардың флорасы болып ажыратылады. Сонымен қатар, жекеленген жүйелік флора, топтардың флорасы, тағы басқа бар. Мысалы, балдырлар флорасы, мүктер флорасы, тағы басқа.

Флораны зерттейтін ғылым саласы — флористика деп аталады. Қандай да бір флораны зерттеу оның аумағындағы түрлер мен туыстардың құрамын анықтаудан басталады. География таралуына ұқсас түрлер флораның географиялық элементін (геоэлемент) құрайды, кейбір зерттеушілер геоэлемент терминінің орнына ареалдар типі (тропиктік, бореалдық, голарктикалық, палеоарктикалық, тағы басқа) деген атауды қолданады. Шығу тегі ұқсас түрлердің тобы флораның флористика элементтері не генетика қатпарлары деп аталады. Теориялық тұрғыдан алғанда кез келген флора 4 генетикалық қатпарлардан тұрады: f1 — реликтер (мысалы, гинкго); f2 — флораның ежелгі ядросы, өткен геология дәуірлерден осы аумақта өсетін, қазіргі табиғи жағдайлармен үйлесімді түрлер; f3 — мигранттар (шығу тегі бойынша басқа өңірлерде пайда болып, осы аумаққа әр түрлі себептермен көшіп келген түрлер); f4 — автохтонды жаңа құрылымдар (ежелгі жерінде пайда болған жаңа түрлер). Кез келген флораны F=f1+f2+f3+f4 деп кескіндеуге болады. Осы генетикалық қатпарлардың арақатынасына қарай: реликті флора (F=f1), миграциялық флора (F=f3), эндемиктік флора (F=f4) деп бөлуге болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

ОмароваБ

Өте жақсы жазылған. Керекті мәліметті ала алдым.Ракмет.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз