Өлең, жыр, ақындар

Ерлік пен елдіктің өшпес рухы

Махамбет!

Бұл есім — өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты ат. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды:

"Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай..."

немесе,

"Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн... " —

дей бастасаңыз - ақ болғаны, алдымен мейірімін төгеді, содан соң мерейленіп кетеді.

Мұның себебі — "Атандым Ғазиз ақын бала жастан, әнші жоқ Қараөткелде менен асқан" дегендей, Абайдан кейінгі өлеңшілерді өз алдына қойғанда, Абайға дейінгі қазақ поэзиясында бұдан асқан ақын жоқ. Бұл шындықты әр қазақ та, бар қазақ түгел мойындап болған.

Әрине, асқар таудың асу-асу белдері біреу емес, бірнешеу болатыны секілді, қазақтың жыршы - жыраулық өнерінің де төбесін тіреген қадау-қадау діңгектері бірқыдыру бар: Асан Қайғы мен Қазтуған, Доспамбет пен Шәлгез, Жиембет пен Марғасқа, Ақтамберді мен Тәтіқара, Үмбетей мен Бұқар... Осылардың әрқайсысы заңғардың әр биігіне ұқсаса, Махамбет бар биіктің ішіндегі Қыран қия тәрізді қиырдан мұнартады.

Махамбет өлеңі — қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан.

Ақын болу — бір бар; ал оның үстіне батыр болу ше? Және де, ақыға — ақын, батыр — батыр қалпында бөлек-бөлек тұрып қалмай, ақындық пен батырлық бір тұлғаның табиғатында ару әйелдің әдемі бұрымыңдай өріліп, баяғы бабалар дәуірінен бермен қарай тек қана азаттық аңсаған асыл ерлердің азап пен қорлыққа қарсы ашулы айналса... — о, бұл енді әр ғасырда бір кездесетін аса сирек құбылыс. Осыдан келіп өмірдің өнерге яки өнердің өмірге айналуы секілді ғажайып "жұмбақ" процесс туады да, оны туғызған уақыт пен кеңістікке амалсыз жүгінеміз.

Махамбет өмір сүрген Уақыт пен өнерін өрбіткен Кеңістік туралы ойласақ, біздің жадымызға патшалы Ресейдің тепкісінде төңбекшіген басыбайлы отары — ұланғайыр Ұлы даламыз, сол даланың бір шалғайындағы Бөкей ордасы, Орданы билеген қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкеев оралады.

Бұл — Махамбеттің тағдырын тануға керек тарихи дерек.

Енді өнерге келсек, қазақ поэзиясының ғасырлар бойғы дамуына шешуші себеп болған қозғаушы күш — ешқашан үзілмеген, толастамаған, барған сайын үдей түскен азаттық идеясы.

Бұл — Махамбет талантының қайнар көзі, асау ағысы.

Бұлар бір-бірімен тығыз бірлікте: Нарында орыс патшалығының отарлау саясатынан туған қарғылы хандық Бокей ордасы орнамаса, Ордаға сол тұстағы Уақытқа тәуелді Жәңгір хан бұрынғы I Павел патшаның Бөкей сұлтанға жасаған "кеңшілігінен" қайыр көріп, кейінгі император I Николайға адалдық антын беріп, сол Кеңістікке лайық өмір әкелмесе, сол өмірдегі отаршыл озбырлық пен өзімшіл найсап обырлыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің қаһарманы Исатай Тайманов пайда болмас еді, туған елінің еркіндігі жолында тудай желбіреген Махамбет Өтемісовтің жалынды жырлары да дүниеге келмес еді.

Сұрақ туады: ел егемендігінің биыл тойланғалы отырған он жылының ішінде қалыптасқан бүгінгі жаңа көзқарас, жаңаша ойлау тұрғысынан байыптап байқасақ, Исатай — батыр да, Махамбет — ақын дейік, ал енді осылар алысып жүрген хан Жәңгір кім?

Өзі қазақ; солай бола тұра сол қазақтың ақи - тақи ымыраға келмес жауы ма сол Жәңгір?!

Махамбет рухындағы мықты қаламгерлеріміздің бірі Әбу Сәрсенбаев өзінің соңғы кітабын былай бастайды: "Кешеге дейін өзімізді өзіміз қорлап, біздің өткеніміз болған жоқ, тарихымыз тек Кеңес үкіметінен басталады, біздің бетке ұстарымыз болмаған, мал соңында қаңғып жүрген жабайы меңіреу халық едік, тек ұлы орыс халқының арқасында ғана жер бетінен жойылып кетпей аман сақталдық, патша үкіметі Ата мекенімізді отарлап, бізді құрып кетуден сақтап қалды деп келдік. Қазақ хандарының бәрі жауыз,

Бөкей хандығы құрылуына байланысты туған даламыздың бір кезде жоңғарлар таптап, қалмақтар жайлаған Еділ мен Жайық арасын өзімізге қайтарып алдық. Торталана туырылып, иесіз құлазып жатқан құм қойнауына Орда қаласы орнады. Көшпелі жұрт көлігін суарып, қоныстана бастады. Ел орныққан соң Ордадан шығысқа қарай сусыған қызыл шағылдың ондаған шақырым ұзына бойы қысы-жазы бірдей көкпеңбек көксіл атып тұрған көк жасыл орманға айналған. Ғұмырда шөлі қанып көрмеген қалың құмға кезінде әлдеқайдан су келіп, көл пайда болған. Айдында аққу ұшып, қаз қонған. Жапан түзге қалың ел ірге теуіп, қатар - қатар қарағай үйлер салынған. Кейін "Дала қоңырауы" атанған Ыбырай Алтынсарин туатын жылы (1841) тарихта тұңғыш рет қазақ балаларына қазақша-орысша білім беретін Жәңгір мектебі ашылған. Мектептегі оқу-ағарту ісінің өрбуін хан тікелей өз қамқорлығына алған. Бұл арада бұрын-сонды болып көрмеген кітапхана, клуб, мұражай орнаған. Бұларды аз десеңіз, патшалы Ресей астанасы Санк-Петербург үлгісіндегі қару-жарақ палатасы жасақталған. Көш-керуен, сауда-саттық, жәрмеңке-базар ду да ду, у да шу жығылып жатқан.

Осының бәрі Астрахань губернаторының үйінде жатып оқып еуропаша білім алған азия, бір өзі "жеті жұрттың" тілін білген, білімдарлығына лайық Қазан университетінің құрметті мүшелігіне қабылданған, үздік қабілетіне сай ақ патшаның өз қолынан қазақ топырағындағы тұңғыш генерал шенін алып, шекпенін жамылған Бөкейдің ұлы Жәңгір ханзаданың арқасы еді.

Сол Жәңгір — Еділ-Жайық екі өзен арасын жиырма екі жыл билегенде жұртына осынша игілік әкелген хан Жәңгір неге ғана кісі көргісіз, адам айтқысыз арам да жаман адам болады сонда?

Жә, Махамбет Жәңгірге:

— Хан емессің, қасқырсың, қара албасты басқырсың! — деген екен.

Мұның несі бар?

Махамбеттің негізін салған Халел Досмұқамедұлы бастап, оны одан әрі дамытқан Қажым Жұмалиевтен бері қарай Исатай - Махамбет тарихын зерттеушілердің бәрі ақынның осыңдай ызалы сөздерінің тұсында Баймағамбетке байланыстыра, сайып келгенде, тіпті Жәңгірдің өзіне қарата, олардың бірі болмаса бірі:

— Бұлай айтпаса, Махамбет батыр бола ма? Батырдың сөзін көтермесем, мен хан болам ба? — депті деседі. Осының өзі тарихи шындықты қалпына келтіріп, әркімді күллі күнгей - көлеңкесі мен қоса өз орнына қоюға мүмкіндік беретін аңыз да болса әділ уәж емес пе?

Жоқ, қалай болғанда да қазақтың ханы, орыстың генералы Жәңгір Бөкейұлы — өз заманының үлкен қайраткері.

Аңыз болсын, ақиқат болсын, бәрібір, әйтеуір о баста Исатай мен Жәңгір, Жәңгір мен Махамбет қазақтың қашанғы халықтық қасиеті — ағайыншылықтан ажырамаған адамдар. Жәңгір ел басқарған хан болса, Исатай сол ортадағы ақылды көсем би, Махамбет от ауызды, орақ тісті шешен болған. Соңғы екеуі бірі — батыр, бірі — ақын; бірі серке, бірі ерке ер-азаматтар болған соң Жәңгір олардың екеуін екі аймаққа старшын етіп тағайындаған.

Ал осы ынтымақ қалай бұзылған? Араздық жауласуға дейін қалай жеткен?

Бұл туралы бұрылтпас ақиқат та бар, әралуан аңыз да көп.

Жұрт жадында сақталған бір аңызға бақсақ, Махамбет пен Жәңгір бір-біріне бетпе-бет келіп кінәласқанда, тіктесе беруге шыдамай амалы құрыған хан ақынға:

— Алдым — жалын, артым — өрт, екі оттың ортасында жүрмін, қайтейін... — депті.

Артымдағы өрт деп отырғаны ханға билік бергенін, сол арқылы қазаққа деген бодандық бұғауын қысқан үстіне қыса түскен орыс патшасының зымиян саясаты болса, алдымдағы жалын деп отырғаны хан арқылы қан қақсатып бара жатқан отаршылдық езгіге — қорлық пен зорлыққа қарсы кек кернеген қазақ халқының азаттық жолындағы айықпас айқасы мен шайқасы.

Мұндай жағдайда хан мен халық арасында қандай ынтымақ болуы мүмкін? Ендеше, халық қолын бастаған Исатай-Махамбет пен патша жолын жақтаған (тіпті жақтамауға мүмкіндігі жоқ) Жәңгір хан арасындағы араздық жауласуға дейін қалай жетпесін!

Жарайды, хан мен халық арасындағы күрестің негізгі заңдылығы осы делік. Азат Қазақ мемлекеті деген тіпті түске кірмеген, ел егемендігі дегеннен елес те жоқ, бұғаулы бодан өлкеде хандық құрған Жәңгірдің орнында кім болса да дәл соның халін бастан кешкен болар еді дегенге қол қойсақ қоялық.

Ал мына бір білгіштердің түйін - тұжырымдарына қалай қарайсыз:

— Халық Теке қаласының батыс шалғайындағы "Хан тоғайда" ақ киізге көтеріп таққа отырғызған ханның ез қара басы бөлек те ерек. Мейлі, бір өзін алтымен аптасын, күміспен күптесін, одан ырыс тартылмайды, қазына сарқылмайды. Ал қара құрым хан төңірегі түгелімен халық қазынасын, ел байлығын талапайға салып жаппай тонаудан басқа бітірері жоқ жемқорлар, тұрмыс-тіршілік дегенді баспен емес, қарынмен ойлайтын қорқау -құзғындар болса, ол — халыққа келген нәубет! "Ашыққаннан құныққан жаман" дегендей, әсіресе, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов күйеу баласын арқаланып, әбден араны ашылған арсыз аларман, адуын алпауыт; соның және сол секілді тума-туысқандарының, жақын-жұрағаттарының тойымсыз нәпсісіне тыйым салу Жәңгірдің қолынан келмеді. Исатайдың, оған ерген қалың бұқараның ханға жауығуына бас себеп — сол!

Оның үстіне ақылы қанша болса, айласы сонша тақ құмар, баққұмар хан өз мансабын қорғау әрекетінде қазаққа емес, орыс патшасының қазаққа қарсы ұстаған қолшоқпары кәззап казакқа (қазақ орысқа) сүйенді. Бұл — тағы бір себеп.

Енді Махамбетке келсек, ол Исатайдан да гөрі намысқой, қазақ жері үшін патша әскерлерімен:

"Еділ үшін егістік, Жайық үшін жандастық, Қаған үшін қырдық, Типтер үшін тебістік. Теңдікті малды бермедік, Теңдіксіз малға көнбедік ", — деп қынынан суырылған да қынабына қайта түспей қойған жалаң қылыш. Ол ханмен қалай келісімге келсін; келмесе, ханға қалай ұнасын!

Осындай толып жатқан себептерге ханның жеке өз басына тән әлсіздіктер мен пендешіліктер қосылып, Жәңгір мен Исатай-Махамбет арасы ашылады; бір-бірімен ымырасыз жаулыққа көшеді.

Ойлап қарасақ, тіпті осындай болмасқа ешқандай мүмкіндік жоқ еді.

О заман да бұ заман, халық наразылығына суарылған күрес пен тартыс тек бір ғана мақсатта — сол халықтың еркіндігі мен бостандығы үшін болып отырған. Патша керген желіге қыл мойыннан көгенделген хан халықпен екі арадағы баррикаданың арғы жағынан бергі жағына көшем десе де көшіп шыға алмайды.

Ендеше, адамзат тағдыры мен талайының бұл сияқты мейілінше шиеленісіп жатқан күрделі, қиын шырғаландарын тарихи тұрғыдан байыптап, сол аласапыранның асау толқынымен алысып жүрген жансебіл тұлғаларды өз ортасында танып - бағалаудың орнына, оларды тек бір-біріне қарама-қарсы екі топқа ғана бөліп, бірін ақ, бірін қызыл ғып шығару — күні өтіп бара жатқан нәрсе! Бүл екі топ та бірі мен бірі байланысты; бірі болмаса, екіншісінде де мағына қалмайды. Жәңгір болмаса, Исатай - Махамбетте ашық айқасқа шығар жау да болмас еді және хан патшаға арқа сүйеген күшті жау болмаса, батырлардың жанкештілігі де құр донкихоттық болып шығар еді.

Демек, Жәңгірді өз орнына қою — Исатай мен Махамбетті орындарынан тайғызу немесе ханды күшейту — батырлардың рөлін төмендету яки әлсірету емес. Керісінше, жауы күшейген сайын батырдың да айбыны мен айдыны асқақтап, жалы күдірейе түседі. Махамбет жырының да мәнін тереңдетіп, мазмұнын байытып тұрған осы сыр мен сымбат.

Біздің осы талғау - талдауларымыз тәрізді кешегі тарихты толғау — бүгінімізді ойлау, ертеңімізді болжау үшін қажет екенін, кешегі тарихымыздың, әсіресе адамдар арасындағы қарым-қатынастың, олардың әрқайсысына тән мінез-құлықтың, іс-әрекеттің, ақыл -айланың ұнамды - ұнамсыз жақтарын бүгінгі жетістік - жетпестік салыстыра, бүгінгінің кендігі мен кемдігіне, көрегендігі мен қорлығына салғастыра келе, одан көпке пайдалы қорытынды шығарып, ертеңіміз үшін сабақ алуымыз керек екенін кезінде өмір мен өнердің арақатысын дәл осы жерден іздеген Виссарион Белинский шегіне жеткізе уағыздаған болса, мұның өзі — бүгінгі күні де маңызын жоймаған мейлінше зәру мәселе!..

Қайран Махамбет:

"Еділдің бойы ен тоғай Ел қондырсам деп едім. Жағажай жатқан сол елге Мал толтырсам деп едім... "

Қандай асыл арман, абыройлы мақсат! Алайда Махамбет өмір сүрген дәуірде бұл арман — арман қалпында, мақсат — мақсат қалпында қалатын. Бұл арман мен мақсат жолындағы ерлік елдің аңсаған ерлердің, Махамбеттің қал солай еді.

Әдебиет тарихын зерттеу мен зерделеу тек әдебиет пен әдеби ғана керек емес. "Өнер— өнер үшін" емес, өнер өмір үшін екенін мойындасақ, біз бүгін Махамбет шығармашылығын тексергенде оны бүгінгі талғам мен талап елегінен өткізе сараптауымыз шарт.

Ақиқат шындықты "шыңдап" қана қоймай, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа "шегелеп" қалдыратын ғажайып сөз өнерінің құдірет-күші деген осындай болады.

Сонымен...

Аслан астында, жер үстінде өмір бар да өнер бар. Өмір өнерге көшкенде ғана өмір, әйтпесе ол— бүгін бар, ертең жоқ уақытша пенде секілді өткінші. Заман да солай. Ал өнер мәңгілік!

"Қоғалы көлдер, құм, сулар Кімдерге қоныс болмаған. Саздауға біткен құба тал Кімдерге сайғақ болмаған. Басына жібек байлаған Арулар кімнен қалмаған..." — дейді Махамбет. Пайғамбардың сөзі! Сондықтан да Махамбет Құдай берген талантының арқасында аз ғұмырында өзі басынан кешкен өмірді өнерге көшірген де , өлеңге айналдырып, ұрпақтан ұрпаққа— тірілердің бәріне — бәрімізге түгел жататын кеткен.

Александр Твардовский нағыз жақсы өлеңді "тап-таза алтын" ("чистое золото") дейді екен. Асылы алтын деген зат өлшеулі, аз болады. Махамбет өлеңдері де секілді аз; бәрін жиғанда бір қойын дәптерге сыйып кетеді. Ал оқып қараңыз, әр жолы — алтын; терең мағына мен мазмұн; бір мұң бір сыр... көл-көсір философия :

"Бұзбай құлан пісірмей,
Мұз үстіне от жақпай!"

Не дейді? Құланды бірдеңе етіп "бұзбай пісіріп" көруге болады, ал "мұз үстіне от жағу" деген не сұмдық? Жә, арғы жағын оқып байқайық:

"Мұз үстіне от жақпай,
Қу найзаға сүйеніп,
Құр далада зар қақпай,
Жалғыз жүріп ат бақпай,
Қабағыма қарыс сүйем мұз қатпай,
Қапыда қалған қасқа
Қақ жүректен найза түйретпей!
Жалғыз қалдым,
Адасып қалған үйректей..."

Шіркіннің бір ғана күрсінуінің өзі осындай. Батырдың ыза мен көкке қайнап аһ ұрған өкінішін бұдан артық қалай жеткізуге болады. Болмайды. Мүмкін емес. Ол үшін тек Махамбет керек.

"Махамбет екі образ жасады,— дейді академик Қажым Жұмалиев. — Бірі Исатай образ, екіншісі Махамбеттің өз образы". Дәл айтқан: Махамбет бірнеше толғауында әлгідей "алтын сөздермен" майдандас ағасы — "ақ кіреуке жағасы" Исатай Таймановтың — ол басшы, бүл қосшы боп қасында бірге жүрсе де ұсынса қолы жетпес алыс "арманының — таудан мұнартып ұшқан тарланының, кермиығы — кербезінің, Керіске, құландай ащы дауысты, құлжадай айбар мүйізді, қырмызыдай ажарлының, Хиуадай базарлы, теңіздей терең ақылдының, тебіренбес ауыр мінезді" тастан қашалғандай сом тұлғасын әуелі осылай мүсіндеп, мінездеп алады да, одан әрі бұл суретті қимылсыз статика қалпында қалдырмай, алай-дүлей асау динамикаға көшіріп, асқақтата, аспандата шырқап әкетеді:

"Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен қазып ойдырған,
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қондырған.
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шаны.
Айқайласа белдігі байланған,
Астана жұртын айналған;
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атылған оғы Еділ-Жайық тең өткен,
Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан—
Арыстан еді-ау Исатай!
Бұл пәнидің жүзінде Арыстан одан кім өткен?!"

Паһ! Осыдан артық батырдың бейнесін жасау мүмкін бе? Текті заты тұрмақ, астына мінген атына дейін аңызға айналған Қара - қыпшақ Қобыландының өзі, тағы да Махамбет айтқанда, "толғай-толғай оқ атқан, он екі тұтам жай тартқан, қабырғасын қақыратқан, тебінгісін тесе атқан, тізгінінен кесе атқан" ессіз ер — көзсіз батыр болса, осындай-ақ болған шығар...

Батыр ақын батыр қолбасының сөз өнеріндегі мәңгілік бейнесін осылай сомдады да, бұрқанған күшке, бұла қайратқа, шиыршық атқан жігерге, ызалы ашуға, ашулы ақылға, ақылды толы өлең-жырын тұтастай алғанда өзінің автопортретіне айналдырды. "Махамбеттің өз образы" деген — сол! Өйткені оның "қорғасыннан құйылған" ап-ауыр әр сөзінен өзін танимыз. Көнеретін архаизм да емес, жаңаратын неологизм де емес, нақ екі арадағы екеуіне бірдей етене, еркін, еспе мағыналы ерке де серке сөздерді қайдан іздеп тауып, қалай ғана ағыл-тегіл, ақпа - төкпе өлеңге өріп жібергеніне таң қаласыз. Контекстегі ор соз әрін де, нәрін де келтіретін орнын дәл тауып, ойнап тұр. Ақындық шеберлік деген сол ғой!

"Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" дейтін Абайды ақындардың ақыны — ақыл мен сезімнің, сыр мен жырдың түпсіз терең мұхиты десек, сонау бағзыдағы "бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан, мұсылман мен кәуірдің арасын өтіп бұзып дінді ашқан Сүйінші ұлы Қазтуған" мен "Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым, өкінбе; Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастадым, өкінбе; Ту құйрығы бір тұтам тұлпар міндім, өкінбе; туған айдай нұрланып, дулыға кидім, өкінбе; зерлі орындық үстінде, ақ шымылдық ішінде тұлымшағын төгілтіп, ару сүйдім, өкінбе!" деп дүрілдеп өткен Доспамбет пен Би Темірді алдымен "Алп, алып басқан, алп басқан арабы торым өзіңсің; жазылы, алтын, қол кескен алдаспаным өзіңсің" деп алып, ізінше би оны "ата-тегіне, атақ-дәрежесіне сай сый көрсетпей шетке қаққан кезде бір жағы өкпе, бір жағы наразылық ретінде" (Мағауин М. Алдаспан. Алматы, 1971. 21-6.) "Еділден аққан сыз ашық біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді — телегей шайқалтып, жар қираған беренді теңіз етсе тәңірі етті; жағасына қыршын біткен тал еді — жапырағын жайқалтып, терек етсе тәңірі етті; тебінгінің астынан ала балта суырысып, тепсін келгенде тең атаның ұлы едің, дәрежеңді артық етсе тәңірі етті!" деп қолын бір сілтеп теріс айналып кеткен баба жырау Шәлгезден бермен қарай тау өзеніндей тасқындап төгілген суырып салма (импровизаторлық) поэзияның Абай мұхитына сарқып құяр сағасында тұрғандықтан да

Абайға дейінгі осы заңдылық Абайдан кейін де жалғасын тауып жатқан үзілмес "алтын арна" (Әуезов айға беретін "Золотая жила"). Өзгелерді оз алдына қойғанда "өртке тиген дауылдай өлеңі" өзінен аумаған Қасым мен "күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарып" кеткен Мұқағали әдеби - эстетикалық сауатын бәрінен бұрын "Махамбет мектебінен" оқып ашқан. Бұл ұлы ақынның екі жүз жылдығына дейін зерттеліп - зерделене өз алдына бөлек талдаудың тақырыбы.

Махамбет - өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы дейтін себебіміз: оның өзінде жеке бастың өмірі болмаған, өмірі өнеріне көшіп кеткен де қасиетке айналған, жеке тіршілігінде тек қасірет қана қалған. Өзін ойламаған, өзге жайын — ел қамын ғана ойлаған. Отбасынан баз кешіп, өз рахатынан өзі безіп, ылғи ғана "ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып" жүргендегі мақсат-мүддесі — елінің ертеңі, дәлірек айтқанда — біздің бүгінгі күніміз - азат Қазақ мемлекетінің егемендігі. Қазақ әдебиетінің ұлы материгіндегі өзгеше бір сырлы арал болып тұрған Махамбет поэзиясының тақырыбы біреу — майдан. Не үшін болып жатқан майдан? Әлгі айтқанымыз: қазақ елінің елдігі, еркіндігі мен егемендігі үшін болып жатқан ерлік майдан. Махамбет тек осы тақырыпты ғана толғады. Оның барлық өлеңін бір жерге топтағанда "Жорық жыры" болып шығатыны сондықтан. Бұл тақырыпты ол және қаламын тістеп отырып ойдан-қырдан іздеп келіп, саусақ арасынан сауып алған жоқ, Исатай екеуі оз қолдарынан жасап алды. Сөйтті де, тек соны ғана жырлады. Адам басында болатын күллі сезім мен сыр, іс пен әрекет, қимыл мен қарекет, сайып келгенде, өмір мен өлім, адамзатқа тән тағдыр мен талай... — бәр-бәрі осы тақырып арнасында тасқындап ақты, толғамын тапты. Әдебиеттің бір үзілмес арқауы — махаббат деген мәңгілік тақырып бар; оны жырлауға Махамбеттің мұршасы болмады. Бұған келгенде қолына ұстағаны қалам емес, найза, — қалай жырласын! Махаббаттың қызығы — сүйген жар, оның қайда қалғаны белгісіз, "қосылған жаста арудың көре алмай кеттім құлашын" деп өкіне бере ізінше: қайтейін, "қатын қалса — бай табар, қарындас қалса — жай табар, артымда қалған ақсақал алқалы кеңес құрған күн ақылменен ой табар"; жалғыз-ақ "кейін қалған жас бала күдер үзіп біздерден, көңілі қашан жай табар?" деп тебірене толқып барып, жә:

"Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Арып-ашып жол кермей,
Әзер талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қатпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме!!!"

деп барып тоқтайды да, өзіне және өзімен бірге жорықта жүрген жауынгерлерге, жорық жетекшісі Исатайға тоқтам салады. Сонда мазмұны мен пішіні бір ғана уақытта — Жәңгір хан тұсында, бір ғана кеңістікте — Бөкей ордасында, бір ғана тақырыпта — Исатай бастаған қан майданда, бір ғана идеяда — Қазақ халқының азаттығы мен бостандығы жолында туған, қалыптасқан, дамыған Махамбет шығармашылығы тұтастай алғанда автордың "сегіз , қырлы, бір сырлы" автопортретін жасап, мұның өзі тек біздің ғана ұлттық менталитетімізге тән ерлік пен елдіктің өшпес рухына айналып отыр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз