(Прозамен жазылған өлең)
Мен алыста аңсап жүргенде, көрсем деуші едім
Көрсем, сөйлессем, көңілім тыншып, тынышталармын деуші едім.
Ол бекер болды.
Көрдім, көрсем тағы көргім келеді, Көріп отырып сүйгім келеді. Сүйсем, лапылдап жанған жүрегім, жеңілденіп, тасыған қаным басылып, тынышталармын деуші едім. Ол бекер болды. Сүйдім, сүйсем тағы сүйгім келеді, сүйіп отырып сөйлескім келеді. Құшақтап қысып, аймаласам, құмарым тарқайтын сияқты. Лаулап жанған өрт, асау жүрек, тамыр-тамырдағы,тасып кеткен жүректің қаны,өн бойыма сыймайды. Ішкі жалын, сыртқа шықса, тасып төгілсе, жеңілденіп, сергір ме екенім деп, ойлаймын. Ол бекер болды. Қолдан келер нәрсе — жанды тыншыта алмады. Ыстық қанды аз ғана болса да, салқындата алмады. Құмарлықты кішкентай болса да, орталай алмады. Қайта жыртығын жамап, ортасын толтыра берді. Күннен-күнге күшейткеннен басқа, биттей басуға себеп болған жоқ. Мен жеңілген, мен әлсіз адам, менен махаббат күшті. Махаббаттың күшті екеніне менің көзім жетті. Бұл, әрине, ақылыма сыймайтын қылық. Ақыл мұны теріс деп билік айтады. Бірақ ақылдың насихатын мен орындау үшін ақылда қайрат, менде ерік болу керек қой. Ол ерік, ол қайрат қайда? Неге маған болыспайды? Не ақылдың қаруы болып, не бір қайрат қылмайды. Неге махаббатты жеңбейді? Неге мені арашалап алмайды? Білмеймін, ерік жоқ, олар құйрығын артына қысып алып, әлдеқашан жоғалған. Ақыл, қайраттың қайда екенін білмей, өзінің қайраты жоқ, кәрі шалдай, күшсіз, күңкілдеумен жүр. Сондықтан оның айтқаны да бекер. Енді не қалды? Енді мен махаббат қолыңдамын. Маған оның ғана өмірінде болу қалды. Өйткені мен махаббатқа қарсы қайрат қылуым, мүмкін емес... мүмкін емес... Өйткені мен оны қатты сүйемін ғой!
11.IV. 1929 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі