Диабеттік аяқ синдромы — қантты диабеттің өте ауыр асқынуларының бірі. Бұл жағдайда ойық жара, іріңді-некрозды үдерістер, аяқтың шіруі (гангрена) дамиды. Адам өзін-өзі күту дағдысынан айырылады, үнемі қолайсыздық сезінуден, ауырсынудан, жазылуға деген үміттің жоқтығынан бұндай науқастар қатты күйзеліске ұшырайды.
Диабеттік аяқ — қантты диабеттің кеш асқынуы, шеткі жүйкелердің, тамырлардың, тері мен жұмсақ тіндердің, сүйектер мен буындардың өзгерістерімен қатар дамитын аяқ ұшының іріңді-некрозды үдерістері, ойық жаралары және сүйек-буынның зақымдануы түріндегі патологиялық ахуал.
Қантты диабеті бар науқастардың шамамен 15 пайызында аяқ ұшының ойық жаралары дамиды. Бұл қантты диабеттің екінші түрімен ауыратын науқастарда жиі.
Аяқтың ойық жарасы бар науқастардың 10-24 пайызына ампутация жүргізіледі, бұл олардың арасындағы жақын және алыс кезеңдерде орын алатын мүгедектікті жиілетеді. Ампутациядан кейінгі болжам ауыр, өйткені емделушілердің 30-50 пайызы қайта оталанады. Асқынуға хирургиялық араласудың өзі емес, меңдейтін асқынулар мен қоса-қабаттасқан аурулар себеп.
Диабет кезіндегі трофикалық ойық жаралар нейропатиялық, нейроишемиялық, аралас болуы мүмкін. Диабеттік ойық жаралардың басым бөлігі нейропатиялық болатындығына қарамастан, ойық жаралардың ишемиялық генезін жоққа шығару керек, өйткені бұл аурудың нәтижесіне үлкен әсерін тигізеді. Ауру ерте анықталып, қажетті ем жүргізілген жағдайда ампутацияның алдын алуға болады.
Емнің негізгі әдісі — жергілікті ем және жараларға гигиеналық күтім жасау. Десек те, түптің-түбінде ампутация туралы мәселе туындайды. Ампутация деңгейі біртіндеп жоғарылауы мүмкін: алдымен башпай, аяқ ұшы, жіліншік, сан. Сондықтан қан айналымын қалыпқа келтіру аяқ қызметін сақтап қалу және ауырсыздандыру үшін аса маңызды шара саналады.
Соңғы уақытта әлемде эндоваскулярлық ем жақсы нәтиже беріп жүр. Бұл ем әдісі арқылы ампутацияның алдын алуға болады.
Диабеттік аяқ ұшы синдромын емдеуде мәселеге жан-жақты қарау маңызды. Яғни, әр түрлі мамандар: эндокринолог, жалпы хирург, педиатр, тамыр-эндоваскулярлық хирург, дерматолог емнің әр кезеңінде бірлесе әрекет етеді. Осындай жолмен ғана науқасқа толыққанды медициналық көмек көрсетіледі және «жоғары» ампутациялар саны төмендетіледі.
Р. Ажибиев хирург
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Ильясова эльмира
Диалайф дарисин ишти түк әсер еткен жок енди аяғының арасында жаралар пайда бола бастады не истеу керек