Өлең, жыр, ақындар

Шабдалы

Шабдалы — раушангүлдер тұқымдасы, бадам тобына жататын өсімдік. Шабдалының Отаны нақты белгісіз. Көпке дейін шабдалының Отаны Иран деп есептеліп келген, бірақ жабайы түрі Қытайда табылғаннан кейін, зерттеушілер шабдалының Отаны — Қытай деген тұжырымға келді. Қазіргі кезде шабдалыны субтропикалық және жылы қоңыржай климаттардың көп жерлерінде өсіреді.

Еуропаға шабдалы Парсы елі арқылы келген. Жеміс өсіруден Еуропада шабдалы, алма мен алмұрттан кейін үшінші орында тұр. Шабдалы өсіруден АҚШ бірінші орындағы мемлекет. Қазіргі кезде шабдалының 3000-ға жуық сұрпы бар. Шабдалының екі түрі бар: біріншісінің қабығы түкті, екіншісінікі — тегіс. Ағаштың биіктігі 6 м. Жапырақтары сопақша келген ұзын. Жапырақтары гүлдеп болғаннан кейін шығады. Гүлі қызғылт-күлгін, мәдени түрлерінде ақ, қызыл, ала түстілері де бар. Күлтелері жәй және гүлпарлы болып келеді. Жемісі шар пішінді, бүйірінде сызығы бар. Алғашқыда жасыл түсті болады да, соңынан қызғылт-сары түске айналады. Жемісінің өзіне тән хош иісі болады. Жемісінің ортасында ірілеу сүйегі болады. Сүйегінің беті бұдырлау, қоңыр. Жеміс беру кезеңі мамырдан қазанға дейін созылады. Ерте пісетін сұрыптарына қарағанда, кеш пісетіндері хош иісті, дәмдірек және дәрумендері көп болады. Жемісінің салмағы 50 грамнан 500 грамға дейін жетеді. Шабдалы 40-50 жылға дейін өмір сүреді, бірақ ауруға шалдыққыш, сондықтан ертерек өліп қалады. Көбінесе 15-30 жылға дейін ғана өмір сүреді.

Шабдалы — жарықсүйгіш өсімдік, көлеңкелі жерде жемістері кішірейіп, дәмсіз болады. Шабдалы тұқымнан және вегативті тәсілмен — қалемшелеу, ұластыру арқылы көбейеді. Шабдалыны отырғызғаннан кейін 3-5 жылдан соң жеміс бере бастайды. Әр ағаш 30-100 кг-ға дейін жеміс бере алады.

Шабдалы ағашының жемісі пайдалы, әрі тәтті. Шабдалы қантқа, органикалық қышқылдарға, ферменттерге, өзектерге, илік, азотты және пектинді заттарға, С, В1, Р, РР дәрумендеріне, каротинге, флавоноидтарға, сонымен қатар минералды заттар мен микроэлементтерге бай. Әсіресе, Қырым шабдалында В2, өзбек шабдалында Е дәрумені көп болады. Фармацевтикада пектиндер мен эфир майын алу үшін қолданылады. Шабдалы жемісін асқазан аурулары, жүрек ауруы, қан аздық кезінде жеу өте пайдалы.

Шабдалыдан тосап, компот, джем жасайды. Шабдалы сүйектерінен «персико» деп аталатын ликер жасайды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер