Өлең, жыр, ақындар

Өнегеге толы кездесу

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
филология факультетінің 1 курс студенті
Псибаева Асел Ерназарқызы

Бүгін білімнің қара шаңырағы, үздіктер үкілеген білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 17-студенттер үйінде дүниежүзіне белгілі, қазақ еліне әйгілі, журналист, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлының студенттермен кездесуі өтті. Кездесу өз деңгейінен де өте ауқымды, үлгі-өнегеге, тәлім-тәрбиеге толы жүздесу болды десем, артық айтқаным емес. Жалпы, Берікбай Сағындықұлының атқарған қызметтері мен жасаған еңбектері жайында сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол кісінің әрбір сөзі өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие, ғибрат, үлгі-өнеге болып табылады. Бүгінгі кездесу жайында баяндайтын болсам, Берікбай Сағындықұлының” Ғаламның ғажайып сырлары ‘’атты еңбегі жайында сыр шертсем деймін. Бүгінгі кездесу aдамның жаратылуы, табиғи құбылыстар төңірегінде өрбіді. Әңгіме Адам ата мен Хауа ананың жаратылуы, қателікке бой алдыруының кесірінен ең төменгі жер сатысына түсірілуі, соның нәтижесінде жер бетінде адамзаттың пайда болуы жайында болды. Мұны жай ғана әңгіме емес, тұнып тұрған ақыл, өсиет, ғибрат, уағыз дерсіз. Алла Тағаланың құдіретінің күштілігінің нәтижесінде он сегіз мың ғалам, жеті қат аспан, тіршілік жаратылды. Жердің өзінде болатын жер апатының бес түрі барын, отыз бес мың пайғамбар мен сахабалар, періштелер жайында түрлі хадистер хикаялар айтылды. Қандай да бір істі бастамас бұрын ниет етіп, Аллаға тапсырып, тәуекел ету керек. Осы жайында ‘’Даниян пайғамбар мен тоқылдақ’’ жайлы керемет , мәні зор , адамға ой саларлық хадистер айтылды. Тыңдаған құлақтың құрышын қандырып, тыңдаған үстіне тыңдай бергің келеді, шіркін. Осы орайда жоғарыда айтып өткенімдей, Берікбай Сағындықұлының ”Ғаламның ғажайып сырлары” атты кітабын оқуға міндетті түрде кеңес беремін. Бұл кітаптың өзі тұнып тұрған тарих десем артық айтқаным емес. Бұл кітапта Алла Тағаланың құдіреті, пайғамбарлар мұғжизасы, әулиелердің кереметі, көзге көрінбейтін рухтар, адам тағдырына араласатын күштер жайында ой саларлық мағлұмат берілген. Жалпы, бұл кітаптың мақсаты-бұқара көпшіліктің діни сауатын ашу болғандығын кез келген оқырман бірден аңғарары сөзсіз. Өз басым бұрын -соңды мүлдем кездестірмеген таңғажайып сырларды, тылсым құпияларды оқып білдім. Қағба-жер жүзіндегі мұсылмандардың ғибадат жасап, тәубе қылатын қасиетті орны екендігі мәлім дүние. Қағба ақырзаманға дейін тұрады. Сөйтсек, ол Адам ата заманында періштелер ғибадат жасап үй салыпты. Жер бетін топан су қаптағанда, оны періштелер зақым келмес үшін жеті қат аспанға әкетіпті. Дәл осындай кітаптың осы дүниеде, күнделікті өмірімізде тигізер пайдасы зор деп ойлаймын. Берікбай Сағындықұлының имандылыққа толы көптеген еңбектері мен мақалалары да баршылық. Ол кісінің “Алла Тағала нұсқаған тура жолмен жүрсек, асығымыз міндетті түрде алшысынан түседі’’ деген сөзі еріксіз ойыма оралып отыр. Бүгінгі кездесу әрбір студенттің ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттырып, ізденіске деген құлшынысын арттырғаны сөзсіз. Ол кісінің әрбір айтқан ақылы, әрбір істеген ісінің өзі, келер ұрпаққа, біздей жас ұрпаққа салып берген дара жолы десем артық айтқаным емес. Бүгінгі кездесудің студенттерге , келген қонақтарға ұнағаны соншалық, бір-бірімен сұрақ қоюға кезекке тұрды. Берікбай Сағындықұлы болса, қуана-қуана , құмарта сұрақтарын тыңдап, тыңғылықты жауап берді. Бүгінгі кездесу өте керемет, әр студенттің жүрегінен орын алған естелікке толы кездесу болды деп ойлаймын. Ал соңында Берікбай ағай мен Бақыткүл апай және келген қонақтардың бәрімен естелікке суретке түстік. Әлі де осындай кездесулер мен жиындар жиі өткізіледі деген ойдамыз. Осындай халық қамы үшін, өскелең жас ұрпақ үшін туылған біртуар азамат деген атқа лайық кісі деп айтар едім. Сонымен қорытындылай келе, бүгінгі кездесу әрбір жанға шабыт, ой салғандығы сөзсіз. Осы орайда Берікбай Сағындықұлына тек шығармашылық табыс, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер