Өзі алғаш рет депутаттыққа ұсынылған жиналыстан Зәуре үйіне алабұртып ерекше сезіммен оралды. Асыға күтіп отырған анасы есіктен кіре-ақ жанына жетіп келіп, айналасын әжім торлап, нұры тоза бастаған көздерін сығырайта бетіне үңілді. "Қалай болды? Қиналған жоқсың ба? Бәрі де жақсы өтті ме, күнім?" Ана жанарынан осы сұрақты үнсіз оқыған Зәуре өзінен бойы әлдеқайда аласарып қалған, дүниедегі өзіне ең жақын адамын тұңғыш рет балалықтан өзге бір ыстық сезіммен құшағына тартты. «абыржыма, анашым. Бәрі де жақсы өтті." дегені еді бұл. Соны үнсіз ұғып, көңілі жайланған әрі алдында тұрған мынау жалғыз перзентінен осы сәт өзінің ендігі тірегін танығандай болып шүкіршілік еткен Манар да енді қызының құшағына балаша ене берді...
Соғыстан кейінгі жылдар болатын. Ол кезде әкесіз бала да аз емес еді ғой. Мұның әкесі соғыстан аман-есен оралса да, сол бір дауылды жылдардан кейінгі көп жетімнің қатарына өзі де қосылып кетті. Жетімдігінің ең өкініштісі де, ең қасіреттісі де осы екенін Зәуре ес біле ұқты. Бірақ амал не?! Өзінің қасы мен қабағына ғана қарап, басқа бақыт іздемеген ана жайы да енді мұның көкірегін удай ашытатын халге жеткен. Оның да өзінен өзге ешкімі жоқ екендігін ойлағанда қабырғасы қайысады-ақ. Тағы да амал қайсы?
Оның институт бітіріп, мұнай өнеркәсібіңде жұмыс істей бастағанына да екі-үш жылдың жүзі өткен. Ендігі бар қолынан келгені — осы бір аяулы адам өмір бойы өзін қалай әлпештеп өсірсе, оны да солайша аялап өту. Зәуре қазір өзінің осы ойын. Ойын ғана емес міндетін де өтеу кезеңі басталды деп есептейтін. Әлгіндегі бір балалықтан арыла түскен қалпы да соның әсерінен деп білді.
Қалила телефон соқты, — деген анасы екеуі жиналыс әңгімесін түгесе бере.
Қалила облыс орталығында тұратын Зәуренің дос қызы. Кезінде екеуінің шешелері жұмыстас болған. Содан бері үй іштерімен жақсы араласып тұрады.
Не айтады?
Шешесі алдымен сөзімді қалай қабылдар екенсің дегендей бұған зер сала қарап өтті.
— Айша пенсияға шығыпты. Осында қыдырып келіп қайтқалы отыр екен, — деп бір қойды.
Сөз мақамына қарап, Зәуре шешесінің айтайын деген негізгі сөзі бұл емес екенін біліп отыр. Оның үйіне Қалиланың шешесінің келіп жүргені бір бұл емес. Өздері мұнайшылар қаласына көшіп келгеннен бері де осы үйден талай рет дәм татқан.
— Келсін. Сенің талдарыңның түбін қопсытып, бақшаңа көмектеседі, — деді бұл да жаймен сөздің артын бағып.
Манар енді қызынан ештеңені жасырып қала алмайтынын сезді де, әңгіменің тоқ етеріне көшті.
— Өткенде өзің айтып келетін қызды Қалила да көріпті. Тіпті сенен аумайды дейді...
Шешесі мына соңғы жаңалығын айта бастағаннан аузына апара берген кесесін кілт кідірткен Зәуре, сөз аяқталар аяқталмаста оны лақ еткізіп, үстел үстіне қоя салды да, орнынан ұшып тұрды. Жүгіріп барып телефон құлағына жармасқан. — Алло! Алло! Аға, Сізсіз бе? Орталыққа жүремін деп отыр едіңіз ғой? Мені де ала кетіңізші. Бір жұмыс болып. Жақсы.
Манар алғашында оның ойына не келгенін түсінген жоқ.
— Немене? Жол жүресің бе? — деді сасып.
— Дүкеннен бір заттар қарайын деп едім. Біздің бастық бүгін сол жаққа жүреді екен, соны пайдаланып жетіп қалайын...
Зәуре кеседе қалған шайын асығыс ұрттай салып, түпкі бөлмеге беттеген. Манар қызының сыр шашқысы келмей тұрғанын сезді.
— Ойыңдағыны неге бүгесің?! — Даусы бәсең шыққанымен, салмақты. — Тастап кеткен әкеңнің қыздарына таба болғалы бара жатқан жоқсың ба, әйтеуір, — Ішінде бұғып жатқан өкпе әсерінен аузынан еріксіз шығып кеткен мына сөзді өзі де айтармын-ау деп ойламаса керек. Әлдене іздегендей бүгежектеп кетті. Қызы да үстінен сыпыра берген халатын орта жолда ұстап қалған күйі жалт бұрылды. Шешесінің бұрын өзі аңғармаған дәрменсіз күйін көріп, қайта бұрылып кеткен. Бірақ көңіліне келген сөзді іркіп қала алмайтын әдетімен:
— Тастаса тастаған шығар. Ал кімнің кінәсінен тастағанын мен білмеймін, — деп салды.
Манардың көзінен ыстық жас бұрқ еткен.
— Мүмкін мен кінәлі шығармын. Мүмкін екеумізден де болған шығар. Енді оны дәлелдей алармысың?! Бұл дүниеде жоқ адамды күстаналап мен не дейін?!
Шешесінің көз жасы жанына батқан қыз шыдамады. Тез барып құшақтай алған.
— Кешірші, мама! Кешірші мені! — дей береді қайталап. Әкесінің о дүниелік болып кеткенін осы арада тұңғыш рет естіп тұрса да, мән бергісі келмеді. — Тыңдашы, мен шынымды айтайын, — деген ақыры көңілін аулап.
— Сөйлесіп жүрген бір жігіт бар деп едім ғой, сол туған күніне шақырған. Ал бүгін кетіп қалып, ана ұқсас қыздың жайын білгім келгені де рас. Оның қандай кінәсі бар, мама?! Өзің ойлашы...
— Сені дұрыс түсінсе жақсы ғой. Сағың сынса, қайтесің? — Манар бұл жолы қызына көз жасын көрсетуден именген жоқ. Асығыс киіне бастаған оның жанына келіп еңіреп жылап, бүктетіле отырып қалды...
* * *
Өзге туыстан жұрдай, анасынан да жалғыз Зәуре кішкентайынан-ақ көпшіл еді. Айналасында у-шудың көп болғанын ұнататын. Өзіне ештеңе қалмаса да, қолында барын достарынан аямайтын. Олардың атына кір келтірмеу үшін өлген-тірілгеніне қарамайтын.
...Бірде бұлардың класының оқушыларына далаға әкеліп төгіле салған көмірді отын сақтайтын сарайға тасу тапсырылады. Алтыншы класс оқитын ес біліп қалған балалар жұмысты өздері де бітіреді ғой деп, мұғалімдері кетіп қалса керек. Бақша дақылдарының піскен кезі екен. Бұлар жұмысқа енді кіріскен уақытта балалардың біреуі ауылға қарбыз әкеліп сатқалы жатқанын хабарлайды да, бәрі сол жаққа қарай жосыла жөнеледі. "Мұғалім ұрсады", — деген ескертпеге елеңдегенмен, қарбыздың тіл үйірер тәтті дәміне еліткен олар қолдарын бір сілтейді. Сөзін тыңдата алмаған класком жыларман халге келсе де, тістеніп өз айтқанынан қайтпайды. Екі-үш сағаттан кейін келген мұғалім бет-аузы көмір мен терден айғыз-айғыз болған жалғыз Зәурені көреді...
Жас организмге шамадан тыс салмақ түсіп, бір жеріне зақым келмеді ме деп қорыққан мұғалімі оны әрең қойдырып, анасына алып барады. Мұғалімнен бетер қорыққан анасы дәрігерге жүгіреді. Олардың қорқыныштары да бекер емес еді, содан баланың өне бойы қозғалтпай он күн жатып қалады. Соңынан оның неге өйткенін сұраған анасына: "Көмір тасылып бітсе, кетіп қалғандары үшін балаларға мұғалім ұрыспайтын шығар дедім", — дегені бар.
Қаршадай қызының достары, шынында да, ол кезде бұлардың жалғыздығын білдіртпейтін. Енді оларды қайдан табасың?! Анда-санда біреуі баласын көтеріп, біреуі соңдарынан ертіп, кіріп шықса, соған да мәз. Көбін айында-жылында бір көрсе көреді, көрмесе ол да жоқ.
— Қашан тұрмысқа шығасың? — Манар қызына алғашында имене қоятын бұл сұрағын кейінгі кездері ұрысып та қоюшы еді. Бірақ қызының жүріс-тұрысынан өзгеріс байқалар емес. Тіпті кейде шешесіне:
— Менен құтыла алмай жүрсің бе? Мүмкін мені ұзатып жіберіп, өзіңнің де күйеуге шығатын ойың бар шығар, — деп, өзіне қарсы шабуыл бастайтын. Келе-келе анасының әзіл көтерердей шамасының жоқ екенін көріп, олай сөйлеудің жөн емесін ұқты.
— Шығамын ғой, несіне асығам? — дейді енді, — алды-артыма қарамай біреуге барып алып, сонан соң сен секілденіп, екі жылдан соң бөпемді құшақтап, қайтып келсем, несі абырой...
Қызы осылай дегенде, Манар ернін тістейді. Сонан соң ол күнгі әңгіме де аяқталады. Жасы жиырма бестен асып бара жатқан шағында күйеуге шық деп жік-жапар болады, ол келе-келе бұған да көндіге бастаған қалыпқа көшкен.
Бір күні қызы ойда жоқ түсте жоқ бір әңгіме шығарды.
— Сен қызықсың, мама. Сонша жыл бойы бір маған қарап отыра бергенше, неге біреу тауып алмадың? Егер мен тұрмысқа шығып кетсем, жалғыз қаламын-ау деп қорықпадың ба? Ал менің жайымды ойлаған екенсің, оны неге толық ойламадың?
— Нені ойламаппын? — деді шешесі жұлып алғандай. Тіксініп қалған. Бірақ қызы үндей қоймағаннан кейін тағы да, — сені өсірдім. Ешкімнен кем болған жоқсың. Жоғары білім алдың. Енді тұрмысқа шық деп құдайдың зарын қылып отырмын. Өзіңе лайық адам тапсаң, бір үй болып кетер едің. Мен немере сүйер едім. Жасауыңды да ешкімдікінен кем қылмас едім. Енді не істе дейсің маған?! — Ештеңеге түсіне қоймаған ана жүзінен ашу табы да жылт ете кетті. Зәуре оны тереңге жібергісі келмеді:
— Оның бәрін білемін, — деді байыппен, — тек білмейтінім, менің бір де бір туысым жоқ. Менің ешкімім жоқ. Мен сенен басқа еш жанға еркелей алмаймын. Ешкімнің есігінен рұқсатсыз кіре алмаймын. Бір күні сен де өліп қалсаң, не істеймін?! Мынау дүниеде менің бір де бір жанашырым қалған жоқ деген сөз емес пе бұл?! Бәрін ойлағанда, менің жасауыма дейін ойлағанда, осыны неге ойламадың?! Неге өйттің, маматай?! — Қызы көзінен ыршып кеткен жас моншағын саусағымен іліп тастап, орнынан тұрып кетті. Бұл Манардың өз перзентінің сұрағына тұңғыш рет жауап бере алмай қиналған сәті. Кеудесін удай ашытқан өкініш салмағынан есеңгірегендей күй кешіп, сол күні ұзақ уақытқа өзіне өзі келе алған жоқ.
"Күйеуге неге тимедім екен?! Ең болмаса балалар үйінен де осыған бір серік табылар еді ғой. Өмір бойы соқа басым отырғаннан кімге пайда түсті?! Жалғыз қызға қарап, соның ғана қамы үшін, сол ештеңеден кенде болмасыншы деп жүріп қана қартайғанда бұндай сөзді естимін деп кім ойлапты?!" Енді ойы осылай ойысып, басы қатып жүрген Манарға бір хабар жетті. Зәуресі облыс орталығына барып жүріп, өзінен аумайтын бір қызды көргенін айтып келді. Мүмкін жай ғана ұқсас шығар. Ондайлар аз ба? Адамға адам ұқсай бермей ме? Әйтеуір, бала жоғалтпағаны өзіне аян. Бірақ бұған емес, әкесіне тартқан қызының сол әкеден туған сіңлісі емесін кім біліпті?! Ал олай екені рас болса, туыс іздеп зарығып жүрген қызын онымен неге табыстырмасқа?! Міне, Манарды елең еткізген осы ой еді. Қалиланың телефоннан еш мақсатсыз айтыла салған әңгімесі көкірегінде жүрген осы ойына тағы қозғау салған. Іштей бір тұжырымға келген соң осы жайды қызымен кең отырып сөйлесуге ниет етті. Бірақ бәрі бұлайша аяқ астынан шұғыл бетбұрыс алады деп күтпеген. Сөйтіп Зәуре орталыққа жүріп кетті.
* * *
Бұлар мұнайшылар қаласына алғаш көшіп келген күндердің бірінде әңгімелесіп тұрған үш-төрт құрылысшы әйелдің жанына өте беріп Зәуре өзі туралы олардың: "Смотри, какая приятная казашка?!" дегендерін естіп қалғаны бар. Өзіңнің жұртқа ұнамды көрінетініңді білген қандай жақсы?! Үйге балаша қуанып келіп, естігенін анасына жеткізген. Манар да қызын жаңа көргендей сүйсіне қарап тұрып:
Кішкентай қазағым менің? Сен әкең сияқтысың, — деген-ді.
Облыс орталығының бір шетінен салынып жатқан жаңа үйлердің арасынан өздеріне керектісін іздеп жүріп, Зәуре сол кезді есіне алды. Бұған ұқсас жас қыздың статистика басқармасында істейтін таныс әйелдермен бірге жүргенін көріп, Қалила оның жайын кездейсоқ біліпті. Көрші облыстан өздері жуырда ғана көшіп келген көрінеді. Үйленген ағасы бар екен. Өзі мектепті былтыр бітіріпті. Шешелерімен бірге тұрады дейді. Әкелері қайтыс болыпты. Соңғы дерек мұның түпкі ойын тағы да растай түскендей көрінді.
— Саған қажеттігін білсем, сұрастыра түсер едім. Ал мамаңа саған тіпті ұқсас болған соң айта салғанмын. — Мұнайшылар қаласынан түнделетіп жеткен құрбысына айтқаны осы. — Статистика басқармасында менің бір кластасым істейді. Автобусты бір жерден күтеміз ғой. Жанындағы қызды көріп, қай жақтың баласысың дегенмін. Сөйтіп әңгімелесіп кеттік...
Біраздан соң екеуі Қалиланың өзі айтқан таныс келіншегіне соғып, ұқсас қыздың адресін алған. Міне, олар ақыры бес қабатты ұзын үйдің төртінші кіре берісінің алдына келді. Маңдайшадағы цифрларға қарап, іздеген пәтерлерінің қайда екенін де оңай тауып алған. Бірақ қалай барады? Кімбіз деп барады? Кешеден бері алып ұшқан көңіл енді саябырсып қалғандай. Кешеден бергі батылдық енді біртіндеп кеміріліп бара жатқан сияқты.
Күн — демалыс. Әлі сағат та тоғыз бола қоймапты. Ұйықтап жатулары да мүмкін-ау. Олар осы бір сылтаумен көңілдерін демдеп, есік алдындағы орындыққа жайғасты.
— Менің осылар көшіп келген ауылда тұрғаным рас қой. Сол жерде туыстарым қалған. Әкемнің екінші әйелінен туған сіңлілерім бар дейді. Соларды іздеп жүрмін, — деп Зәуре бір кезде берік тоқтамға келгендей, орнынан бекем көтерілді. "Шыны да сол емес пе? Басқа не деуге болады? Туысым деп мойындамаса, оны көрерміз". Осы оймен Қалила да басын изей қостағанын білдіріп, тұруға ыңғайланды.
Дәл осы кезде кіреберістен бір дабыр естілді. Шамасы біреулер далаға шығып келе жатыр. Екі қыз әлдекімді күтіп отырған рай таныта қайтадан отыра қалысты. Көп ұзамай үш-төрт жасар бала көрінді. Соңындағыларға әлденені былдырлай сөйлеп келеді. Қолында үрілген қолтырауыны бар. Теңізге жиналғандар-ау деп ойлады бұлар. Бала алдарынан жүгіріп өткен. Соңынан әкесі шықты. Бір қолында тамақ салынған болу керек, үлкендеу дорба. Бір қолтығында — жеңіл-желпі төсеніштер, әлдеқандай бір әуенді ысқыра әндетіп, еркін шығып келе жатқан ол есік алдындағы бейтаныс қыздарды көріп, онысын қоя қойды. Бірақ сол жүрісінен танбай, сонадайға барып қалған ұлының соңынан жөнеле берді.
Кіреберістегі шу әлі бітпеген. Тағы біреулердің келе жатқаны білінді. Осы мезет Зәуре құрбысына:
— Қыздың аты кім екен? — деп сыбыр етті.
Қалила иығын қиқаң еткізді. Сәлден соң алдарынан шыға келген таныс бейнені көріп, мұны иығынан қағып қалған. Жаңа ғана өтіп кеткен жігіттің соңынан қарап тұрған Зәуре енді бері қарай жалт бұрылды. Сонадай жерде келе жатқан қыз өзіне көз алмай қарап келе жатыр екен. Жанында, жеңгесі болу керек, жас келіншек бар. Бұларға қарап аяңдай берген қыздан ол тез озып кетті. Ұзап бара жатқан баласы мен күйеуінің соңынан асыққаны көрініп тұр.
— Саламатсыздар ма? — Қыз жүз таныс Қалиланы көріп, сәл жымиып амандасты. Зәуре оның бетінде сирек шашылған болымсыз секпілді бұл жолы анық көрген. Осы сәт оның өз туысы екенін күмәні де қалмады. Әлдене деуге оқталды. Сол мезет едәуір ұзап кеткен жас келіншектің даусы саңқ етті:
— Зәуреш! Зәуреш деймін, жүрсеңші...
Күтпеген жерде өз есімінің аталғаны әсер етті ме, әлде көкірегінен шыққалы тұрған ең қастерлі сөзіне бөгет жасағанға ма, Зәуренің жан-дүниесі аласапыран болып қобалжып кетті.
— Қазір қуып жетемін ғой, жүре бер. — Бұл кішкентай Зәуренің жауабы еді. — Біреуді күтіп отырсыздар ма? — деді ол сонан соң бұларға қарап. Өзін іздеп келіп отыр-ау деген ойы жоқ екені кәміл. Әлдене деуге оқтала берген Қалиланың алдын орап кеткен құрбысы:
— Иә, айналайын. Бір жолдастарды күтіп отыр едік, — деп, жауап беріп үлгірді. Сонан соң сенде біздің жұмысымыз жоқ деген кісіше, — Қалила-ау, біз осы жерде неге отырмыз? Жүр, аялдамадан барып күтейік, — деп, құрбысын жетелей жөнелді. — Сау болыңыз.
Өзіне арналған қоштасу сөзін естісе де, әлденеге алаңдаған қыз сол орнында аз уақыт ойланып тұрып қалды. Сәлден соң ғана ештеңеге түсінбегендей, басын қиқаң еткізіп, туыстарының соңынан жүгіре жөнелді. Ол бұл сәтте енді аз күннен кейін өзі айнымай ұқсаған сонау түсініксіз жанның соңынан мұнайшылар қаласына сапар шегетінін сезген жоқ Өзі бір кезде аңдаусыз жоғалтып алған, тұңғыш перзентінен аумайтын екінші қызына әкесінің соның атын қойғанынан да, екі Зәуреге жайып салатын екі ана жүрегіне терең көмілген талай сырлар жатқанынан да хабарсыз еді. Біз сол жырлардың сыртқа шығуына, туысқан бауырлардың бір-бірімен қалтқысыз табысуына тілектес едік, бірте-бірте солай боларына да көзіміз жеткен. Өйткені жүректер қашан да туыстықтың ыстық құшағына ынтық қалтқысыз махаббатына сусаулы ғой. Туыстық деген оның зәру сусыны емес пе...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі