Әділ сол күні үйге әдеттегісінен ертерек келген. Партия — шаруашылық активінің жиналысы аяқталысымен басқа еш жаққа бұрылған жоқ. Кәсіпорындар жанынан қосалқы шаруашылықтар ұйымдастыруға байланысты сөйлеген сөзінің көпшілікке ұнағанына көңілі толып, соны тезірек келіншегімен бөлісуге де асыққан. Алда-жалда осындай бір көңілі көтерілген кездерде әңгіме бастай қалса, оның: — Е, жарайды, не істесең де өзің біл. Маған әйтеуір осы үйге ай сайын жеткізіп тұратын тиын-тебеніңді азайтпасаң болғаны, — дейтіні де бар. Әдетте ондай сөзге қатты қапаланатын Әділ бүгін де сөйтер деп ойлаған жоқ. Қосалқы шаруашылық дегеннің өзі мұның көкейінде көптен бері жүрген кейбір ойларымен тым ұқсас келгеніне қайран қала сүйінген.
— Осы біздің жеріміз құм. Жеміс өсіру қиын дейміз, бірақ көп күтімсіз-ақ біздің сол құмдақ даламызда өсірілген қауын-қарбыздың тәттілігі тіл үйіреді. Соны неге көптеп екпеске?! Анау Шымкент секілді облыстардағы кейбір конторлардың алды-арты жеміс-жидектен көз тұндырады дейді. Біздің өлкенің өзінде де бақ өсіріп отырғандар аз емес. Сондайларды неге көбейтпеске!? — деп айта жүретін. Әйткенмен соларының бәрі әншейін әңгіме болып қала беретін. Енді сол ойларын партияның өзі мақұлдап, сол жолды нұсқап отыр. Рас, партиялық документте айтылған жайлар оның ойларынан аумақты да көрнекті. Бірақ Әділ өз ниетінің сонымен үндес болғанына қуанған. Сондықтан да болар, актив жиналысындағы оның сөздері де ерекше әсерлі, табиғи шығып еді.
Неге екені белгісіз, үйіне кіре бере-ақ оның ізгі ойлармен лепірген көңілі әлдеқандай бір тосын сезіммен секем алып, бұзылып бара жатты. Әншейінде қаншама шашылып жатса да, көзіне оттай басылып, өз от басының ыстық лебі жанын баурайтын жігіт көңілі дәл қазір бір жайсыз күйді еміс-еміс сезетін секілді. Бірақ неге? Мүмкін дәл есік көзінде линолеум бетін айғыздаған іздер болар? Бұлай дейін десе, кісі келмей жүрген үй емес қой деп және ойлайды. Ауданнан келіп жататындар мұндай суреттің талайын салып кетіп жүрген жоқ. Оған неменеге елегізеді? Үйдің іші ретсіз шашылып, қайтадан ретсіздеу асығыс жинала салған секілді. Әйтеуір, Алтынның күндегі жинасынан өзгеше. Әлде соған қобалжыды ма? Үйіндегі өзгерісті неменеге жорырын білмей сәл тұрды да сағатына қарады. Асхаттың балалар бақшасынан алынатын уақыты болып кетіпті. Айтпақшы, осы уақытқа дейін олар неге әлі жоқ? Алтын баланы алып, дүкенге кетті ме екен? Баласы мен келіншегі келе жатқан жоқ па екен, қарайыншы деген оймен кухня арқылы балконға өткен. Мұндағы көрініс оның көңілін тіптен күптендіре түсті. Картоп пен пияз салынған екі жәшіктің екеуі де төңкеріліп жатыр. Балкондағы столдың астында жинаулы тұрған ескі газет-журналдардың бәрі шашылып қалыпты. Біреулер әлдене іздегенге ұқсайды. Бірақ кім? Іздейтін нелері бар бұл үйде?!
Әділ дереу кері жүгіріп, енді ұйықтайтын бөлмеге кірді. Шифоньерді қарап еді, аузы кілттенбей, жай ғана жабыла салыпты. Ашып қарап, ондағы заттардың да алынып, қайта салынғандығын аңғарды. Жоғары полкада әйелінің алтыннан соғылған әшекей бұйымдары салынған қорап тұратын. Ол орнында екен. Ұры түссе, соны неге алмаған?! Апырау бала қайда? Алтын неге кешікті? Шағын ғана бір мекемеде кассирлік қызмет атқаратын келіншегінің үйге жұмыстан кешігіп келген кезі есінде жоқ. Әсіресе мұның жетпіс шақырым жерде жұмыста емес, қала ішінде жүрген күндерінде мүмкіндігінше үйде болуға тырысатын. Бүгін не болды?
Әділ енді байыз таппай, сыртқа ұмтылған. Сыртқы есіктің тұтқасынан ұстай бергені сол еді, телефон шар ете түсті. Бақшадан екен:
— Асхатикті неге алмай жатырсыздар? — дейді тәрбиеші. Бір сағаттан бері сонымен отырмын. Сіздер келмеді деп өзі жылап қалды.
— Қазір барамын, — деген жалғыз ауыз сөзбен Әділ енді ұлын алып келуге жөнеле берді.
Бұл кезде Алтын есік-терезесі темір тормен мықтап бекітілген кішкентай бөлмеде отырған. Ойсыздау көздерін бір нүктеге қадап ойланғансиды. Бірақ бума-бума көкала қағаздардан басқа ештеңе ойына түсер емес. Күйінген адамның қалпын жасап, жылағысы да келеді, бірақ онысынан да ештеңе шықпады. Ақыры қолын қусырынып, мелшиіп отырды да, өзінің бүгінгі басынан кешкендерін көз алдынан өткізе бастады.
Бәрі де ойда-жоқта басталды. Банкіден біраз ақша алуы керек болатын. Барса, кезек күтіп тұрған адам екеу-ақ екен, Көп күттірген жоқ. Бүгін Әділдің қалада екенін, түскі асқа келіп қалуы мүмкін екенін ойлап тұрып, алдына бума-бума ақшалардың томпылдап түсе бастағанын бір байқады. Сумкасының артын ыңғайлап, санап ала бастаған. Бір кезде өзі алуға тиісті бумасын алып болса да, әлі де томпылдай түсіп жатқан көкала қағаздарға қарап, мелшиді де қалды. Асып кетті ғой деп айтайын десе, әлденеге булығып, даусы шығатын емес. Тіпті көбейіп барады. Мұнда үн жоқ. Бітті-ау! Сумкасына бумаларды асығыс нығыздап салып алып, дегбірі кеткен Алтын сыртқа шығып, бір "Уһ!" деді. "Бір ноль! Бір нольден ғана қателесті!" Әрі қарай ойлауға жүрегі дауаламай, ол жеделдете басып, тура үйіне тартты. Банк қызметкерінің сол бойда-ақ мүлт кеткенін біліп қалып, із кесетінін ол сезген де, ойлаған да жоқ. Тіпті өзінің не істеп, не қойғаны да есінде онша қалмаған секілді. Әйтеуір үйге барып қуыс қуыстың бәрін көкала қағаздармен толтырғаны, ентігіп, енді бола бергенінде есіктің қоңырауының шар ете түскені, сау етіп бірнеше адамның кіріп келгені, милиционердің қызыл ала иықтары ғана есінде. Өзінің екі көзі алақтап, тіл қатуға мұршасы келмей, отыра кеткенін біледі. Бәрі де қас пен көздің арасында ғана болғандай. "Апырау, маған сонша не көрінді?!" деген ой қылаң береді. "Неме жетпей жатыр еді?" Бірақ көңілінің түбінде мызғымайтын бір жалмауыз жатқан секілденеді. "Көлгірсіме!" дейтіндей ол бұған алара қарап. Алтын ернін тістеп, жым болды. Әлдекімнен қорғанғысы келгендей, жары мен баласын алады есіне. Бірақ күйеуінің ызғарлы кейпінен өзге ештеңе елестемейді. "Абыройымды айрандай төктің ғой!" — дейтіндей жарты аралдың маңдайалды мұнайшылардың бірі бұған жиіркене қарап. "Жоқ! Ол енді маған жоқ". Осы бір ғана ой санасын осып түскендей болған.
Алтын тұңғыш рет өзегі өртене ащы жасын төгіп жіберді.
* * *
Әділ оның бар жағдайына көп ұзамай-ақ қанды. Асхат екеуіне есік алдынан жолыққан екі-үш көрші әйелдің бұларға мүсіркей қарап, күбірлесуінен-ақ шошынған ол, жандарына жетіп барып, Алтынды көрмедіңдер ме деп сұраған. Әйелдер, шынында да, шет жағасын білетін болып шықты. Араларында милиционері бар бір адамдардың оны машинаға отырғызып алып кеткенін айтты.
— Өзің білетін шығар деп, үндемей тұр едік. Шүйінші сұрағандай, ыңғайсыз әңгімені қалай айтарсың? — деп күмілжиді. Әділ олардың барлық жағдайды да жақсы біліп тұрғандарын сезді, бірақ одан әрі ештеңе сұраған жоқ. Асхатты көрші пәтерде тұратын көршісіне тапсырды да, өзі дереу милицияға тартқан. Сұрастыра жүріп, бар жағдайға қанды. Бірақ Алтынға жолығуға рұқсатты ертеңіне ғана алған.
— Кешір мені! Кешір! — деп, еңірей берген келіншегінің шашы қобырап, жылағаннан бұзыла түскен түрі Әділдің зығырданын қайнатқандай еді. Ол осы бір сәтке дейін әлденеге үміттеніп, қателескенге сайып тұрған. Есіктің темір торынан қос қолдай ұстап, дәрменсіз еңіреген әйел түрі оның сөзсіз кінәлі екендігін айқын ұқтырған сәтте есеңгіреп бара жатқандай әсерде қалды.
— Не көрінді?! — болды оның алғашқы тіл қатуы.
Жауап берерліктей Алтында хал көрінбеді.
— Есіңде болсын, — деді бір кезде күйеуі, — бұдан былай сенің балаң да, күйеуің де жоқ! Асхатқа сені машина басып, өліп қалды деймін! Мазалаушы болма! — Әрбір сөзін шегелей айтып болып, кілт бұрылып жүріп кетті.
Көктемнің соңғы күндерінің зілсіз салқынына қарап кие салған аппақ жұқа курткасының қиғаш қалталарына салынған қолдары әлденеге тастай түйіліп, қалтасының түбін тесердей кере түсіпті. Ұзын бойы иіліп, сәл еңкіш тартқандай. Оның осы кеткені кеткен екенін енді ғана анық пайымдаған Алтын:
— Әділ! Жаным! — деп, ышқына айқайлап жіберді. Әділ бұрылған жоқ Ол қазір Асхатының алдынан жүгіріп шығатынын, сосын шешесін сұрайтынын ойлап кеткен. Көшеге шыққан соң жаздың келіп қалғанын есіне алды. Асхатына берген уәдесі есіне түсті ойына. "Биыл жазда саған Москва мен Ленинградты көрсетемін. Сен мектепке барғанша машина да сатып аламыз. Сонан соң сол машинамен Қазақстанның барлық көрікті жерлерін аралатамыз. Самарқан мен Ташкентті көрсетеміз," — деуші еді-ау баласына. Енді не істейді? Анасының мынау ісі өмір бойы бетіне шіркеу болатын болды-ау! Оны қазір алдағанмен, кейін бәрібір естімей ме? "Жоқ.. жоқ..ең бастысы, қазір жанын жараламау. Және бес жасар балаға не деп түсіндірерсің?! Мамаң алыста жұмыста деу керек болар", — деп шешті де, біреудің үйінде оның өзін күтіп жаутаңдап отырғаны есіне түсіп, адымдай басты. Оның келешек өмірінің бар жауапкершілігі өзінің мойнында ғана қалғанын ол осы мезет жүрегі ауыра сезінген.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі