Барқыт желең жамылған түн алқаптан қалаға баяу ғана басып еніп келе жатқан еді. Қала оны алтын оттарымен қарсы ала кетті; сол сықылды түнді қарсы ала шыққандай, алқапқа қарай бет қойған екі әйел мен бір ұланның соңынан күні бойғы еңбектен есеңгіреген тіршілік дабыры үлбірей көсіліп жатқан болатын.
Римнің қырық-ұрулы құлдары төсеген ерте замандағы жолдың қарауытқан тақтасын үш жұп аяқ ақырын ғана тырпылдата басып, маужыраған тыныштықта бір әйел дауысы елжірей әрі өтіне естіледі:
— Жұртқа қатал бола көрмегейсің...
— Ондай мінезімнің барын әлде байқап па ең, апа? — дейді ұлан терең ойға шомып.
— Айтысқанда өзің аса қызып кетесің...
— Өз шындығымды қыза сүйемін...
Ұланның сол жағын ала, аяғындағы ағаш шәркейін тасқа тықылдата басып, аумаған соқырша, басын аспанға кегжите көтеріп бір бойжеткен қыз келе жатқан еді; көк аспанда жайнаған кешкі жарық жұлдыздан төменірек көлбеген қызғылт шапаққа, құдды бір тұтанбаған шыраққа ұсап, қос терек сұғына қойған.
— Социалистерді абақтыға жиі қамайды,— деп еді ана күрсініп.
— Қояды әлі! Өйткені одан мән шықпайды ғой... — деді баласы жайбарақат қана жауап қатып.
— Я, әйткенмен, әзірше...
— Жаһанның жас жүрегін жалмайтын ешбір күш жоқ әрі болмақ та емес!
— Мынауың — жырға лайық сөздер екен, балам...
— Бұл жырды миллиондаған дауыс шырқап, оның өзін күллі өмір барған сайын ұйып тыңдап отыр. Есіңе түсірші өзің, сірә бұрын менің немесе Паолоның сөзіне қазіргідей елжіреп әрі сабырмен құлақ қоюшы ма едің?
— Я! Я... әйтсе де, мына ереуіл туған қалаңнан тайдырып та отыр...
— Оның өзі екеуімізге тараңырақ болды, мейлі Паоло-ақ қала берсін. Сөйтсе де, ереуілде біз ұтып шықтық...
— Ұтып шықтыңдар! —деді қыз сыңғырлай үн қатып. — Паоло мен екеуің...
Сөзін аяқтамай қыз сылқ-сылқ күліп жіберіп, содан соң үшеуі бір сәтке үн-түнсіз ғана аяңдай берген еді. Жерден қарауыта көтерілген бір төбемен үстіне хош иісті эвкалипт ағашы қылдырықтай бұтақтарын мүлги жайған әлденедей бір құлаған құрылыстың қалдығы алдарынан жылжып жақындай түсті де, үшеуі қатарласа берген кезде ағаш бұтақтары сәл селт ете қалғандай болды.
— Әне — Паоло! — деді қыз.
Қарауытқан, ұзын бойлы бір адам бейнесі құлаған құрылыстан оқшау шығып, жолды кес-кестеп тұра қалған еді.
— Жүрегіңмен көргеннен саумысың? — деп ұлан күліп жіберді.
Алдан:
— Келе жатырмысың? —деген дауыс жаңғырта шықты.
— Я. Мынау - менің адамдарым. Бұдан әрі ермей-ақ қойыңдар, керегі жоқ. Римге дейін небәрі бес-ақ сағат уақытым қалды, өйткені жолшыбай ойымды шумақтап алу үшін әдейі жаяу жүріп кеттім ғой...
Үшеуі тоқтай қалып еді. Ұзын бойлы адам басынан қалпағын алды да:
— Анаң мен қарындасыңның қамын ойлап қайғырмай-ақ қой. Бәрі де аман болады. — деді дауысы қарлыға тіл қатып.
— Біліп тұрмын. Қош бол, aпa!
Өксіген ана ақырын ғана үһілеп, содан соң үш дүркім сүйіскен дыбыс пен жігерлі бір дауыс саңқ ете түсті:
— Үйге бар да, тырп етпей деміңді ал, осы бір сергелдеңді күндері өзің қатты қайғырып кеттің! Бар, бәрі де аман болады! Паоло да мен сықылды балаң! Кәнеки, қарындасым...
Күллі дыбысты, айнадағыдай, ап-айқын шағылыстырып тұрған түнгі сергек тыныштықта «шөп» еткен сүйіс пен тасқа тиген аяқтың тықылдаған дыбысы тағы да естілді.
Түнерген түнекке шымқанған төрт бейне қомақты бір денеге ұсап шоқтай түйіліп, ұзақ уақыт айырылыса алмай тұрып қалды. Содан соң үн-түнсіз ғана ажырасып, үшеуі қаланың жарқыраған оттарына қарай жайлап қана жылыса жөнелді де, біреуі алға, кешкі шапақ сөніп, көгілдір аспанға жарқыраған қыруар жұлдыз жайнап шыға келген батысқа қарай жедел басып жүріп кетті.
— Қош бол! — деген мұңлы дауыс құлаққа түн ішінде баяу ғана шалынып еді.
— Қош бол! Уайымдама, ұзамай көрісеміз әлі...— деген сергек дауыс оған сонадайдан жауап қатты.
Ағаш шәркейлі қыз аяғын тақ-тұқ басып, қарлыққан дауыс жұбата сөйледі:
— Құрымайды ол, донна Филомена, оған, мадоннаңыздың рақымына иланғандай, илануыңызға болады! Бұл бір ақылды, алғыр жанды жігіт, өзгені жақсы көре де, өзгеге өзі оп-оңай жақсы көріне де біледі... Ал енді, адам баласына деген сүйіспеншілік — жігіттің дүние төбесіне шырқап шығар қанаты ғой...
Қара түнекке қала өзінің жылтылдаған, жұпыны ғана жарығын барған сайын себелей түскен еді; сұңғақ бойлы жігіттің сөзі де ұшқынша жалт-жұлт ете берді.
— Дүниені біріктіретін сөзді жүрегіне түйген адам сөзін бағалай білетін адамды қайдан да болмасын табады!
Қала дуалына жабысып, жапырайған, аласа, аппақ ішімдік хана жұртқа өзінің жарық түсіп аңқиған төрт бұрышты есігімен еліктіре қарап тұрған еді. Оның жанына қойылған кішігірім үш столдың айналасында қарауытқан адам бейнелері дуылдап, гитар ішектері дыңылдап, мандолиннің сым әуені безектей сыңғырап тұрған болатын.
Үшеуі есікпен қатарласа берген кезде, музыка жым болып самбырлаған дауыс саябыр тартты да, бірнеше адам бейнесі орындарынан түрегелді.
— Қайырлы кеш, жолдастар!—деп еді сұңғақ бойлы жігіт.
Сол жерде дуылдаған ондаған дауыс достықпен:
— Қайырлы кеш, Паоло, жолдас! Бізге келдің бе? Бір стақан шарап ішіп жіберемісің? — деп жауап қатты.
— Жоқ... Мың мәртебе рахмет!
— Біздің адамдар сені де шеттерінен қатты жақсы көреді екен...— деді ана күрсініп.
— Біздің адамдар ма, донна Филомена?
— Е, күлмей-ақ қой! Сенімен өз халқына өгей әйел сөйлесіп тұрған жоқ. Сені де, оны да — екеуіңді де жұрттың бәрі жақсы көреді...
Сұңғақ бойлы жігіт қыздың қолтығынан алып:
— Жұрттың бәрі және тағы да бір қыз! Солай емес пе?— деп еді.
— Я! — деді қыз ақырын ғана. — Әрине...
Сол жерде ана:
— Әттең ғана, балалар-ай! Сөздеріңе құлақ қойып, қарасам — иланбасқа тіпті әддім жоқ: я, сендер бізден артық тұратын боласыңдар әлі... — деді ақырын ғана күліп.
Сөйтіп үшеуі қатарласа аяңдап, сілікпесі шыққан киімнің жеңінен аумаған, қып-қылта әрі әптер-тәптер қала көшесіне түсіп көзден ғайып болды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі