Күз еді. Ауылдағы байланыс бөліміне бастық болып екі баласы бар Бағила деген жесір әйел көшіп келді. Талайдан жабық тұрған почта үйінің есігі сол күні кешке дейін айқара ашылып, шамы түн ортасына дейін сөнген жоқ. Газет таратушы, әрі үй сыпырушы болып істейтін Поля апай мен Бағила сол кеште-ақ кішірек-кішірек төрт бөлмені ақтап, жуып, тазартып тастаған еді. Тұрғын үйге арналған екі бөлмесіне жаңа иесі үлкен ақ кереуетін, көтерген кезде ауырсына сықырлайтын столын кіргізіп, басқа да дүниеліктерін жинастырды. Аяққа оралғы болған балаларын шешіндіріп, маңдайларын кезек сүйіп жатқызған соң, Бағила көңілі жай тапқандай, ашаңдау ақ құба жүзі өткір жанған шамның жарығына шомыла тұрып езу тартты.
— Осылайша тұрамыз да,— деді ол Поля апайға қарап. Бұл сөзді қуаныштан ба, болмаса күйініштен айтқаны ма — айыру қиын еді.
Үй ішінің тым жұпынылығына күрсіне көз тастаған Поля апай:
— Әлі түгел көшіп келмеген боларсыздар? — деп сұраған.
— Әрине,— деді оның сөз төркінін өзінше түсінген Бағила, столға ақ дастарқанын жауып жатып,— енді ол жақта сиырымыз қалды, соны жеткізіп алсақ...
Ертеңіне байланыс бөлімі жұмыс істей бастады Әуелде келушілер сирек еді. Бірақ түске жақын бүкіл ауылға почтаның жаңа бастығы туралы: «Шіркін, адамның көріктісі сондай-ақ болар» деген мақтаулы сөз тарады да, көп ұзамай-ақ ауыз бөлмеге төселген ескі алашаға аяқтарын тапырлата сүрткен келіп-кетушілер көбейіп кетті. Бірен-сарандары болмаса, көпшілігі-ақ болымсыз нәрсені сылтау етіп, почта бастығын көруге келгендер еді. Әйелдің ойлы қарайтын ұзын кірпікті үлкен қой көзі, нарттай қызыл ерні, тік ұстайтын әсем мүсіні оларға қатты ұнады.
Ал кешкілікте Бағила байланыс қызметкерлерінің формалы костюмін киіп, екі баласын ертіп, дүкен жаққа қарай жүрген кезде сыртынан талай көздер телміре қарап қалған еді.
***
Колхоз председателі Дауылбай үйінің іргесіне орындық қойғызып дем алып отырған. Әлден кейін әйелі Мағия елеп жатқан ұнын тастай сап, оның жанына кеп тұра қалды. Тұқырған бойда тісін шұқып отырған Дауылбай оған одырая бір қарады, аузы бос болмағандықтан сөйлеген жоқ. Мұндайда күйеуінің өзін жақтырмайтынын біле тұрса да, Мағия кете қоймады. Күмілжіген қалыпта айқаса өскен қасқа тістерін көрсетіп езу тартты. Шырт түкіріп тастаған Дауылбай әйеліне зекіп жібермек болып енді оқталған, кенет көше жаққа көзі түсіп, аңырып қалды. Анадай жерде, председательдің үйінің тұсынан екі баласымен почтаның жаңа бастығы көлденеңдеп өтіп бара жатқан. Дауылбай тісін бір шұқып, бір түкірініп, жанында тұрған әйелін де ұмытты. Сұлу келіншектің әрбір аяқ алысына мөлие қарап, мелшиді де қалды.
— Па, шіркін! — деді әлден соң тамсанып.
Мағия күйеуіне күрсіне қарап тағы біраз үнсіз тұрды да, үйге кіріп кетті.
Осы күннен бастап Дауылбай үйіне қайтса болғаны, дем алу үшін сол орнына орындық қойғызып, тісін шұқып отырып алатын әдет шығарды. Екі көзі почта жақта, сонда кіріп-шыққандарды бақылайды. Бұл қылығы әйелін қатты назаландырды. Күйеуінің қатал әмірі бойынша ешқайда бармайтын, ешкіммен араласпайтын Мағия бар азапты үйде отырып шекті. Бірте-бірте почта бастығына деген күндестік те пайда болды. Дауылбайдың үй іргесінде отырып почта жаққа қадала қарап қалған сәттерінде ол: «Сорлы, түк көрмегендей тесілуін»,— деп күйінетін, бірақ қорыққандықтан тіс жарып ештеңе айта алмады.
Екі-үш күннен кейін Мағия, дәл бір алысқа қонаққа баратын адамдай, бар асыл киімдерін киініп, почтаға кіріп шығуға жиналған. Ондағы ойы почта бастығын жақыннан анықтап көрмек еді.
Дәл үйден шығар алдында айнаға қараймын деп көңілі тағы бұзылды. Өз кескіні өзіне ұнамады. Бет пішіні жиырма жетіге енді ғана жеткен әйелдей емес, әлдеқайда жап-жалпақ кәртең еді. Мезгілінен бұрын түскен көзінің төңірегіндегі, ұртындағы торланған ұсақ әжімдер, өткен жылғы түсіктің ізі боп қалған қарала тоттар да реңін айғыз-айғыз етіп, соншалық сүйкімсіздендіріп тұр. «Әйел бақыты — сұлулық екен ғой»,— деп ойлады Мағия көзі жасқа толып. Сол айна алдында тұрған бойда өзінің осыдан он шақты жыл бұрын қандай болғанын есіне алды...
Мағия қойшының қызы еді. Бала кезінде бесінші класты бітірген соң, әке-шешесі онан ары оқытпай өздерімен бірге малға әкетті. Ескі салтқа берік қарттар жалғыз қызын алақандарында әлпештеп өсірген. Он жетіге шығып, «отау иесі болғанда» сол кездерде әйелі өліп, қыз таңдап жүрген Мағиядан он алты жас үлкен колхоздың зоотехнигі Дауылбайға ұзатты. Ата-ана үкіміне мойынсұнуды өзінің бас тартпас парызы деп білген жас қыз махаббат, сүйіспеншілік дегеннің не екенін білместен-ақ қақсал еркекке әйел болып кете барған. Ұяң мінезді, үлбіреген жас келін әуелгі күндерден бастап-ақ тоң мойын, дойыр күйеуінен қатты жасқанатын. Жас әйелінің әдемі көркін бүкіл елден қызғанатын Дауылбай, Мағияның біреуге қарап сәл күлгенін көрсе ұрып жығушы еді. Сөйтіп қит етсе ұруды әдетке айналдырған ол он шақты жылдың ішінде жас әйелін кекселік қалыпқа жеткізген. Бір таңданарлығы, Мағия күйеуінің көрсеткен жәбір-жапасын еш уақытта жан адамға айтып шағынбайтын. Бар қорлықты үнсіз қабылдап, үнсіз шыдайтын. Осыдан төрт жыл бұрын Дауылбай колхозға председатель боп сайланды. Көңілі өсіп, асып-таси бастады. Енді ол өзінің жас әйелін қомсынып, ауылдағы жас келіншек қыздарға көз тігіп, суыт жүріске ауған. Қара ағаштай қатып, азап пен соққыға шыдап, еті үйренген Мағия бірте-бірте тілі шығып, күйеуінің ізін аңдитын.
Құр далбаса ғой. Мұнан именіп, тартынып жатқан Дауылбай да жоқ. Ішкен күні сілейте ұрып салатын. Бірақ сырт ел үй ішінің бұл жағдайларынан бейхабар болушы еді... «Дүние-ай, бар бақытты, бар қызықты бермесең де, сұлу етіп неге жаратпадың екен» деп күрсінді келіншек. Қайтадан шешініп тастағысы кеп бір тұрды да, ақыры одан келіп-кетер ештеңе жоғын біліп, почтаға қарай жүрді.
Мағия есіктен кіре бергенде-ақ іштегілердің «председательдің әйелі» деген күбірлері анық естіліп, барьер алдында кезекте тұрғандар ығыса бастаған. Бірақ олардың дабырласқанына почта бастығы басын көтере қоймады. Әлдеқандай бланкілерді біркелкі моншақтай әдемі жазуымен асықпай толтырып, екі-үш жерінен тарс-тарс еткізіп мөр басты.
— Кәне, сіздің кезегіңіз бе? — деп ол енді келесі тұрған адамға бұрылған. Мағия өте таяу кеп, оған әбден анықтап қарап алды. Ел мақтаса мақтағандай екен. Жазып отырған сәттегі бүлкілдеген бұғағы, сәл сол жағына бұрған аппақ мойны көзді арбап, еріксіз қаратады.
— Менің шаруам...— деді әлден соң Мағия.
— Иә, айтыңыз,— деп Бағила мұны енді ғана көрді. Қадала қараған сұлу кескіннен Мағияның жүзі шыдамай тайқып кетті де, күрсініп қалғанын өзі де байқамады.
— Газеттерімізді түгел алмаймыз, — деді. Почта бастығы Мағияның фамилиясын, атын сұрап алды да, көрші бөлменің еденін жуып жүрген Поля апайды шақырды.
— Қой, қарағым,— деді қолын алжапқышына сүрте кірген Поля апай тіксініп.— Газеттеріңізді мен күнде өз қолыммен апарып күйеуіңіздің қолына тапсырып жүрмін ғой.
— Қайдам, Дауылбай үйге газет әкелмейді.
— Ондай болса өзіңе-ақ апарып тұрайын. Үй арасы жақын ғой.
Осыны айтты да Поля апай өз жайына кетті. Сізбен жұмысым біткен болар дегендей, почта бастығы Мағияға ілтипатпен тағы бір қарады да, келесі адамға бұрылды.
***
Суыта бастаған күздің бұлтты күндерінің бірінде жирен атқа мінген домалақ шал үлкен ай мүйізді қоңыр сиырды айдап әкелген еді. Бағила да, балалары да алдынан жүгіре шыққан. Сиырдың бас жібін қолға алған сәтте-ақ сылап-сипап қатты қуанысты. Ал Поля апай хаттар мен газеттерді таратып боп қайтып оралғанда, бастығы күлім қағып есік алдында тұр еді.
- Біздің сиырды әкелді, жүріңіз, көресіз бе? – деп қолды-аяққа тұрғызбай, үй артына ерте жөнелді. Қоңыр сиыр пысылдай дем алып, алдына салған аз ғана шөпті отша жалаңдаған ұзын тілімен орай қарпып тұр екен.
- Мұның қандай сиыр екенін сіз білсеңіз, Поля апай, сиыр емес, аққан сүттің бұлағы ғой. Бұзаулауына он күн қалғанша сауылады. Көрерсіз әлі-ақ, - деп Бағила мақтай береді. – Ана жақтағы көршілеріміздің барлығы да: «Шіркін, бір үйдің ырысы ғой»,— десетін. Тіпті маған сат деп қанша жабысты олар. Екі балам бар, неге сатайын.
Поля апай өз бастығының баладай қуанған мінезі мен мақтауына сараң езу тартып, сиырдың желінін ұстап, қылшық жүнін де тартып көрді. Тек бар айтқаны:
— Қыс жақындап қалды ғой, енді бір-екі шана шөп түсіртіп алсаң,— деді.
— Иә, иә,— деп сиырдың қыстық қамы есіне енді ғана түскендей Бағила ойланып қалды.— Бүгін колхоз бастығына барамын...
Қыстың алғашқы күндері жайма-шуақ, адамға да, малға да жайлы еді. Почта үйінің сыртындағы кішірек төбенің қары еріп, қарайып кетті. Өзіне деген қыстық азығының аздығын сезгендей, қоңыр сиыр бір ауық сол төбешіктегі қар суымен жібіген бетеге, жусаннан от қайтарып жүрді.
Ал Бағила мен балалары қоңыр сиырды көздерінен екі елі таса жібермейді. Ешқайда шықпай, жылы үйде терезенің алдында ғана ойнайтын екі баласы кей кездері биылғы бұзаудың кімдікі болатынына таласып қалатын да, анасы езу тартқан қалыпта оларға:
— Екеуіңе де жетеді, мінгесіп жүресіңдер,— деп күлетін.
— Ал менің мінгесіп жүргім келмейді,— дейтін кішкене, тентек ұлы бұлқынып.— Одан да екі бұзау тусын.
Бұл сөзге Бағила бар даусын шығарып мәз болып күлетін. Поля апайды шақырып алып, екеу ара күлісетін.
Январьдың орта шенінде, боранды бір түнде қоңыр сиыр бұзаулады. Бір таңқаларлығы, кіші баласының айтқанындай егіз бұзау туды. Балалары шексіз қуанышты еді. Екеуі екі бұзауды өзара иемдене бөлісіп, ауызғы бөлмеден үйге кірмей қойды.
Бағила қоңыр сиырдың алдына төбеден мол етіп шөп түсіріп алғашқы уызын да сауып алды.
Февраль айының бас кезінде түскен қалың қар кішкене жотаны әбден сірестірген. Қоңыр сиыр тек қолға қарап қалды. Бұл кезде қораның үстіндегі шөп те бітуге таяп қалған еді.
Газет-журналдарды, хаттарды реттеп, жұмысын бір жайлы ғып тастаған Бағила орнына Поля апайды қалдырып, өзі колхоз бастығына барып, тағы бір шана шөп сұрамақ болды.
Дала суық еді. Еңкейген күннің алыстан қиялай түскен сәулесін қызыл әйнектен өткізгендей аяз тұтыпты. Солтүстіктен бет қарыған ызғырық есіп тұр. Бағиланың жүзі суытқан лезде бал-бұл жанып, бұрынғысынан да сұлуланып кетті. Әншейінде аяғына қолпылдап жүретін ауыр пимасы да кішірейіп, шап-шақ боп жеңілейіп кеткен тәрізді. Ен далада ойнақ салған киікше бүкіл денесі еркін қимылдап жұлқына жүріп келеді. Қандай жеңіл бұлтсыз көңіл, қандай рақат суық ауа! «Мейлі, жесір болсам да осындай еркіндігімнің өзі артық қой»,— деп ойлады ол кеңсеге тақағанда.
Кеңседе кісі көп екен. Барлық бригадирлер, ферма бастықтары, активтер тегіс жиналып, бір мәселенің шегіне шыға алмай отыр. Бастықтың бөлмесін темекінің көк түтіні тұмандатып жіберіпті. Бағила кірген бойда есік жақта тұрып қалды. Қабағы түюлі председательдің кілт жадыраңқырап басын изеп амандық білдіргені болмаса, ешкім бұған көңіл аударған жоқ, даулы әңгімелерін жалғастыра берді. Аз тұрғаннан кейін-ақ Бағила әңгіменің мән-жайына толық түсінді. Колхоздың қысқа дайындаған шөбі жетімсіз боп жатыр екен. Енді кейбір алыс участкелерге жол салып, сондағы шөптерді жеткізіп алуды ойластырып отырған кездері көрінеді.
Әрі-бері дудан кейін екіден-үштен, бірінен соң бірі, председательден тапсырмаларын алған жұрт кете бастады.
— Иә, шаруаңызды айтыңыз,— деді бір кезде председатель Бағилаға қарап. «Сұрасам ба, сұрамай-ақ қойсам ба екен» деп екі ойда тұрған Бағила сәл қысылып қалды.
— Мен... мен жайша... Жаңа жылға жазылған газет-журналдарыңызды уақытымен алып тұрасыздар ма? Соны білгелі келіп едім.
— Рақмет, ол жөнінде келгеніңіз дұрыс қой,— деді председатель жауапқа көңілі толмағандай.— Түгел алып тұрамыз. Анау кезде жеңгейіңіз барып айтқаннан бері,— деп Бағиланың соңын ала мегзеп қойды,— газеттерді үйге апарып беретін болды.
Бағила бұрылғанда өзінің арт жағында шырттай киініп алған, плюш пальтолы председательдің әйелін көрді.
— Басқа шаруаңыз жоқ па еді?
— Жо-жоқ,— деді әлі екі ұшты ойда тұрған Бағила. Председатель езу тартқандай болды да, бұрынғыдан да бетер қысылған Бағила шығып кетті. «Түу, ұят болды-ау,— деді сыртқа шыққан соң.— Беті ашылмаған қыздан да әрі болмағым не? Ұят-ай...»
Председательдің әйелі Бағиланы оқты көзімен атып жіберердей қарап, шығарып салған. «Қара зәндеміні,— деді жарылып кетердей боп, «жәйша»,— дейді, жаман қатты жәйша жүрген шығарсың» Күйеуінің жанына барып, сыбырлап қана үйге қашан қайтатынын сұрады.
— И-и, қайтамын ғой,— деді қабағы қайта түйіліп тыржиған Дауылбай жақтырмай.— Адамның есі шығып жүргенде сен де осы...
***
Кешеден бері аш қоңыр сиыр бүгін ертеңгісін мөңіреп, тіпті тұра алмады. Аласұрып қазықты шырқ айналды. Сиырының әрбір меңірегені жанына қатты батқан Бағила жіп алып, председательдің үйіне қарай жүрді. Бұл кезде председательдің үйіне екінші шана шөп түсіріліп жатыр еді. Дауылбай есігінің алдында пальтосын желбегей жамылып жүрген. Төсектен тұрғаны осы еді, беті-қолын да жумаған.
— Көрші, сиырым аш тұр,— деді амандықтан кейін Бағила.
— Е, алыңыз, алыңыз. Көтергеніңізше алыңыз.— Бұл жолы да председатель кеңсесіндегідей қуақылана езу тартты. Онан соң түсіріп жатқан жігітке шанадағы шөпті почтаға апарып түсіруді бұйырды.
Үй шаруасымен кіріп-шығып жүрген Мағия:
— Өзімізге де жетпейді,— деп араласпақ болып еді, Дауылбай оған алара бір қарап, тыйып тастады. Бағила алғысын айтып, шана соңынан кете бергенде:
— Бұл шөп неше күнге жетеді? — деді председатель, өзі мөлшерлеп біле тұрса да, қамқорлық білдірген үнмен.
— Біраз күнге...
Дауылбай басын шайқаған күйде ойланып біраз тұрды.— Сіз былай істеңіз. Мына шөпті өйтіп-бүйтіп он шақты күнге жеткізіңіз. Күндіз сиырыңызды босатып, біздің үйге қарай айдап жіберсеңізші. Мына біздің қораның төңірегіндегі шашылған шөпті онсыз да осы ауылдың бір қора малы торып жүреді. Сіз қайта көрші емессіз бе. Көрші қақысынан құтылу парыз ғой.
Былшықтары жуылмаған көзінде тағы да күлкі ойнады. Соңғы сөздерін әзіл ретінде айтса да, Бағилаға бір ойдың ұшын сездіргендей еді. Председательдің күлкісі де, сөзі де ұнаған жоқ.
Содан екі күн өткен соң, түнде Бағила балаларын жатқызып, өзі кітап оқып отырған, ақырын ғана сыртқы есік қағылды. Бұл елең етіп, шыға қоймады. Есік тағы қағылды.
— Көрші, әй, көрші,— деген председательдің сыбырлы даусы естілді. Қорыққандықтан болу керек, Бағиланың буындары дірілдеп, қозғала алмай қалды. «Қой, ұят болар, бір шаруамен келген шығар» деп те ойлады. Бірақ ұрлана шыққан дауыс ондай ештеңені аңғартпайды. Бағила тырс еткен жоқ. Председатель үйдің екінші жағындағы қалың қарды омбылап терезеге келді. Терезені қақты.
— Көрші, әй көрші, тоңып кеттім,— дейді жалынышты үнмен, Бағиланың қатты-қатты сөздер айтып, айқайлап жібергісі келді де, балаларды шошытармын деп, ұстанып қалды. Тек, тұрып барып шамды сөндіре салуға ғана шамасы келді. Өне бойы бұрынғыдан да қатты дірілдеп кетті. Қорлаған сезім булықтырып барады. Соңғы айларда мүлдем ұмыт бола бастаған, әйел атаулыға қызыққыш, музыкант күйеуі есіне түсті: Аудандағы беті жалтыраған қыз-қырқынның соңына түсіп әуейіленіп жүруші еді. Сонда соның сол қылығына ерік беретін әйелдерді атуға Бағиланың атарға оғы жоқ еді. Күйеуін де, әйелдерді де өлердей жек көретін, жиренетін. Ол әрбір жаңа әнді бір естігеннен-ақ қандай тез, жеңіл үйренсе, Бағиламен де сондай тез, жеңіл айырылысқан... «Дап-дардай адам, мына председательдің мына қылығына не дерсің? Апырмай, еркек атаулының бәрінің білері осы ғана ма екен?»— деді көзі жасқа толып.
***
Күйеуінің ашулы екенін Мағия оның аяғын қатты-қатты қағып, есікті жұлқа ашқанынан білді. Екі көзі от шашып үйге кірген Дауылбай орындыққа сылқ отыра кетті де, ымдап аяғын шешуді бұйырды. Мағия оның үстінің қарын қағып, пимасын шешті. «Құдай-ау, осынша қайда омбылады екен?» деп ойлады. Дауылбай сол томырайған қалпында, ләм деп аузын ашпастан, теріс қарап жатып қалды.
Ертеңіне түсте ол кеңседен өзімен бірге колхоз бухгалтерін ерте келген. Тамақ алдынан тәбет ашу үшін деп, екеуі қырлы стаканды сәл ғана толтырмай арақ ішіп алды. Әр нәрсені әңгіме ете отырып, аздан кейін-ақ екеуінің де жүздері қызара бөртіп, терлей бастады. Осындайда мақтануды жаны сүйетін Дауылбай әйеліне:
— Әй, сен тыңдайтын сөз емес, бара тұр,— деп ақырып қойды да бухгалтерге өзінің жаңа почта бастығымен «жақындығын», түнде сол үйде болғанын айтып, желпініп алды.
Мағия ауыз бөлмеде тұрып-ақ күйеуінің: «Байғұс, есігінің алдына барып жөтелуім мұң екен, аша қойғаны. Ішке өзі кіргізіп алды. Мен де кіргеннен, көп отырар уақытым жоқ деп, бірден...» дегенін есітті. Екеуі де қарқылдап күлісті.
***
Бағила алғашқы бір-екі күнде сиырын жібере қоймаған. Бірақ председатель уәде еткен күнге дейін шөптің жетпейтінін анық сезгеннен кейін, сиырын босатып жіберді. Бұл жайды қоңыр сиыр да жақсы түсінгендей, мол шөпке көз сүзе айналшақтай сабылған өзіндей малдарға қосылып, председательдің үйінің маңайынан шықпайтын болып алды.
Бірде кешкілікте, Бағила сиырын қайыруға барғанда есіктерінің алдында Мағиямен бетпе-бет кездесіп қалған. Ызбарын шашқан зәрлі көзқарастан ыңғайсызданған. Бағила жай амандасып қана өтіп кетпек еді, бірақ Мағия оны еріксіз тоқтатты.
— Мынау қаңғып жүрген сиыр сіздікі ме еді? — деп сұрады председательдің әйелі біле тұрса да қасақана.— Қарасан келгір мал екен. Кешке дейін қуа-қуа ала өкпе болдым.
Қысылған Бағила:
- Осы үйдегі ағай босатып жібер деген соң,— дей берген еді, Мағия оның сөзін бөліп тастады.
- Осы үйдегі ағайың немене,— деді кекесін үнмен екілене сөйлеп, кім көрінгеннің малы үшін шөп түсірте ме. Жеті сайын екі шанадан түсірте беретін председательдің әкесінің шөбі ме екен? Колхоздың шөбі. Онсыз да өсекке шығып жүргенде.
Бағила ләм деп аузын ашпастан, сиырын айдап кете барды. Председательдің әйеліне деген реніші қатты еді. «Кім білсін,— деп ойлады үйіне келген соң,— күйеуіне шөп сұрап қайта-қайта барғыштай бергенімді ол жамандыққа жоритын болар». Осы ой келгенде, Бағила өзін қатты қорланғандай сезінді. Қоңыр сиырды күндіз-түні байлап, тағы да жібермей қойды. Аз ғана шөп аз күнде тағы да бітті. Қыс болса әлі көсіліп жатыр. Бағиланың енді шөп сұрап бірден кеңсеге баруға дәті жетпеді. Ал қоңыр сиырдың тұмсығын соза мөңірегені барған сайын жиілеп, жанына батты. Жан-жақтағы көрші-қолаңдарынан сұрап көрді. Бірақ бұл халмен де екі-үш күннен ары аса алмады. «Осы мен арым таза бола тұра неменеге қысыламын? — деді ол әбден амалы таусылғанда. - Егер председательдің әйелі шынымен жаман ойда болса, анықтап айтуым керек. Ал маған шөп түсіріп беруге колхоз міндетті». Ол осылайша өзіне өзі демеу беріп кеңсеге қарай жүрді.
***
Бағиланың кеңсеге бара жатқанын Мағия есігінің алдында тұрып көрді. «Қайқаңдап жүрісін зәндемінің», деді өртенердей болып. Дереу істеп жүрген шаруасын тастай салып, үстіне пальтосын ілген қалпында, сүріне-қабына үйден бұл да шықты. Дәл осы кезде екі бұзауын ертіп, бас жібін сүйреткен қалпы, есігінің алдына кеп, кесе-көлденең тұра қалған қоңыр сиыр көзіне тікенектей қадалды.
- Ө-өк! О, әдіра қалғырдың малы,— деп бажылдай ұмтылды. Қапелімде қолына босаға жақта тұрған балта ілінген. Сиырға қарай сілтеп қалды. Өткір балта күнге шағылыса жалт етіп барып, жүзі сиырдың бөксесін орып өтті.
Мағия бөгелместен кеңсеге қарай алқына жүгірді. Көзі қанталап, почта бастығын бас салып жұлуға әзір еді.
Кеңсеге кіре бере Бағиланың салмақты, қатаң даусын естіп ол тұрып қалды.
- Қалай десеңіз де, шөп түсіртіп бересіз. Ол сіздің міндетіңіз...
- Япыр-ай көрші-ай, мен не істейін, не істе дейсіз маған? Колхоздың малына да шөп жетпей жатыр. Қинадыңыз-ау мені...- деді лажсызданған Дауылбай. Онан соң алдындағы тық-тық еткен стол сағатына қарап біраз отырды.
— Жақсы, қазір анау біздің қораның төбесіндегі шөптің жартысын сізге түсіртіп беремін.
— Жоқ, о не дегеніңіз,— деді Бағила шошынғандай.
— Не істейін, басқа амалым жоқ.
— Не деген адамсың өзің! — деді осы тұста Мағия есіктен кірген бойда Бағилаға тап бере шаңқылдап.— Саған адамша айтып тұр ғой. Жартысын емес, ал, анау шөптің бәрін!..
— Жә, сен килігетін жұмыс емес,— деп тыржиған Дауылбай оны бөліп тастамақ болған, бірақ Мағия бұрынғыдан да әрі өршелене түсіп:
— Бәрін алсын, бәрін,— деп ызалана жылап жіберді. Дәл осы кезде сырттан шырқырап жылаған баланың даусы естілген. Бағила атып шықты.
— Апа, біздің сиыр өлді... Іші жарылды...— деді өкси жылаған кіші баласы.
Бағила үйіне келгенде қоңыр сиыр есік алдында ішек-қарны сүйретілген күйі ауыр қиналып, ыңыранып жатыр екен. Екі бұзауы енелерінің бұл жатысына түсінбей иіскелеп жүр. Аққан қан қызғаныштың ізіндей председательдің үйінен бері қарай созылыпты.
Февраль, 1958 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі