Өлең, жыр, ақындар

Біржанның балалары — Теміртас пен Қалкен

Көкшенің шығыс жақ етегінде, Бурабай көлінің жағасында, шамасы, 1901-1904 жылдары ағылшынның Боргул деген капиталисі консерв заводын ашып, сол маңның еңбекке жараған адамдары заводтың жұмысын істеді. Біз де көп жыл сол заводта жұмыс істедік. Біржанның баласы Теміртас 1916 жыл осы заводқа жұмысқа түсті. 1918 жылдан бастап осында милиционер болып істеді. Теміртас келісімен елмен танысып, араласып кетті. Жастардың ойын-сауық тойынан қалмайтын, сүйікті адам болып алды.

Теміртас ұзын бойлы, сида, ашық өңді, кең маңдай, қара қасты, қыр қабақты, мойыны ұзын, жарау қара торы жігіт еді. Теміртастың мінезі сыпайы, сөзге шорқақтау, сөйлегенде орысшаны араластырып отырушы еді.

Теміртасты құрметтеп, бір күні біздің үй қонаққа шақырды, ол қасына екі жолдасын ертіп келді, сонда менің әкем Теміртасқа: «Кешегі жақсының баласы екенсің, әкең Біржан әкемізбен дос еді, жыл сайын келіп, өлең айтып, ән салып, думан қылып кетуші еді, мына төр әкең отырған орын, енді сен отырсың. «Атадан ұл туса еді, ата жолын қуса еді» деген сөз бар, атаңа тартып жақсы бол, талабың қайырлы болсын»,— деді. Теміртас бұл жерде салмақты, сыпайы сөйлесіп отырды. Бір кезде: «Салдың баласы қонақ қаде айтсын!»—деген ұсыныс болды. Сол-ақ екен, отырғандар Біржанның әндерін сөз етіп кетті. «Сал әнін төмен бастап, көтеретін жеріне келгенде, әнімен бірге өзі де көтеріліп, дөңгеленіп, өлеңі біткен соң орнына қайта келіп отырушы еді» десті. Даусының күштілігі сонша, терезе әйнегі зіркілдеп, ілулі тұрған поднос, от басындағы құман-легендер бірге күңіреңіп тұрушы еді» дегенді де айтысып жатыр. Біреулер: «Біржанның шырқаған даусы естілгенде, мал сауып отырғандар сауынын қоя қойып, малдарын исіндіріп алушы еді»,— деді. Біржанның «Аққайын,», «Бурылтай», «Көлбай—Жанбай», «Ләйлім шырақ», «Көкей кесті» әндері сөз болып, әңгіменің өзі думанға айналды.

Теміртасқа өлең айттыру деген сөз қайта басталды. Бір кезде, Теміртас қысылып, көптің тілегінен құтыла алмайтын болған соң:

— Менің елеңмен зауқым жоқ еді, алайда, бірдеңе айтайын,— деп, жаңа әнмен жаңаша бірнеше ауыз өлең айтты, оның бұл өлеңі бұрын біз естімеген, оны біз қызығып жазып үйреніп алып, елге таратып та жібердік.

Теміртас бұл қызметінде екі-үш жыл істеп, сонда жүріп, бізге жақын Сатай деген кісінің Күлжәмила деген қызын алып, еліне көшіп кетіп еді. Содан кейін 1924 жылы, қызмет бабымен сол елге барып, жатар үйім Теміртастың үйі болды.

Мен үш жылдай осы елде қызметте тұрып қалдым. Бұл кезде сауатымыз ашылып, сана сезіміміз көтеріле бастаған кез еді, мен Біржанның өмірі, балалары, басқа туыстарымен таныса бастадым...

Теміртас әйелімен 1935-36 жылдары қайтыс болды. Біз Теміртаспен өмірінің ақырғы кезіне дейін дос болып, байланысып жүрдік. Теміртастан үш ұл: Шәріп, Мұхамметқали, Мұхаметжан, бір қыз: Жамал болды. Қазір Мұхамметқали мен Жамал үйлі-баранды болып отыр.

Біржанның сүт кенжесі — Қалкен. Біреулер Біржан өлеңдерінде Қалкенді қоспау себебі не екен деген сұрау қояды. Сол елде Қалкеннің туғанын білетін адамдар былай дейді. Қалкен Біржан барында туып қалды, бірақ Қалкенді Біржанға көрсетпепті, өйткені ол кезде Біржанның сырқатқа ұшыраған шағы екен. Қалкеннің түсін көрген қарттар: «Япырай, салдың аузынан түсіп қалған, маңдайы, ерні, көзі, көз қарасы, нағыз Біржан»,— деп таңырқап отырушы еді.

Қалкен орта бойлы, аш өңді, жұқа ерінді, қара қасты, келте мұрын, қыр қабақты, ақ құба жігіт еді. Қалкенмен замандас болып, кей кезде ойнағанда: «Салдың сүт кенжесі, салдың бар асылы сенде қалған болар, қане өлең айт, ән сал»,— деуші едік. Қалкеннің ойын-сауықпен әуестігі жоқ еді де, ол жағына келгенде, азарда-безер болып қашушы еді. Қалкен отырғанда шынтақтап, бүйірін таянып салдарша отыратын еді. Оның ол отырысына да біз салдың өзі болдың деп қалжыңдайтынбыз.

Қалкен, шамасы, 1896—97 жылдары туған болар деп шамалаймын.

Қалкеннің мінезі өте сыпайы, қырмызы жібектей қырық оралушы еді, Қалкеннің өмірі жетімдік, жоқшылық, жетіспегендікпен өтті. 1923-24 жылдардан бастап ол «Степняк» алтын заводының «Ермовка» деген бөлімінде смотритель болып істеді. Ол кезде өндіріс жағдайы жақсы емес, алтын жуатын жері шаң-тозаң болып, алтын жуған кезде, кислотаның көк жалыны тұман болып тұратын. Басқа уақытта су-дымқыл болып жататын. Сондай жағдайда Қалкен сырқатқа шалдығып қайтыс болды. Одан тұқым қалмады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Айкен

Бұл не тағы осындай өлең бола ма Ешаксыңдар ғой біріңғай

Кристина

Сен озын осындай олен жаз тусындын ба егер тагы ешак деп жазссан жаман болады тусындын ба

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер