Өлең, жыр, ақындар

Қош, махаббат

(Үш актілі, тоғыз оқиғалы, прологы, эпилогы бар драма)

ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:

Б а н у — Пединститут бітірген қыз, кейіннен мұғалім, ана.
Б а ғ д а т — Консерватория бітірген жігіт, композитор.
А й б а р — Университет бітірген, ақын.
А с а н — Мал дәрігерлік институтын бітірген, ветеринар, әке.
А й ш а — Пединститут бітірген қыз, мұғалім, ана.
Ғ а л ы м Ғ а б и т о в и ч — Консерватория профессоры.
С ә л и м а — қалада тұратын жесір әйел.
М і н с і з — Асанның анасы.
Ш ы р ы н — Пединститут бітіретін қыз.
Қ а с ы м — Асанның жерлесі, құрбысы.
Б ү б і ш — Қасымның әйелі.

Хат тасушы, студенттер, оқушылар, қонақтар, комиссия мүшелері.

Пролог

Шымылдық алдында жас ақын — Айбар. Дастан жазып отырған жәйі бар. Қаламын қайып, дастанның алғашқы шумақтарын оқа бастайды.

А й б а р

Ей, күнәден пәк жас жандар,
Қапелімде қателікке баспаңдар!
Қосыларсың қол ұстасып, саспаңдар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар,
Ей, күнәден пәк жас жандар!
Сүйкімдіңе сүйікті бол, сүйісе бер,
Сүйкімдің де дәл өзіңдей сүйсе егер.
Жастық дейтін — ән, салтанат, күй-шебер,
Жаратпайды ол жаман саусақ тисе егер!
Жастық дейтін — ән, лебіз, күй, өмір,
Иә, жастық — махаббатқа ие бұл!
Махаббатта тұрақсыздық — күйе бір,
Махаббатты құрметте, сүйе біл!
Ей, күнәдан пәк жас жандар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар!
Қапелімде қателікке баспаңдар,
Ал көріңдер, ол туралы дастан бар.

Жарық сөнеді. Сахнада алакөлеңке бейуақыт. Жаз. Жұпыны жиһаздалған жас отбасының бөлмесі. Төрде диван, оң жақ бұрышта төсек. Бір бұрышта жазу үстелі, онда кішкентай радиоқобдиша, қоңыраулы сағат, кітаптар. Ортада дөңгелек үстел жасаулы тұр. Бөлмеде Бану, әйелдер босанатын үйден жаңа келген. Үстінде кең халат, жалаңбас нәресте диванда. Бану үстел үстіндегі сағатына бір қарады да, қалың альбомды алып, аңғара бастады. Осы сәтте асүйден алжапқыш шалған Мінсіз сөйлей кіреді.

М і н с і з. Ботам-ау, әлгі Асанжан кешікті ғой. Қонақтарың келер уақыт болмады ма?

Б а н у (альбомнан назарын аудармай). Кісілер сағат тоғызда келеді, қазір сегіз жаңа болды, әже.

М і н с і з. Қайдам, балам... Бәрі де даяр тұр... (Нәрестеге үңіліп) танауыңнан сенің... танауыңнан... (Бануға бұрылады). Балам, мен қазақша бесік тауып қойдым. Өзіміздің бесік балаға әрі жәйлі, әрі бала таза боп өседі...

Б а н у (манағы қалпында). Мейліңіз, әже!

М і н с і з (алақанын Банудың жотасына қайып, альбомға үңіледі). Асанжанның оқып жүргендегі кезі ме? Қандай арық еді өзі... О, сорайған мойныңнан айналайын...

Б а н у (альбомды жабады). Бұл Асан емес, әже... Асан...

М і н с і з (оқыс таңданып). А-а-а! (күрсініп) қайдан білейін, балам... Асанның суретін қарап тұр ма десем... Апырау, кешіккені-ай, ә!.. Қонақ шақырып қойып та соншама жоғалады екен?! (Шығып бара жатып) бәрі де даяр тұр... Қайнай-қайнай сорпа да суалып болды өзі, ой, тоба!..

Шығады.

Б а н у (ауыр күрсініп). Асан емес, әже, Асан емес...

Дабыр естіледі. "Әже, қайшыңның бауы берік, бақытты болсын. Қуаныш құтты болсын!"деген еркек даусы естіледі. Мінсіз де: "Айтсын қарағым, айтсын!" — деп жатыр.

Шала қызу Қасым кіреді.

Қ а с ы м. Тоғыз ұл, тоғыз қыз тапқыр, періштем менің! Төл басыңмен құттықтаймын! Үйірімен үш тоғыз, иә сәт!.. (Банудың қолынан сүйеді). Ал енді әрі қарай ғой, періштем менің! Көзіңді жұма ғой...

Б а н у (әзілдеп). Әй, сасқалақ-ау, тым құрыса бір тал конфетің жоқ әкелген, көзімді ненің ақысына жұм дейсің. Бүбішің қайда? Атың жаңа жетті ме?

Қ а с ы м. Мұнда тұрған саған адам ба, Асан ба?! Бүбішті ит жейді ғой дейсің бе, келер. Жұм деп тұрмын ғой мен саған.

(Теріс қаратып, көзін жұмдырады). Есіңде болсын, періштем, бұйрық берілмей тапжылмайсың!

Қолында оралған заты бар Асан, Мінсіз кіреді. Бәрі де көңілді.

Қ а с ы м (Бануға). Шыдай тұр, періштем, шыда!

Асан әйелдердің әдемі тонын ораудан алады. Қасым қалтасынан бір нәрсе алып, алақанын жұмып, Бануға бұйрық береді.

Қ а с ы м. Бері айлан, періштем. Аша ғой көзіңді. (Бану тонды көреді. Мінсіз кидіреді).

Б а н у. Рахмет! Бұл тым қымбат еді ғой...

Қ а с ы м. Ал енді аузыңды аш, аш аузыңды!

Бану күлген бойы аузын ашқанда, Қасым емізік тістете қояды. Бәрі күліседі. Қонақтар кіреді, арасында Қасымның жұбайы Бүбіш те бар. Сыйлықтар, шашулар, құттықтаулар. Бәрі де үстел басына жайғасады. Ұзақ үнсіздік. Бану асүйге шығып кетеді. Радиодан болар-болмас баяулап естілген әнге жұрт назар аударады. Қасым тұрып, радионы бұрап қояды. Ән бар екпінімен сорғалап барады. Тарелка көтеріп кірген Бану әнді естіп сәл сұлқ тұрады да, қолындағыларын тастап жібереді. Ыдыс қирайды. Жұрт назары Бануда. Ол екі қолымен құлағын басқан қалпында сыртқа жүгіре жөнелді. Жұрт аң-таң. Ашуға булыққан Асан радиоқобдишаны еденге бір ұрып қиратады, ән өшеді.

А с а н (қалтырап булығып). Төзімім таусылды... Шердің де шегі болуы керек қой... Тірідей тозаққа түскенім-ай!.. Қалай төзем... Қашанғы төзем... (ұзақ үнсіздік). Кешіріңдер... Бір бұл. емес... Біздің өмір осылай... Енді еш нәрсенің де сәні бола қоймас... Кешіріңдер... Тараңдар, ағайындар...

Асан мойны салбырап отырып қалады. Жұрт тарасады. Мінсіз әже нәрестені көтеріп, терең ойда тұр. Үстел басында Қасым мен Бүбіш. Қасым Бүбіштің қақпалағанына көнбей, бір стакан шарапты құтыдан құйып алады.

Қ а с ы м (стаканды көтереді). Нәрестенің өмірі үшін, бақыты үшін (қағып салады). Ақыр қираған дүние екен ғой, мә, ендеше!

Қасым стаканды еденге бір қойып, қиратады. Бүбіш екеуі шығады. Жарық сөнеді.

Шымылдық сыртында Айбар. Дастанын оқып отыр.

А й б а p.

Неліктен тұта қалды қабақ қайғы,
Неліктен қуаныштың таңы атпайды!
Суығын-ай мына үйдің, суығын-ай,
Ызғар шашып, ысқырып, қаратпайды.
Ей, Бану, неге сонша егілесің?
Шарқ ұрған шаттығыңнан жерінесің.
Ал сен ше, ей, нәресте жөргектегі,
Ей, өмірдің қонағы, не білесің?
Не боп кетті жан-жағың білемісің?
Екі адамның бір ғана жүрегісің.
Екі адамның бір ғана тілегісің.
Дүниеге келдің сен, білемісің?
Білемісің, не болды ата-анаңа,
Бықсып жанған ол қандай от арада?!
Қуанышың еді ғой, балапаным,
Осылай да қуаныш атала ма?
Не әзәзіл бұл үйде ойнап өтті,
Не күш келіп бұл үйді ойран етті?!
Қуанышқа жиналған қауым қайда,
Қуанышты қонақтар қайда кетті?
Әкең жатыр неліктен төсекте аунап?
Сезім... сезім... Екеуін өш етті-ау, қап!..
Білемісің, өмірдің даңғазасы,
Ауылыңда барады өсек қаулап.
Неге? Неге? Білмейсің... Мен білемін!
Мен айтайын, кезегім келді менің.
Ей, өмірдің даңғаза қуанышы,
Мен айтайын, айтайын, сендіремін!
Қос өмірге меже боп көрінесің,
Сен осы үйге шуақ боп төгілесің!
Аш кезіңді, адамның адал ұлы,
Ей, өмірдің иесі, не білесің?..

Жарық сөнеді

БІРІНШІ АКТ

Бірінші оқиға

Жаз. Алматының тау етегіндегі ескерусіз көшелерінің бірі. Алыста Алатау. Айналасын ағаш көмкерген особняк. Ауласы биік, ағаш дуалмен қоршалған. Бақта алма-өрік гүлдегі бітіп, түйін тастай бастаған. Бақ ішінде екі кісілік орындық. Үйдің кіре берістегі бөлмесінде Айбар мен Бағдат тұрады.

Түпкі бөлмелерінде үй иесі Сәлима.

Айбар мен Бағдаттың бөлмесі. Екі бұрышта екі төсек.

Ортада үстел. Үш-төрт орындық Домбыра. Бағдат төсекте сұлқ жатыр. Айбар дегбірсізденіп ары-бері жүруде. Әлсін-әлі Бағдатқа үңіліп, оның маңдайын, қолын ұстай береді. Сәлима күйініп отыр.

С ә л и м а. Бишара баланы құдай қорлаған екен ғой... Бәсе, бәсе, жиын-той, сауық-сайраннан неге аулақтай береді десем... Бәсе, бәсе... Өзінің жүріс-тұрысы да біртүрлі көңілсіз, босаң. Жасқаншақтап, қауіптеніп-ақ жүргені бишара бала!

(Үнсіздік. Айбар Бағдаттың өңіне үңіле береді).

А й б а р. Соншама жыл бірге тұрып, мұндай сырқатының барын сезген емеспін. Қандай сұмдық еді...

С ә л и м а (үрейлене). Бұл аса қиын науқас, шырақ.. Мен мұндай сырқаты бар адамды кездестіргем... Қиын, шырақ қиын.

А й б a р (дегбірсізденіп). Апыр-ай, өзі ұзақ жатты ғой... Жедел жәрдем шақыртсам ба екен... (ары-бері жүреді). Осыдан екі жыл бұрын, түнге қарай, үсті-басы шаң-шаң маңдайын жер сүріп, қалжырап келгені есімде. Сұрап едім, айтпады. Ішті ме екен деп ойладым да қойдым.

С ә л и м а. Жо-жоқ шырақ! Бағдат арақ емес, басқаны да татпайды. (Үнсіздік). Ұйықтап тұрсын, доктор шақыртпай-ақ қой. Мен шәй демдейін, тұрса шөлдейді ғой.

Сәлима шығады. Ыңыранып, бір аунап, Бағдат сандырақтап, басын көтереді.

Б а ғ д а т. Аһ!.. Айбар... (орнынан ұмтылады).

А й б а р (Бағдаттың басын сүйеп). Жатшы... Жата тұршы біраз... Дем алшы!

Б а ғ д а т. Айбар... мен... басым... басым ауырады... (Жатады).

А й б а р. Қазір, Бағдат, қазір тәуір болады.

Б а ғ д а т (есін жияды). Қайсы күн бүгін, Айбар?

А й б а p. Сенбі.

Б а ғ д а т. Қайсы ай?

А й б а р. Июль.

Б а ғ д а т. Нешесі?

А й б а р. Оны, оныншы июль.

Б а ғ д а т. Тұрайыншы... (Айбар сүйеп кеудесін көтереді). Жығылып қалдым ба?.. (Терезені ашып, сыртқа ұзақ қарайды). Мүлде басқа... Бұрын көрмеген өзге дүние... Басқа бір планетадан келгендеймін. Бәрі бөтен, бәрі жат... (үнсіздік) жығылып қалдым ба, Айбар. (Айбар басын изейді). Сенен бөлек біреу бар ма еді? (Айбар басын шайқайды). Апай, Сәлима апай да жоқ па еді?

А й б а р. Жоқ сені жатқызғаннан кейін шақырып келдім.

Б а ғ д а т. Айттың ба? Білді ме? (Айбар басын изейді). Бекер-ақ айтқансың!.. Енді бүкіл қалаға таралды десеңші... (Отырады).

С ә л и м а. Басыңды көтерген екенсің ғой, шырақ. Мұңайма. Әр адамның басында бір қайғы бар. Жассың ғой, жүре келе айығасың (үнсіздік). Бұрыннан ауыратын ба ең, әлде?..

А й б а р. Апай, шайыңыз даяр ма?

С ә л и м а. Даяр, даяр тұр, шырақ. Әкелейін.

Абыр-сабыр шығады.

Б а ғ д а т (жалынышпен). Айбар, бақытты болғыр, әзірше Сәлима апайдан құтқаршы мені. Басым меңіп барады... Әрнені сұрап мазалап жүрер, шайды өзің-ақ әкелші. (Айбар шығып, шай алып кіреді де, екі ыдысқа құйып, іше бастайды. Бағдат мұңайып). Оныншы класты бітірерде тап болдым бұған... Қаланың профессор психиатрларының бәріне де қаралдым, нәтиже жоқ "Ашуланба, өзіңді өзің ұстай біл. Жүре — келе сақаясыңнан" бөлек көмектері болмады... (үнсіздік).

А й б а р. Бану біле ме? (Бағдат басын изейді).

Б а ғ д а т. Адам баласына айтпауға анттасып ек. (Үнсіздік). Қандай алданыш (жасып, орнынан тұрып, терезеге теріс қарай кетеді).

Осыдан екі жыл бұрын маңдайымды жарақаттап келгенім есінде ме? Соның ертесінде профессор мені сабақтан соң шақырып алып: "Байқа, Бағдат! Музыка тек арың мен жаның емес, барлық жүйеңнің тұнықтығын керек етеді. Ол қыздан да қызғаншақ. Mac болыпсың ғой, маңдайыңды жарақаттап алыпсың", — дегенде, кірерге жер тесік болмады.

А й б а р. Ішкен деп ойлаған ғой?

Б а ғ д а т (қинала). Енді мынаған не дерін құдай өзі білсін (бетін, жарақатын сипайды). Галстугің дұрыс байланбаса да ескерту жасайды, сондай қырағы адам (үнсіздік). Ректорат диплом қорғауға рұқсат етіп еді... Екі-үш күн қалды... Мына таңбамен қалай барам?! Профессор тағы да күдіктенеді-ау...

Оқыс Бану кіреді.

Б а н у (қуанышты). Мәссаған! Мына өтірікшілердің отырысын қарай гөр. Уәделерің қайда? Гүлдерің қайда? Проективная геометрия "бес" (бес саусағын көрсетеді).

А й б а р. Бағдат. Құттықтаймын, құттықтаймын...

Екеуі де ұмтылады. Айбар Бағдатты қайта отырғызады.

А й б а p. Барлық ережесімен, Бағдат, сен соңынан құттықтарсың, алдымен маған кезек бер. (Бануға бұрылады). Ал, Бану, қуанышыңа ортақпын, әкел алақаныңды (Бану қолын ұсынады). Енді маңдайыңды (маңдайынан сүйеді). Ал енді ащы қайталаймыз, есіңде ме?

Б а н у (аңырып). Ащы несі? Алжастың ба, Айбар!

Ай б а p. Жо-жоқ! Есінде ме? (салмақпен). "Құстай ғайып жоғалсам, не етер едің?".

Сәл үнсіздік

Б а н у. Иә, иә, есімде (жайдары). "Сені іздеумен мәңгілік өтер едім".

А й б а р. "Отқа жанып, өртенсем, не етер едің?".

Б а н у. "Күл боп бірге соңыңнан кетер едім".

А й б а p. "Бұлдырасам сағымдай, не етер едің?".

Б а н у. "Жел боп қуып, ақыры жетер едім".

А й б а р (байыппен, анықтап, талғап). "Қайғы әкелсем басыңа, не етер едің?".

Б а н у. "Бәрін, Бағдат, бәрін де көтеремін!!!".

А й б а р. Ұмытпапсың ғой?

Б а н у. Ұмытпаймын!

А й б а р. Ұмытпайсың ғой?

Б а н у. Ұмытпаймын! Ризасың ба енді?

А й б а р. Ризамын! Ал енді Бағдатыңа бара ғой, мен кеттім.

Шығады.

Б а н у (үрейлі). Не болған саған? (Ұзақ үнсіздік). Бағдат... жығылып қалдың ба? Бағдат... Бағдат... Бағдат!!! (Аймалайды).

Жарық сөнеді.

Екінші оқиға

Сол көше. Сол аула. Түскі мезгіл. Сәлима, қалында тырма, алжапқыш шалған, огородта күйбеңдеп жүр. Асан мен Айша кіреді. Айшаның қолында сөмке.

А с а н. Сәлематсыз, апай?

А й ш а. Есенсіз бе?

С ә л и м а. Денсаулығың сақ па, Асанжан?

Сәлемдеседі, Айшаны қас қаққанша бастан аяқ бір шолып өтеді.

А с а н. Бұл кісі — менің нағашы апайым, Айша.

(Сәлимаға). Бұл — Айша, апай, екі-үш күнде пединститутты бітіреді.

С ә л и м а. Үйге кіріңдер. Үйге жүр, Асанжан. (Айшаға). Жүр, шырақ үйге кір.

Баршамызға таныс жесір әйелдің жиһазды үйі. Терезе ашық тұр. Терезеге тұтылған перде самалмен толқып тұр. Үшеуі отырысады.

С ә л и м а. Мамаңнан хабар алып тұрасың ба, Асанжан? Аман cay ма екен?

А с а н. Есен-сау, апай. Кеше ғана хат алдым.

С ә л и м а (Айшаға). Шырақ сен де бітіреді екенсің ғой. Жақсы, жақсы... Мұғалімсің бе? (Айшаны тағы да шолып өтеді). Жақсы, шырақ жақсы... Ac әзірлейін, шәй қояйын.

Сәлима тұрады. Оған қоса Айша да ұшып тұрады.

А й ш а. Апай, сіз әуре болмаңыз. Не істеу керегін айтыңыз? Біз-ақ жайғастырайық.

С ә л и м а. Қартайып тұрғаным жоқ қой, мен өзім-ақ шырақ.

А й ш а (ырыққа көнбей). Жо-жо, апай, екеуміз бірдей отырып, сізді әурелегеніміз ұят болар, рұқсат етіңіз (Сәлиманың алжапқышын шешіп, өзі шалып алады). Асанчик, вставай! Ал, апай, не істеу керек, айта беріңіз? Не әзірлейін?

С ә л и м а (сәл кідіріп). Кухняда ет, тағы... аздаған картоп болуы керек... Картобы құрғыр базарда соншама қымбат...

А й ш а (лыпыл қағып). Жақсы, апай, жақсы... Біз қазір... Асанчик, пошли, ты мне поможешь.

Екеуі ас үйге кетеді.

С ә л и м а (ұнатпай). Ишь, какая! Әлекедей жаланып, майлы ішекше айналдыруын. Берместі тартып алатын мынасы бір желаяқ қой...

Тұрып, ас үйге бармақ боп, қайта отырады.

Ех, Асан, Асан! Құдай-ау, төрт жыл оқып әлі бір өзгеріс жоқ. Қашан көрсең, байластырған тумақтай бір шүйкебаспен бірге көресің. Тым құрыса оларының дені дұрыс болса екен, ылғи бір ұшып-қонған қызыл-жасыл көбелектер. (Үнсіздік). Ал мына бір қаратұяқты қайдан тапқан, әкем-ау!.. (Үнсіздік: Кекете). "Асанчик, пошли, ты мне поможешь"... Ишь, какая! (терезеге барып, сыртқа қарайды). Өртеп барады... Осындай да ыстық болады екен (ұзақ үнсіздік). ...Жездем марқұмға аумай тартар ма. Байғұс әпкем тұмсығынан жетелеп жүріп адам етіп еді (үнсіздік). Мынандай қақатұяқ келінге кез болсаң, "жұлдызың жанар", бишара әпке... (күрсініп). Оһ! Бұ дүние не боп барады өзі!..

Айша келді.

А й ш а. Бәрі де даяр, апай.

С ә л и м а. Қазір, айнам, қазір.

Сәлима буфетке қарай жүреді. Айша оның жолын кес-кестей береді.

А й ш а. Абыржымаңыз, апай, абыржымаңыз. Бәрі осында ғой (буфетті ашады). О-о-о!, Қандай ғажап сервиздер!

С ә л и м а (ұнатпай). Анау, астында болуы керек, шырақ байқағайсың...

Айша лыпың қағып столды даярлайды. Бәрі отырысады.

А й ш а. Асанчик, менің сумочкамды әперіп жіберші!

(Асан сөмкесін әпереді, Айша ақша алып, Асанға ұсынады).

Асанчик, будь добрым, пожалуйста, апай шаршады ғой, шарап алып келе қайшы. Дүкен жақын ба еді, апай?

С ә л и м а. Жақын... Шырақ-ау, мұның қалай?.. Мен... ішпеуші едім...

А й ш а. Сбегай, Асанчик. Сбегай.

Асан кетеді.

С ә л и м а (көңілді). Ах! Осында конфет болуы керек.

(Тұрып, буфеттен конфет, әртүрлі шоколадтар әкеледі). Сен отыра тұр, шырақ мен огородтан шаңбыр, пияз әкелейін.

А й ш а (ұшып тұрып). Мен... апай... қазір, бір минут... (жүгіре жөнеледі).

С ә л и м а (дауыстап). Шырақ анау қазылған жағынан алғайсың!

С ә л и м а: "Ескекті берші маған,

Мен есейін, сен еспе",

— деп ыңырси әндетіп, буфеттен құтылар алып жүр. Қолында шөлмегі Асан, артынан пияз, редиска алып Айша кіреді. (Үнсіздік. Шарап құйылады).

А й ш а. Мен соғыстырайын, бірақ ішпеймін, оны Асанчик біледі. Сіздің денсаулығыңыз үшін, апай.

(Рюмка соғыстырады, ішеді. Айша рюмканы ішпей қояды)

С ә л и м а. ...Ал өзі сондай жақсы бала, ну енді!.. (Асан, Айша аңырып, біріне бірі қарайды). Мына үйде тұратын квартирантымды айтам... Бағдатты... (үнсіздік).

А й ш а. Әлгі консерватория бітіретін жігіт пе, апай?

С ә л и м а. Иә, иә. Біледі екенсің ғой?

А й ш а. Білемін, апай, білемін. Бану кеп тұра ма?

С ә л и м а. Келеді бишара қыз, кеп тұрады...

А й ш а. Бану бақытты, апай. Екеуі бірін бірі сүйеді. Араларында нағыз махаббат бар.

С ә л и м а. Әй, шырақ-ай! Махаббат өз алдына, өмір өз алдына. Бақытсыз махаббат баянды болмайды. (Үнсіздік). Бишара баланың жаман науқасы бар екен (Асан, Айша үрейленіп қалады). Осы кеше ғана жығылып, бетін жарақаттап алды (үнсіздік). Страшно! Жас адамның басына бермесін. Өзі ашылып әңгімелеспейді де, сабағына барып кеп, сарылып отырғаны-ақ. Құйрығы кебежедей қу домбырасын алып, күңіренеді де отырады (үнсіздік). Ал әлгі сорлы қыз жынды көбелектей шыр айналып шықпайды. Несінің барын (үнсіздік). Неужели екеуі үйленеді, түсінбеймін (үнсіздік). Ал енді өзі сондай жақсы бала...

А й ш а (ойланып). Ым-м... Солай деңіз!.. Соңғы уақытта Бану сұмдық өзгеріп кетті. Ата-анасын айтып, жылай береді. Сірә, толғанады-ау... Қайғырып жүр екен ғой...

С ә л и м а. Банумен бірге оқисың ба? (Айша басын изейді). Айнам-ау, неге айтпайсыңдар, сырлассыңдар ғой? Қорғасаңдаршы қауіптен бишара қызды (ұзақ үнсіздік). Бәрін бүлдіріп, екеуін бір-біріне теліп жүрген — мына Айбар дейтін зұлым бала, менің білісімше... Ойпырмай, жаста жас көріп жүріп, мұндай от ауыз, орақ тілді жасты көрген емен! Өртеніп тұр әншейін (үнсіздік). Осы өзі ертерек жоғалса болар еді. Шелек дей ме, кенек дей ме, бір ауданға жолдама берді деп келіп еді, не тындырып жүргенін, әлі осы қаладан айналсоқтап шыға алмай жүр...

А й ш а. Шелек болса, менің аулыма барады екен ғой ақын жігіт...

С ә л и м а (таңырқап). Оны да білесің бе, шырақ?

А й ш а (мысқылмен). Ғашықтардың арасында жүрген жырау сол екен ғой...

С ә л и м а. Ғашық-машық, махаббат деген не ол? Махаббат жоғалғаны қашан... Оның тек қауызы ғана қалған. Адам бұл заманда әуелі адам сияқты өмір сүргені жөн. Ғашық махаббат... Ол не өзі?

А с а н (Айшаға ұрлана қарап). Махаббат деген, апай, мен үшін, ең бірінші — диплом, жайлы жұмыс, одан соң семья, жақсы хозяйка, әрине, бала... Өмірде будан артық махаббатты қаламаймын...

С ә л и м а (мәз-мейрам). Тентегім менің... Аумаған жездем марқұм... Алсайшы, Асанжан, ас ал.

А й ш а (Асанға тік қарап). Ал мен, Асан, махаббат дегеннің не екенін білмеймін. Әлі көргенім де, кездестіргенім де жоқ Алайда оның бар екеніне шүбәланбаймын (үнсіздік). Ой, извини, Асанчик, менің уақытым бітіп қалыпты. Апай, айып ете көрмеңіз! Бізде бір жиын бар еді (жинала бастайды).

С ә л и м а. Бара ғой, шырақ бара ғой... Айтса да, қалқам, әке-шешең бар ма? Қайда істейді?

А й ш а (жайдары). Бар, апай, бар. Папам Шелекте райисполком председатель, мамам врач.

С ә л и м а. О-о-о! Жақсы, шырақ жақсы... (Айша қоштасып, шығады). Подумаешь, Чиликский райисполком!.. (Асанға). Мына көбелегіңді көзіме екінші рет көрсетпе, Асанжан! Мұның бір туалетінің өзі бір айлық зарплатаңды жояды (кекетіп, даусын жуандата) подумаешь, Чиликский райисполком!..

А с а н. Сізге бұл қыз да жақпады, апай...

С ә л и м а (қатуланып). Ой, қызыңмен қырылып қал! Қыз, қыз... Саған қыз емес, майлық сулығыңа бірдей, бес аспап қатын керек, қатын, түсінесің бе? (үнсіздік). Сорлы әпкем жаңағыдай көбелегіңді күте ме, сені күте ме? (үнсіздік). Апыр-ау, Асанжан-ай, ақылың кіретін уақыт болды ғой, көзіңе неге қарамайсың?

А с а н (қасақана сыр түйіп). Айшаға үйленсем бе деген ойым бар...

С ә л и м а (екіленіп). Үйлене ғой, қарсылығым жоқ үйлене ғой. Оһ, тәңірім-ай! (үнсіздік). Ақылың қайда Асанжан? Жүнін жұлған тауықтай бірдемеңді тырбитып ауылға апарғаныңда, жұрт көйлегін түріп күлмей ме? (Үнсіздік). Басыңа бір қиыншылық түссінші, жаңағы пәлең сенен жалаңаяқтап қашпаса, мұрнымды кесіп берейін. (Ұзақ үнсіздік). Көкетайым Асанжан-ау, қыз біткенді мұрын орамалыңдай ауыстырғандағы айдыныңның осы Бануға келгенде нағып мысы құрып қалады?! Қандай биязы, қандай жұмсақ сүйкімді қыз! Тәрбиеңнен айналайын-ай, ала жіпті аттамайды-ау, аттамайды! (Ұзақ үнсіздік).

А с а н (қиналып). Сіз не білесіз, апай!.. Бануға сөз айту маған соншама оңай емес. Бірге өстік, бірге оқыдық, бір ауылданбыз. Әкесі де, шешесі де мені жақсы көреді... Бануды сүйетінім анық апай. Бірақ білмеймін... алдына барсам болды, ананы-мынаны айтып, ойымнан адастырады да қояды. Тіпті, қосылу тұрсын, махаббат туралы әңгіме қозғаудың өзі де қылмыс сияқты боп тұрады. (Ұзақ үнсіздік). Көңіл аударып, көз салар ма екен деген оймен, курстас құрбыларымен де қатынас жасап бақтым... Қайрылмайды. Ол үшін мен мүлде нөл сияқтымын... Айша ұнайды... Үйленем Айшаға...

С ә л и м а. Үйленем, үйленем... Үйлену қашпайды. Сен Бануға шындап кіріспей жүрсің (үнсіздік). Айнам-ау, ашып неге айтпайсың? Баласы түседі ғой дейсің бе? Міне, оқуларың да аяқталды, енді кешіксең, сен одан мәңгілік айырыласың!

А с а н. Бағдат ше? Бағдатты қайда қоясыз?! Ол Бағдатты жанындай сүйеді.

С ә л и м а. Сүйеді атекесінің сақалын... Айнам-ау, түсінсеңші?! Бану тым нәзік жанды бұйығы қыз! Онда Бағдатқа деген аяныш қана бар, аяныш! Банудың оған деген, немене еді әлгі... (кекетіп) махаббатты теректің басындағы сауысқан сияқты "По!" — деп шошытса, қазір ұшып кетеді.

А с а н. Әй, қайдам...

С ә л и м а (келек етіп). Әй, қайдам! Әйел жүрегін әйелден артық ешкім білмейді, есінде болсын! Біз осал жандармыз, жарқыным...

А с а н. Сонымен, не істе дейсіз?

С ә л и м а (бұйыра). Не істе дейін. Әлгі көбелегіңнен құтыл! Ұста, жармас Банудың етегінен деймін! Банудың мұнда қалмасына басымды бәске тігейін! Оңаша, ауылға барғанда да батылың бармай ма?!

А с а н. Көне қояр ма екен?!

С ә л и м а (мейірленіп). Асанжан-ау, еркектің құрығынан құтылған қашаған әйелді әлі көрген емен (үнсіздік). Басы айналған сорлы қыз тек осында қалып қоймасын де онан да... Айбардан қорқам... Айбар зұлым бала...

(Асан шыға береді. Сәлима дауыстап).

Ойлан, Асанжан! Әлгі көбелегіңнен құтыл! (Даусын жуандатып). Подумаешь, Чиликский райисполком!..

Шымылдық

EKIHШI АКТ

Үшінші оқиға

Жаз. Консерватория айналасындағы саялы бақ.

Әртүрлі музыкалық аспаптардың үні әртүрлі естіледі. Аракідік репетиция жасаған әншінің даусы шығады. Түс мезгілі. Бақ арасындағы орындықта профессор Ғалым Ғабитов және Айбар.

П р о ф е с с о р. Қане, қане. Оқи бер... Поэзиядан менің де ептеген хабарым бар. Оқи бер, оқы!

А й б а р (блокнотынан оқи бастайды).

Көзінің де, көңлінің де нұрын алған талайдың,
Таңмен бірге тамашалап, Алатауға қараймын,
Уа, ассалаумағалейкөм, әппақ басты арайлым!
Шаруа Ата секілденіп, өміріңді сарып қып,
Үлкен үйдің ошағындай дүниені қарық қып,
Аман-есен жатырмысың, айналайын жарықтық?!
Жат осылай тапжылмастан, осыныңды қош алам,
Бауырында бауыр-құрбы, аға-жеңге, дос аман.
Жат осылай тапжылмастан, уа, тәкаппар босағам!

Ұзақ үнсіздік.

П р о ф е с с о р (ойланып). "Жат осылай тапжылмастан, уа, тәкаппар босағам!" (Сәл үнсіздік). Несі бар... Жақсы... Жастардың творчествосымен танысып отырғанда, көз алдыма ат бәйгесі елестейді. (Жылы сезіммен). Бәйге... Оллаһи, бәйге... Ал мәреге кім бұрын келеді, белгісіз әлі... Тамаша... Өте тамаша!..

А й б а р (биязы). Әсіресе жас ақындарды айтсаңызшы. Әр жетіде бір ақын дүниеге кеп жатыр...

П р о ф е с с о р. Ол жақсы, інішек, ол өте жақсы! (Сәл ойланып). Сен оның себебін білесің бе? (Айбар елеңдеп қалады). Былай (теректі нұсқап) мына тұрған терек бұтақтанып, жайқалта жапырақ шашу үшін де құнарлы топырақ қолайлы атмосфера керек. Искусство да сондай! Ғасырлар бойы қауызына сыймай, қамалып келген қазақ искусствосының ақтарылар шегі жетті! (Үнсіздік). Құнары мол, қасиетті почвада, қолайлы атмосферада өмір сүріп отырмыз. (Айбардың жотасынан қағып). Көбейсін, інішек, ақындар көбейсін. Сен оған уайымдама. Жүйрік көп болса, бәйге қызықты өтеді. Көбі мақұл. Жақсы жалғыз жасамайды, інішек. Бір уыс тастан бір түйір алмас алуға болмайды ғой, көбейсін ақындар. Қауым өзінің қалаулы жүйрігін таниды.

А й б а p. Меніңше, ағай, (сәл кідіріп) меніңше, қазіргі шығып жүрген жастар шетінен жүйрік сияқты. Тіпті, мынау бірінші, мынау екінші деуге де болмайтындай... Шетінен суырылып тұрғандай...

П р о ф е с с о р. Егер айтқанындай болса, тіптен тамаша! (Байыппен). Жастық дегеннің өзі поэзия, інішек. Жас кезімде мен де онымен айналысқам (алақанын жайып) амал не, менен ақын шықпады (үнсіздік). Мен де жүйрікпін ғой дейтін ем (Айбар күледі). Сондықтан ба, жастар поэзиясына құмар-ақпын, оқи жүрем. Жастардың бәрі жүйрік дедің-ау, жо-жоқ бұл тұрғыда сенімен дауластығым бар (үнсіздік). Кәдімгі инкубатордың балапанындай бір-біріңе тым ұқсассыңдар, інішек. Мойында, ұқсассыңдар! Әлгі бәріңнің "жүйріктігің'' де содан... Ақылды болғыларың, философиялық ой айтқыларың келеді... Дұрыс талпыныс... Философия, інішек, қарапайым да терең, түсінікті болса — философия. Философия айтам деп, өлеңмен жаңылтпаш айтуға болмайды ғой! (Ұзақ үнсіздік). Қалай еді? Ә, былай бір жас ақынның:

"Жыршымын, күйшімін,
Тезірек соқ, жүрек; күлші, күн.
Бүгінге айналсын,
Ертең мен бүрсігүн".

деген өлеңін оқыдым. Ал осыны түсіндіріп берші?

А й б а р (абыржып). Несі түсініксіз, ағасы-оу?! (сеніммен). Ақын өмірге құмартады, ертеңгісін бүгін көргісі келеді, болашаққа асығады.

П р о ф е с с о р. Бәлі, болашаққа осылай да құмарта ма екен? Есінде болсын, інішек, ақын алдымен бүгіндікі. Бүгіннің кереметтерін болашаққа айтуы керек те: "Армысыңдар, бейтаныс жас ұрпақтар!" деп немесе "Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!" деп қасқая қарап тұруы керек қой (ұзақ үнсіздік). Түсінбеймін... Бүгін бауырын жаза алмаған жүйріктің ертең мен бүрсігүні бәйгеден келуі неғайбыл...

(Профессор сағатына қарайды. Екеуі тұрады).

Ұмтылыңдар, жастар, ұмтылыңдар! Кезек сендердікі... Інішек, менің уақытым таяпты (үнсіздік). Ескерткеніңе көп-көп рахмет. Бағдаттан жаман жолға түспесін деп күдіктеніп, о бір жылы ескерту жасағаным есімде... Қайдан білейін... Кешірім ет, інішек (үнсіздік).

"О, я хочу безумно жить!
Все сущее — увекочевить,
Безличное — вочеловечить.
Несбывшееся — воплотить!" —
Білесің бе, мұны айтқан кім?

А й б а р (жайдары). Блок. Александр Блок!

П р о ф е с с о р. Таптың. Таныдың... Қане, көріскенше! (Қол алысады).

А й б а р. Сізге ескерткенімді Бағдатқа айта көрмеңіз, ағай, өтінем! Ренжіп жүрер...

П р о ф е с с о р. Келістік!

Жарық сөнеді.

Консерваторияның кең залы. Төрде пианино. Бұрышта жасыл сукно жабылған үлкен үстел үстіндегі құмырада гүл. Бес-алты болашақ композиторлар, консерватория бітіруші жастар. Зор денелі студент шұқшия нотаға қарап, алаңсыз отыр. Бағдат терезе алдында. Көңілсіздеу. Айналасында абыр-күбір, күлкі, әзіл...

Б і р і н ш і с т у д е н т (дауыстап). Бағдат, қалай өзі, былай (жүрегін көрсетіп) жүрегің Шопеннің этюдтерін ойнап тұрған жоқ па? (Бағдаттың жақындап). Білегіңді әкелші, қан айналымың қалпында ма екен? (Бағдаттың білегін басып): Жо-жо-о-о-қ бірқалыпта екен, жарайсың!..

Е к і н ш і с т у д е н т. Елден бұрын диплом қорғауға асыққаны өзіне сенгендіктен ғой.

Ү ш і н ш і с т у д е н т. Болсаңдар Бағдаттай бол, жігіттер. Үш қоянды бір таяқпен жығындырайын деп тұр!

Т ө р т і н ш і с т у д е н т (үшінші студентке). Қазақтың мақалын да ұмытыпсың ғой, екі қоянды бір таяқпен демейтін бе еді қазақ!..

Ү ш і н ш і с т у д е н т (төртіншіге). Иә, екі қоянды. Ал Бағдат үш қоянды бір таяқпен... Санай бер. Консерватория бітіреді — бір ме? Диплом қорғайды — екі ме? Үйленеді — үш пе? Түсіндің бе? Өзі — Шостакович, өзі — Клинберн, әрине, үш қоянды бір таяқпен соғады.

З о р с т у д е н т (отырған қалпында, нотадан көз алмай). Шедевр! (Үнсіздік).

Б е с і н ш і с т у д е н т (Бағдаттың бетіне үңіліп). Әттегене, Шостакович, жақсы ниетің күні бетіңді жарақаттап алғаның жараспай-ақ тұр (бәрі қарасады). Мойында! Для храбрости, бөскесің ғой ептеп...

Б а ғ д а т (ыңғайсызданып). Әлгі... сексеуілі құрғырды жарам деп...

Б е с і н ш і с т у д е н т (күле сөйлеп, бар даусымен). Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Алдаркөсе операсынан попурри. Орындайтын Аже — Ван Клинберн — Бағдат Мамыров! (Күлкі).

З о р с т у д е н т (әлі сол отырған қалпында зор дауыспен). Ше-де-вір!

Б і р і н ш і с т у д е н т. Ей, гүрілдемей айтсаңшы. Не? Кім шедевр?

(Зор студент жұртқа қарамай, ортаңғы саусағымен Бағдатты нұсқайды. Профессор бастатқан топ кіріп, ұзын стол төңірегіне орналасады).

П р о ф е с с о р. Ректораттың ұйғарымы бойынша Мамыров Бағдатқа диплом қорғауға рұқсат етілген. Қазір сонымен танысасыздар. Өзі орындайды, кел, Мамыров.

Бағдат пианиноға жайғасады. Тыныштық.

Б а ғ д а т (баяу үнмен). Соната... (Ойнайды).

Жұрт назары музыкада. Көңілге мұң салатын музыка сазы Бағдаттың бар арыз, арманын айтып тұрғандай. Отырғандар терең ойда. Баяу басталған соната баяулап барып тынады. Ұзақ үнсіздік. Жұрт назары профессорда.

П р о ф е с с о р (сәл жөтеліп). Бағдат, баршамыз да сені бұрыннан білеміз. Сенің талантыңа сүйсінеміз. (Отырғандарға). Меніңше, бұл сонатада ыңғайсыз бір сәттегі көңіл күйі ғана бар. Сондықтан музыкалық шығарма ретінде қабылдауға болады ғой деймін (комиссия мүшелері қозғалып қалады).

З о р с т у д е н т (реплика ретінде). Шедевр!

П р о ф е с с о р (oқыc бұрылып). Ахметов, не шедевр?

З о р с т у д е н т (орынан тұра, сасқалақтап). Мен... Ғалым Ғабитович... Мына... Бетховенді айтам... (Қолындағы нотаны көрсетеді, күлкі).

П р о ф е с с о р. А-а-а! Бетховен бе?! Ол.. әрине... Отыра ғой. (Бағдаттың). Иә, тек бір сәті түскен жағдайда, музыкалық шығарма ретінде қабылдануы мүмкін. Ал сенің қабілетің мен талантыңмен өлшегенде, сонатаң диплом жұмысы деуге татымайды! (Үнсіздік. Отырғандар күбірлесіп, қозғалып қалады). Сен өмірді жаңа бастағалы отырсың. Сен мені түсінер деп ойлаймын... "Әр жүректің түбінде ақауы бары" рас... Бірақ жастыққа тән — ізгі арман мақсат ұмытылмауы керек! Уайым деген — у. Ол өзіңді де, өзгені де улатуы мүмкін! Сонатаң тула бойы тұнып тұрған сарыуайым екен, бұл болмайды! Қара басқа қайғы қандай жау болса, пессимизм искусствоға сондай жау. Онымен уланған таланттың болашағы екіталай...

К о м и с с и я м ү ш е с і (Бағдатқа, мысқылмен). Музыканттың халық арасына бетінің дағымен шығуы да біздің этикамызбен сыйыспайды.

П р о ф е с с о р (комиссия мүшесіне, ызғармен). Ғафу етіңіз, мұныңыз мүлде орынсыз ескерту! Мамыровтың тәрбиелі студент екені баршаңызға мәлім... Мало что ли, что случиться (үнсіздік). Солай, Бағдат, диплом қорғауға әлі асықпа! Шаттыққа, шабытқа толы қуанышты шығарма әкел! Біз сенеміз саған!..

Бәрі шығады. Гүл алып күтіп тұрған Бану көңілсіз Бағдатты көріп, тұрып қалады. Екеуі де үнсіз. Профессор жандарынан өте беріп, бұрылып, бір нәрсе айтпақ болады да, Крита жүріп кетеді.

Шымылдық

Төртінші оқиға

Студенттер жатақханасы. Әлдеқайдан музыка естіледі. Қыздар бөлмесі. Төрт бұрышта төрт төсек. Ортада үстел. Шырын мен Зағыштың ең соңғы емтиханға даярланып отырған жәйі бар. Күн бесінге таяу. Кеудесінде әдемі кофта, бұтында шалбар Айша төсекте кітап оқып жатыр. Терезе аштық.

А й ш а (кітапты терезеге лақтырып тастап). Ой, жазғыштарым-ай! Жазасыңдар-ау, апыр-ау, осы жазушы деген жұрт қайдағыны қайдан ойлап табады? Біресе қыз сүйеді, жігіт сүймейді, біресе жігіт қой бағып, екеуі де Еңбек Ері болады да, ауыршаруашылық көрмесінде табысады. Сонда қалай? Жігіт қыз емес, жүгеріні, қыз жігіт емес, қойды сүйгені ме?! Солай ғой, Зағыш?

Шырын, Зағыш ұнатпайды

3 а ғ ы ш (кейістікпен). Бақытты болғыр Айша, маза берші біраз. Ертең емтихан ғой?

Ш ы р ы н. Көкем-ау, саған бүгін бір нәрсе көрінген бе? Мазаламашы енді? Ішің пысса, кетсейші көшеге. (Екеуі кітапқа қайта үңіледі).

А й ш а. Фундамент, друзья, фундамент! Әу бастан осылай даярлану керек еді. Бір күннің ішінде бір кітапты бәрібір жаттап алмайсыңдар. Жыл бойы жігіттермен қыдырғанша, фундаменті мықтай беру керек еді...

3 а ғ ы ш. Көкек... көкек! (Кітабын сарт жауып). Сен бүгін жынданған боларсың! (Терезе алдына тұрып кетеді).

А й ш а (жайдары күліп). Ең бір кереметі, қыздар, қазан-ошағын билеп кеткенге жарылып өле жаздап отырған апайым үш сом суырып, Асанчикті шарапқа жібергендегі көңілденгенін көрсең... (Күледі). Ой, енді өлдім-ау! (Күледі). Сондай да адамдар болады екен-ау... Ал енді үйі бар ғой, қыздар, үй емес, универмаг. Әй өзі, дәу де болса, саудагер. Саудагер, нағыз саудагер базардың игісі аңқып тұр (үнсіздік). Әй, айтса да, махаббат туралы пікір алыстық Сонда Асанчик не деді дейсіндер ғой! Ол былай деді: (кекете). "Махаббат деген, мен үшін, ең бірінші — диплом, жайлы жұмыс, одан соң семья, жақсы хозяйка, әрине, бала. Өмірде будан артық махаббатты қаламаймын", — деді.

Ш ы р ы н. Несі бар?! Дұрыс айтқан (үнсіздік). Әуелі адамша өмір сүру керек. Махаббат жол-жөнекей бола жатар...

А й ш а (аңырып). Жол-жөнекей?!

Ш ы р ы н. Иә, иә! Ең бірінші, табар табысы татымды, балаларыма қайырымды әке керек. Мен үшін махаббат — сол!

Айша тұрып қалады. Үнсіздік.

3 а ғ ы ш. Солай-солай, Қалқажан... Әуелі өмір, тұрмыс, романтика потом. (Айша ауыр ойда). Неге үндемейсің? Махаббат — сенің Асанчигің!

(Зағыш, Шырын күледі)

А й ш а (байыппен). Ал мен үшін, қыздар, байлық та, бақыт та әуелі махаббаттан басталатын сияқты. Сол махаббат бір жерде жасырынып жүргендей, ал мен таба алмай жүргендеймін...

Ш ы р ы н (қағыта). Сенің, Айша, махаббат іздеуіңе болады... Себебі... себебі сенде...

А й ш а. Иә, иә, себебі?

3 а ғ ы ш (ызғармен). Себебі романтика іздейтін материальный базаң мықты. Махаббаттан басқасының бәрі бір басыңа жетерлік! Сенің өмірің — люкс!

А й ш а (кейістікпен). Жүректерің не деген жүдеу еді, қыздар! Айта алмай жүргендерің осы екен ғой... Маған деген кектеріңді білем... Қапаланбаңдар, қоштасқанша есеп айырысармыз (ұзақ үнсіздік). Ех, билік қолымда болса, мен сеңдейлер үшін "Адалдық пен адамгершілік" институтын ашып, қайтадан төрт жыл оқытар едім.

3 а ғ ы ш. Алдынғы партаға өзім отырар едім десейші! (Шырын күледі).

Ш ы р ы н (терезеге үңіліп). Махаббатың кеп тұр, Айша, Асанчигің (терезені нұсқайды).

А й ш а. Рас па? Қайсы? (Терезеге үңіледі). Өте дұрыс болған. Тұра тұрсын. Естерінде болсын, ол менің махаббатым емес, көлеңкем. Мен қайда болсам, ол — сонда... (Айша чемоданын ақтарып үстел үстіне бір нәрселерді қайып жатыр. Екі қыз қарап тұр). Сағат... Алқа... алтын сақина... Боже мой! Қандай жомарттық! (қыздарға бұрылып). Көріп тұрсыңдар ма, қыздар, біздің Асанчик қандай жомарт! Танысқанымызға үш ай болған жоқ көріп тұрсыңдар ма, қаншама сыйлықпен көміп тастаған. Какая щедрая душа! (Өтірік мәз боп, күле жүріп, заттарды газетке орап, терезеге барып, дауыстайды). Асанчик. Асанчик! Біздің бөлмеге кел. Кел, қорқпа, тістемейміз... Иә, иә, оң жақта, отыз екінші. Кел, Асанчик! Кел! (Қыздарға бұрылып). Ну, друзья, готовтесь к бою!

Ш ы р ы н (ыңғайсызданып). Айша, сені жын соқты ма?!

3 а ғ ы ш. Ұят емес пе, Айша?! Аты-жөні жоқ. Ұят емес пе?!

А й ш а. Уақасы жоқ достар, біз оған қонағасы бермеппіз ғой. Қысылмаңдар, келеді, кетеді. Онда тұрған не бар? (Шырын, Зағыш үрейлі, біріне бірі қарайды. Асан келеді. Шырын мен Зағышты көріп, кідіріп қалады).

А й ш а (Асанға қарсы жүреді). Кел, кел, Асанчик! Неге сәлемдеспейсің? Сендер бір-бірлеріңді білесіңдер ғой (қыздарға) Зағыш, Шырын, неге үрейлендіңдер? Неге үндемейсіңдер? (үнсіздік) Асанчик, неге үндемейсің? (Асан төмен қарайды, ұзақ үнсіздік. Айшащ туланып). Зағыш! Екінші курста, үшінші этаж, жетпіс екінші комнатада тұрғанында, жүрдің ғой Асанмен? Жүрдің! Шырын! Былтыр, үшінші курста, екінші этаж, елу екінші комнатада тұрғанында, жүрдің ғой Асанмен? Жүрдің! Бұл сырды бір-біріңнен жасырдыңдар ғой? Жасырдыңдар! Асанчик! Сен мұны мойындайсың ғой? Мойындайсың, әрине! (Ұзақ үнсіздік). Ал енді маған не демексіңдер, (әзілмен) "жақсы хозяйкалар мен балалардың табысы мол әкесі?!" (Ұзақ үнсіздік). Қандай масқара! Қандай опасыздық! (Қыздарға): Намыссыздар!!! (Ұзақ үнсіздік). Ақымақты тапқан екенсің, Асанчик! Cay бол, дипломыңды алып, (кекете) "жақсы хозяйка" ізде! (Үстелдегі ораулы заттарды Асанның қалтасына салып береді). Бақытты болғыр, бір ауыз сөз айта көрме. Естірте көрме үніңді!.. Естігім жоқ!.. Сау бол!

Асан бір нәрсе айтпақ болады, бірақ Айша қолынан ұстап есіктен шығара береді.

А с а н (кекетіп). Подумаешь Чиликский райисполком!..

А й ш а (қыздарға). Ал маған, достар, жазығым болса, жанымды шығарып соғып, қайыра кеп қанымды шығарып сүйетін адал жанды қазақтың нағыз азаматы керек! Мен үшін махаббат — сол! Мен оны табамын!!!

Шымылдық

Бесінші оқиға

Студенттер жатақханасының сырт көрінісі.

Түн. Қараңғылау бұрышта Асан тұр, әлсін-әлі сағатына қарай береді. Асан жедел басып келе жатқан Банудың алдын орағытады.

Б а н у. Асан!.. Неғып тұрсың мұнда?!

А с а н. Неге шошыдың, Бану? Сәлемат па?

Б а н у. Сәлемет пе?.. Мені күтіп тұрсың ба?!

А с а н. Иә, сені. Несіне таңырқадың, Бану? (Үнсіздік). Он жыл бірге оқып, бірге өсіп, бірер сағат әңгімелесуге қақым бар ғой деп ойлаймын... Бітіруіңмен құттықтап келдім. Баянды болсын! Бақытты бол!

Б а н у. Рахмет, Асан, рахмет! Өзіңді де құттықтаймын. (Қол алысады). Қайда жіберді? Қашан қайтасың елге?

А с а н. Ауылға папаңның қарауына... ветеринар... екі-үш күнде қайтам.

Б а н у (шаттана). Рас па? Тамаша! Ох, енді папам сені ұстайды! (Үнсіздік). Есінде ме, жетінші ме, сегізінші ме класта жүргенінде, темекі тартқаныңды көріп қойып, папам сені үйге ертіп кеп екі сағат қызартқаны? Соншама қатал менің папам. Ox, енді қолына түстің, Асан!

А с а н. Есімде (үнсіздік). Әйтсе де, папаң дәл сен айтқандай қатал емес (үнсіздік). Сенің де есінде болар, папаң мені жақсы көретін. Әлі де солай... Каникулға барған сайып мен сәлемдесіп үлгірмей-ақ біздікіне өзі келеді де, жай-жапсарды қоймай сұрап, тексеріп, құлды Тарас Бульбадай бас-аяғыма тегіс қарайды (күліседі). Екінші курсты бітіріп барғанымда бір қызық болған. Алдына тұрғызып қойсын да, ал кеп аяқ-басыма қорасын. Әлгі бір борбайыма жабысқан шалбармен тұрармын ба? "Отыр! Тұр! Отыр! Тұр!" деп команданы берсін (күліседі). Бағынбасқа болмады, жаттығу үстінде шалбары құрғырдың інісі дар етіп, сөгілсін де кетсін (күледі). "Мына сұрыңмен сендей вегеринарды мал маңына да жолатпай үркіп кетеді. Бар маймылға ұқсамай, адам қалпына орал!" — деп айдап шықсын. (Күліседі, үнсіздік). Өзіңді қайда жіберді?

Б а н у (сәл ойланып). Мені ме? Мені де ауылыңа деп отыр. Бірақ.. бірақ ойланам әлі...

А с а н (таңырқап). Ойланам?! Өз аулыңнан өзің аулақтағың келе ме?! Қызық екен... Еліме жіберіңіздер деп, бітірушілер есіктен есік қоймай шырылдап жүргенде, сенікі қызық екен, Бану...

Б а н у. Туған жерден, туысы жақын әке-шешеден артық ешкім жоқ Асан, бірақ..

А с а н. Иә, бірақ?..

Б а н у. Бірақ біздің тағдыр, қыздың тағдыры қиын ғой, Асан... Қарап тұрсаң, төрт амалды қарапайым арифметика, ал шешу қиын-ақ.. (Ұзақ үнсіздік). Айналайын ата-ана-ай, өздері үшін емес, өзге үшін өсіреді екен ғой біздерді (ұзақ үнсіздік).

А с а н (аянышпен). Бану... Мен... түсінем сені... өзімді түсінбеймін, сені түсінем... Кетейікші ауылға! Сенің... Сенің жағдайыңды түсінем, бірақ та кетейікші ауылға! Папаң соншама қуанады... Ұмытшы бәрін де... Бану, кетейікші ауылға!

Б а н у. Нені, Асан, кімді ұмытам?

А с а н. Бәрін де... Ұмыт Бағдатты!

Б а н у (үреймен). Бағдатты?! Қалай, қайтіп ұмытам?! Не айтып тұрсың? Асан?

А с а н. Мен бәрін де білдім, Бану, (жалбарына) ақылыңа салсаңшы, Бану! Бұл жағдайыңды естісе, ата-анаң өледі ғой. Өздері үшін емес, сен үшін, сенің болашағың үшін өледі ғой (ұзақ үнсіздік). Сенің бақытты болуың керек қой, өмірді жаңа бастадың ғой... Өмірмен ойнауға болмайды ғой, алданба, Бану! Аяймын сені. Қимаймын сені (ұзақ үнсіздік). Бұл күнге дейін өзімді өзім алдап... Папаңның жүрегінің түбінде не жатқанын ұққанмын... Өкінем... Сенші маған, сенші, Бану! Кетейікші ауылға... Біз бақытты боламыз!..

Б а н у (іш жиып). Біз?! Кім ол біз дегенің? Не деп тұрсың, Асан? (Ұзақ үнсіздік).

А с а н. Сүйем... сені... Бану...

Б а н у (таңырқап) Сүйем?! (ызалы күлкімен). Сен кімді сүймедің, Асан?! Менің көргенім — үшеу, қалғанын өзің айтшы.

А с а н. Менің сүйетінім сен ғана. Айыбым — айтпағаным. Әкемдей көретін әкеңнің мейірімінен аттағым келмеп еді (үнсіздік). Білгеніңнің, көргеніңнің бәрі жалған. Жастығым жазығым болар, құрбыларыңның арасында арым таза менің. Соның бәрі де саған жол іздеу еді, таба алмадым... Таптырмадың сен... Назар да аудармадың... (Үнсіздік). Рас, Айшаға деген адал ниетім де болды... Айша түсінбеді мені, жазықсыз масқаралады. Қайырылмайтын жолға кетті...

Б а н у. Айтқаныңның бәріне сенейін-ақ. Бірақ кешіктің... тым кешіктің... Енді екеуіміздің жолымыз бөлек. Адаспа, адастырма, адаспайық!.. Хош! Бақытты бол!.. (Қолын ұсынады, Асан алмайды).

А с а н. Қоштаспаймын, Бану. Сенің жолың бақытқа бастайтын жол емес, ойлан! Ойлан. Өмірмен ойнауға болмайды! (Бану кетеді, Асан өзімен өзі). Ех! Асан! Асан! Ақымақ! (үнсіздік). Жоқ, Бану! Мен сенен қара үзіп қалмаймын! Ерте ме, кеш пе, табам сені! Аулымның атынан, Анамның атынан, екеуміз ұшқан ұямның атынан ант етем! (Ұзақ үнсіздік). Тоқта... тоқта... (басын ұстап ойланып). Оқуға аттанарда Анасы: "Асанжан, азаматсың ғой сен. Бану аманат! Қанша дегенмен қыз бала ғой, байқай жүргейсің, сақ болғайсың!" — деп еді. Биылғы каникулда әкесі мамама: "Біз жеті атамыздан бері қарай басқа кедей адамдармыз. Мінсіз, жалғыз Бануды жанымыздан шығарып, көзімізден таса еткіміз келмейді", — дегенін де естіп едім (үнсіздік). Қандай ақымақпын! Қандай ақымақпын!

Шымылдық

Алтыншы оқиға

Алматының саялы бақтарының бір бұрышы. Бейуақ. Ұзын орындықта Бағдат пен Бану. Жарық жаңа жағылған. Алыстағы Алатаудың бір шетінен айдың жартысы көрініп келеді.

Б a ғ д а т (көңілсіз). Сезімге ешқандай да шекара қоюға болмайды, Бану. Шаттанғың-ақ, шарықтағың-ақ келеді, шабытты бір нәрсе істегің келеді, бірақ не шара, сезімі құрғыр өзінің дегеніне көндіреді (үнсіздік). Музыка деген сиқыр да сол сезімнің шекарасынан өтe алмайды. Алғашында сезінген бір мелодиядан қалай қашсаң да ауытқи алмайсың. Ол қуаныш па, қайғы ма, онымен санаспайды. Миыңа орнығып алады да, ызындайды да тұрады (үнсіздік). Қара басымда жоқ қуанышты профессор қайдан тап дейді маған?! Көңілімнің күйі қалай бастады, мен солай жаздым ғой (Ұзақ үнсіздік). Адам өмірінде әке мен шешенің алатын орны бөлек қой (қынжыла мырс етіп). Ал профессор менен қуанышқа, шаттыққа толы музыка күтеді...

Б а н у (жалбарына). Қамықпашы, Бағдат! Жалынамын, жабықпашы! Сенің жабыққаныңды көрсем, үміт, тілегімнің бәрі де үзіліп кететіндей. Қамықпашы. (Қатуланып). Несі бар, қабілетің жетеді ғой, қайта жаз десе, қайтадан-ақ жаз. Қуанышты, екеуміздің қуанышымызды жазшы, Бағдат...

Б а ғ д а т. Өмірімдегі жалғыз қуаныш сен, Бану! Басқа қуанышты білмеймін. Басқа қандай қуаныш бар?

Б а н у. Қызықсың, Бағдат... Мектеп бітірдің, қалаған оқуыңа түстің. Оны да бітірдің? Бұл қуаныш емес пе? Талантың бар, композитор боласың, халық таниды, құрметтейді, бұл қуаныш ше? (Қиялдап). Тыныштық... Бейбітшілік... Тамаша!.. Айналаның бәрі қуаныш, Бағдат. Мына кеш те, мына гүл де, мына терек те — бәрі де тек қуаныш үшін жаралған. Өмір... Бізге берілген өмірдің өзі қандай қуаныш! Тыныштық... Бейбітшілік... Бақытты болғым келеді, Бағдат...

Б а ғ д а т (сәл күрсініп). Түсінем, Бану. Өмірге артар өкпем жоқ менің (үнсіздік). Балалық шағым бақытты еді... Мектеп бітіргенше ата-анам бар ма, жоқ па ойыма кіріп те шыққан емес еді. Ал есейген сайын, білмеймін... Не сол кездерде ақымақ болғам да... Не қазір ақымақпын (ұзақ үнсіздік). Қуанышыңа ортақтасар да адам керек қой (үнсіздік). Міне, сен өмірге жолдама алдың. Ауыл, ауылдағы ата-анаң қандай қуанышта десеңші. Ал маған ше? Кімге қуанам? (Үнсіздік). Сағындым, Бану, әке мен ананың құшағын, мейірімін сағындым (ұзақ үнсіздік).

Б а н у (жайдары ескерте). Бағдат! "Уайым... түбі... тұңғиық түсесің де, ке-те-сің! "Бақыт, қуаныш деген әке-шешемен ғана шектелмесе керек! Қуанышты болсаң, қуанышыңа ортақ үшінші, сонан соң төртінші, бесінші... Бағдат, неге үндемейсің? Қаласаң, алтыншы адам да табылады..."

Б а ғ д а т (алақанымен Банудың иегін көтеріп). Қалай? Қалай? Алтыншы? (Бану күледі). Қойдым, Бану, қойдым... Алайда, көп жасағыр, қазірше төртеу болып-ақ тұра-тұрайық (күліседі, тұрады). Айбар жазған ант есіңде ғой? (назбен). "Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?".

Б а н у (терең сезіммен). "Сені іздеумен мәңгілік өтер едім".

Б а ғ д а т (ескерте). "Қайғы әкелсем басыңа, не етер едің?"-

Б а н у (жалынышпен). Қайғы демеші, Бағдат! Қалаймын сенен! (Екі қолын Бағдаттың мойнына артып). Қайғы құрсын! (Ұзақ үнсіздік). Қорқам бақытсыздықтан... Бақытты болғым келеді, Бағдат... (үнсіздік). Осы бір "қайғы әкелсем" дегенді қайдан тапты екен, оңбаған Айбар-ай!..

Б а ғ д а т . Достық та, махаббат та қайғыда сыналмай ма, Бану? Неге шошыдың?! Меніңше, бұл сөз осы өлеңнің туы тәрізді. Қуанышқа әркім-ақ ортақ ал қайғыға кім ортақ?! (Ұзақ үнсіздік). Менің айтар сөзімді қалай ғана тапты десеңші Айбар... (Үнсіздік). Саған белгілі ғой, Бану... (күмілжіп). Мен... Саған...

Б а н у (жалбарына). Айтпа, атама, Бағдат!.. Бақытты, ең бақытты адам болғым келеді... Қорқам, қорқам бақытсыздықтан...

Б а ғ д а т. Ақиқат айтпасқа бола ма, айтқызбай тұра ма. (Үнсіздік). Бану, сен мені сүйесің бе, аяйсың ба? (Ұзақ үнсіздік).

Б а н у. Аяймын да, сүйемін де.

Б а ғ д а т (сыр түйіп). Сүйесің бе, аяйсың ба?

Б а н у. Екеуі де.

Б а ғ д а т. Тек аяушылықпен ғана алданып жүрген жоқсың ғой?

Б а н у. Жоқ! (Ұзақ үнсіздік).

Б а ғ д а т. Онда... Оқу бітті, Бану. Ендігі өмірді бірге бастаймыз ғой?

Б а н у. Бастаймыз!

Б а ғ д а т (қуанышпен). Әуелі ЗАГС-ке барамыз, сонан соң сені осында қалдыруды іздестіреміз. Әзірге жолдамаңды алмай қоя тұр... (Ұзақ үнсіздік).

Б а н у. Қазір ауылда қандай рахат!.. Дала жап-жасыл, аспан тұп-тұнық (қиялдап) жылғаның арғы жағында шөп шауып жатқан болар... Кешке қарай жұмыстан қайтқан адамдардың салған әні-ай!.. Қандай тамаша еді! Тау етегінен мал өрістен қайтқан кез қандай аяулы еді!.. Ауасы-ай, адамдары-ай ауылдың!..

Б а ғ д а т. Ауыл — менің де арманым, Бану. Мен өткен жазда елде болдым. Біздің ауыл асқар-асқар таулардың арасында ғой... Августың басы. Жайлауға аттандық (Сол қолымен Бануды құшып, жүрегіне тақап, терең сезіммен беріле қиялдап). Шопанның үйіне барып қондық. Ертең ерте, күн жаңа көтеріліп келе жатқанда, қырқаға шықтым. Мен мұндай ұлы дүниені, сәби, таза дүниені өмірімде көрген емеспін...

Аспан мен жердің арасына боп-боз, болар-болмас бұлыңғыр перде тұтылып қойған сияқты. Тып-тынық желбіремейді де, сағымданбайды да. Бұл тіршілік, бұл өмірде бірде-бір күнәсіз, пәк періште болса, ол — сол. Бірімен бірі жалғасқан, біріне бірі иек артқан адыр-адыр белдер, жоталар, ұлы таулар... Сәби тіршілік-ай! Сондай да кереметі, сондай да нәзіктігі болады екен-ау! (Ұзақ үнсіздік).

Күн көтеріліп келеді. Аптапсыз ақырын ғана ақ шуағын қормалдана, еппен төгіп келеді. Ұлы таулар ұйқысын аша алмай, боп-боз, нәзік перденің астында тыр жалаңаш жатқан сәби сияқты. Не деген сәбилік, не деген күнәсіздік! Жер бетіндегі соншама ұлы дүние мұншама құйттай, момақан қалыпқа қалай ғана енді екен?! (Ұзақ үнсіздік).

Б а н у (сыбырмен). Әрі қарай, Бағдат, әрі қарай айтшы! Айта берші!

Б а ғ д а т (сол сезіммен). Тау, таудағы дүние, тіршілік ләззат алып, қимылсыз қуанып жатыр. Ой, шебер табиғат-ай, сондай да сұлулығы, сондай да тазалығы болады екен-ау!

Я сөзбен, я үнмен, я бояумен сенің сондағы құдіретіңді танбай тап басып, дәл түсіру адамның адамының ғана қолынан келер... (үнсіздік).

Б а н у (жалбарына сыбырлай). Тоқтамашы, айта берші, Бағдат, айта берші.

Б а ғ д а т. Күн көтеріліп келеді, көтеріліп келеді. Қойлар әлі өрген жоқ Бырт-бырт күйісін қайтарып, ұйқылы-ояу, маужырап жатыр. Жота үстінде әлі отырмын, әлі отырмын. Шопан сонау беттен сауын биелерін желіге айдап келеді. Үй алдында жеңгей самауыр қойып жүр. Әжей іргедегі бұлаққа жуынып отыр. Бір суыр ін аузында қаққан қазықтай, үнсіз, қимылсыз мелшиіп қапты. (Үнсіздік. Бағдат рахаттана бір күліп). Сонда маған жердің беті тек таулардан ғана жаратылса, сірә, бұл дүние, бұл өмір басқаша — әлдеқайда сұлуырақ әлдеқайда жарасымды жақсырақ болар ма еді, қайтер еді... деген ой келді. (Терең сезіммен). Сол күнгі. сұлулық-ай, сол күнгі тазалық сәбилік-ай! Қайыра бір көрсе! Кім білсін, ол сұлулық енді қайталанбас та... (ұзақ үнсіздік).

Б а н у. Кетейікші, Бағдат, ауылға кетейікші! (Үнсіздік). Жылда, каникулдан қайта аттанарда, ауылды енді қайтып көрместей көңілім босайтын еді... Тобынан адасқан тырнадай сезінетін едім өзімді... Кетейікші ауылға, Бағдат, ауылда бәрі де бар, алаңдамай жұмыс істейсің?

Б а ғ д а т (құшақтап). Иә, ауылда бәрі де бар. Бірақ Гайдн, Гендель, Бетховен, Глинкалар жоқ! Амал не, арық қаңғылына мініп, байтақ даламызды аралап, Дон Кихот әр үйдің құрметті қонағы боп жүргенде, музыка құдайлары біздің ауылға әлі жете қойған жоқ Құрманғазыны туып, Құрманғазыны таныған халық оларды да құрметтер еді ғой, амал не...

Б а н у. Несі бар? Жоқ болса, сен алып жүр оларды, ертіп жүр.

Б а ғ д а т. (күліп) Ол тек айтуға оңай, Бану! Одан де Франконы тексеру әлдеқайда жеңіл (үнсіздік). Мені түсін. Музыканттың кіндігі — музыкалық орта. Ортадан кеттің — шіріген жұмыртқадай ұмыт болғаның (ұзақ үнсіздік). Қаншама қатал болғанымен, Ғалым Ғабитовичтей ақылшы табу оңайлыққа түспейді (үнсіздік). Адамның өз қабілеті өзіне белгілі ғой, қайда, Бану, менің шорқақтығым көп әлі... Қимаймын Ғалым Ғабитовичті... (күліп). Уақа емес, Бану! Аяқты нық тіреп алайық әуелі. Содан соң ауылға барып тұрамыз да, астанаға қоржын-қоржын опера әкелеміз! (Күліседі. Бағдат сағатына қарап). Кеш боп барады, кетейік. Тез арада сонатаны қайта жазуым керек қой.

Шымылдық

Жетінші оқиға

Сәлиманың үйі. Күндіз. Айбар мен Бағдаттың бөлмесі. Айбар үстелде бірдеме жазып отыр. Бағдат домбырада бір сазды үнді мың құбылтып жатыр. Екеуінің үстіне Асан кіреді.

А с а н. Шақырылмаған қонақты қабылдайсыңдар ма, жігіттер? Сәлематсыңдар ма?

А й б а p. Төрлет, жігіт, төрлет. Атаң қазақ қонақтан қашатын ба еді, төрлет. Құтты қонаққа құшағымыз міне! (Үшеуі қол алысып, амандасып, танысады).

А с а н (отырады). Баса-көктеп келгеніме ғафу өтінем? Айбар, ренжімесең, Бағдатпен оңаша сөйлесетін шаруам бар еді...

Б а ғ д а т. Біздің арамызда құпия болмайды, қысылмай-ақ айта беруіңе болады.

А с а н. Ах, солай екен-ау! Ғафу... ғафу! Демек, Бануды екеуің де біледі екенсіңдер ғой?

Айбар, Бағдат (жарыса). Иә, білеміз, білеміз, не жағдай?

А с а н. Ол оқуын аяқтады. Аулына жолдама алады, әрине, оны да білесіңдер?..

А й б а p. Білеміз.

А с а н. Ал сол Бану, Бағдат, сені сүйе ме? Шын сүйе ме? Сен оның бақытты болуын қалайсың ба? Адал сүйесің бе?

Б а ғ д а т (күліп). Сұрақтарың қызық екен... Бану сүйе ме, жоқ па, өзінен сұра (күліп), маған сүйем деген... Ал мен сүйем дегенді сөзбен айтуға шорқақ едім. (Айбарға қарайды). Адал сүйем бе, қалай сүйем оны да білмеймін. Оған да Бану жауап берер деп ойлаймын...

А й б ар. Сұрақтарың анығында адам таңданарлық екен. Сүйіскен жандарды өздерінен емес, өзгеден сұрар болар (үнсіздік). Екеуі бір-ақ адам (күліп), мен олардың некесін қиғалы қашан! Бану бақытын тапқан. Енді оған бақыт іздеп әуреленудің қажеті бола қояр ма екен?.. Сұрағыңды қанағаттандыра алдым ба?

А с а н. Романтика, махаббат өз алдына, жігіттер (үнсіздік). Адал адам сүйгенінің болашағын да ойлау керек (ұзақ үнсіздік). Жоқ меніңше, Бану бақытын тапқан жоқ! Ол адасып жүр, алданып жүр...

А й б а р (салмақпен). Айтылған сөздің ақиқаты дәлелденуі керек. Дәлелін, себебін сұрауға болар ма екен?..

А с а н. Себебі сол: ол адасып жүр. Қыз деген бір солқылдақ шыбық, қалай майыстырсаң, солай иіледі. Қатырып оқ қайырып садақ жасау оп-оңай олардан.

Б а ғ д а т. Ғафу ет. Қыз қадірін білмесем де, сөз қадірін білуші ем... Алдарқатпай ашық айтшы, замандас. Тұзақ құрып, тұтқындаған жоқ едім мен Бануды...

А с а н. Өлтірсең де, өшірсең де қыз тағдыры қолында тұр, Бағдат! Еркі сенде сорлының (үнсіздік). Түсінерсің деп ойлаймын... Қи қамаудағы құсыңды! Аман-сау ата-анасына табыстау — менің достық борышым. Өзіңнің қуанышың үшін өзгенің бағын байлама. Ұшыратпа бақытсыздыққа!

А й б а p. Қалай-қалай сөйлейсің, қайран құрбым, бақытсызын Банудың қайдан білдің?

А с а н. Алдарында тұрған ақиқаттан неге қашасыңдар, жігіттер? Бану ауылға барудан бас тартып отыр. Неге? Неге оның басын айналдырасың?! Банудай жан тек бақыт үшін жаралған. Алдындағы азаппен арпалысар дәрмені жоқ оның!

Б а ғ д а т. Әттегене-ай, кешіккенің-ай, жігітім! Бұл ақылды Бануға баяғыда айтсаң етті. (Үнсіздік). Бақытты болармыз деп ойлаймын... Сен айтқан азап пен қорлық кездессе, қайтеміз, бөле-жара көтереміз де, екі адамға жеңілірек қой...

А с а н. Арман, қиял өз алдына, ағайын. Айдай акиқатпен саналы адамдар санасуы керек (үнсіздік). Ал Бану екеуің қосылдың дейік. Демек ол осында қалуы керек. Әрине, мұрнымды бәске берейін, ол өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды мұнда. Қалада не көп, мұғалім көп. Сонда қалай, ағайын, он төрт жыл оқып, сенің кірінді жуып, кіндігіңді сипап отыруы керек пе? (үнсіздік). Шын сүйсең, оның да болашағын ойлаған болар едің...

Б а ғ д а т. Басқаның болашағы үшін байбалам салғаныңа рахмет. (Үнсіздік). Әр адам өз бақыты үшін өзі күресуі керек.

А с а н. Бақытқа жету үшін де негіз, тұяқ тірер тұғыр керек! Сенің басыңнан, мына тұрған жәй-күйіңнен көре алмай тұрмын оларды. Махаббат баянды болу үшін де жағдай, тұрмыс керек емес пе?! Қиялыңдағы ән-күйіңмен әйелді асырай алмайсың, ағайын! Адам ең алдымен бүгінгісімен адам. Жастықта көрмеген рахат қартайғанда қараң қалсын!..

Б а ғ д а т. Ах, рахат дейсің бе?! Сеніңше, рахат, бақыт, барлық байлық ішер ас, киер киім, жайлы қоныс, жақсы орып екен ғой?! Адамның арман-мақсаты осылармен ғана шектелуі керек екен ғой?! (Үнсіздік). Несі бар, айтқаның — ақиқат. Ал енді сен аңсаған рахат жалпы адам баласының басындағы ғасырлар бойы келе жатқан трагедия екенін білесің бе? Сен аңсаған рахатқа ұмтылу — өмірге құштарлық емес, байлыққа, күйкі тіршілікке деген қомағайлық (Қызумен). Сол қомағайлық озбырлыққа итерген, озбырлық — жауыздыққа, ал енді жауыздықтан қарапайым, жазықсыз жандар жапа шеккен. (Ұзақ үнсіздік). Жоқ! Жоқ! Азамат, ондай рахат біздің этикамызға жат. Рахат, бақыт туралы сенің түсінігіңнің құйрығы (сұқ саусағын шошайтып) мынандай ғана екен...

А й б а р. Рахат деген толассыз тоқыраусыз мәңгілік, өмір бойы жүріп жатқан еңбек (ұзақ үнсіздік). Тіпті, мен, азаматым, қаншама рахатқа кенеліп, алтыннан үй тұрғызғаныңмен, адамда бір мұқтаждық болғаны жөн ғой деп ойлаймын. Мұқтаждық еңбекке итермелейді, еңбек өмірді танытады (ұзақ үнсіздік). Дүниеде мұқтаждықсыз ешбір адам жоқ шығар. Егер болса, түсінбеймін, күрессіз, еңбексіз қалай күн көреді екен ол...

А с а н. Адам тек еңбек ету үшін ғана жаралмаған, жігіттер, жарайды... Дискуссияны кейінге қалдырайық (Ұзақ үнсіздік, орнынан тұрып, зілмен). Дені сау адаммен дені сау адам табысып, дені сау семья құрып, дені сау ұрпақ қалдыруы керек! Айтарым осы! Аяндар Бануды!

А й б а р (Асанның жағасынан шап беріп). Не құсып тұрсың, азғын!

Б а ғ д а т (Айбардың қолын ажыратып, мұңмен). Жібер... Айбар... жібер... Кім біледі... Мұныкі дұрыс та шығар... (Асан шығады).

А й б а р (тістеніп). Подлец!!!

Бағдат төсекке барып етбетінен құлайды.

Жарық сөнеді.

Сәлиманың ауласы. Күндіз. Бақ ішіндегі саяда Сәлима, Бану отыр.

С ә л и м а. Ал енді өзі сондай жақсы бала!.. Апырмау, жастың не бір артық сөйлегенін, не бір сұйық жүрісін көрсемші. Жүріс-тұрыс, мінезінде бір мін жоқ-ау айналайынның! (Үнсіздік). Жетімдерге деген біздің өкіметтің қамқорлығын қойсаңшы! Әке-шешесі алақанына аялап отырған шолжаңдарды да көріп жүрміз ғой... (Ұзақ үнсіздік). Өзіңді қайда жіберді, шырақ?

Б а н у. Аулыңа барасың дейді, бірақ.. кім біледі?..

С ә л и м а (іле сөйлеп). Түсінем, шырақ түсінем... Айтпасаң да түсінем... Апаң бұл өмірге осы келсаптай қалпымен түсе қалды ғой дейсің бе? (Бану күледі). Апаң да талай күліп, талай жылаған... (Ұзақ үнсіздік). Әке-шешең қандай қуанып отыр екен, бишаралар. Ой, жалған-ай! Менің Сәулем де тірі болса, биыл оқу бітірер еді, амал не, бақытсыздыққа не шара!.. (Көңілі босап). Көкешім... Жаңа көгеріп келе жатқанда жұлды да кетті қу ажал...

Б а н у. Тарынбаңыз, апай, өткенге өкінгенмен орнына оралу қайда... Тарынбаңыз.

С ә л и м а (жасын сүртіп). Айтқаның рас қай, шырақ. Тарынайын деп тарынады дейсің бе, өздеріңдей өндіршіндерді көргенде, қу жүрегім езіліп, ойым ойран боп қалам (үнсіздік). Өлгеннің өзі бейіште, арты тозақта деген ғой, қаншама ұмытайын десем де ұмыттырар емес Сәулем. Сендер бір жыл құстары, шырақ не білесіңдер, ұшасыңдар — келесіңдер, ұшасыңдар — кетесіңдер. Ал Ана сорлының жүрегі өмірлік қорқынышта (ұзақ үнсіздік). Анаң бишара қандай қуанышта отыр екен... (Ұзақ үнсіздік). Әлде осында қалғандай ойың бар ма, шырақ? Қаламайсың ба даланы?

Б а н у. Даланы емес, апай...

С ә л и м а. Түсінікті, айнам, түсінікті (үнсіздік). Ата-анаң бұл жағдайыңды біле ме? Айтып па едің? (Бану басын шайқайды). Бекер, әттеген-ай, бекер айтпағансың, шырақ Анаңнан жақын адам жоқ қой, әттеген-ай!..

Б а н у. Олардың ұлы да, қызы да мен едім, апай. Айтуға арланам (үнсіздік). Келісулері екіталай... көздерінен таса қылғысы келмейді (үнсіздік). "Балам, байқағайсың, көз алдымызда бол. Әкең екеуімізді жетім қалдырма!" — деп, мамам ылғи ескертіп отырады... Не де болса болғаннан кейін бір-ақ білсін деп едім.

С ә л и м а. Әй, айнам-ай! Әттеген-ай, болмаған екен ғой... (үнсіздік). Бағдат сондай ақылды-ақ бала-ау, амал не, амал не... (Ұзақ үнсіздік). Мен де анамын ғой, айнам. Аларсың, алмассың, бірақ саған бір ауыз ақыл қосуды борышым деп ұғынам. Тыңдармысың, шырақ?

Б а н у. Айтыңыз, тыңдайын, апай.

С ә л и м а. Жастық — жастық өмір — өмір... (үнсіздік). Өмір өз білгенінен айнымайды, айнам... Сен осында қалсам дейсің. Мұның ақылды, тәрбиелі, ата көрген, ана көрген адамның істейтін ісі емес. Көз жұмып, қосыла салу — оңай. Ал қосылғасын кейін, адамша тұрмыс құру керек қой. Қалада тұру ойыншық емес, шырақ! Тіпті мамандығың бойынша жұмыс табарыңды қайдан білдің? Басқа үй, бауырға қазан керек, осы жағын ойладың ба, шырақ?

Б а н у. Ойладым, апай, ойлай берсе, қиыншылық деген көп көрінеді.

С ә л и м а. Әттеген-ай, айнам, әттеген-ай! Әй, жастық-ай! Болмайды, қарғам, болмайды. Өмір мәселесіне соншама жеңіл қарамаса керек! Бағдат сені шын сүйетін болса, сенімен еріп неге ауылға бармасқа?!

Б а н у. Оның жұмысының өзі осында ғой, апай. Оның алдына қойған үлкен тілегі бар ғой. Ол композитор болуға талаптанады.

С ә л и м а. Жазған баланың таңдаған мамандығын қарай гөр... (Ұзақ үнсіздік). Осы қаланда, айнам, қазақтың екі жігіті тұрса, бірі композитор, бірі — ақын...Осы пәтерге квартирант жібергелі жеті-сегіз жыл боп барады, ой, тәңірім-ай, солардың семьясы бар, бойдағы бар, бәрі ақын мен композитор. Және де кіл жастар өздері!.. Бұ неғылған оңай мамандық екенін... (Үнсіздік). Жазғандар-ай, жанбағысты ойлап, басқа бір тиімді тіршілікпен айналыспай ма онан да...

Б а н у. Апай, жаңа бір ақыл айтайын деп едіңіз?

С ә л и м а. Ах, айтайын, айнам, айтайын... Память құрғыр да қашайын деді менен (ұзақ үнсіздік). Біреудің жар дегенде жалғызы екенсің, шырақ Былай істесең қайтер еді?.. Біріңді бірің сүйсең, біріңе бірің сенсең, әлгі махаббаттарың, қосылуларың ешқайда қашпас. (Үнсіздік). Сен Бағдатқа айт. Ол осында, сен еліңде бір жыл қызмет істеп, әл жинаңдар. Ата-анаңа білдір. Бәрін де жасырмай айт. Әрі қарай не болады, ерік өздерінде емес пе?.. (Жаулығын шешіп қайта байлайды). Күні құрғыр қандай қапырық еді... (Ұзақ үнсіздік).

Б а н у. Соншама қиын, апай. Алайда ойластыруға болады екен-ау.

С ә л и м а. Енді қалай, айнам-ау! Әйтпесе, жағдайларың өте қиын, шырақ.. (Үнсіздік). Өмірмен ойнауға болмайды. Болашағыңды да ойластырғаның жөн, шырақ (Үнсіздік). Бағдаттың жәйі де өзіңе белгілі, айнам... Оның науқасы оңай емес.

Б а н у (үрей ұшыра жалынып). Апатай, айта көрмеңіз ол жағын. Айтпаңыз, апатай, білем ғой мен, білем...

С ә л и м а. Ал өзі сондай жақсы бала, ну, енді... (Бағдат келеді. Сәлима орнынан тұрып). Шырақ-ау, мына бала ертеден бері сені күтіп отыр ғой, осынша да кешіге ме екен?! Әй, жаңа заманның жастары-ай!..

Б а ғ д а т. Ах, Бану ма?! Кешір, Бану, кешір. Жүр, үйге кірейік, біраз шаруа болғаны...

Бағдат, Бану үйге кіреді. Сәлима шығады.

Б а ғ д а т (қуанышты). Менде жаңалық бар, Бану... Қандай дейсің ғой? Профессор мені шақырып, оңаша бір сағат бойы әңгімелесті. Ал енді маған деген ілтипатын көрсең!.. Өмір, болашақ, өзі туралы көп-көп ақыл айтты. (Маңғаздана әзілмен). Таныс болайық, қарындас. Алматы музыкалы училищесінің пре-по-да-вате-лі Бағдат Мамыров! (Бануды құшақтап, шыр айналдырады). Мен туралы бір нәрсе естіген-ау, сірә... (Ойланып). Жәй-күйімді ақтарып көп сұрады, Айбар бір нәрсе деген-ау, сірә...

Б а н у (екі қолын Бағдаттың мойнына артып). Менде де жаңалық бар...

Б а ғ д а т (оқыс). Иә, иә? Қалдырды ма?

Б а н у. Қалдыр, қалдырма деп, өтініш айтып барғаным жоқ. (Үнсіздік:). Бағдат, (өтіне) өзіңе де, маған да қолайсыз жағдайды қаламайсың ғой?

Б а ғ д а т. Қаламаймын. Қауіптенесің бе?

Б а н у. Жоқ Бағдат, жоқ қауіптенбеймін. (Үнсіздік). Бағдат, жоқ қауіптенбеймін. (Үнсіздік). Бір өтініш айтсам, ренжімейсің бе?

Б а ғ д а т (сәл таңданып). Жо-о-оқ! Ренжімеймін.

Б а н у. Мен бір жылша ауылда-ақ істеп, ата-анамды қуантсам, көңілдерін ауласам. Сен де бір жылға шыдасаң, Бағдат!.. Келер жазды күтсек... Маған сенесің ғой, Бағдат... Қиыншылық көріп қаламыз ғой. Сенің де біраз қалыптасуың керек қай. (Үнсіздік). Бәрін де қойшы, бірақ әке-шешенің алдынан өтпеу қиянат қой тым... (Ұзақ үнсіздік).

Б а ғ д а т. Аһ, қиыншылық қиыншылық!.. Ата-ана демесең, қиыншылыққа көнуге болар еді ғой...

Б а н у. Иә, Бағдат, папам мен мамам... (ұзақ үнсіздік). Ата-ананы сүю, құрметтеу деген өз алдына. Ол біздерге әкенің тері, ананың сүтімен бірге сүйегімізге сіңген қасиетті борыш қой. Бұл — әр адамның басында бар ортақ қасиет. (Үнсіздік). Ал менде оларға деген біртүрлі сиқырлы, өзім түсінбейтін бөлекше бір сезім бар. Бөлекше махаббат, бөлекше аяныш бар. (Үнсіздік). Егер екеуін сәл ренжітсем, сірә, кісі өлтірген адамнан әрі опасыз болармын деймін... (үнсіздік).

Екеуінің кейіптерін елестетіп, екеуден-екеу қалай отыр екен, не істеп отыр екен, не күйде екен деп ойлап кетсем, дүниенің бәрін де ұмытқым келеді (Ұзақ үнсіздік). Екеуден-екеу... Бір-біріне кінәлі адамдардай, бірінің қабағын бірі бағады... Маған олар үлкен жолдың үстінде екеуден-екеу, зарыға көлік күтіп отырған, қажыған жолаушылардай болады да тұрады. Өмір бойы әлденені сарыла күтіп отырғандай боп көрінеді... Екеуін де аяймын, бірақ не шара (үнсіздік). Ойлап отырсам, мен өскен сайып олардың қорқынышы көбейген сияқты. (Ұзақ үнсіздік). Мені түсінші, Бағдат, ренжімеші. Ренжімеймін деші! (Үнсіздік). Біз дейтін екі цифрдың арасындағы қосу белгісіміз ғой олардың?.. (Ұзақ үнсіздік).

Б а ғ д а т (терең сезіммен, Банудың басын төсіне тақап). Білем, Бану, білем (үнсіздік). Атаның тері, ананың сүті маған да қымбат (үнсіздік). Мен де емгем оны. Өз қуанышыма бола өзгенің қуанышын құрбан етер мен емес (Ұзақ үнсіздік). Қалағаның болсын, қарашығым!.. Мен саған өмірлік сенем...

Айбар кіреді.

А й б а р (омырауында университет значегі, қуанышты). Леди и джентльмены! Разрешите представиться. Зав. отделом Чиликской районной газеты "Заря коммунизма" Айбар Сулейменович Сулейменов! Честь имею, господа! (дипломын, жолдамасын үстелге бір қояды. Күлкі, үшеуі де құшақтасады).

Б а н у (Айбардың жолдамасын оқып көріп). Мәссаған! Ойбай-ау, біздің Айшаның аулына жіберіпті ғой! Оны да өз аулына жіберді. Кеше ғана шығарып салдым. Міне, қызық!

А й б а р. Қалай өзі, былай... Ауыз тұшитын адам ба?..

Б а н у. Айшаға ма?! (үнсіздік). Мен сенің де, Айшаның да сырын білем ғой, Айбар. Айшаның жанын зерттеу жігіттерге қиынға түсер... (үнсіздік). Айтса да, "Асауға тұсауды" көрдің ғой, Айбар, Кэт есінде ме?

А й б а р. Тамаша! Тамаша! Ойбай-ау, сондай бір содыр қызды кездестіре алмай қор боп жүрген жоқпын ба!..

Біздің Азияның қыздарын қойсаңшы... Кәдімгі кисель... Не ащылығы, не тәттілігі белгісіз шұбатылады да тұрады (Бағдат, Бану күледі). У-у-уф! Жалынымен өртеп, жарығымен қарып тұрса. Алдына барсаң тістеп, артына барсаң теуіп тұрса. Сонда Айбар — Петруччио шу асау шүйке басқа: (Петруччионың рөліне еліктеп).

"Шын қыздырар төсегің ғой өзіңнен,
Одан да доғарайық былшылды.
Тұра айтайын, Әкең көнді,
Бермек болды, жасауға да келістік.
Не қылсаң да мендіксің Ал мен бе,
Кэт, өзіңе сай бай болам,
Шүкіршілік етем сені көрген сәтіме,
Дидарыңа ынтық болдым,
Менен өзге ешкімге де тимейсің.
Мен туғанмын асау Кэтті
Үйретпекке жуас Кэт қып.
Қолбала Кэт боласың,
Әне әкеңіз. Мөңкімеңіз,
Катарина, қатын етпей қоймаймын", —

деп, бұрымынан ұстап ап, бұрып әкеп сүйер едім. (Күліседі, ұзақ үнсіздіктен кейін). Ал, достар, сендер екеу, мен жалғыз, қоштасайық енді... (Күліп) қазақтың маған басы артық бір қызы бар шығар. (Бануға бұрылып) Бану, есінде болсын, барлығын, барлығын да көтерем! Ұмытпа!!! (Бағдатқа) Бағдат, "Мой друг, Отчизне посвятим, Души прекрасные порывы!" Пушкинді сыйла!...

Бағдат пен Айбар құшақтасып ұзақ тұрып қалады.

Шымылдық

Екінші акт пен үшінші актының арасында екі-үш жыл өткен.

ҮШІНШІ АКТ

Сегізінші оқиға

Баршамызға таныс Бағдаттың сол бөлмесі.

Өзгеріс —Айбардың төсегі жоқ. Оның орнында пианино. Еденде арзан кілем. Қабырғада Айбардың портреті. Үстел үстінде домбыра жатыр. Күн жексенбі. Қоңыр күз, бұлыңғыр.

Б а ғ д а т (пианино алдында жазып отырған нотаның бір жерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазып, орнынан тұрды да, үстелдегі домбыраны альт, тік тұрған қалпында, Естайдың әні "Қорланды" бір тартып шықты). Ән... Арманында, азабын да, қуаныш-қайғысын да әнге сыйдыра білген айналайын елім-ай... Зарыға келген, жалына келген ән естісем, ол сенікі... Әзілі ащыны қуырып, жабырқаған көңілді жадырататын, сал-серінің сазды, ойнақы үнін естісем, ол да сенікі. Кер тайлаққа жүгін артып, туған жерінен үдере көшкен, босқан, ақтабан, айыр сақал Атаның, кейуана Ананың боздағанын естісем, ол да сенікі. Бәрі — сенікі... Адуын батырым да, ақылды ақыным да — сен, даламдай дархан, тауымдай тәкаппар ғашығым — халқым менің! Қайтсем сенің дарияңа тамшы болам! (Ұзақ үнсіздік. Домбыраны қойып, пианиноға қайта отырады). Алдаған Бану, сен үшін емес, алданған махаббатым, саған арнадым бұл әнімді! Баянсыз Бану, саған емес, баянды махаббатым, саған арнадым бұл әнімді (қарындашын алып, нотаға жазады). Қош, махаббат!!! (Жазылған әнді пианинода ойнаған болады, оркестр ән мелодиясын іліп алып кетеді. Бағдат басып сүйеп, отыра құлады. Оркестр тынады, хат тасушы кіреді).

Хат тасушы. Молодой человек, Вам письмо!

Б а ғ д а т (Басын көтеріп). Спасибо Вам, спасибо! (Хатты алып қарайды).

Хат тасушы (жайдары). Знакомый почерк, знакомый конверт, знакомый Чиликский район. (Күледі, шығады).

Бұл хатты ашып, оқи басталды.

(Негізінде хатты Айбардың өзі сахна сыртында оқып тұрса, Бағдат соның ырғағына қарай әрекет жасап, үнсіз хатты тек оқыған боп отырса).

Б а ғ д а т. Шелек шәрісінен шексіз сәлем! Күліп отырсың, біліп отырмын... Сабыр, сабыр! Пушкиннің мына бір шумақ өлеңін таңдайыңа таста да, дәмін ала отыр:

"Алдаса егер сені өмір,
Қапаланба, қайғырма!
Қаралы күнге көне біл,
Илан, шаттық алдыңда!"

Қалай? Тәтті ме екен? Ал енді шаруа мәселесі. Дүниеде хат жазғанның қиыны-ай! Өзімнен бастасам ба екен әлде Айшадан бастасам ба екен?! Екеуміз де талай қағаздың бетін былғадық қой, екеуміз де қоя тұрайық. Әлгі о дүниеден келе жатқан төреден-ақ бастайын. Өзіңе белгілі ғой, Бағдат, ол төрені біз күткелі біршама уақыт болды. Әлі жоқ Сәрі, бір белгісіз станцияға келіп аялдап қалса керек. Міне, бүгін шәй үстінде сол төреден болмашы хабар алдық. Шәй құйып отырған Айшам баж етіп, қарғып тұрғаны! Зәрем ұшты.

— Ойбай-ау, не болды?! — десем.

— Тебеді, — дейді.

— Көкем-ау, екеуден-екеу отырып кім тебеді? — десем.

— Мынау, — деп ішін көрсетеді.

— Әй, алжасқан боларсың?! Жарыққа шықпай жатып, ішіңнен тепсе, шыққасын кейін, тісіңді сындырар, қане, жіберші маған, — деп, алақанымды тақап әлі тұрмын, әлі тұрмын, жоқ. Сірә, қуың аяғын баурына алып, бұға қалса керек (Бағдат мәз). Іншалла, Бағдат Сүлейменович Айбаров төре келеді, Айша, десем: — Жоқ! Сүлейменовна Айбарова, — деп көнсеші ол, Әйда, кеп талас. Оларды жеңіп бола ма, көндім-ау, әйтеуір. — Ал, енді қалағаның болсын, айналайын, атын кім қоямыз? — десем: — Шолпан, — дейді.— Көкем-ау, оныңды соншама көкке шығарып қайтесің? Бір сәбиге есім боларлық жерде де дүние жетерлік қой. Бағдагүл болсын, — десем: — Ендеше Бақгүл болсын. Бағы — сенікі, гүлі менікі. Правомыз бірдей, — дейді. Көрдің бе, бұ жерге де право керек екен. Қойшы, сонымен, ұлыңды қимадың, енді досымның есімінің бес әрпін де қызыңа қимайсың ба деп жатып, Бағдагүлге көндірген болдым... Шаруаң қалай, симфонияң өтті ме? Ғалым Ғабитович ұнатты ма? Менің жүрген жерімнің бәрі өлең. Үлкен бір нәрсе істесем деймін, оны кейін білерсің. Айтса да, осы өлеңі құрғыр мені бір күні қызметтен қуғыза ма деп қорқам. Кеше, қызметте, бәрін жауып тастадым да, әншейін көзді алдау үшін хаттарды алдыма жайып тастадым да, өлең жазып отырсам, жауапты секретарь кіріп кеп: "Қарағым-ау, қашан келсем ылғи өлең жазып, өз жұмысыңды істеп отырасың, хат қорытып немесе хаттарға жауап жазсаңшы. Аудандық газетті кіл өлеңмен шығармайды ғой", — десін.

— Ағатай-ау, келген хаттың бәрі өлең болғасын, нанбасаңыз, қараңызшы, өлеңмен жауап жазып отырмын, — деп бөсейін. Представь себе, соған сенді, ей...

Сонымен екі жыл да өте шықты, ә?.. Тоқтата алмайсың, біздің ғасыр асығып барады... Дүниенің бәрі стартта тұр... Өтінем, Бағдат, Банудың есімін атап, тағы да хат жазсаң, оллаһи, ренжимін саған. Ұмыт! Ұмыт! Ұмыт! Көрсеткен өлшемің бойынша өлең жіберіп отырмын. Сол әнді тыңдасақ екен ертерек.

Сау бол! Айбар.

"Мой друт, Отчизне посвятим,

Души прекрасные порывы".

Бағдат тұрып, қабырғадағы Айбардың портретіне ұзақ қарап: "Мой друг, Отчизне посвятим, Души прекрасные порывы", — деп қайталай береді, қайталай береді. Сәлима кіреді.

С ә л и м а. Айнам-ау, әлі отырмысың?! Тым құрыса, демалыс күнін өзіңе қисаңшы. Сарылып отырасың да қоясың, сергісеңші біраз.

Б а ғ д а т. Профессор келем деп еді, күтіп отырғаным.

С ә л и м а. Ә-ә-ә! Профессор ма? (үнсіздік). Шырақ сол адам сені шыр айналып шықпайтын болды-ау өзі... Сені күйеу бала етіп алайын деп жүргеннен сау ма? (үнсіздік). Ал енді өзі сондай жақсы адам, ну, енді!

Б а ғ д а т (ұнатпай, ескерте). Ол кісінің ұлы да, қызы да жоқ апай, қорқпаңыз.

С ә л и м а. Ә-ә-ә! Солай де! Мен қайдан білейін, шырақ.. (ұзақ үнсіздік). Базары құрғыр бүгін күйіп тұр. Бұ не пәле?! Ой, тәңірім-ай, қиын шырақ, қиын...

Коммунизмге жетер ме екенмін, жоқ жетпей-ақ жер қабар ма екенмін... (Ұзақ үнсіздік).

Б a ғ д а т (Назар аудармай, терезеге қараған бойда). Коммунизм, aпa, әуелі адамдардың санасында орнауы керек! Коммунизм тек қана молшылық емес, меніңше... Адам санасы қара басылық күйкі тіршіліктің қоқыстарынан тазарғанша коммунизм кешіге тұратын тәрізді.

С ә л и м а. Бәлі, шырақ. Санадағы байлық садаға кетсін! "Болмысты тұрмыс билейді деп" бекер айтпаған. Аш қарып тұрғанда, ақылды бас адыра қалады (Ұзақ үнсіздік). Шырақ көңліңе алма, осы бір адыра қалғыр төрт қабырғаның арқасында жанды жанмен бағып жүргенімді білесің өзің... Ақысы саған ауыр тиіп жүрген жоқ па?.. Бір студент жіберсек, қалай болар екен? Әрі саған ермек қой?

Б а ғ д а т (қынжыла күлгенсіп). Менің өз ермегім өзімде ғой, апай. Маған несі ауыр?! Қара басым, маған не жетпей барады. Мүлде ауыр емес... Жазға дейін үй береміз деп отыр.

С ә л и м а. Жо-жоқ! Шырақ! Мен... әншейін... Саған... сен үшін... Тұра бер, қалқам, тұра бер...

Профессор кіреді.

П р о ф е с с о р. Есенсіздер? (Сәлимаға) Сәлематсыз ба, замандас?

С ә л и м а. Сәлемет-cay барсыз ба? Хош келіпсіз! Төрлетіңіз!

П р о ф е с с о р (Бағдаттың жотасына алақанын қойып). Иә, Бағдат, халің қалай? (Сәлимаға) Замандас, сіз ғафу етіңіз! (үнсіздік). Бағдат, кеше сенің симфонияңның репетициясында болдым, финалың маған мүлде ұнамады (ұзақ үнсіздік). Балам-ау, бұл не деген қайсарлық? Жас адам айтқанды тыңдап, біраз иілуі керек қой (үнсіздік). Есінде болсын, шаттық пен қуанышты, адамдар ләззат алып, өмірлік рахат табатын искусство ғана өлмейтін искусство болмақ. Қандай шығармаңа болмасын, жарыққа шыққанша. ғана сен иесің. Жарыққа шыққасын халықтікі, халық игілігі. Өзің өмір сүріп отырған замандікі, ғасырдікі. Ал біздің халыққа біздің заманға қара бастың күйін күйлейтін пессимістік какафония емес, ұлы дүбірмен үндес құдіретті симфония керек. (Ұзақ үнсіздік). Ғасырыңа қарасаңшы. Қандай құдіретті, қандай күрделі ғасыр! Тіршілік тарихында басқа ғасырлар бір төбе, біздің ғасыр бір төбе. (Ұзақ үнсіздік). Соншама тамаша басталған әп-әдемі дүниенің айналып әкелесің де, не онда не мұнда жоқ әлсіреткен де қойғансың (үнсіздік). Балам-ау, күрес болғасын, кейін бір жағы жеңіп, салтанат құруы керек қой. Ал ол сенде жоқ.

Б а ғ д а т. Меніңше, тек жеңімпаздардың салтанатын тойлап, жеңілгендердің қайғысын ұмытуға болмайтын сияқты.

П р о ф е с с о р. Бағдат, күрескесін қалай да жеңу керек, болмаса күреспеу керек! Жеңілу деген — өлген деген сөз, түсінесің бе?! Өлгенге жоқтау айтқан реквиемнен, тіріге тілек білдірген салтанатты патриоттық оратория әлдеқайда жоғары.

Арманыңның, тілегіңнің орындалуын қалайсың ғой? Ендеше сол фантазияң симфонияңның финалында неге жоқ?! Қойдым, қойдым... Тоқтаттық айтысты. (Пианино үстіндегі нотаны алып қарап). Иә, тағы немен айналысып жатырсың? (Пианиноға отырып). Мынау ән ғой, қане, қане! Баста, басташы жәйлап. (Профессор сүйемелдещі. Қолына Айбардың жазған текісін алып Бағдат қоңыр үнмен баяулатады. Ән жүйесін босатқан Сәлима көзін сүрте береді. Ән аяқталады).

П р о ф е с с о р (әрі-бері теңселіп жүріп). Тағы да уайым... Тағы да мұң... (сезіммен) алайда, бұл... ән... ғой,.. сағыныш әні ғой... Жақсы ән... Тамаша ән!!! (Сәлимаға). Айтса да, замандас, мен сізге келіп едім. Айыпқа бұйыра көрмеңіз! Бағдат бұдан былай біздікінде-ақ болсын (әзілдеп, Бағдатқа) мұның творчествосында бір қауіпті фальштер бар екен, дер кезінде жоймаса болмас... Ренжімеңіз, сіз Анасындай болып қалдыңыз ғой...

Б а ғ д а т (қиыла) Ға-а-лым Ғабитович?!

П р о ф е с с о р. Қабылда, Бағдат, қабылдама, қазірден бастап мен сенің әкеңмін! Енді сен үшін Ғалым Ғабитович жоқ! Қалай атасаң, олай ата!.. (Сәлимаға) біз, замандас, жұбайымыз екеуміз-ақ.. Айып етпессіз?.. (Бағдатқа) Қалай қарайсың, сенің де, біздің де уайымды теңдей етіп үшке бөліп, бірігіп күресеміз бе? (Ұзақ үнсіздік). Бала әкесіз, әкесі баласыз қалмауы керек қой?.. Қалай қарайсың, Бағдат?

Б а ғ д а т (терең мейіріммен). Ұстазым менің!.. Әкем менің!.. (Профессордың құшағына кіреді).

П р о ф е с с о р. Досым! Ұлым менің!

Сәлима жылап тұр.

Шымылдық

Тоғызыншы оқиға

Тау бөктеріне орналасқан ауыл. Аңырақай кең сайдан тау өзені төмен құлап жатыр. Қазір түн. Асанның семьясы, үш. Бөлме іші прологта көрсетілген, бірақ сәби әзір дүниеге келмеген. Радио соңғы хабар беріп жатыр. Алдында қатар-қатар оқушылардың дәптері. Бану дәптер тексеріп отыр. Кең халат киген, екіқабат, іші білініп тұр. Асан диванда кітап оқуда. Мінсіз үй ішінде күйбеңдеп жүр.

М і н с і з (Банудың ісіне үңіліп). Ботам-ау, қып-қызыл ала қып құрттың ғой бұл бишараны?..

А с а н. Кімді, мама?

М і н с і з. Қайдан білейін, мына бір дәптердің беті қып-қызыл ала. Банужан қызыл бояқпен сызып-сызып, "екі" деп қойды.

Б а н у (басын көтеріп). Екі деген жаман ба, әже? Санның алды бір мен екі емес пе? Бір ең алдыңғы, екі онан кейінгі деген сөз. (Асан жымиып отыр).

М і н с і з. Ботам-ай, мені түк түсінбес түлей дейсіңдер-ау... Менің де өз әлімше сауатым бар. Тіпті, сауатты былай қойғанда, аздың аты аз, көптің аты коп емес пе?! Аз қайдан жақсы болушы еді... (Үнсіздік). Тәмсілі, мен жалғыз едім. Ерге шықтым, екеу болдым. Асанжан келді дүниеге, үшеу болдық. Шал өлді, екеуміз қалдық. Сен келдің, қайтадан үшеу болдық. Жаман болды ма?! (Үнсіздік). Құдай қойса, төртеу болайық деп отырмыз. Ол — жақсы. Бесеу болсақ одан да; алтау болсақ тіптен жақсы емес пе?! Көп неге жаман болсын, ботам, (ұзақ үнсіздік). "Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды" деп, бекер айтпаған ғой.

Б а н у (күліп). Жеңілдім, әже, жеңілдім (әжесін құшақтап тұрып). Қане, сіздің сауатыңызды көрейін, (дәптерді ұсынып) мынаны оқыңызшы! Не деп жазылған?

М і н с і з (ежіктеп). Әб-ді, Әбді-қа... Әбдіқадыр, Әбдіқадыр. Е-е-е! Өзіміздің Әбдіқадырдың баласы екен ғой! (Асан, Бану күледі). Несіне күлесіңдер?! Мен сендердің заманында тусам, алдақашан ауылсоветке хатшы боп отырар едім.

А с а н. Ауылдық советке хатшы?! Маматай-ау, одан үлкеніректі атасаңызшы.

М і н с і з. Өз өмірімде одан үлкен адамды көргенім жоқ Асанжан. Дүние есеп-қисаптың әммесі соның қолында. Тіпті, бүгін туған нәрестенің де кінежкесін сол береді (Бану, Асан күліседі). Мені бір түлей деп ойламаңдар, боталарым! Тек қай күні өлерімді ғана білмеймін, ал басқасының бәрі белгілі маған. (Ұзақ үнсіздік). Ех! Боталарым, боталарым!.. Екеуіңнің қас-қабағың қалай қимылдағанын да сезе қояды қу ішім... Бұл не біледі дейсіндер ғой... Бәрін де білем... Бәрін де сезем...

Б а н у (абайлап). Не білесіз, әже?!

М і н с і з. Не білейін, Банужан... Екі жылдан асып барады, екеуіңнің де жүріс-тұрыстарың ұнамайды маған, боталарым...

А с а н. Б а н у. Не істедік, әже?!

М і н с і з. "Ішіңнен тыңғыр" дегендей, дерттің жаманы іштен тынған, боталарым... Не білейін. Қосылғалы бері екеуіңнің бір-біріңе деген жылы мейірімдеріңді көрген емен — соны білем... Ерлі-зайыпты жас адамдардың арасында жып-жылы, жап-жақсы жарасымды бір қасиеттер болушы еді, ол жоқ сендерде — соны білем. Татулықтарың болғанмен, біріңе деген біріңнің тамашаларың жоқ — соны білем (ұзақ үнсіздік). Екеуің екі үйдің адамы сияқтысыңдар, боталарым... Неге сонша суықсыңдар? Бастарың аман, бауырларың бүтін ғой, қарғаларым, не болды сендерге? (Ұзақ қолайсыз үнсіздік. Радиодан "Сіздердің тыңдағандарыңыз соңғы хабарлар. Жарты минуттан кейін жаңа әндерден концерт" дегенді есітіп, Мінсіз, радионы күшейте бұрап қояды. Асан, Бану үнсіз. Радиодан "Алматыдан сөйлеп тұрмыз. Жаңа әндерден концерт тыңдаңыздар! "Қош, махаббат! ". Музыкасы Бағдат Мамыровтікі" деген үн естіледі. Бану селк етіп, ұшып тұрады. "Қош, махаббат"әнін Ришат Абдуллин қоңырлатып барады. Үшеуі үш жерде қатып қалған. Бану бос қалын кеудесіне қойып, не қыларын білмейді. Асан диванда тұқырып отырған қалпында. Мінсіз жаулығын ысырып, радиоға жабысып қапты. Ән баяулап барып, шалқи сөнеді).

М і н с і з. Ой! Арман-ай! Қандай жақсы ән еді! Шіркіннің үнінің кеңі-ай, көп жасағыр. (Банудың мандайын сипап). Не болды, Банужан?! Бір жерің ауыра ма? Неғылды, ботам?

Б а н у (енесінің қалын ысырып). Жазықсыз еді ғой,

А с а н... Жазығы не еді оның? Неге адастық?.. Неге адастырдың?

М і н с і з (аңырып, Асан мен Бануға кезек қарап). Банужан, кім ол? Асан, кім еді ол? Кімді айтып тұрсыңдар?..

Б а н у (булығып). Әже,.. сіздің... Асан,., сенің алдында арым таза... Ата-анам, сендердің алдында да арым таза... Қош, Бағдат!.. Қош, ары тұнық адал жан!.. Айыптымын алдында... Естідім әніңді... (долдана). Неге үндемейсің, Асан!.. Неге үндемейсің! (Жылайды). Айып етпе, әже... Сезімімнен басқаның бәрі сендердікі... Айып етпе, әже... Өзімнен өзім, өз ойыма өзім күйейін... Анашым, ақ сүтіңнің қымбаты-ай!.. Әке,.. құдіретіңнің күштісі-ай... Қош, Бағдат!.. Қош, махаббат! (Еңіреп барып отыра кетеді, әжесі сүйейді, Асан тұрады. Жарық сөнеді).

Сахнада Айбар. Қаламын үстелге қойып, жазылған шумақтарды алып, оқи бастайды.

А й б а р:

Жылауға да хақың бар, жыла, Бану,
Жараңды жаза алса егер жылағаның.
Адастың ба, жарқыным, адастың ба?!
Антың қайда, неліктен шыдамадың?
Мен сені жұбатпаймын, жыла, Бану!
Шын сүйген шыр айналып, кетпес еді,
Керек етсе, ажалмен шектеседі...
Осынау ән, ей, Бану, қайда жүрсең,
Арыңның алдына кеп беттеседі.
Керек емес жасыңды тыймағаның,
Бағдат үшін қайғырам, қиналамын...
Бір адамның басына бар бақытты
Қашан көрдің табиғат сыйлағанын?!
Жыла, Бану, мен сені жұбатпаймын,
Аяймын, аяймын да қуаттаймын.
Халқым жазған махаббат дастанын ап,
Аясында аспанның шуақтаймын.
Жыла, Бану, мен сені жұбатпаймын!

Шымылдық

Эпилог

* * *

Арада ұзақ-ұзақ жылдар өткен. Жаз. Сол ауыл. Асанның әсем үйі. Кең үстелде мол қуаныш дастарқаны. Үстел басында отырған, көбінің самайын қырау шалған ерлі-зайыпты егде тартқан адамдар. Асанның да самайын қырау шалған. Қуаныш, күлкі, шаттық.

А с а н (орнынан тұрып). Замандастар! Достар! Үзілген Қуанышты жалғауға рұқсат етіңіздер! (Ұзақ үнсіздік). Алдымен, ауылдарының шалғайлығына қарамай, Бану екеуіміздің сөзімізді сыйлап, қуанышымызға ортақтасып отырған, Айбар, саған, "адал жанды адуын, қазақтың нағыз жігітін" іздеп тапқан, адал Айша, саған мың мәртебе рахмет! (Ұзақ үнсіздік).

Біздің семьяның байырғы досы Бағдат келе алмады. Бірінші сөз соныкі еді. "Ұстазым, әкем сырқаттанып қалды. Биыл ауылдарыңа бара алмайтын болдық", — деп, Айбардан хат беріпті. (Ұзақ үнсіздік). Бүгінгі қуаныштың иесі, достар, біздің тұңғышымыз — Мақсат. Ол мектеп бітіріп, Москваға оқуға жүргелі отыр (қол соғылады). Өткенді еске алмаса, бүгіннің қателігін түзеу қиын, Айбар. Бір кездегі сенің дастаныңның жағымсыз кейіпкерлері алдыңда тұрмыз. (Айбар сәл ыңғайсызданады). Жо-жоқ айыбымды айтып, ақталайын деп тұрғаным жоқ.. Рас, сенің дастаның, Бағдаттың әні Бану екеумізді талай рет ұйқыдан оятты, тебірентті, алайда бізді табыстырды (күліп). Екі айыпкер бірігіп, айығар анық жол іздедік. Оны таптық та (ұзақ үнсіздік). Әрине, талай қуаныш үзіліп, талай дастарқан иесіз де қалған кездерді де кездестірдік. Алайда, болар іс болғасын, кейін семья тұнықтығын лайламауға, біздің ұлы программамызда айтылған ұлы өсиеттерден адаспауға, азаматтық борышымызды адал орындауға тырыстық, ауытқымадық (ұзақ үнсіздік). Өз басымыздағы өкінішті өмір сүріп, еңбек етіп, рахат көріп отырған өндірісімізге араластырмадық. Сол баяғы, Айбар, өзің айтқан "тоқыраусыз, толассыз" еңбектен рахат таптық айықтық. Рахмет сендерге, достарым! (Қол соғылады). Адам ғұмырында мөлдір, тұнық, асыл сезімнің алатын орны бөлек екен (үнсіздік). Адам сезімін тәрбиелеуден, адам сезімін бағындырудан артық қиын іс жоқ екен, замандастар! Сезімді құрметтеңдер! Сезімге дақ салмаңдар! Сезім үшін, адам сезімінің тұнықтығы үшін, бас иейік, достар! (Бәрі де тұрып қайта отырады).

Қ а с ы м (қулана жан-жағына қарап). Радио жоқ па?! Ағайын, өтінем сіздерден, радионы бұрай көрмеңіздер! (Күлкі). Ой, тоба-ай! Сондай да сиқырлы ән болады екен?! Бір минуттың арасында апай-топайымызды шығарғаны... (Ду күлкі).

Б а н у. Әй, Қасым-ай! Қырықтан асқанша, қылжақтығың басылмады-ау сенің (күлкі). Мен бір дәмді сөз айтып, жұртқа тост көтертеді екен десем...

Қ а с ы м. Әй, періштем, асықпай қоя тұршы. (Күлкі). Айтам! Неге айтпаймын?! Менің тілім химиядан жасалды ғой дейсің бе?! Не перебивай, пажалыста! (Күлкі, даусын көтеріп жөтеліп). Жолдастар! Біз бүгін данышпан ақынымыз Абай атындағы алдыңғы қатарлы совхоздың ауыл ағасы, яғни председателі Асанның... деп үзіліп қалады.

А с а н. Қоя ғой, Қасым, қоя ғой! Әрі жағы түсінікті... (Күлкі). Балалар келе жатыр...

Мақсат бастаған бір топ қыздар, балалар кіреді. Айбар тұрады.

А й б а р (жастарға). Бәріміздің ұстазымыз Бағдаттың әкесі — Ғалым Ғабитович: "Армысыңдар, бейтаныс жас ұрпақтар" деген Пушкиннің сөзін қайталай береді (үнсіздік). Мен де сендерге, қалқатайларым: "Армысыңдар, бейтаныс жас ұрпақтар! Армандарыңа жетіңдер! Адаспаңдар!" — деймін. (Бәрі қол соғады. Балалар шығады).

Б а н у (Қасымға). Қасым, сен ренжіме, жарқыным! (Тұрады). Айбар! "Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң" демеуші ме еді?.. Махаббатқа бергісіз, махаббаттан да жоғары адамшылық достық деген бар. (Ұзақ үнсіздік). Біз табыстық достастық. Жастық қаншама желіктіргенмен, біз адаспадық. Біріміздің алдымызда біріміздің арымыз таза (үнсіздік). Жарқын жанды жан едің ғой, неге көңілсізсің?.. (Ұзақ үнсіздік). Айша, адамның жанын түсінуден күрделі есеп жоқ екен... Адам сезіміне абайлап қарау керек екен (ұзақ үнсіздік). Мына отырған Асан құрбыңның басынан өзімде жоқ өзгеше қасиеттер таптым, рахмет Асанға!.. (Ұзақ үнсіздік). Асан, сен ғафу ет. Кейбір жас адамдарға тән бейбастығы жоқ нәзік жанды, үлкен жүректі, саналы, сүйікті Бағдат мен үшін әлі сол қалпында. Енді оны мен ғана емес, менің семьям, менің ұл-қызым, менің халқым, Отаным сүйеді. Ол өз заманының, өз ғасырының аяулы азаматы болды. Ұлы Отанымыз талантты ұлын ұлы абыройға, Лениндік Сыйлықтың лауреаты деген ұлы даңққа ие қылды оны. Ол осындай зор құрметке бөленуді көп қиялдайтын еді, онысына жетті. (Қасымға) Қасым, сен қорқпа! Ендігі сөзді Бағдат алсын! (Барып радиодағы Бағдатты" "Қош, махаббат" әнін ойнатады, бәрі тыңдайды. Ән аяқталады).

Қош, махаббат! Қош, жастық! Сол үшін орнымыздан тұрайық замандастар!

Бәрі орындарынан көтеріледі.

Шымылдық

Соңы


Пікірлер (2)

Нұрдәулет

ПДФ варянтын қалай алсақ болады

Байланыс тел: +77718862290

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз