Мұқағали Мақатаев туралы өмірбаяндық мәлімет осы бетте берілген.
Бұл бетте автордың қысқаша өмірбаяны, негізгі деректері және шығармашылығына қатысты бөлімдер көрсетілген.
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.
Мұқағали 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ұлы жүз Албан тайпасының Шоған абыз ұрпақтары — Алжан руынан шыққан.
Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Ресми құжат бойынша ақынның туған күні 9 ақпанда тойланады. Ал ақынның анасы Нағиманның сөзінше: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші туған күніне байланысты мынадай сөз айтады: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен».
Азан шақырып қойылған аты — Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруашы, колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері — Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады ("Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?"). Мұқағалидің әкесі 1941 жылы Калининград майданында қаза табады.
1948–1949 жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факултетінің студенті;
1948 жылы оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы;
1949 жылы көктемде жары Лашынмен отау құрады;
1949 жылы "Советтік шекара" газеті ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала - Әкітай" деген өлеңдірін жариялады;
1950 - Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды;
1954 - Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды;
1957 - Республикалық радионың диктор қызметін атқарады;
1960–1962 - "Советтік шекара" газетінің бөлім меңгерушісі;
1963–1965 - "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істейді;
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962–1963 жылдары), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963–1965 жылдары), «Жұлдыз» (1965–1972 жылдары) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972–1973 жылдары) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі