Жасым тоқсаныңа таянғанда Мұқағалиым туралы естелік айтуды құдайдан сұраппын ба мен?! ...Тағдырдың ісіне шараң бар ма. Баламның жарық дүниемен қош айтысқанына да он алты жыл боп барады. Мен әлі тірімін.
Қырық бес жасында қыршын кеткен оның күллі қазақтың баласы боларын, ардақты ақыны атанарын, құдай ақы, туған шешесі мен де, өмірлік жары да, туған бауырлары да білгеміз жоқ, Көпшілік ел де кезінде білмеген шығар... Енді қарап отырсам, тыңдап отырсам, Мұқағалиымды аспанға көтеріп, өзі өлген соң еліне танытқан құдайдың берген таланты, өлеңінің қуаты шығар. Бұған да тәубе. Өзі тіршілігінде көрмеген құрмет пен қошаметті артыңда қалған біз — отбасы, жары мен балалары, бауырлары болып көріп жатырмыз. Қайсыбірін айтайын. Алатаудай айбарлымды ойласам, өзегім от болып жанады...
Мұқағали туралы білгісі келетін жастар, өлеңқұмар балалар маған жиі келеді.
— Апа, ағамыздың балалық шағы туралы, өскен жері жайлы, отбасы жөнінде айтып беріңізші. Осыны көп елдің білгісі келеді, — деп қолқа салады. Елі үшін керек нәрсе болса әңгімелеп берейін деп осы естелікті айтып отырмын, қарақтарым.
Алматы облысының Нарынқол ауданында Қарасаз деген жер бар. Торт жағын бірдей тау қоршаған жасыл жазықтың кең ортасында ол кезде бірнеше уақ-уақ колхоздар болатын. Елдің негізгі кәсібі — мал бағу. Аздап егіншілікпен айналысады. Атақты Шәлкөде жайлауының бір шеті Мұқағалидың өскен ауылына тиіп тұрады.
Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы еді. Колхозда сушы, шалғышы болып жүреді екен. Мен оның ауылымен іргелес жатқан Сарыбастаудың қызымын. Тағдыр айдап, дәм жазды ма, екеуміз үйленіп, жас отау болдық, Тиын деген енем бар еді. Мейірлі, кісілігі мол жан болатын. Жоқшылық замандағы көп қиындығымызды тең бөлісіп, жел жағымызға пана болып, мәпелеп өсірді.
Мұқағали тұңғышым болғасын ба, енеме табиғи болып, мені жеңге есебіне санайтын. Одан кейін Қалимахан деген қыз туып едім, үш жасында өліп тынды. Әлгіден кейін туған балам Қалибекті екі жасында жер қойнына тапсырдық... Өлген екеуінен кейін Тоқтарбай, Көрпеш деген екі балам бар. Мен қазір сол Тоқтарбайдың қолындамын.
Әлгінде айттым ғой, Мұқағалидың әкесі Сүлеймен деп. Ол өте жуас, шаруа адамы еді. Соғыс деген пәле басталғанда осы Қарасазда бір топ жігіттермен бірге майданға аттанды. Мұқағали онда он жаста. Ес кіріп қалған бала.
Міне, бүгінде ел ардақ тұтып, талантына тәнті болып жүрген оның бейнетпен белдесуі, әділетсіздікпен бетпе-бет келуі, өз бетінше болашаққа талпынуы осылай басталған. Оның жастық шағы қазір Мұқағали мұражайының деректірі болы отырған Әбдіке, комбайншы Сыдық, інісі Еркіндермен бірге өтті. Бастауыш кластарды Қарасаз өңіріндегі шағын ауылдарда оқып, орта мектепті аудан орталығы — Нарынқолдағы интернатта бітіріп шықты. Ауқаттылардың балалары Алматы асып, үлкен оқу іздеп жатқанында ол ауылдық кеңесте хатшы болып қызметке турды. Он төрт он бес жасынан жаза бастаған өлеңінен қол үзген жоқ, Төбесі ап-аласа үйге қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, бірінен кейін бірін оқитын да жататын.
Ауылдың атқа мінерлері сол кезде-ақ таңданатын. "Нағиман шеше, сіздің тентегіңіз осынша орысшаны қайдан үйреніп жүр" дейтін... Сөйтсем, өзін-өзі оқытыпты ғой шырағым.
Кейін ауылдағы мектепте де қызмет істеді. Содан аудандық газетке барды. Өлеңдері жиі жариялана бастады.
Содан не керек, 1962-жылдың жаз айында аяқ асты бұзылды. Мені жеңге орнына санап, Нақа дейтін. Бір күні аса көңілді қалпында:
— Ал, Нақа, бұйырса, алматылық боласың, көшеміз, — деді әй-шәй жоқ,
Шынымды айтсам, мен бұған нанбадым. Өйткені астанаға бала-шағамен көше қоятындай жинаған қорының жоғын білем. Екі інісі де, балалары да жас. Мен болсам, отырған бір масылмын.
— Сонда қайда барамыз? Үйді қайтесің, балам-ау, — деймін.
— Қорықпа, Нақа! Өлеңім өлтірмейді. Асырайды бәрімізді, — дейді маңдайы жарқырап.
Сөйтіп, ауылдан астанада көштік де кеттік. Дайын тұрған үй қайда. Тастақтан Шынықұл деген қазақ шалдың кішкентай екі ауыз үйін жалға алды. Рас, ол кезде пәтер ақы арзан. Ақша да тапшы. Балам радиода, газет-журналдарда қызмет істеді. Анда-санда мәз болып жаңа шыққан өлендерін көрсетеді. Ара-кідік болса да қаламақысын алып, мәре-сәре болады.
Кең жайлауда өскен адамға ығы-жығы қалада күн кешу қайдан оңай болсын. Қысылып-ақ жүрдік. Мен де, келінім Лашын да, Мұқағалидың өзі де сыр бермедік. Сөйтіп жүргенде біздің шаңырақ аяқ астынан шайқалды.
Мұқағалиымның Майгүл деген қызы жол апатынан жазым болды. Міне, осыдан бастап балам сендей бұзылды. Қатты күйзелді. Иығы түсіп, сылынып сала берді. Мінезінде де өзгеріс пайда болғандай болды. Сөйтсем, не кітабын шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай қиналып жүрген кезі екен ғой. "Жығылғанға жұдырық" дегендей, оған қызының өлімі қосылып, жүнжіп-ақ, кетті. Сөйтіп жүріп толассыз жаза берді. Не жазғанын қайдам...
Пәтер жалдап бірталай жыл әуре-сарсаңға түстік. Бірді-екілі жұқа кітаптары шықты. Қазір қай жыл екенін де ұмытын отырмын, Интернациональная деген көшеден екі-үш ауыз тас үй тигендегі қуанғаны әлі есімде.
Бізде әу бастан-ақ байлық көп болмаған адамдармыз. Әлгі әдемі үйге кіргендегі барымыз — Қарасаздан келген үлкен текемет. Соны ең үлкен бөлмеге жайып тастап бала ұқсап кеп аунайды Мұқағали. Жолдас-жоралары сол текемет үстінде отырып, жайылған дастарқаннан сусын-шараптарын ішеді. Бәріміз мәзбіз.
Бір күні балам мен келінімді бір ақын жолдастары шақырып әкетті де, мен үйде жалғыз қалдым. Тас үйде әрі отырып бері отырып ішім пысты. Содан жағалап есікті ашып, далаға шығып келе жатсам, орта жастағы бір денелі ер адам:
— Қайдан жүрген кемпірсің? Кімді іздейсің? — дейді.
— Ұрымын! Ал қайтесің, — дедім мен де қиқарланып.
Сөйтсем, әлгі менімен әзіл аралас сөйлесіп тұрған
Қуандық, деген үлкен ақын екен. Танысып-біліскен соң қояр да қоймай, үйіне ертіп кіргізді.
— Біз осында көршіміз. Мықты ақынның шешесі екенсіз. Қонағым болыңыз, — деп үйіне кіргізді. Ішім жылып қалды. Қанып шай іштім. Мұқағали келген соң көрші ақынның шай бергенін айттым. Ол балаша жадырап, мақтанып қалды...
Тоқсаның оңай жас па, тәйірі! Бірді айтып, бірге кетіп қалам: Мұқағалидың тіршілігінде мансап пен байлықтың қызығын көрмегеніне туған анасы — мен, жан жары Лашын куә. Бірақ, дәулетімді молайтайын, қызметімді жоғарылатайын деп басын қатырған емес. Кейде апталап үстелінен тұрмай өлеңмен арпалысқанда үйінде не бар, не жоққа назар да салмайтын. Сондайда Лашынға жаным да ашитын. Кейбіреулер: "ой, ол ондай еді, мұндай еді" дейтін де шығар. Баламның оны шаршатқан кезі болған жоқ деп қалай айтайын. Еркелеп кететін кезін де көрдік. Түнерген аспандай мұңды сәті де болатын. Қуанса өлең үшін, шыққан жаңа кітабы үшін қуанатын. Туған жері — Қарасазын мақтана айтатын. Ауылға жиі қатысуды армандайтын. Барын, еркелеп мауқын басып та турды. Ел. деген алтын бесік қой.
Жасы қырықтан асқан соң-ақ, не ауру екенін қайдам, әйтеуір бір дерт жабысты. Анда-санда тарығып отырып қиналғанын,ұйықтай алмай шыққанын айтатын. Ара-арасында ауруханаға жатып емделіп те жүрді. Қайтадан ауырды...
Өлерінен біраз жыл бұрын Мәскеу барып, әдебиетшілердің үлкен оқуын оқыды емес пе? Оны да тауысқан жоқ,..
— Олардың білетінін өзім де біледі екем. Алматымды сағындым. Балаларымның қасында болайын деп, кеттім де қалдым, Нақа, — деп, менің арқамнан қағып қоятын жарығым!.. Е, жалған дүние-ай.
Қай ай, қай жыл екенін де білмей турмын, әйтеуір қатты сырқаттанып жүрген кезінде әлгі атақты кәмпәзитір Нұрғиса деген балам екеуі табысыпты. Сонымен бір айға жуық бірге жүріп Мұқағали өлең жазыпты. Нұрғиса оның сөзіне ән шығарыпты. Оны кейін келінім мен балалардан естідім. Екі тентектің бірін-бірі тапқанын көрмеймісің. Қазір айтылып, қалың елге тараған көп әндер сол Тілендінің баласының үйінде туған дүниелер екен.
...Әне, тағы да бірін айтып, біріне кете берем. Кейде менен өлеңге жақын балалар, тілшілер жиі сұрайды:— Апа, ақын балаңыздың өмірінің соңғы кезі жайлы есіңізде не қалды — деп.
Бір байқағаным, ауру жанына батқанда қатты күйзеліп-ақ жүрді. Әншейінде тау тұлғалы шырағымның еті қашып, ірі сүйектері саудырап сала берді ғой. Несін айтайын... Әйтеуір қаламын қолынан тастаған жоқ, Оңаша үйде күбірлеп, сөйлеп, толғатқан анадай күй кешкен кездерін де көрдім. Сөйтсем, мына жалғаннан арғы ауылға аттанатынын сезіп, соңына сөзін қалдыру қамымен жанталасқан екен ғой жазған бала?!.
"Айналдырған ауру алмай қоймайды" дегендей, арыстай азаматымыздан айырылын та тындық, Бұл — 1976-жылдың 27-наурызы болатын. Құдайдың құдіреті шығар, иә болмаса баламның талантының арқасы ма, өлген күннен бастап қалың ел қара нөпір болды да кетті. Шынымды айтсам, пәлендей мансабы болмаған, көп құрмет те көрмеген баламның жаназасы қалың көпшіліктің қабырғасын қайыстырар деп ойламаппын. Өзінің Қарасазынан ағайын-туыстары, аудандық газеттегі бауырлары, нағашы жұрты мен қайын жұртынан, осы Алматыңнан көп адамдар жиналды.
Мұқағалиымның өлімі тұсында да қамқоршы ақын ағасы Әбділдә істің басы-қасында болды. Бәрін өзі басқарды.
Айтпақшы, Қарасаздан ішсін жоқтап келген бауырлары, Қали дейтін ағасы бар, бәрі ақылдаса келіп Мұқағалидың, сүйегін өзінің туған жеріне — Қарасазына алып кетеміз дегенге шықты. Оған Әбділдә ақын басу айтып, елмен мәмлеге келді.
— Жігіттер, — деді ол — мына арыстан болып жатқан ақын бір ғана Қарасаздың баласы, сол ауылдың ақыны емес. Бұл дегенің қазақтың маңдайына біткен санаулы жыр жұлдыздарының бірі және бірегейі. Мұқағалиды Кеңсайдағы киелі ағаларының қасына қоямыз. Бұған келісім беріңдер. Бала сіздердікі болғанымен, ақын қазақ халқынікі!
Сонымен талай жайсаңдар мен жақсылардың мәңгілік бесігі болған Кеңсайдың құшағында жатыр менің құлыным...
Нағиман Батанқызы
Ақынның анасы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі