Өлең, жыр, ақындар

Қадірі биік қара шаңырақ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі жетекші ұлттық университеттерінің бірі де бірегейі. Бүгінде 84 жылдық тарихы бар университет негізі 1934 жылдың 15 қаңтар айында қаланды. Халқымыздың «Елу жылда ел жаңа» деген керемет мақалы ҚазҰУ-дың кешегі мен бүгінгі өмірінің, жетістіктерінің айғағы. Зымырап өткен уақыттың ырқына бағынбай, сол дәуірдегі абыройына дақ түсірмей, керісінше күн санап дамып келе жатқан ҚазҰУ бүгінгі күнде әлемдік университеттердің қатарында. Университет бүгінде жан-жақты даму процесін басынан өткізіп жатыр. Олай дейтін себебіміз, күн санап бұл университетте өзгерістер мен жаңартулар орын алып, жаңа құрылыс нысандары пайда болуда. Ондағы білім процесі де жаңартулар мен даму үстінде. Әрине, мұның бәрі студенттердің игілігіне қызмет етуге бағытталуда. Мәселен, ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Айналаңды нұрландыр», «Жүз кітап», «Green campus», «Тәні саудың – жаны сау» жобалары студенттердің  білімге деген құлшынысын арттырып, олардың тәрбиесіне игі әсерін тигізері анық. Университетте 14 факультет болса, солардың барлығы да бір кісідей жұмылып, осы игі іс-шараларға ат салысуда. 

Бүгінгі таңда ҚазҰУ Қазақстанның және ТМД-ның жоғары оқу орындарының арасында ғана емес, сонымен қатар халықаралық рейтингте де жетекші орынға ие болды. Мысалы, GreatValueColleges атақты халықаралық ұйымының рейтингі бойынша ҚазҰУ әлемдегі ең озық 50 технологиялық  университеттердің бірі болып 31-орынды иеленіп, рейтинг бойынша тек ТМД елдерінің ғана емес, сондай-ақ Шығыс және Орталық Еуропа елдерінің жалғыз өкілі болып табылды. Оған қоса, өткен жылғы халықаралық рейтинг бойынша тағы бір сатыға көтеріліп, Орталық Азия айма­ғы мен Қазақстан жоғары оқу орын­дары арасында алғашқы болып әлемнің 250 үздік уни­верситеті қатарына енді.

Ұлы­британияның беделді рейтингтік агенттігі­ World University Rankings QS зерттеу қорытындылары бойынша, Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті 220-орыннан көрініп, әлемнің 800 үздік университеті қатарында 236-орынға ие болды. Тағы бір айта кетерлік жәйт, бұл топқа ТМД елдерінен екі ЖОО – Ломоносов атындағы ММУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана кірді. Осылайша, жетекші қазақстандық уни­верситет Орталық Азия мен ТМД-дағы теңдессіз көшбасшылығын тағы да дә­лелдеді.

Сонымен қатар ҚазҰУ мемлекеттік білім беру тапсырыстарының (оқытуға арналған гранттар) саны бойынша көшбасшы екенін атап өткен жөн. Университеттегі мемлекеттік білім беру гранттарына қосымша жыл сайын ректор гранттары да беріледі. Сондай-ақ, ҚазҰУ-да ақылы оқыту үшін жеңілдік пен жеңілдіктердің икемді жүйелері бар.

Осындай мол жетістіктер мен іс-шараларды өткізу университеттің үдемелі дамуының жаңа белесі, жаңа жетістіктерге жетудің мықты қозғаушы күші болмақ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы алға қойып отырған жаңа міндеттерді бар күш-жігерімен орындап, Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына қосуға өз үлестерін қосатыны анық. Қазақ ұлттық университетінің сапалы білім алуға және өз саласында кәсіпқой болуға жоғары деңгейде мүмкіндік беретін білім ордасы екендігігін толық сеніммен айтуға болады.

Философия ғылымдарының  докторы, профессор Габитов Т.Х.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  «Мәдениеттану» мамандығының  магистранты Жексембі Ә.А.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз