Өлең, жыр, ақындар

Кім жақын? Не қымбат? Не қиын?

Қаздауысты Қазыбектің тапқырлығы мен шешендігін өз құлағымен естіп, көз жеткізігісі келген бір білгір адам оған: Кім жақын? Не қымбат? Не қиын? деген үш сұрақты қатарынан қойса керек. Сонда Қазыбек би оған былай деп жауап қайырған екен деседі:

Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса інің жақын,
Инабатты болса, келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асын,
Қимас жақын – қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын.
Адал болса, досың жақын.
Еркелейтін немерең жақын,
Өз ұрпағың - шөберең жақын.
Жан серігің жас кезіңнен
Бәрінен де әйелің жақын....

Алтын ұяң – отаның қымбат,
Құт берекең – атаң қымбат,
Мейірімді анаң қымбат,
Асқар тауың – әкең қымбат,
Туып өскен елің қымбат,
Ұят пен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат...

Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын,
Дәл осындай жағдайда,
Пана болмас өз үйің.
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын.
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өр қиын,
Тентек болса ұл қиын,
Не істеріңді біле алмай
Ашиды сонда бос миың.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз