Өлең, жыр, ақындар

Бұзаубайдың тапқырлығы

Бір күні Бұзаубайдың үйіне бір топ жолаушы түседі. Бұзаубай кедейлігіне қарамастан барын қонаққа тосатын жомарт адам екен. Қонақ келген соң әйеліне:

— Барың болса қимылда, бәйбіше, — дейді Бәйбішесі үйде қонаққа берерлік ештеңенің жоқ екенін ескертеді.

Қысылған Бұзаубай жүгіріп Нығмет деген саудагердікіне барады. Нығмет Бұзекеңнің тағы да өзінен бір нәрсе сұрайын деп тұрғанын сезіп, жақтырмаса да:

— Не жұмыспен мезгілсіз жүрсің? — дейді.

Сонда Бұзаубай тұрып:

— Жәй келдім, түк жұмысым жоқ. Біздің үйде шай да жоқ, шай сұрайтын жай да жоқ. Біздің үйде ет те жоқ, ет сұрайтын бет те жоқ. Біздің үйде нан да жоқ, нан сұрайтын мен сияқты жарлыға ертең болмаса, бүгін атар таң да жоқ, — деп шығып кетіпті.

Бұзаубайдың тапқырлығына разы болған Нығмет саудагер оның үйіне керекті заттарын бергізіп жіберген екен.

***

Бұзаубай шешен жолаушылап жүріп, бір байдың үйіне түседі. Бай бәйбішесіне:

— Мына кісіге көже бер! — дейді.

Бәйбішенің көжесін апыл-құпыл жұтқан Бұзаубай байға бата береді:

Байеке, көже бердің удай,

Қатығы жоқ судай.

Бала-шағаң үйіңнен,

Жүгіріп шықсың шулай...

— Ойбай, бұл өлең елге жайылып кетпесін! — деп, бай бақырып қоя береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз