Өлең, жыр, ақындар

Алтын құйрықты жылан

Ерте, ерте заманда бір қыстақта Айсұлу атты әйелдің сіңірі шыққан күйеуі мен жеті ұлы болыпты. Жеті баланы бағу үшін Айсұлудың күйеуі Құдайдың құтты күні атызға барып, еңбек етіп, түн жамыла оралса, Айсұлу әр күні табанынан тозып, өзеннен су тасып, тоғайдан отын әкеліп, тамақ жасау сияқты күні бойы үй жұмысын істеп, жанына әмір болмайды екен. Ал, олардың жеті ұлының жалқаулығына жаһан да жан жетпейді екен. Күйзелген күндерінде де әке-шешесіне олардан қайыр болмапты. Қасірет шеккен ана Құдайдан құлшылық қылып, құлдық ұрыпты: «Құдай-ау, бізге тағы бір бала бере гөр! Берген балаң қара жанымызға қайырымды болсын» деп тіленіпті. Күндердің бірінде Айсұлу жүкті болыпты. Бала көреді. Көрген баласы — бала емес, салақұлаш жылан болып шығыпты. Оның үстіне ол туыла салысымен жер бауырлап, үйден шығыпты да тоғайға еніп, ғайып болыпты. Ежелден сормаңдай Айсұлу өзінен туған баланың бала емес, жылан екенін, оның тағы кетіп қалғанын көріп, тіпті де қайғыға батыпты. Сөйтіп, өзінің бақытсыздығына бола, бірнеше күн көзінің жасы құрғамапты. Бір күні Айсұлу түс көріпті. Түсінде жылан баласы өзінің қойнында жатқан екен: «Шеше, мен үшін мұнша қайрат шеккеніңіз не? Мені қарғыс атқан. Сондықтан жыланға айналып, туылып отырмын» депті баласы. «Қандай қарғысқа қалып едің?» — деп сұрапты Айсұлу. «Мен бұрын байлығым басымнан асқан адам едім. Сол дүниеден ешқашан да жан пендеге, тіпті ақ сүтін емізген анама да соқыр жармақ ұстатпадым. Байлығым басымнан асып, төгіліп жатса да шешем аштықтан өлді. Менің бұл күнәмді қара жер көтермейді ғой. Сондықтан менің аруағым жыланға айналып, бұл дүниеге қайта келіп, бармағымды тістеп отырмын. Ендігі жерде мен әр күн сайын сізге бір сүйем алтын, беріп күнәмді жумақпын» дейді жылан. «Бір сүйем алтын дейсің бе?» деп сұрапты Айсұлу. «Солай, әр күні бір сүйем алтын берем. Ертеңнен бастап мен әр күні үйге келіп, бір шыны сүт ішем. Сүтті ішіп болған кезде, сіз менің құйрығымнан бір сүйем кесіп алыңыз. Ол дереу алтынға айналады» депті жылан. «Балам-ау, бүйтсем сен бейнет көресің ғой» депті Айсұлу. «Жоқ, шеше, ол маған бит шаққан құрлы да болмайды» депті жылан. Түсінен оянған Айсұлу жылан үйдің бір бұрышында жатпасын деген оймен төңірегін байқастыра бастапты. Бірақ олай болмай шығыпты. Көрген түсі сол қалпы есінде қалған Айсұлуға жыланның сөздері растай сезініпті. Келесі күні ол шылпылдаған шіпілдеген бір шыны сүтті еденге қойыпты да жыланды тосып отырыпты. Көп өтпей жылан жер бауырлап келіпті де сүтті іше бастапты. Ішіп болған соң шешесіне қарапты «Құйрығымнан бір сүйем кесіп ал» деп тұрғанын біле қойған Айсұлу, пышағын алады. Бірақ қолы қалтырап кетіпті. Осы кезде түсіндегі ең соңғы бір ауыз сөз есіне түсіп, пышақты алып, сілтеп қалғанда жыланның кесілген бір сүйем құйрығы дереу алтынға айналыпты. Онан соң жылан шығып кетіпті де тоғайға еніп, ғайып болыпты. Содан бастап жылан баласы әр күні таңертең келіп бір шыны сүт ішкен соң Айсұлу оның құйрығынан бір сүйем кесіп алып тұрыпты. Сөйтіп, олардың көзі ашылып, ауыздары асқа, иіндері киімге жарыпты. Айсұлудың жеті ұлы жер-көкке сыймай, ақшаны суша сапырып, көл-көсір жұмсапты. Ақыры аяқтап келгенде әр күні бір сүйем алтын олардың жұмырына жұғым болмайтын болыпты. «Бізге тағы да ақша керек» депті олар шешелерін етектеп. «Күндігіміз бір сүйем алтын болып жатыр ғой, соған да шүкіршілік еткеніміз жөн болар», — депті Айсұлу. «Егер жылан інімнің құйрығынан молырақ кесіп алсаңыз да, оған титімдей де ауырсынбайтынына, біздің жоқшылығымызды түсінетіндігіне көзіміз жетеді. Оның үстіне, ол бізге қуана қол ұшын беретіндей болып тұрады» депті үлкен ұлы. «Болмайды, — депті Айсұлу, — бүйтсе болмайды, одан артық кесе алмаймын!» Бірақ ұлдары етегінен алып, Құдайдың құтты күні жармасып, оның құлағына маза бермепті. Мазалап, жанын қоймаған соң күндердің бірінде Айсұлу оларға амалсыздан мақұл болады да «жыланның құйрығынан бір сүйемнен артығырақ кескенге ештеңе бола қоймас» деген ойға келеді. Келесі күні келген жыланның алдына ол тола бір шыны сүт құйып береді. Жылан сүтті ішіп болған соң Айсұлу пышақпен жыланның құйрығынан бір сүйемнен артық жерін кесіп алады. Кескен жерден қан бұрқ ете түсіпті де, әне-міне дегенше, жылан өліп қалады. Мең-зең боп қабырғасы қайысқан Айсұлудың зәре-құты ұшады. Жеті ұлы үйге кіріп келсе, шешесінің ботадай боздап отырғанын көреді. Жердегі жыланның кесілген құйрығын алып қараса, алтын емес, нағыз жыланның құйрығы болып шығады. «Ойбай-ай, алтын құйрықты інімізден айырылғанымыз, осы-ау» десіп шулап қоя беріпті олар. Сөйтіп, қанағатсыз жеті ағасы құйрықтарымен жер төпештеп, өгіздей өкіріп қалған екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер