Хусейін қазының терезесінің түбіне келіп, екі жаман киімді тіленші:
— Құдай үшін, қайыр беріңіз, — деді.
— Құдай өзі берер, барыңыз, — деді қазы.
— Пайғамбар ақы үшін.
— Ей, тіленшілер, енді басымды ауыртпай кетіңіз, — деп ашуланып, қазы оқып отырған кітабын жерге атып ұрды.
— Аһ, қазы, бейшарашылыққа бір нәрсе берсеңші, — деп тіленшілер кетпей, жылап тұрды.
Сонда қазы ыза болып, ұшып тұрып, жұмыскерлерін шақырып бұйырды:
— Мынау бір-екі қыдырындыны зынданға тастаңыз, — деп. Бірақ ол арада тіленшілер жоқ болып кетті.
Мұнан соң үш күн өткен соң, қазыға көп қонақтар келіп, той болды. Қазының үйінің іші жарқыраған алтын, шамасыз сәулет, өзі терезесін ашып, сол терезе түбінде мүфтимен әңгімелесіп, көзін Бағдаттың қаласына салып отыр екен, сол уақытта терезе тұсына анакүнгі екі тіленші тағы келді.
— Қуаныштарыңыз қайырлы болсын, қазы, осы қуаныш үстінде бізді де бір нәрсе беріп қуантыңыз, — деп жылап тұрды. Сонда қазы қасындағы мүфтиге айтты:
— Осы екі қыдырынды тіленшілер екінші рет келіп беймаза етеді, қалипа қазіреті осындайларға жаза бұйырмайды. Сөйтсе де, бұл жолы бұйрықсыз да болса, осы екі тіленшіні ұстатып кісендетемін, Бағдаттай қаланың сынын бұзып, қыдырып жүрмесін, — деп, адамдарын шақырды.
Сол уақытта екі тіленшінің өздері үйге кіріп келіп, үстіндегі ескі киімдерін тастап, біреуі айбатты дауыспен ақырды:
— Қазы, мен сені қазы қойғанымда жұртқа қайырлы, байға, жарлыға бірдей, ақ-сарағат би болар ма екен деп үміт етіп едім, бұл жаңылысыма тоба қылдым. Жапар! Мынау оңбаған құртты алып, әділдікпен жазасын бер, жұртым көріп-білсін патша құрығы ұзын екенін, ерте ме, кеш пе қылған жамандық патшаға білінбей қалмайтынын, білінсе үлкен-кішілікке қарамай, жаза тартатын, — деп.
Жыйылған қонақтар бұларды танып, аяқтарына құлап жығылысты. Тіленші болып келіп жүрген Һарунрашит деген қалипа патшасы, қасындағы Жапар деген уәзірі екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі