Орынбордың қасындағы тама Сейіт Қоңырбаев менмен, орыс мінезді кісі екен. Соның мінезін есіткен соң, Есмағамбет әдейі іздеп барыпты.
Түс кезі екен, ат-арбасын басқа жерге қойып, есік қақпастан Сейіттің өзі отырған үйге кіріп барса, Сейіт зал үйінде, екі қолын қалтасына салып ерсілі-қарсылы жүр екен.
Келген Есмағамбетті кісі екен демей, жүрген күйі, теңселіп жүре береді. Екі қолын қалтасына салып, Есмағамбет те жүреді. Сейіт стол үстінде жатқан шылымын алып тартса, ол да алып тартады. Сейіт диванға отырса, ол да отырады.
Ақыры шыдай алмай Сейіт:
— Кімсің, неткен адамсың? — дейді жекіріп.
— Адам емеспін. Әзәзілмін. Сенің желкеңе мініп, адамзаттан бездірдім. Адам атаны бейіштен бездірдім. Енді екеумізден басқа жан жоқ, серуендеп жүрген жоқпыз ба? — деп бұл да қатты сөйлейді.
Сейіт аңырып азырақ тұрады да:
— Ақсақал, құлдық, кешіңіз! — деп қолын алады.
Жөнін сұрап, Есмағамбет екенін біледі. Қонақ қылады.
Тәубаға келгендей болады.
— Тақсыр, мен осы жасқа келгенше мұсылмандыққа лайық іс етіп көргенім жоқ, маған да бейіш нәсіп болар ма екен? — дейді пір тұтынып.
— Неге болмасын, мұсылманның ешқайсысы да дозақта қалмайды. Өзің зекет беруші ме едің? — деп сұрайды Сейіттен.
— Жоқ.
— Намаз оқисың ба?
— Жоқ.
— Ораза ұстайсың ба?
— Жоқ.
— Қайыр-садақа беретін бе едің?
— Жоқ, — дейді Сейіт.
— Кестірілген бе едің? — дейді ақын кекесін түрде.
— Е, жас баласын қазақ піштірмей тұра ма? Ол ата-ананың ісі ғой, — дейді Сейіт.
— Ендеше, саған дозақ түгіл, дәнеме де жоқ. Ғарасатта сенің мұсылмандығыңа шек келтірсе, соныңды көрсетпейсің бе? — депті кекетіп.
Өмірі мұсылмандық білмеген Сейіт Есмағамбеттің сөзінен жығылып, қайыр-садақа беріп, барған кісімен сөйлесетін болыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі