Өлең, жыр, ақындар

Асқар Тоқмағамбетов

Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, бұрынғы 18-партия съезді атындағы кеңшар — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

1932 жылы Москва полиграфия институтын бітірген. "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") (1927-30), "Ленин жолы" (Қызылорда, 1933—34), "Қазақ әдебиеті" (1934-35), "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") (1937-1944) газеттерінде, "Ара" журналында қызмет істеді. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент (1935—37), Қызылорда (1944-52, 1957-62) облысаралық бөлімшелерінің жауапты хатшысы болды.

1925 жылы "Ленин суретіне" атты өлеңі тұңғыш рет "Еңбекші қазақ" (казіргі "Егемен Қазақстан") газетінде жарияланды.

Алғашқы өлеңдер жинағы ("Еңбек жыры", 1928) шықты.

Таңдамалы шығармаларының жинақтары бірнеше рет (1932, 1933, 1945, 1953, 1957, 1962, 1965, 1975) жарық көрді. Тоқтағамбетов ақындық жолының алғашқы кезеңінде (1925—30) отаншылдық тақырыбына арналған шығармалар жазды. 2-дүниежүзілік соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достастығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті. Тоқтағамбетов қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан. Оның поэмаларын тақырыбы, түрі жағынан төрт топқа бөлуге болады: кеңшар, ауыл өмірі; елге еңбегі сіңген тарихи адамдарға арналған шығармалары; Отан қорғау, ерлік; халықтар достығы тақырыптары.

Ақын лирикасының бір саласы — 1930—40 жылдары жазылған

"Біздің Сәуле",

"Қош аман бол",

"Бәтиманың хаты",

"Күт мені",

"Сүйген жарға", т.б. әнге арналған өлеңдері. Тоқмағамбетов проза жанрында да жемісті еңбек етті. Ы.Жақаев өмірін бейнелейтін

"Қыран тұғырдан ұшады",

Қазан төңкерісі қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін

"Ақмоншақ" (О.Бодықовпен бірге) повестерін жазды. Қаратау мен Сыр өңірі қазақтары тұрмысынан жазылған

"Әке мен бала" романын кейін кайта толықтырып,

"Қарбаласта" (1975) деген атпен жариялады. Тоқтағамбетов — 19 ғасырда өмір сүрген қазақ ақындары туралы

"Жыр күмбезі" (1975) атты тарихи романның авторы. Ақынның алғашқы сатиралық өлеңдер жинағы

"Күлкі-сықақ" 1929 жылдары басылды. Тоқтағамбетов

"Әзірет Сұлтан",

"Семафор ашық",

"Екі заң" атты драмалық шығармалар,

"Бәріміз де сондай болсақ" киносценарий де жазды. С. Айнидің "Құлдар" романын қазақшаға аударды (1953).

1-дәрежелі Отан соғысы, 3 рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған


Қарап көріңіз