Өлең, жыр, ақындар

Сәуірбек Бақбергенов «Құрманғазы»

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы

Бәйтерек ауылы

Әл-Фараби атындағы орта мектебінің

Бастауыш сынып мұғалімі: Избасарова Гульмира Олжабайқызы

Ана тілі. 4-сынып.

Сабақтың тақырыбы: Сәуірбек Бақбергенов «Құрманғазы»

Сабақтың мақсаты:

  1. Оқушыларға Сәуірбек Бақбергеновтың «Құрманғазы» атты әңгімесі бойынша қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының өмірімен таныстыру. Кеңінен мағлұмат беру.   
  2. Оқушылардың оқып, өздігінен ізденіп жұмыс істеуге баулу. Байланыстырып сөйлеуге, ойын тұжырымдай білу қасиетін дамыту.
  3. Отан сүйгіш, елін қорғайтын, өнерін сыйлайтын азамат болуға тәрбиелеу.  

Сабақтың көрнекілігі:

Тұрар Рысқұловтың портреті, Құрманғазы портреті, суреттер, географиялық карта, әдеби кітаптар, слайдтар.

Сабақтың типі: Кіріктірілген аралас сабақ.

Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, талдау іздену, көрнекілік т.б.

Сабақтың құрылымы:

1. Ұйымдастыру - 2 мин

2. Үй тапсырмасын тексеру - 5 мин

3. Білімін тексеру - 3 мин

4. Мақсат қою - 1 мин

5. Материалды түсіндіру - 20 мин

6. Жаңа сабақты түрінгенін тексеру - 10 мин

7. Бекіту - 3 мин

8. Үйге тапсырма, бағалау - 1 мин

Сабақтың барысы:                

1) Ұйымдастыру

Сарыарқа күйі

2) Үй тапсырмасын тексеру:

Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» романынан үзінді. Бала Тұрар. Тұрар Рысқұловтың өмірі жайында оқушылардың түсініктерін сұрау, үзіндінің  мазмұнына шолу жасау. Өздік жұмыстарын тексеру.

3) Білімін тексеру

Карточкамен  жұмыс

№1. Мұғалім картадан қандай елдерді көрсетті.

№2. Тұрардың фамилиясы Қырғызбаев болып өзгерген себебін білесің бе?

№3. «Сибирь» деген кезде Тұрар неге елең ете қалды? Сахалин аралын неге сұрады деп ойлайсың?

№4. Әңгіме соңында жазушы қоңырау сылдыры неге ұқсап кетті деп жазады? Бұл сөздің астарынанне түсіндің?

№5. Тұрар бейнесін көз алдыңа елестетіп, сипаттап бере аласың ба?

Қазақ халқы осы бейбіт өмірге қол жеткізу үшін көптеген қиыншылықтарды басынан өткізді.Мысалы:

Ұлт-азаттық  көтерілістер

1.Сырым Датұлының басқаруымен отаршылдық қақарсы қозғалыс (1783-1797);

2. Әулиеата уезіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс;

3. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ұлт-азаттық қозғалысы (1836-1838);

4. Кеңесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісі (1837-1847);

5. Жанқожа Нұрмұхамедұлының көтерілісі (1856-1857);

6. Есет Көтібарұлының қозғалысы (1868-1869);

7. Маңғыстаудағы шаруалар қозғалысы (1870).

Тұрар Рысқұлов Әулиеата уезіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған. Мемлекет және қоғам қайраткері.

4) Мақсат қою:

Сәуірбек Бақбергеновтің «Құрманғазы» әңгімесі.

Сәуірбек Бақбергенов 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген, Түркістан мектебін, Түркістан педучилищесін бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. «Менің досым», «Өзіміздің жігіттер», «Бозторғай», «Алтын күрек», «Қайран шешем» т.б шығармалары бар.

Құрманғазы кім? (оқушылардың жауаптарын ескере отырып Құрманғазы жайында мағұлмат беру)

5) Материалды түсіндіру:

Ал, Құрманғазы Сағырбайұлы қазақтың ұлы күйші-композиторы, Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы Бөкей хандығына қарасты, Жиделі деген жерде дүниеге келген. 6 жасында байдың қозысын бағып, қолдан жасаған домбырасын қалдырмай естіген әуенді домбыраға салып отырды. Далада жүріп судың сылдыры, желдің суылы, құстың шырылы, көктің күркірегенін түгел домбыраға салып шертіп отырды. Құрманғазының өмір сүрген уақыты мейлінше қиын кезең еді. Оған «Патшаға қарсы халықты үгіттеді» деген кінә тағылып, екі рет тұтқындап түрмеге жапқан. Құрманғазы өз туындыларында Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Күйшінің қатал тағдырдың талқысына түскен бір сәті Жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың «Құрманғазы» деп аталатын әңгімесінде баяндалады.

Оқулықпен жұмыс:

Слайдтарды пайдалана отырып, әңгімені түсіндіру.

Дина Нүрпейісова жайында қысқаша мағлұмат беру.

Музыка пәнінің мұғалімі:Ибрагимов Қажымұрат

Құрманғазы шығармашылығы және «Қайран шешем» күйінің шығу тарихы жайында қысқаша мағұлмат беру.

Сергіту сәті : «Қайран шешем» күйін орындау.

Оқушыларға әңгімені тізбектей оқыту

Сөздік жұмыс: (слайд )

                      Суыт - асығыс

                      Кілтипандарын - құпиясын

                      Жігері құм болды - дәрменсіз күйге түсті

                      Құқай - қиындық

                      Шылау - жүгеннің шаужайы, шылбыры.

6) Жаңа сабақты түсінгенін тексеру:

1. Құрманғазы Динаға қандай әңгіме айтты? Күйшінің бұл әңгімесінен оның өмірі жөнінде не түсіндің?

2. Құрманғазының анасына арнап шығарған күйі қалай аталады? Бұл күйді қай кезде шығарған?

3. Күйшіні не үшін тұтқынға алды деп ойлайсың?

4. Құрманғазыны тұтқынға алып, қолын байлаған кездегі Динаның көңіл күйі қандай болғанын мәтіннен тауып оқы.

5. Құрманғазынынң түрмеге кетердегі сөзін дауыс ырғағына келтіріп оқы. Бұл сөзді оқығанда өзің қандай сезімде болдың?

7) Бекіту:

Құрманғазының Кенжнге айтқан соңғы өтініші  қандай еді? (оқушылардың жауабы, әңгімеден тауын оқу, дәптерге жазу), (Слайд).

-Түрмеде жатып домбыра тартқан не сәнім, оның үстіне ең болмаса домбырама арам қолдары тимесін, алып қал, Кенже, домбыраны! Динаға бер, Динаға! Дина тартсын мен келгенше...

Қазіргі кезде Құрманғазының құрметіне қалаларда көшелер аты берілген, көптеген ескерткіштер, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы бар. (слайд)

Көрнекілікпен жұмыс: Күн сәулелеріне Құрманғазының күйлерін орналастыру.

Мысалы:Адай, Сарыарқа, Кішкентай, Балбырауын, Қайран шешем, Аман бол, шешем аман бол, Кісен ашқан, Көбік шашқан.

8) Үйге тапсырма:

           1. Әңгімені түсініп оқу

           2. Құрманғазының күйлерінің атын дәптерге толықтырып жазу.

           3. Құрманғазы жайында мәліметтер жинақтау.

Бағалау.


Пікірлер (2)

Мерей

Құрманғазы неге қарсы күресті

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз