Павлодар қаласы
Қ.Бекқожин атындағы №12 жалпы орта білім беру мектебі
Жинақты құрастырған: Иманбаева А.Қ
Түсінік хат
Бастауыш білім берудің базалық пәннің бірі қазақ тілі. Бұл тапсырмалар пәнді оқытып-үйретуде қалыптасатын білім, білік, іс-әрекет тәсілдерін қалыптастырушы болып табылады. 4 сыныптарда тілдік ұғымдар біртіндеп күрделене түседі. Бұл материалдар балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты тілдік фактілерді байқату, салыстыру, жаттығу және көрнекілік әдістері арқылы берілген. Бұл әдістер қазіргі дамыта оқыту талабына сай қолданылады. Бұл үшін сабақта төмендегі мәселелерге баса назар аудартылады:
Бұл жаттығулар оқушылардың оқу-танымдық қызметін басқаруға мүмкіндік береді. Білім алушының өзін көрсетуіне, жолдасының пікірін ескеруіне, қарым-қатынас жасауына, стандартты емес жағдайда өз білімін қолдана білуіне ықпал етеді.
Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың өз бетімен стандартты емес, шығармашылық, тапсырмалардың қабілеттерін қалыптастыруды, жаңа амал-тәсілдерді практикалық бағыттағы тапсырмаларды орындауды көздейді.
Тапсырма № 1
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Қосаяқ
Қосаяқ – кішкентай кеміргіш аң. Шөлді, жазық жерлерді мекендейді. Ол - өте секіргіш аң. Басына төнген қауіптен қашқанда бірнеше метр жерге оңай секіреді. Қосаяқ – құс сүйекті жануар. Күні бойы інінде ұйықтап жатады. Кешке қарай жем іздеуге шығады. Дән және шөптердің тамырымен қоректенеді. Қосаяқтар – түнде қоректенетін жануар.
1. Соңғы сөйлемнен қатаң дауыссыз дыбыстардың астын сыз.
2. Мекендейді, қоректенеді сөздерінің тасымалдану жолдарын көрсет.
3. Бірінші сөйлемді сөз таптарына талда.
Тапсырма № 2
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Сырғанақ
Қыс мезгілі. Қар қалың жауған. Балалар үйдің артына қар үйді. Омар мен Қасен қарды тегістеді. Сәлім мен Төкен қардың үстін сулады. Ертеңіне сырғанақ дайын болды. Балалар түстен кейін сырғанауға келді. Олар шанамен сырғанады. Әлия мен Анар бір шанаға отырып сырғанады. Сырғанақтың маңы өте көңілді. Біреулер құлап жатыр, біреулері күліп жатыр.
1. Мына сөйлемнен бастауыш пен баяндауышты тауып астын сыз. Балалар түстен кейін сырғанауға келді.
2. Мына сөздерді сөз құрамына талда: балалар, шанамен, үйдің, қардың.
3. Мәтіндегі екінші сөйлемді сөйлемнің айтылуына қарай бөліну түріне түрлендір.
Тапсырма № 3
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Марқакөл
Ертіс өңіріндегі көрікті әрі табиғаты бай өлке – Марқакөл көлінің аймағы. Марқакөл теңіз деңгейінен бір мың төрт жүз отыз төрт метр биіктікте. Оның тереңдігі жиырма жеті метр. Басты байлығы – қызыл балық. Айналасындағы орманда аңдар мен құстардың алпысқа жуық түрлері бар.
Қазір ол жер Марқакөл қорығы болып есептеледі. Өлкенің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қорғауға алынған.
1. Басты байлығы – қызыл балық.Сөйлемінен тұрлаулы мүшелерді тауып, астын сыз.
2. Соңғы сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.
3. Мына сөздерді сөз құрамына талда: байлығы, қорығы, өлкенің.
Тапсырма №4
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Аю мен бөрене
Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болады. Ағаш басындағы бал арасына тамсана қарады. Оны жегісі келді. Ағаш басына өрмелеп,ұяға жақындады. Ілініп тұрған бөрене кедергі жасады.Ұяға ұмтылған аю бөренені итерді. Ары серпілген бөрене өз салмағымен қайта оралды. Аюдың басына сарт ете қалды. Ештеңеден хабарсыз аю жерге топ ете қалды.
1. Тамсана, өрмелеп сөздерін сөз құрамына талдау.
2. Орман сөзіне жұрнақ, жалғау жалғап жаз.
3. Ағаш басындағы бал арасына тамсана қарады. Сөйлем мүшелеріне талда.
Тапсырма №5
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Тау өзені
Ауыл жанында өзен бар. Өзен беті мөлдірейді де жатады. Түбі малта тас, лай болмайды. Күн жылынған бойда ауыл балалары өзенге барады. Оның күнгей жағасындағы көк майсалы жерде ойнаймыз. Көк майса бейне кілем жайғандай жұп-жұмсақ, әрі майда. Осы бір кішкене тау өзені болмаса, басқа жерлерде шомыла алмаймыз. Сондықтан осы өзен бойында отырған біздің ауыл балаларының суда жүзбейтіні болмайды.
1. Болымсыз етістіктерді теріп жаз.
2. 1,2 сөйлемдегі сөздерді дауыссыз дыбыстар түріне ажыратып жаз.
3. Мөлдірейді, жүзбейтіні сөз құрамына талда.
Тапсырма № 6
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру.
І Деңгей
Ақбауыр
Бұл - өте сүйкімді кірпі. Денесінің бәрі қарасұр. Бауыры ғана ақшыл. Жаз кезі болатын. Аулада інім екеуміз отыр едік. Бір нәрсе қыбырлағандай болды. Қарасам кірпінің сүп-сүйкімді баласы екен. Оны үйге әкеліп тамақ бердім. Қағаздан қорапшадан үй жасадым. Қорапшаның жанын тесіп, есік ойып қойдым. Көзі мөлдіреп тұрады. Бауыры аппақ болғандықтан Ақбауыр деп атадым. Өзі өте ақылды, әрі ұқыпты. Ақбауыр үйге тез үйреніп алды.
1. Мәтіннің қай түрі екенін анықта.
2. Сын есімдерді теріп жаз.
3. Соңғы сөйлемнен бастауыш пен баяндауыштың астын сыз.
Тапсырма № 7
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Менің атам – ардагер
Менің атам – соғысқа қатысқан адам. Ол бір мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жылы Шымбай қаласынан әскери қызметке алынған. Ол әскери қызметте жүрген кезінде екінші дүние жүзілік соғыс басталып кетті. Атам үш рет жараланған. Үшінші рет ауыр жараланып емханаға түскен. Ол кісінің соғыста алған ордендері мен медальдарі көп.Әр ордендері мен медальдарының өзіндік тарихы бар. Атамның соғыстағы естеліктері мен өмірден алған өсиеттері жетерлік. Мен атамды мақтан етемін.
1. Соңғы сөйлемдегі жіңішке дыбыстардың астын сыз.
2. Сан есімдерді тауып, түрлерін анықта.
3. Екінші сөйлемді сөз таптарына талдау
Тапсырма № 8
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру:
І Деңгей
Шекарада
Қараңғы түн. Қалың орман. Оның маңында шекарашы қас қақпай күзетеді. Шекарашының жанында Арлан деген иті бар. Ол қыбыр етпейді. Арлан қараңғыға қарап, құлағын сергек қозғап қояды. Кенет ол елең етіп, жоғары қарай қарады. Иесінің етегінен тістей тарта бастады. Шекарашы Арланды босатып жіберді. Ит қараңғыға сүңгіп кетті. Арлан шекара бұзушыны бас салды. Шекарашылар жүгіріп жетті. Арлан шекара бұзушыны ұстап алыпты. Олар жау барлаушысын шекара бекетіне алып кетті.
1. Бесінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.
2. Шекара сөзін септеу.
3. Мәтіннен тәуелдеулі зат есімді тап.
Тапсырма № 9
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Соңғы алма
Күз айы еді. Рысбек ауланы жапырақтардан тазартып жүр еді. Бір кезде ағаш басындағы жалғыз алмаға көзі түсті. Рысбек ойланбастан алманы алғысы келді. Ол бұтаққа шықты. Бұтақ сынып кетті. Рысбек ағаш түбіндегі кірпінің үстіне құлап түсті. Ол жылап қалды. Үзіліп түскен алма кірпінің үстінде кетті.
1. Бесінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.
2. Бұтақ тәуелдеу.
3. Мәтіннен күрделі етістікті тап.
Тапсырма № 10
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
І Деңгей
Жалқау мысық
Менің бір әдемі мысығым бар. өзі өте сүйкімді. Оның бізбен тұрғанына алты жылдай болып қалды. Бұрын, алғаш асырап алған кезімізде, ол сондай тынымсыз еді. Кішкене доп, оралған жіп көрсе сонымен ойнайтын. Ал қазір оны орнынан тұрғыза алмайсын. Күндіз де, түнде де пештің түбінде жатып алып ұйқыдан бас көтермейді. Сөйтіп, менің мысығым жалқау болып кетті. Маған мысығымның осы мінезі ұнамай жүр.
1. Екінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.
2. Күрделі етістіктерді теріп жаз.
3. Мәтіннен тәуелдеулі зат есімді тап.
Тапсырма № 1
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру.
ІІ деңгей
Сабақ түстен кейін басталатын. Күздің жайма шуақты күндерінің бірі еді. Мектепке жайбырақат келе жатқам. Бір үйдің бұрышынан өте бергенде, жылаған баланың дауысын естідім. Құлағы салпиған күшік төрт жасар шамасындағы қыздың жолын бөгеп жүргізер емес. Күшікті қуып жібердім. Қыз бала қатты қорыққан екен. Өксігін баса алмай, солқ-солқ етеді. Қолынан ұстап, жетелеп келемін. Ол үйдің маңына жақындаған кезде қуанып кетті. Рахмет айтып жүгіре жөнелді.
1. Мәтінге ат қой.
2. Мәтін түрін анықта.
3. бұрышынан сөзін сөз құрамына талда.
4. Күрделі етістіктерді теріп жаз.
Тапсырма № 2
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру.
ІІ деңгей
Адамдар ертеде әуеде ұшып жүруді көп аңсаған. Сондықтан олар ұшқыш кілем туралы ертегіні ойлап шығарады. Алыс сапарларға жылдам барсақ деп ойлайды. Қазіргі кезде адамдардың ойлары, армандары орындалды. Ұшқыш кілем болмағанымен, ұшақтар бар. Оған ұшқан құс та жете алмайды. Сол ұшақтармен кез келген жерге жылдам жетуге болады. Тіпті айға да ұшып барып келуге болады.
1. Мәтінге ат қой.
2. Мәтін түрін анықта.
3. ұшақтармен сөзін сөз құрамына талда.
4. Ұшқыш сөзін тәуелдеу
Тапсырма № 3
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
ІІ деңгей
Қыркүйек. Күздің алғашқы айы. Аспан бұлттанды. Күннің қызуы азаяды. Ағаштың жапырағы сарғая бастайды. Терек пен қайың жасыл жапырағынан айырылды. Айнала сары түске боялды. Шық осы айда түседі. Құстар жылы жаққа ұшып кетеді. Аңдар қысқы тіршіліктеріне кіріседі.
1. Мәтінге ат қой.
2. Мәтіннен етістіктерді теріп жаз
3. Мәтін түрін анықта.
4. Құстар сөзін септеу
Тапсырма № 4
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
ІІ деңгей
Менің әжем бар. Оның аты – Гүлзипа . Жасы алпыс үште. Ол өте еңбекқор, адал, әділ адам. Әжем маған өзінің ақыл - кеңестерін айтып отырады. Оның сүйікті мақалы: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Мен әжемнің айтқанын тыңдаймын. Гүлзипа әжем секілді еңбекқор болуға тырысамын.
1. Мәтінге ат қой.
2. Мәтіннен тәуелдеулі зат есімдерді теріп жаз.
3. Мәтін түрін анықта.
4. Әже сөзін тәуелдеу
Тапсырма № 5
Мақсаты: Оқушылардың алған білім деңгейін және білік мен дағдының саналы түрде меңгерілуін тексеру;
ІІ деңгей
Отбасы
Отбасы адам баласының алтын діңгегі. Ең алғаш дүниеге келген сәтінен бастап ата-анасының ыстық құшағы мен аялы алақанында өсіп-өнеді, тәрбиеленеді. Отбасын кейде кішігірім мемлекетке теңейміз. Әр отбасындағы бала әртүрлі тәрбие алады.
1. Берілген сөздерге болымсыз етістігінің жұрнақтарын жаз: тәрбиеле, кел, баста, ал, өс.
2. Отбасы деген сөзді тәуелде.
3. Берілген сөздердің қосымшаларын белгіле: баласының, құшағы, мемлекетке, алақаны, отбасым.
Тапсырма № 6
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру.
ІІ деңгей
Түн. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Жұлдыздар арасында ай. Дала сүттей жарық. Тау жақтан салқын леп соғады. Жым-жырт тыныштық. Қандай сүйкімді көрініс. Табиғат бір мезгіл тыныс алғандай. Осыны тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Туған жерінен алыс жаққа шықсаң, қайтып келуге асығасың. Келсең, таныс көшелер, үйлер, адамдар – бәрі көзіңе оттай басылады.
1. Мәтінге ат қой.
2. Мәтіннен етістіктерді теріп жаз
3. Мәтін түрін анықта.
4. Сын есімдерді теріп жаз
Тапсырма № 7
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру;
ІІ деңгей
Қазақстан.
Қазақстан егеменді ел. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Біздің елімізде көптеген ұлттар тұрады. Қазақстан жері ұлан-байтақ. Қазақстан рәміздері өте әдемі. Елтаңбасы, жалауы ерекше. Көк байрағымыз әлемде еркін желбірейді. Қазақстанның бас қаласы – Астана. Астана жылдан – жылға көркейіп келеді. Мен өз елімді мақтан тұтамын.
1. Мәтіннен тіркесті сөздерді теріп жаз.
2. Түбірмен қосымшыларды белгіле: елімізде, оқушылар, жері, келеді.
3. Ұлт, жалау, халық, рәміз, қала, ел – сөздерін көпше түрде жаз.
Тапсырма № 8
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру;
ІІ деңгей
Волейбол
Біздің мектепте спорт алаңы бар. Мұнда оқушылар футбол, волейбол, баскетбол ойнайды. Спорт алаңы қыста да, жазда да балаларға толы.
Бүгін дене шынықтыру сабағы бесінші сабақ. Біз мектеп спорт алаңына шығамыз. Онда екі бағанға керілген волейбол торы бар. Бәрінің секіргісі келеді. Дене шынықтыру сабағы өте қызықты.
1. «Мектеп» туралы шағын әңгіме жаз.
2. Мектеп туралы мақал - мәтелдерді жаз.
Тапсырма № 9
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру;
ІІ деңгей
Мен мектепте оқимын. Мектеп Сүйінбай көшесінде орналасқан. Мені мектепке ағам алып келеді. Өйткені мектеп біздің үйден алыс. Біздің мектеп үш қабатты. Мектептің ауласы кең, таза. Аулада көп әдемі гүлдер өседі. Осында емен, қайың, қарағай ағаштары өседі. Бұл ағаштарды біз отырғыздық. Мен мектебімді өте жақсы көремін.
1. Мәтінге ат қой.
2. Оқу, білім туралы мақал-мәтелдерді жаз.
3. Мәтін түрін анықта.
4. Тәуелдеулі сөздерді теріп жаз.
Тапсырма № 10
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру;
ІІ деңгей
Демалыс күні
Жексенбі күні ұйқыдан кештеу тұрдым. Анама үй шаруасына көмектестім. Түстен кейін сыныптасым қонаққа келді. Екеуіміз бірге әңгімелестік, ойнадық. Сосын біз бірге киноға бардық. Үйге келдік, анам бізге бәліш пісіріп, дайындап берді. Уақыт тез және көңілді өтті. Біз жақсы демалдық.
1. Қонақ сөзін жікте.
2. Берілген сөздерді екі бағанға бөліп жаз: қала, Астана, Нұрлан, өзен, Ертіс, астана, оқушы, Алатау, Екібастұз, гүлдер.
Жалпы Жалқы
3. Тәуелдік жалғаулары бар сөздерді теріп жаз.
Тапсырма №1
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру;
ІІI деңгей
1. «Жазғы демалыс» тақырыбына әңгіме құрастыр.
2. Берілген етістіктерді күрделі етістіктерге айналдыр: Ойна, бар, оқы, сат.
Тапсырма № 2
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін, сауаттылық деңгейін тексеру;
ІІI деңгей
1. «Менің отбасым» тақырыбына шағын әңгіме жаз.
2. Отан, отбасы туралы мақал-мәтелдерді жаз.
3. Берілген сөйлемдерді сұраулы сөйлемге айналдырып жаз. Сен мектепке бардың. Ол теледидар көріп отыр. Мен ауылда болдым.
Тапсырма № 3
Мақсаты: Оқушылардың мәтіннің мазмұнын түсініп, мәнін, мағынасын жазбаша түрде жүйелі жазуға үйрету;
ІІI деңгей
Құмырсқалар
Шәріп атаның бір құмыра балы болатын. Сарайда тұрған балын құмырсқалар жеп жатқанын көрді. Қараса, құмырсқаның илеуі бар екен. Оны құрту өте қиын, құмырсқа да көп. Ата ойланып қалды. Ол қыш құмыраны сыртынан шандып байлып, сарайдың төбесіне іліп қойды. Құмыраның ішінде бір құмырсқа қалып қойыпты. Ол илеуіне жол іздеп, жіпке одан төбеге өрмелейді. Төбеден қабырғаға одан еденге түседі.
________________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________________
1. Мәтінді аяқта.
2. Мәтін түрін анықта.
Тапсырма № 4
Мақсаты: Оқушылардың мәтіннің мазмұнын түсініп, мәнін, мағынасын жазбаша түрде жүйелі жазуға үйрету;
ІІI деңгей
Кімнің ісі дұрыс?
Біз сабақтан соң, Маратпен үйге қайттық. Балалар шаңғы теуіп жүр. Екеуіміз байқамай шаңғы жолына шықтық. Балалар бізге жетіп қалды. Мен бөгет жасамау үшін, жолды босаттым, Марат әдейі жолда тұрып қалды. Алдыңғы бала оны қақпай жантайғанда, таяғы Маратқа тиді. Марат Оның таяғын сындырды.
________________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________________
1. Мәтінді аяқта.
2. Мәтін түрін анықта.
3. Берілген сөздерге болымсыз етістігінің жұрнақтарын жаз: тәрбиеле, кел, баста, ал, өс.
Тапсырма № 5
Мақсаты: Мәтіннің мазмұнын, өз ойын жүйелі түрде сауатты жазуға жаттықтыру;
ІІI деңгей
Аю мен бөрене
Қалың орманда келе жатқан аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы балға тамсанып, аузынан сілекейі шұбырды. Аю ағашқа өрмелеп шыққанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Аю оны итеріп жіберді. Әрі серпілген ауыр бөрене өз салмағымен оралғанда, басына сарт ете қалды. Ызаланған аю бөренені итеріп жіберді. Қайта оралған бөрене, аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсірді.
1. Мәтіннен қандай? деген сұраққа жауап беретін сөздерді теріп жаз.
2. Мәтіннен септік жалғауы бар сөздерді теріп жаз.
Тапсырма № 6
Мақсаты: Мәтіннің мазмұнын, өз ойын жүйелі түрде сауатты жазуға жаттықтыру;
ІІI деңгей
1. «Күз» туралы шағын әңгіме жаз.
2. Жыл мезгілдері туралы мақал-мәтел жаз.
Тапсырма № 7
Мақсаты: Мәтіннің мазмұнын, өз ойын жүйелі түрде сауатты жазуға жаттықтыру.
ІІI деңгей
1. «Астана-бас қала» тақырыбына шағын әңгіме жаз.
2. Сен қандай көне қалаларды білесің?
3. Отан туралы мақал-мәтелдерді жаз.
Тапсырма №8
Мақсаты: Мәтіннің мазмұнын, өз ойын жүйелі түрде сауатты жазуға жаттықтыру;
ІІI деңгей
Сауысқан - өте айлалы, аса сақ құс. Қасына ешкiмдi жуытпайды. Сауысқанның ұшуы да рекше. Бұл құстың тағы бiр ерекшелiгi - жылтыр, әшекейлi заттарға әуестiгi. Оның ұясынан әр түстi матаны, қағаздарды, жылтыр шыныларды, түрлi түстi тастарды, күмiс тиындар мен алтын сақиналарды да кездестiремiз. Сауысқан тоты секiлдi, адамның айтқан сөзiн жаттап алады.
1. Мәтінге ат қой.
2. Мәтіннен қандай? деген сұраққа жауап беретін сөздерді теріп жаз.
3. Соң, кейін – септеулік шылаулармен сөзтіркестер немесе сөйлемдер құрастырып жаз.
Тапсырма №9
Мақсаты: Мәтіннің мазмұнын, өз ойын жүйелі түрде сауатты жазуға жаттықтыру.
ІІI деңгей
1. «Туған жер» туралы әңгіме жаз.
2. Түбірмен қосымшыларды белгіле: елімізде, оқушылар, жері, келеді.
3. Ұлт, жалау, халық, рәміз, қала, ел – сөздерін көпше түрде жаз.
Тапсырма №10
Мақсаты: Мәтіннің мазмұнын, өз ойын жүйелі түрде сауатты жазуға жаттықтыру.
ІІI деңгей
1.«Жазғы демалыс» тақырыбына әңгіме құрастыр.
2. Берілген сөзді жекеше, көпше жікте: сыныптас.
3. Берілген етістіктерді күрделі етістіктерге айналдыр: Ойна, бар, оқы, сат.
4. Берілген сөйлемдерді сұраулы сөйлемге айналдырып жаз. Сен мектепке бардың. Ол теледидар көріп отыр. Мен ауылда болдым.
Қолданылған әдебиеттер
1. Қазақ тілі 3 сынып Ж.Қ.Балтабаева, М.Қ.Солтанғазина, Ф.С.Лекерова (Алматыкітап баспасы 2011)
2. Қазақ тілі 4 сынып Ж.Қ.Балтабаева, М.Қ.Солтанғазина, Ф.С.Лекерова (Алматыкітап баспасы 2011)
3. Интернет желісі арқылы
4. Бастауыш мектеп журналдары 2011-2012 ж.
5. Қазақ тілінің әдістемелік құралы 4 сынып
Оразгүл
Өте жақсы! Маған ұнады