Өлең, жыр, ақындар

«Біздің Қазақстанымыз – біздің болашағымыз»

«Біздің  Қазақстанымыз – біздің болашағымыз.

 

Мұғалімнің сөзі: Құрметті ата-аналар, балалар! Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болдық. Қазір тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Бүгінгі күн ерекше күн. Еліміздің барлық түкпір-түкпірінде бүгінгі мереке тойлануда. Бізде қарап қалмай аз да болса өнерімізді көрсетейік деп «Біздің Қазақстанымыз –біздің болашағымыз» атты тәрбие сағатын өткізгелі отырмыз. Сіздерді мерекелеріңізбен құтықтаймыз!

      Құрметті балалар,сендер тәуелсіз мемлекетте жарқын өмір сүріп жатқан бақытты бүлдіршінсіңдер.Өмірлерің мәнді де сәнді болсын, аспанымызды бұлт шалмасын деп тілек тілеп ертеңгілігімізді бастаймыз.

Көрнекілік:      Сыныптың іші мерекеге лайық безендірілген.Төрдерде Қазақстанның туы мен елтаңбасы ілінген.Отан туралы мақал мәтелдер.Стол үстінде желтоқсан құрбандары Ләззат Асанова мен Қайрат Рысқұлбековтың суреттері, жанында гүл шоқтары.

 

Мақсаты:

Білімділік: Жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, бай - қуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, махаббат сезімін ояту;

Дамытушылық: Отанын, туған жерін қорғай білуге, халқымыздың талантты ақындарының өлеңдері мен ата - бабаларымыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздері арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа, атамекенін көздің қарашығындай сақтай білуге, патриоттық сезімге тәрбиелеу;

Тәрбиелік: Ойларын жүйелі түрде жеткізе білу, шығармашылықпен жұмыс жасап, мәнерлеп өлең оқып, мағынасын түсіне білу дағдыларын дамыту.

 

Мұғалімнің сөзі: Құрметті балалар! Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болдық.Сендер тәуелсіз мемлекетте жарқын өмір сүріп жатқан бақытты бүлдіршінсіңдер.Өмірлерің мәнді де сәнді болсын, аспанымызды бұлт шалмасын деп тілек тілеп ертеңгілігімізді бастаймыз.

 

1-бала:

Әнұраным жан ұраным,

Айтар әнім сөйлер сөзім.

Туған жерім сағынарым,

Мәңгі-бақи шырқалады,

Республика әнұраны.

                                   Аңсар

Қазақстан республикасының әнұраны орындалады.

 

Жүргізуші:

Ой неткен керемет,неткен әдемі орындалған ән ұран. Мен  өтіп бара жатып кішкентай бүлдіршіндердің айтқан әнұранын естіп, мен де еліміздің тәуелсіздік мерекесіне кішкентай болса да өз үлесімді қосу үшін сендерге жүргізуші болып берейін деп келдім.  

 

Құтты болсын тәуелсіздік мерекеміз

Мықты болсын еліміздің керегесі

Жүректе намыс оты лапылдаған

Күш-жігері жастардың сарқылмаған

 

Сіздердің алдарыңызда  3 А сынып  Золат Мадинаның орндауында «қара жорға» биі.

 

Жүргізуші:Балалар бүгінгі күн ерекше .Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр.

Осы еліміздің тәуелсіздігіне жаттаған тақпақтарың бар ма? Қане кім айтады?

Он алтыншы желтоқсан-

Тәуелсіздік алған күн.

Ерекше боп мәңгілік,

Ел жадында қалған күн.

 

Он алтыншы желтоқсан-

Елдің ұлы мейрамы.

Жаңа шыққан көктемдей,

Жаз күніндей жайдары.

                                Дильназ

Он алтыншы желтоқсан-

Ел мерейі тасыған,

Қазақ деген қалыңжұрт

Бәрін кешті басынан

                                    Ардана

Жүргізуші: Алдарыңызда  МАД тобының оқушысы Дінмұхаммет Фатиманың орындауында «Мерекем » әні.

Жүргізуші:

 Еліміз кең байтақ бай өлке. Қойнауы толған кен, жайлауы толған мал. Бай мемлекетіміз тәуелсіздікке қиыншылықтармен қол жеткізді.желтоқсан құрбандары Ләззат Асанова әпкеміз бен Қайрат Рысқұлбеков сынды ағамызды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаймын. (суреттерін көрсетемін.)

Мынау Ләззат Асанова деген әпкелерің. Ол кісі жастайынан әнге құмар, қолынан  домбырасымен қобызын тастамайтын өнер адамы болған екен.Желтоқсан оқиғасы өтіп жатқан кезде жасы не бары 16 да ғана болған. Әлия мен Мәншүк секілді ержүрек апаларының ерлігін қайталап,желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп, құрбан болды.

Ал мынау Қайрат ағаларың.Абақтыда жатқан жерінде күнделігіне былай деп жазыпты. «Арман қудың ба, алдыңа қара,артқа қарап алаң болма!Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, көзді жұм да қойып кет,белді шеш те кешіп өт» Жиырма бір жасар қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбеков халқымыздың ұлттық батыры ретінде ел жадында мәңгілік қалады. Мына өлең жолдорына құлақ түріңдерші, ағамыздың ақындық дарындылығына куә боласыңдар.

 

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар.

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

Алам десең алыңдар,

Қайрат деген атым бар.

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты -құрбандық »,

Атам десең атыңдар!

                              Динасыл

Жүргізуші:

Нағыз ер жүрек,елін,Отанын, халқын сүйген нағыз батыр.Бұл кісілердің армандары мен үміттері жүзеге асып,еліміз тәуелсіздік алды.Көк жүзімен астасқан көк Туымыз желбіреді.

 

Көк аспандай көгілдір,

Қазақстан байрағы.

Тұрса күндей төгіп нұр,

Жылдарымыз жайдары.

                                    Ақмаржан

Күнді құшқан қос қыран,

Аясында қалқыған.

Аспан түсті туым бар,

Көк теңіздей шалқыған .

                                   Саят

Арымыздай тап –таза,

Жаннымыздай шуақты.

Көтерілді биікке.

Қазақстан байрағы    

                         Ардана

Көк байрақтың бетінде,

Қыран бүркіт қанатты.

Сол қырандай еркіндеп ,

Бала өседі талапты.

                            Жалын

Елтаңбасы елімнің ,

Неткен әйбат әдемі.

Тұнығындай көңілді,-

Ортада-аспан әлемі.

                      Дильназ

Жүргізуші:

Еліміз егемендік алып, міне сендер таза ана тілінде сөйлей бастадыңдар.Тіліміз бен дініміз қайта оралды.Еліміздің нағыз ұлтжанды елін, Отанын сүйетін нағыз азаматтары сендерсіңдер.Болашақтарың жарқын болатынына сенімім мол. Енді Отанымыз жайында тақпақтар тыңдайық.

Отан - жерім, Отан - суым,

Отан - қуат, нәр береді.

Отан - ұран, Отан - туым,

Отан мәңгі гүлденеді.

Сүйемін мен Отанымды,

Гүл жайнаған жерімді.

Сүйемін мен ата - анамды,

Мені өсірген елімді.         

                                        Фатима

 Отан деген - атамекен,

Отан деген - туған жер.

Отан - ана, Отан - пана,

Қазақстан - туған ел.    Қанат

 

Отанды жас - кәріміз де,

Туған жер деп сүйеміз.

Өйткені онда бәріміз де,

Туып, өмір сүреміз.           Ибраһим

 

Отан - менің өзегім,

Қиының болса төземін.

Алдағы бақыт шақтарды,

Жүрегіммен сеземін.      

                                Гүлайым

 

Отаным - менің өзегім,

Қырыңды шарлап, кеземін.

Білу керек әр ұрпақ,

Бес саусақтай өз елін.   

                                     Динасыл

Отаным - мәңгі қорғаным,

Қалаймын бақыт қонғанын.

Сүйемін және сондықтан,

Өзенін, көлін, орманын.     

                                      Ақмаржан

Бақытты боп жүргенім,

Сенің арқаң, Ұлы Отан.

Елім менің тірегім,

Құшағыңда гүл атам.      

                                       Ақниет

Ата, Әжем, Әкем, анам -

Төртеуі де «Отан!» маған

Төртеуі де «Ботам» дейді

«Ер азамат атан!» дейді

Мақтанамын Отаныммен,

Отаныма «Ботамын»мен 

                                      Айқын

Сарқылмайтын қуатым,

Тірегімсің сен, Отан!

Мәңгі соғып тұратын,

Жүрегімсің, сен Отан!     

                                    Аңсар

Біз жас ұлан - Отан ана өркені

Үміт артқан болашағы, ертеңі.

Туған елдің даңқын көкке өрлетіп,

Гүлге бөлеп жасартамыз өлкені.

                                              Жанайым

Отан дейміз от жаққан жерімізді,

Отан дейміз өсірген елімізді

Отан дейміз туған жер, атамекен

Биік тау, орман, тоғай көлімізді    

                                                    Асылан

 Отан дейміз кең - байтақ астананы,

Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.

Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ

Ол бірақ өз үйіңнен басталады.  

                                                      Сымбат

Шұғылалы таңымыз,

Қазақ жері бағымыз.

Қайнарынан мөп-мөлдір,

Сусындайды жанымыз.

                                     Жандос

Қазақ жері-сәніміз,

Мәуесі мол бағымыз.

Саясында жетілер,

Балдай бала шағымыз

                                        Саят

Отанды біз атамекен,

Деп аялап атаймыз.

Өйткені оны мекен еткен,

Бабамыз бен атамыз.

                                   Дильназ

Отанды әркім анасындай,

Қастерлейді бағалап.

Өйткені,Отан баласындай,

Бізді өсірер аялап.   

                                  Жалын

Жүргізуші: Оқушылардың орындауында  «Отан,ана» әні орындалады.

Жүргізуші:Балалар, мен сендерге бірнеше сұрақ қойып, білімдеріңді сынағым келіп тұр.

1.Қазақстан Республикасының президенті кім? -Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

2.Әнұранның авторлары кімдер?- Жұмекен Нәжімединов, Нұрсұлтан Назарбаев.

4.Республикамызда неше облыс бар?- Республикамызда 14 обылыс бар.

5. Қазақстанның астанасы қай қала? Астана.

6.Көршілес қандай мемлекеттерді білесіңдер? -Россия, Қытай, Өзбекстан т.б.

Жүргізуші: Ал, балалар Отан туралы мақал білесіңдер ме? Кім мақал біледі.

 

1.Отан-оттан да ыстық

2.Отансыз адам- Ормансыз бұлбұл.

3.Өзге елде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол.

4.Халықтың ортақ үйі- Отаны

5.Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне.

6.Елінен безген ер  оңбас, көлінен безген қаз оңбас.

7.Туған жердің күні де  ыстық, түні де ыстық.

8.Жері байдың-елі бай

9.Ел көркі-мал,  Өзен көркі-тал.

 

  Жүргізуші:

Жарайсыңдар!

Балалар еліміз туралы көп мәлімет біледі екенсіңдер, оларыңа ризамын! Білімді азамат болып өсетіндеріңе сенімдімін.Енді мына көрініске назар аударыңдар.

Көрініс. (Музыка ойнап, аяғын ақырын басып Ата шығады. Орындыққа келіп, демалып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі шығады).

Немересі: Ата, не ойлап отырсыз?

Атасы: Ә, балам, атаң не ойламайды дейсін! Сенің болашағыңды ойлаймын. Еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын.

Немересі: Ата, «өткен өмір» деген не?

Атасы: Ә, балам, «өткен өмір» деген сонау ежелгі бабаларымыздан бергі өткен өмір жолы, бұл тарих емес пе?

Немересі: Ол қандай болған?

Атасы: Ендеше тыңда, балам! Сен тарихыңды, жеті атаңды білуге тиіссің.. Отанды көркейту үшін сендер сабақты жақсы оқуларың керек.

Немересі: Ата, ендеше мен Қазақстнады одан әрі дамыту үшін сабағымды жақсы оқитын боламын.

Атасы: Біздің Қазақстанымыз-сендердің болашақтарың. Оны көркейту сендердің қолдарыңда

(Атасы мен немересі шығып кетеді).

 

Жүргізуші: Оқушылардың орындауында «Менің отаным» әні .

Жүргізуші:

                      Қорытынды:

 «Ата – қоныс жер қымбат,

Туып - өскен ел қымбат», - демекші, балалар, бүгінгі тәрбие сабағында айтылғандарды өнеге етіп, елді, жерді сүюді, қадірлеуді өмірлік мақсат етейік.

Еліміздің келешек тағдыры, Қазақстанның ертеңі өз қолдарыңда. Туған елдеріңді өркениетті мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең ететін сендерсіңдер. Ол үшін терең әрі жан – жақты білімді болу – міндеттерің.

Орағың өткір болса,

Қарың талмайды.

Отаның берік болса,

Жауың алмайды.

 

Сендерге зор денсаулық, көңілдеріңе шаттық тілей отырып, атар әрбір таңдарың арайлы да шуақты болсын, күн нұры мен сәулесін мол төксін деп ертеңгілігімізді аяқтаймыз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер