Оңтүстік Қазақстан Обылысы
Шардара ауданы №16 колледж Т-25 топ жетекшісі
Құттықыз Жораева Назарбайқызы
Ашық тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Анамның аялы алақаны!»
1 МАҚСАТЫ
Студенттерге әлемнің жарығын сыйлаған аналар мерекесі туралы түсінік беру. Мейірімділікке, сый - құрметке тәрбиелеу, ұлтқа тән жақсы қасиеттерді қалыптастыру. Анаға деген мейірімді, сүйіспеншілікті арттыру, үлкенге ізет, кішіге үлгі бола білуге үйрету.
2 КӨРНЕКІЛІГІ
Тарқатпа сұрақтар мен видео
3 САБАҚТЫҢ ТҮРІ
Пікіралмасу
4 САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ
4.1 Кіріспе сөз
Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол - Ана. Балапаның қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да - Ана. Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілейді. Біз - қазақ деген ұлы халықтың ұрпағымыз. Қыз Жібек пен Баян Сұлудың, Мәншүк пен Әлияның сіңлілеріміз. Ана - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана - барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана - ұлы адам, қасиетті жан. Тіпті айта берсең сөз жетпейді. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Расымен, анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар. Құдайдан кейінгі құдірет иесі - Ана. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз басымызды иеміз.
Көктемнің алғашқы 8 наурыз – Халықаралық ардақты аналар мен аяулы қыздар мерекесімен сіздерді шын жүректен құтықтаймын.
4 Ой қозғау
1 Ана деген сөзді қалай түсінеміз?
2 Жұмақтың кілті анаңның табанының астында деген сөзге түсінік бер.
3 Қандай батыр аналарды білеміз?
4 Анаға байланысты қазақтың мақал –мәтелін атаңыз.
5 Анаңызға сыйлық ала білесіз бе?
Ана өмір шуағы
1-оқушы: Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.
Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.
2-оқушы: Өр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді — лайықсыздар.
Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.
3-оқушы. Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп, Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.
4-оқушы. Кім сендерді балалар сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.
Кім сендерді, балалар тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Жақсы әйел - ері ұялар іс қылмайды. Абай Құнанбаев
Әйел ашуланса - жеңіледі, еркелесе - жеңеді. Ғабит Мүсірепов
Жер жүзінде қазақ әйелдерінен басқа бір әйел құдайын қарғай алмайды. Ғабит Мүсірепов
Саясат пердесін жамылғанымен саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді. Ғабит Мүсірепов
Әйел біткеннің бәрі де өздерінен сұлуырақ көрінген әйелге жау келеді. Ғабит Мүсірепов
Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді. Ғабит Мүсірепов
Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бір кездессе - бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да, ашықтық пен абайсыздық кездессе - бірін-бірі асырыңқырап тұрады. Ғабит Мүсірепов
Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім. Ғабит Мүсірепов
Қазақ әйелін "жан жолдасым" дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой. Ғабит Мүсірепов
Әйел асқақтаса - жылайды, еркек асқақтаса - құлайды. Ғабит Мүсірепов
Әйелдің естілігі жеңсе - сұлулығы да арта түседі. Ғабит Мүсірепов
Әйел шынымен жылап алса, ажарланып кетеді. Ғабит Мүсірепов
Қазақ қызы ұзатылғанша негізінде екі-ақ түрлі жұмыс істейді: көлден су әкеледі, шай құяды. Жұмыстың басқа түріне қайын ененің қолында жаттығады. Ғабит Мүсірепов
Қазақ әйелі азғана жәрдем бергенді ұмытпайды - тезірек еселеп, қайыруға тырысады. Ғабит Мүсірепов
5 ҚОРЫТЫНДЫ
8-наурыз аналар мерекесі, көктем мерекесі. Өйткені, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды. Ана – әлемнің жан дүниесі, өмірдің бастауы мен таусылмайтын жалғасы.Әйел-Ана – өмірдің өзі, бақыт пен берекенің көзі, нәзіктік пен көркемдіктің сәні, мейірімділік пен парасаттың мәні. Сондықтан да гүл көктемнің алғашқы мерекесі – әсемдік пен әдеміліктің, сұлулық пен ізгіліктің жаршысындай болып, жайма-шуақ күйге бөлейтін жарқын мейрам.Бүгінгі күні Қазақстанды бастамашыл, белсенді әйелдерсіз көзге елестету мүмкін емес.
Елбасымыз айтқандай, «Қазіргі заман әйелдері экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени жаңғыртуларға өздерінің іскерлік үлестерін қосу арқылы Қазақстанның табысты болашағының негізін қалауда». Сіздер тек жанұя дәстүрлерін сақтау мен болашақ ұрпақ тәрбиесін еншілеп қана қоймай, кәсіби деңгейде және қоғамдық істерде де жеңіс биіктерінен көрінудесіздер. Бұл орайда мемлекетімізде әйелдер жағдайын жақсарту және отбасы құндылықтарын берік етуге басты назар аударылып, игі істер атқарылуда.Бүгінгі тамаша мерекеде біз сіздерге ақыл-парасаттарыңыз, аяулы алақандарыңыз бен азаматтық белсенділіктеріңіз үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз.Әлемнің жарығын сыйлаған барша аналардың мерекесі құтты болсын!
Перизат
өте жақсы
Айсулу
керемет маган унады