Мақтарал ауданы, Асықата кенті
«№121 жалпы орта мектебі» КММ-нің
бастауыш сынып мұғалімі: Бексеитова Гаухар
Сабақтың тақырыбы: Тілі басқа болғанмен тілегі бір
Сабақтың мақсаты: Оқушылардың бірлік, ынтымақтастық туралы түсініктерін кеңейтіп, көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен бірлігін нығайтуға ат салысатын азамат болуға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Суреттер, шарлар, гүлдер.
Сабақтың барысы:
Мұғалім:
Отан - әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Отан - біздің туған жеріміз, өзіміздің туған-туысқанымыз, дос- жаранымызбен тұратын еліміз.
Біздің Отанымыз — Қазақстан. Бүгінгі Қазақстан дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттер таныған ел. Оның өз Елтаңбасы, Туы, Гимні бар. Еліміз өз егемендігін, тәуелсіздігін 1991 жылы 16 – желтоқсанда алды.
Қ.Айида: Тәуелсіздік кіндігін
Кескен халық бірлігі.
Ынтымағы барша ұлттың
Нұрын шашқан күн бүгін.
Мұғалім: Гимн - біздің Отанымыздың салтанатты үні. Өр үні. Өміршең үні. Оның қалықтай көтерілген әуеніне туған жердің рухы мен сазы шымырлай шалқиды. Кеудені мейірлі мақтанышқа бөлейді, арманыңды аялай самғайды.
Қазақстан Республикасының гимні орындалады.
Динара: Елтаңбам қандай тамаша! Елтаңбамызға көз салсақ ортада қазақтың қара шаңырағы, күн сәулесіндей уықтар шашырай шапағын шашқандай, екі жақтағы қанатты пырақтар арынды да қарымды, жоғарыда бес бұрышты жұлдыз жарқырайды. Жарығымен «Қазақстан» жазуы жарқырай түскендей.
Ержан: Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.
Ерлан: Жалауыма қарасам көңілімді мақтаныш кернейді. Ол шарықтайды, көңіл қалықтайды. Жалауым - әлемнің барша елдерімен терезе теңестіріп, асқақ желбіреп тұр.
Ақбота: Жарасқан байрақтың мәні бар,
Көк аспан, күн- қыран сәні бар.
Көк байрақ ашық күн кеңісім,
Алтын күн белгісі жеңістің.
Динара: Республика халқының саны 16 миллионнан астам.
Жергілік ұлт қазақтармен бірге басқа да 136 ұлт өкілдері тұрады. Мұнда ұлтына, нәсіліне қарамай барлық халық өкілдері бір-бірімен туысқандай болып кеткен. Қазақстанның шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға барлық ұлт өкілдері белсене қатысып, бірлесе еңбек етіп келеді.
Жанжігіт: Ақ қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды,
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңқалдырған ғаламды.
С.Аида: Жырласа қазақ, түркімен,
Молдаван, тәжік үн қосқан.
Дос жүректер біріккен,
Мейірлері жарасқан.
Ербұлан: Тыңда, тыңда, тыңда мені,
Ұлы жұртым орыс халқым.
Сен тербетіп өсіргенсің,
Сенің даңқын, менің даңқым.
Назерке: Кім сүймейді ет жақынын, туысқанын,
Украина туысымның бірісің.
Тұрды биік туымыздай бұл достық,
Ел басына төнгенде де ұлы сын.
Байдаулет: Қадірменді бір досымыз - өзбегім,
Қалтқысы жоқ демің бейне өз демім.
Өз сөзімдей жанға жайлы сөздерің,
Өз көзімдей күлімдейді көздерің.
Дәм тұзымыз араласпыз әріден,
Дастарқандар жайылады сәнімен.
Палауыңмен, бесбармағым сыбайлас,
Кезек жейміз алма, өрік дәміңнен.
Нұрдәулет: Жолым түсіп, тағдыр талап,
Грузинмен дос болдым қонақ,
Қазағымдай кең пейілің,
Дастарханды жайдың мол- ақ.
Асель: Қазақ, қырғыз бір сананың егізі,
Екі жұрттың бірге екен негізі.
Қазақ озса – ол қырғыздың мерейі,
Қырғыз озса- ол қазақтың жеңісі.
Қазақ- қырғыз туыссыңдар, доссыңдар,
Бір тамырдан сендер өскен қос шынар.
Дос туыстар көп болса да дүниеде,
Нақ сендердей нағыз туыс жоқ шығар.
Көрініс: «Қырғыз бен орыс айтысы».
Қырғызға таңырқай қараған орыс қырғыздан:
- Сенің ұлтың кім?
- Қырғыз.
- Сен қырғыз болсаң өз еліңе неге бармайсың?
- Менің өз елім – Қазақстан.
- Жоқ сен Қырғызстанда тұруың керек!
- О не дегенің! Мен Қазақстанда тұрамын.
Мен Қазақстанды өз Отаным деп білемін.
- Сен өз еліңе қалайда кетуің керек?
- Ал сен орыссың ғой! Сен мұнда не істеп жүрсің?
- Сен де өз еліңе бар! (осылай дауласып жатқанда, қазақ жігіті келеді)
- Балалар осыншама неге дауласып, жатырсыңдар? Менің білгім келеді.
- (Екеуі қосарлана) Біз әрқайсымызды өз еліңе баруың керек деп жатырмыз. Қайсымыздың кетерімізді білмейміз.
- О не дегендерің! Біздің Отанымыз Қазақстан көп ұлт мекендейтін мемлекет емес пе? Мұнда қырғыз да, өзбек те, грузин де, орыс та тағы басқа ұлт өкілдері тұра береді. Тұрғанда да тату-тәтті тұрып жатыр, ал сендер дауласасыңдар келіп. Олай болса, біз де неге дос болмасқа! Қане, салыңдар қолдарыңды!
- Жарайды, жарайды! (Келісіп қолдарын салады).
- (Бірге қосылып) Біз доспыз, біз әрқашан біргеміз.
Байдаулет: Кім білмес қазағымның қою шайын,
Жал-жая, қазы-қарта, құрт пен майын.
Ақ тілекпен әрбір келген қонағына,
Құрметпен шығаратын төрі дайын.
Келіңіз ұсынамын төрден орын,
«Досым» деген адамға міне қолым.
Әр қазақтың жүрегінде осы тілек,
Адамзат, оң сапарда болсын жолың.
Ақерке: Бірлігі мен ынтымағы халықтың,
Көзімізде жарқырайды жарық күн,
Ырыс, дәулет, бақыт үшін халықтың,
Жайнай берсің, жайнай берсін жарық күн.
Ернар: Достық бізге тым ыстық,
Бірлік – байлық, ырыс – құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса, жаса тыныштық!
Жания: Біз тілейміз бар бөбекке,
Бақытты өмір сүргенін.
Туған елге еркелеп,
Қуанғанын күлгенін.
Сусынымыз қанады,
Өнер – білім нәрімен
Әлемдегі баланың,
Дос боламыз бәрімен.
Хор: «Дос болайық бәріміз»
Мұғалім: Қазақстан! Біздің туған жеріміз осылай аталады. Қазақ жері ұлан – байтақ. Батыста Каспий маңы ойпатынан шығыста Алтай тауына дейін 3000 км, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 1600 км созылып жатыр. Осындай кең байтақ өлкеміздің жер көлемі- 2 млн.700 мың шаршы километр.
Жасұлан: Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.
Әділет: Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асқар тау,
Жеміс толы бақша-бау.
Болсын жер мен су ортақ,
Болсын бізге ну ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз!
Мұғалім: Қазақ Халықтарының Ассамблеясы Президенттің жарлығы бойынша 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Ассамблея ұлт аралық достықты сақтау, мемлекеттік саясатпен ұштастыру, бірыңғай шешім қабылдауды қарастырады.
1990 жылы басталған халықтардың ұлттық салт – дәстүрлерін қалыптастыру жұмысына байланысты Қазақстанның түкпір – түкпірінде 352 бөлімшелер бар, 27 республикалық және аймақтық ұлттық мәдени бірлестіктері ашылды.
Алғаш рет республикалық көлемде кәріс, неміс, поляк, ұйғырлардың съездері болды. Татарлар мен башқұрттардың құрылтайы, өзбек, ұйғыр, түрік, дүнген, күрт, немістердің мәдени фестивальдары болып, онда олардың мәдени күндері белгіленген.
Міне, осы шаралардың арқасында көп ұлтты қазақ халқының экономикасы жақсарып, халық саны өсіп, түнгі ұйқылары тыныш болуда.
Алғашқы кезекті өзіміздің ұлттық биімізді шашу ретінде жолдайтын өз ұлтымыздың өкілдеріне алғашқы сөз кезегін береміз.
Ерлан: Біз қазақ деген көл-дариядай кеңбіз ғой, осыншама халықты шеттетпей, достық қарым-қатынаста, татулықта тұрып жатырмыз. "Кең болсаң, кем болмайсың" деген сөз әр қазақтың көкірегінде сайрап жатқан болар.
Би: Адай
Мұғалім: Байлықтың ең үлкені – халықтар достығы,- дей отырып, орыс мәдени орталығына сөз кезегін береміз
Бекжан: Здраствуйте!... Орыстар Қазақстан Республикасында 4 479 620 адам тұрады. Әлемде 147млн. Біздің елімізде ешқашан қақтығыстар мен төңкерістердің болмағанын қалаймыз. Жасасын, Қазақстан!
Частушки о дружбе
Би: Калинка
Мұғалім: Өзбек мәдени орталығының өкілі сіз не дейсіз?
Гүлрона: Ар ма, халқым! Өзбекті сарт деп те атайды. Ең алдымен өзіміздің Қазақстан Республикасының азаматы болғанымды мақтан тұтатынымды айтқым келеді. Қазақтардың кеңдігі мен бауырмалдығының арқасында біздің өзбек халқы да өсіп өніп, жақсы тіршілік кешуде. Жасасын, жүрегі кең, бауырмал қазақ елі!
Би: Бу хаёт
Қ.Айида: Ақ, қара деп бөлмейміз,
Бір жыл туған төлдейміз.
Туысқанбыз, татумыз,
Биіктерге өрлейміз.
Тілегі бір, жүрегі бір,
Достармен біз біргеміз.
Туыс барда құрыштан да,
Берік біздің іргеміз.
Назерке: Жер-Ана бәрімізге ортақ. Осынау сахара кең қазақ даласында көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті ынтымақта, бауырластықта өмір кешуде.
Мұғалім: Қазақ жері ортақ Отан, ортақ өлке болып, әр азаматтың мекеніне айналған. Келесі кезекті қырғыз мәдени орталығының өкіліне береміз.
Қырғыз мәдени өкілі сіз не дейсіз?
Илияс: Мүмкіндікті пайдалана отырып, бәрімізге айтарым, қашанда жүзіміз жарқын, көңіліміз шат болып жүру үшін ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту, жалған айтпай берген уәдені орындау басты парызымыз екенін ұмытпайық.
Жасасын достықты жақтаған қазақ елі!
Асель: Қазақ елі қашаннан да жыр елі
Тарихында тұлғалар көп киелі.
Қазақстан аясында бұрыннан
Бірнеше ұлт бірге өмір сүреді.
Бір – бірімен тату тәтті тұрады,
Бәрінің де Қазақстан тұрағы.
Ақбота: Дос болайық бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Тыныштықты сақтаймыз,
Атсын күліп таңымыз!
Би: Достық
Жасұлан: «Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» деп көрегенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көпұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі – Қазақстан халықтарының бірлігі.
Нұрдәулет: Қазақстан сияқты жас мемлекеттің өркендеуінің бір кепілі -еліміздегі ынтымақтастық пен бейбіт өмір!
Ендеше, бейбітшілік жасасын!
Ержан: Ынтымақтастық жасасын!
Ербұлан: Қазақстан жасасын!
Би: «Алға Қазақстан»
Бекжан: Ортақ мекен жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.
Гүлрона: Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек орақ, жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы.
Жанжігіт: Туыспыз біз бәріміз,
Біз Отанды сүйеміз.
Бақытты елде туған соң,
Бақытты өмір сүреміз.
Мұғалім: Елбасы мынаны баса айтты: «Қазақстандағы қоғамдық келісім, ең алдымен, қазақтың келісімі екендігін мықтап есте сақтаған абзал. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес». Ендеше, Ассамблея – барша қазақстандықтың мүддесі! - деген болатын. Біз: «Мен – қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» – деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз. Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой.
Тілі басқа тілегі бір біргеміз,
Өздеріңмен жүздесеміз күнде біз.
Мақсат ортақ, бейбітшілік ұран боп
Татулықтан бұзылмасын іргеміз.
Хор: «Әрқашан күн сөнбесін!»
Еркебай Балауса
Менің пікірім: бұдан да ары қарай тағы да жалғастыру керек. Қосар жері әлі де көп