Шығыс Қақақстан облысы, Өскемен қаласы
ШҚО Білім басқармасы "ШҚО арнайы мектеп-интернаты" КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жумажанова Арай Амангелдіқызы
Сыныптан тыс әдеби–сазды ашық сағат мақсаты: Ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, өлең, поэмаларымен танысу.
Дамытушылығы: оқушының жан-жақты ойлануын, ізденуін дамыту, өлеңге деген ынтасын арттыру.
Тәрбиелігі: адамгершілікке, Отанды сүюге, табиғатты аялауға, оларды ұмытпай есте сақтауға үйрету. М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.
Кештің көрнекілігі:
М.Мақатаевтың суреті мен «Мұқағали әлемі» тақырыбы, шарлар, ақынның шығармасы мен өміріне арналған көрме. Сазды музыка.
1. Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.
Иә, Мұқағали- ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол-бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстардан тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
Қымбатты ұстаздар, оқушылар! Ақиық ақынның шығармашылығына арналған «Мұқағали әлемі» атты әдеби-сазды сағатымызды бастаймыз.
Бүгінгі сағатымыз үш бөлімнен тұрады.
І бөлім «Айтылар естеліктер мен туралы»
ІІ бөлім «Поэзия жүрек тілі» М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері шырқалады.
ІІІ бөлім «Аққудың қанатына жазылған сыр». Поэмадан үзінді
Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали ағаның өмір жолынан деректерге назар аударайық.
Мұқағалидың өз дауысы оқылады.
Ақынның өмірбаяны мен шығармасынан деректер оқылады.
Мақатаев Мұқағали (шын аты Мұқамедқали) Сүлейменұлы (1931-1976) – қазақтың әйгілі ақыны. Туған жері Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Шалкөде ауылы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Балалық бал дәурені соғыста қаза болып, анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды өзі асырап жеткізген. Орта мектепті интернатта жатып бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») 1963-1965, «Жұлдыз» (1965-1972) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973) қызмет атқарады.
Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.
Мұқағали аударма саласында да өзіндік шеберлік шалымымен толымды еңбектер тындыра алды. Ол Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Міне, ақынның өмір жолы мен шығармаларынан мәлімет алдық. Мұқағалиді Абай үндес ақын деп, ұлымен қатарлас қойса да, Мұқағали әлі зерттелмей жатқан ғылым деуге болады. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана ұлыларымызды ұлықтап жатқан жайымыз бар. Оқушылар Мұқағали туралы терең білігілерің келсе, ақынның жырларымен сусындағыларың келсе, мынадай шығармалары, жеке күнделігі бар, алып, көріп, оқуларыңа болады.
Ал, оқушылар, сурет көрмесіне назар салайықшы, қандай тақырыпта суреттер салынған?
Иә, балалар, туған жер, туған ел, отан тақырыбына арналған оқушылар шығармалары.
Екінші бөліміміздің шымылдығын да, Отан, туған жер тақырыбынТүзу-түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын.
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан тамызбаймын,- деп өзі жырлағандай, кезекті ІІ бөлім ақын өлеңдеріне берейік.
«Отан», «Туған жерде», «Үш бақытым» өлеңдері оқылады.
«Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе,
Неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім,» – деп жырлаған Мұқағали ақын шындығында да поэзиямен егіз дүниеге келген сияқты.
- Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі; Ақынның өзге жұрттан артықшылығы - бүкіл болмыспен, табиғатпен табысып, кез келген кісі әсерлене бермейтін кұбылысқа тебіренетіні, кез келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні.
«Дос болам десең» өлеңі оқылады.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын,- деп Мұқағали, күллі қазақ халқының мақтанышы Ф. Оңғарсыноваға жанын жеген қайғыны жырмен жеткізген. «Фариза,Фариза қыз» өлеңі оқылады.
- Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кететін ақын жоқ. Өйткені махаббат мәселесі – бұл мәңгілік тақырып. Бірақ әр ақын өз сезімін, өзінің ішкі жан дүниесін әр қалай шығарады. Ақынның сезімінде жасандылық жоқ. Махаббатта бір қуаныш, бір үміт, бір өкініш, бір күдік болатындығы жасырын емес. «Махаббат диалогы»
«Сенің көзің» әні Дастанның орындауында.
-Ақын шығармаларының үлкен бір саласы- оның поэмалары. «Ильич» 1964 жыл, «Мавр» 1970 жыл, ең асылы, ең биігі- «Аққулар ұйықтағанда». Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» жинағында жарияланды.
Олай болса, кешімізідің ІІІ бөліміне кезек берсек.
«Аққудың қанатына жазылған сыр» Аққулар ұйықтағанда поэмасынан үзінді
/ «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді көрініс көрсетеді «Аққулар ұйықтағанда» /
Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы.
Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арнаған лебізіне кезек берелік.
/оқушылар әріптер алып шығады/
М–Мұқағалидың
Ұ–ұрпаққа
Қ–қалдырған
А–аманатын
Ғ–ғасырлар
А–арнасына
Л–лайық деп
И–иіліп , бас иеміз. –барлығы бірге.
Рахмет!.
Қорыта келе айтарымыз.Оқушылар бүгінгі әдеби сағатымызда Мұқағали әлемімен біраз сусындадық деп ойлаймын.өз заманының орақ тілді ақыны өткір жырларымен Отанды сүюді, тілін қастерлеуді түйреп тұрып айтып кеткен. Адамгершілік, махаббат, сезім тақырыптарын шеебер суреттесе, ананы қадірлеуді, аруды сыйлауды асқақатата жырлаған.
Не деген керемет күн,
Жаныңа бәрі даяр не керектің- деп осы күнді айтқандай болар, сондықтан да сендер уақыттарыңды босқа өткізбей, өмірді сезініп, түйсінсеңдер деген тілектеміз.Мұқағали жырларын оқыңдар, ол шынайы өмір көріністері, шынайы өмір суреттерінен құралған. Бүгінгі сағатттан алған әсерлерің жүрек түбінен орын алса, біздің де мақсатқа жеткеніміз.
Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?
Әр әні толы ғой армандарға
Шерте білген мұңдарын жас қайынға
Дәл Мұқандай қазақта ақын бар ма?
«Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан -жылға, ғасырдан- ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали-мәңгілік өмір!
Сонымен, ақиық ақын Мұқағалиға арналған «Мұқағали әлемі» атты әдеби-сазды сағатымыз аяқталды.
Ана. Сен бақыттысың,
Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағың!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағың, жыламағың!
Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасындамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,
Байырғы берекеңді қашырмағың.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…
(М. Мақатаев)
Арулар — әрбір үйдің шаңырағы,
От болып әрбір үйге жағылады.
Таң болып әрбір үйге атты-дағы,
Сәуле боп әрбір үйге жамырады.
Қайырмасы:
Арулар — асыл жандар!
Шуақ боп шашылғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар, арулар — асыл жандар!
Арулар — асыл жандар, сағыныштар,
Құшақтар, өтініштер, жалыныштар…
Жүрегін жек көрсе олар мұз жасайды,
Балқытып жақсы көрсе жанында ұстар.
Қайырмасы:
Арулар — асыл жандар!
Шуақ боп шашылғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар, арулар — асыл жандар!
Арулар — аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар — тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.
Қайырмасы:
Арулар — асыл жандар!
Шуақ боп шашылғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар, арулар — асыл жандар!
Бекзат
Пайдама жарады