Балқаш қаласы
С. Сейфуллин атындағы
№7 мектеп-гимназиясының
кітапхана меңгерушісі Байжұманова Саягүл Тұяққызы
1-жүргізуші: Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық Қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды. 2050 бағдарламасының жаңа қарқынына көш бастау кезеңінде алға жылжып келеміз. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолында бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.
2-жүргізуші: Сіздерді Жер-Анаға жан бітіріп, бүкіл тыныс-тіршілігімізге тың күш құятын, жаңа леп әкелетін Көктем мерекесімен құттықтаймыз! Күн мен түнді теңелтетін, бар байлыққа кенелтетін Ұлыстың Ұлы Күні ынтымағы мен ыждаһатын,шапағаты мен шарапатын ала келсін! Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған — Әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін! — дей келе «Ұлыстың ұлы күні — Наурыз» атты кешімізді бастаймыз.
1-жүргізуші: Мерекенің негізі сәлемдесуден басталады. Адамдар өкпе реніштерін артқа тастап, жаңа жылда қуанышпен қауышады. Ер адамдар қос қолдасып амандасса, әйелдер құшақтасып амандасады. Сәлемдескен кезде «Жасың құтты болсын», «Құт дарысын», «Ұлыс береке берсін» деген тілектер мен құттықтаулар айтылады. Енді ақсақалдар да,жастар да көкжиекті көру үшін жазық далаға шығады. Адамдардың барлығы: Армысың қайырымды, Күн-Ана! — деп күнге басын иеді.
Тоғжан: Армысың қайырымды, Күн-Ана!
Атар таңға, шығар күнге Тәу — тәу!
Басымызға амандық,
Елімізге береке дарыта көр! Тәу — тәу!
Жыл басы келді, жаңғырта келді,
Тәу — тәу!
Кең байтақ ұлысыма Ұлы күн келді,
Жаңа Жыл келді, Тәу — тәу!
Қайырымды Күн-Ана, тілегімді бере көр! Тәу — тәу!
2-жүргізуші: Күнге тағзым еткеннен кейін, ер адамдар қолдарына күрек алып, бұлақтарды тазартады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыздың дана сөзін айтады.
Дастарханды қазақтың дәстүрлі тағамдарымен толтырады. Бүкіл халық жеті түрлі тағамнан жасалған наурыз көже ішеді.
«Наурыз көжені тойып ішу керек,сонда ғана жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар. Дастархан басында халқымыздың қиыннан қиыстырған,мән-мағынасы кең баталарын ақсақалдарымыз жастарға зор ықыласпен тілеген.
1-жүргізуші: Кешке жақын жұрт үлкен айтысқа жиналады. Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. Ән айтып, би билейді. Той тойға ұласады. Міне Наурыз мерекесі осылай тойланады.
Ендеше, бүгін біздің ортамыздан 8 б сынып оқушылары А.Мұратбекова, М.Мугинова Наурыз тойына арнаған өздерінің шығарған өлең жолдарын оқысын:
Наурыз міне күн жаңа,
Шаттануда бар бала.
Қыста қысқан суықтан
Көгерді енді кең дала.
Қазан толса көжеге
Берекесі кірер елімнің
Жаңбыр жауса нөсерлеп
Жаны кірер жерімнің.
Ата-баба дәстүрін,
Ұлықтайтын ұланбыз.
Ұлыс күні,наурыз тойы
Таусылмас жыр әніміз.
А.Мұратбекова
Наурыз, наурыз, Наурызкөк,
Күн жылынды Наурыз кеп
Жылғаларды тазалап,
Наурызда бір тұп ағаш ек.
Жасыл желек жайқалсын,
Жорға біткен тайпалсын.
Ұлыстың ұлы күнінде
Татулық,бірлік байқалсын.
Күн менен түн теңескен,
Ерекше бұл күн-мерекем.
Ақ көп болып елімде
М.Мугинова
1-жүргізуші: «Ұлыстың ұлы күні» деп неге атаған? Жаңа жыл-ұлыстың ұлы күні. Бұл жөнінде мынадай аңыз бар. Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазғұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күнді — Ұлыстың ұлы күні деп жариялайды. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса,сонда олжалы жол болар.... »
2-жүргізуші: Наурыз күні күннен шығып құйылатын «құт» біз кейде түсінетіндей дүние-мүлік, мал, қаржы түріндегі қазына емес. Ол — нұр, сәуле, адамның рухани жан дүниесін байытатын, тазартатын, нұрландыратын, сәулелендіретін, күш-қуат беретін, қасиетті, құдіретті ұғым. Наурыз парсы тілінен шыққан. «Жаңа күн» деген сөз. Жаңа күнде бәрі жаңарып, табиғат түрленіп, адам жанының барлық дүниеге деген махаббаты жаңғырады.
Перизат: Наурыз келді, Наурыз келді, ағайын,
Құшырлана құшағымды жазайын.
Көктем шыға күлімсіреп көк аспан,
Әнге толды, күйге толды маңайым.
Ақнұрдың орындауында: «Наурыз» әні
1-жүргізуші: Наурыз айында біз Қыдыр атаны күтеміз.
Қыдыр ата — бүкіл халықтың қамқоры,оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт несібе әкелуші, бақыт, береке өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа соғып бата береді.
Олжас: Қанағат болсын бар жырға,
Шапағын берсін таң-нұрға.
Ақ батамды берейін,
Мерекеміз, әз-Наурызға!
Ынтымағымыз жарассын,
Сүйсініп әлем қарасын.
Дастарқаныңа жайылсын,
Түрлі, дәмді бар асың.
Батамды Алла жебесін.
Елбасымыз аман болсын,
Отаныма тыныштық берсін.
Бауырымыз бүтін болсын,
Қазанымыз ырысқа толсын.
Аумин!
2-жүргізуші: Наурыз күні түскен жылу тасты жібітеді-мыс. Бұл күні адам қателігі болса, кешірім беруге тиіс. Кешірмесе, «бұл күні Самарқанның көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.
Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқаның елжіреп түскен тасы.
А. Байтұрсынов
Ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиетті мен ізгілікке,жақсылыққа бастайтын ерекше күн екенін білеміз.
Аруларымыз «Аққу» биін билесін
1-жүргізуші: Наурызды тәңір бізге нәсіп еткен,
Мейірім танысын деп тасып өткен.
Наурыз сән-салтанат, ұлттық рух,
Бақытты наурызы бар халқым неткен!
Халықтың пейілінен жаралғандай,
Сұлу күн шуағынан таралғандай,
Ел мен жер елжірескен, қуанысқан,
Наурызда ажар қандай, арай қандай!
Қорытынды: Наурызда айтылған барлық тілегіміз қабыл болып, Отанымызға — береке, халқымызға — игілік, мемлекетімізге — молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі