Өлең, жыр, ақындар

Махаббат – өмір нәрі

ШҚО Көкпекті ауданы  Тассай ауылы

«Әуезов атындағы орта мектебі» КММ

Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі

Мазыбаева Бахыт Құдайбергеновна

 

Cабақ  №7-8                  11-сынып

Сабақтың тақырыбы: Махаббат – өмір нәрі

Мақсаты:оқушылардың сүйіспеншілік,махаббат туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері:

-өмірдің   бар жақсылығының негізі махаббат,сүйіспеншілік екенін түсіндіру;

-адамды,Отанды ,өмірді сүйе білу іскерліктерін дамыту;

-сүйіспеншілікті ,махаббатты бағалай білуге тәрбиелеу.

Сабақ түрі:сыныптан тыс

Сабақ әдісі:түсіндіру,әңгіме –сұхбат

Көрнекілік:интербелсенді тақта,слайд

Сабақ барысы

I.Ұйымдастыру кезең

II.Жаңа сабақ

Сабақтың тақырыбын ашатындай «Махаббаттың сарқылмас бұлағы», «Махаббат – өмір нәрі» дегендей ұғымдарға сипаттама береміз. Махаббат сезімі  туралы, оның неге әкелетіні, бұл өмірде неге қажетті екені сияқты сұрақтарды талқылаймыз. Сіздерге махаббат сөзінің түсінігін кеңейтетін, ол туралы ой  дамытатын, өзінің өмірлік мәнін сезіндіретін түрлі жаттығулар мен тапсырмалар ұсынылады.

                                             

Махаббат түрлері

 

Анаға            балаға               екі жастың             отбасыңа             отанға

 

«Махаббат» өлеңін оқу

О,махаббат аяулы асыл сезім,

Арнамаған бар ма екен саған сөзін .

Мекендеген жер үстін жан иесін .

Баурамаған бар ма екен сірә кезің.

Асыл сезім жаралған ізгіліктен

Талпынады жан біткен ізгі үмітпен

Сенен шығып ,тарайды сенен ғана

Бар жақсылық атаулы бізді күткен.

Дүние бос,өмір жоқ сенсіз жерде

Тең саналар хайуанмен сенсіз пенде.

Адамдықтың ,ізгілік,ұлылықтың

Биігіне жетудің кілті сенде.

Ұлы сезім,шегің жоқ ,шеңберін жоқ,

Бір қарасақ өзіңсіз елдегі көп.

Түрлерің көп,қырларың,сырларын көп.,

Ең қол жетпес және жердегі жоқ.

Адамдағы қымбаттың ,қасиеттің

Қадіріне жетуді ғасыл еттің

Сен бар жерде бақытты жан атаулы,

Сен жоқ жерде  басында қасиет-мұң.

О,махаббат берілген тек адамға

Нұрың түспес жан бар ма бұл ғаламда

Тек қадірің түсіну ,құрбан болу

Бұйырмаған жердегі әр адамға.

III.Әңгімелесу.

Танысқан өлең бойынша сұрақ – жауап өткізіп, талқылау жасау.

1.   Неліктен махаббат құдыретті де қасиетті ұғым?

2.   «Ғашықтық» және «құштарлық» ұғымдарының мәнін қалай түсінесіз?

3.   Туған жерге, туған елге деген махаббат сезімін қалай түсінесіз?

4.   Махаббаттың сыйластық пен достыққа деген қандай байланысы бар?

5.   Махаббат сезімінсіз адам бола ма?

6.   Қандай құс махаббаттың белгісі деп аталады?

IV.  Жаңа ақпарат

Жүрек— махаббат символы

Махаббат — адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі.

Батыстық философия тарихында Эмпедокл  өзінің космол. ілімінде махаббат  бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған бастапқы күш деп білді.
Платон оны сезімдік және рухани махаббат  деп екіге бөліп қарастырды.

Сезімдік махаббат  — сұлулыққа  сұқтанатын  махаббаттың төменгі сатысы,

ал рухани  махаббат — адамның белсенді танымдық қызметінің қайнар бұлағы деп қарады.

Ағартушылардың махаббат жайлы көзқарастары

Ағартушылар  махаббат адам бойындағы табиғи сезімдер көрінісінің бірі деп есептеді. Мәселен, Шефтсбери махаббатты ынтымақ  сезімі және қоғамдық тәртіптермен сұлулықтың ұйтқысы деп көрсетті. Гельвецийдің түсінігінше, махаббат — адамзат өміріндегі тәрбие құралы және адам дамуының қайнар бұлағы. Сөйтіп, ағартушылар этикасы  махаббатты мәселесін әлеуметтік өмірмен байланыста қарастырды. Марксизм ілімі махаббатты өзінің әр алуан формаларында жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғам өмірінің мәнді жақтарын тікелей әрі тереңнен қамтып, рухани берілгендікпен қаһармандықтың қайнар бұлағы болып табылатын әлеуметтік таптық және жалпы адамзаттық ынтымақты бейнелейді деп көрсетті.

Қазақ халқының рухани бастауларының бірі-шығыс мұсылман әдебиетінде махаббат жайлы жырлар ғасырлар бойы жалпы жұртшылыққа жол тауып, эстетикалық  көркемдік, этикикалық ғибраттық зор маңызға ие болды.

Орта ғасырдағы өзекті мәселе

Орта ғасырларда махаббат  ұғымы көркем шығарманың ғана нысаны емес, дүниетаным, дін, философия, эстетика  салаларының өзекті мәселелері бастау алатын кәусар бұлақ саналды. Ортағасырлық мұсылман және христиан теологиясында,діни әдебиетте, сондай-ақ шығыс поэзиясында  да басты тақырып махаббат болды, көптеген онтол., аксиол., гносеол. мәселелердің шешуін табар түйіні осы махаббат категориясы еді.

      Махаббат әрбір адамды бейтарап қалдырмайтын, адам өмірінің мәні мен маңызы, сырлы әлемі. Сондықтан махаббат жайлы әрбір адамның жеке көзқарасы, өзіндік ой-пікірі, түсінігі болуы және оның әр алуан болуы заңдылық. Махаббат әрбір адамның әлемдегі, қоғамдағы, отбасындағы өзінің орнын белгілеуге, өзін-өзі, ақиқат мәнді, жаратылыс  сырын тануға мүмкіндік беретін маңызды таным-түйсігі. Сол себептен махаббаттың сипаты да түрліше.
Мысысалы, адам мен Құдай, ер мен әйел, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала, туыс араларындағы махаббат .

Өз кезегінде адам мен Алла арасындағы М. —имандылықтың,ер мен әйел махаббатты — отбасының, Отанның беріктігінің,ұстаз бен шәкірт махаббаты — білімнің,ата-ана мен бала, туысқандар арасындағы махаббаттар — елдіктің т.б. қастерлі құндылықтардың кепілі әрі бастауы.Сонымен қатар адамның Отанына, туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілік сезімі де махаббаттың бір көрінісі.

   Ер-азаматтың қорғауға міндетті басты үш намысы

иман,

Отан,

отбасы махаббатқа негіз болар құндылықтар.

Махаббатты осылайша жіктеуге махаббат  иесі сезімінің нысанын, көздеген мақсатын белгілеуі негіз болады. М-тың сезімдік әсер тұрғысынан күйініш пен сүйініш, қорқыныш пен үміт  өзара ұласа жүріп, адам бойында күйіп-жанған ынтық сезім, қанат бітірер ұшқыр қиял, риясыз пейіл, мейірім-шапағат түрінде көрініс беруі махаббаттың бар түріне тән жалпы сипаты болып табылады. Яғни махаббаттың қай түрі болсын адамды ізгілікке, мейірімділікке, адалдыққа тәрбиелейді.

Ер мен әйел арасындағы махаббат

Адамдардың басым көпшілігін толғандыратын да, көптеген көркем шығармаларға өзек болған тақырып та ер мен әйел арасындағы махаббат. Алғашқыда күйіп-жанған ынтық сезіммен басталған махаббат  жұбайлық жұп құру кезінен бастап жаңа сатыға өтеді. Некедегі ер мен әйелдің отбасындағы өзара адалдығы, бір-біріне қамқорлығы, ортақ жауапкершілігі, ізгі мақсат, ортақ мүддеге жұмылуы алдыңғы орынға шығуымен махаббат жаңа сапалық өзгерісте дамып, тәрбиелік мәні артады. Демек, ер мен әйел арасындағы махаббат пен осындай басқа да махаббаттардың барлығы — олардың ешқайсысын жоққа шығармайтын, бірақ бүтіндей қамтып, әрқайсысының мәнін арттыратын адамның хақиқатты мақсат еткен Аллаға деген махаббатының алғашқы сатыларының бірі.

Хақты сүю махаббаты

Хақиқатты сүю — адамды иманының, Отанының, отбасының қадір-қасиетін жете түсінуге баулитын, оларды да қатар сүюге қайшы келмейтін махаббат. Мұндай хақты сүю махаббаты жайлы өз  махаббаттарының нысаны етіп жаратушы Алланы қалаған, дәстүрлі қазақ қоғамында әулие ретінде құрметтелген, хақ сүйіспеншілігіне жеткен ғұламалар өз хикметтерінде жырлаған.Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) хадисінде: “Хазірет Хақ субхана уа тағала: мен кеңістіктің бір бұрышында жасырынулы тұрған кен-қазына едім. Менің Тәңірі екендігімді ешкім білмейтін, өз құдіретімді білдіруге махаббатым ауып барша, ғаламды жараттым”, — деді.

Абсолютті ақиқат өзінің құдіретін паш ету үшін бұл дүниені пернелеп жаратуының үш негізгі себебін атайды:

Құдай — абсолютті, кемел, ол өзінің махаббатының нысаны-адамды жаратты. Алланың самадтығы (мұқтажсыздығы) шексіз, ол әуел бастан махаббат бастауы болғандықтан да сүйіспеншіліктің, мейірім-шапағаттың таусылмас кені. Алланың адам сүйіспеншілігін қалауы шындығында мұқтаждық емес — жомарттық, себебі хақтың достығына жеткен адамды шексіз рахым-шапағатқа бөлейді.

Адамзат бүкіл жаратылыстың ішіндегі жауһары, ең сүйіктісі. Ең сүйіктісі болғандықтан да ол — аса көркем жаратылыс, оны “Алла тағала өз бейнесінде жаратқан” және ол өзінің ең сүйікті досын адамзат қауымы ішінде жаратты. Бүкіл ғаламды, жанды-жансыз дүниені осы екі дүниенің шамшырағы, екі ғаламның тәжі, Алланың сүйікті досы — Мұхаммедтің (ғ.с.) құрметіне, соған деген махаббатының себебінен жаратты. Бүкіл жанды-жансыз, ірілі-кішілі, рухани және материалды заттар мен дүниені “Нұри Мухаммедтің” яғни, хазірет пайғамбардың нұрынан жаратты.

  Абай өзінің 38-қара сөзінде “…ықыласпен оқып ұғып алыңыздар, оның үшін махаббат төлеуі махаббат. Әуелі адамның адамдығы, ақыл ғылым деген нәрселерменен... Талап, ұғым махаббаттан шығады. ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады... Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады” дейді. Яғни адамның ең асыл қасиеті — ақыл, ең асқақ мұраты — танымға құмарлық. “Махаббатсыз, дүние дос, хайуанға оны қосыңдар” деген ақын адам “ғы-лым-білімді махабатпен көксерлік болғанда”, жүрегін дүние достығынан босатып, хаққа арнағанда ғана адам атына лайық боларын айтады.
Адам жаратылысының осы негізгі үш себептерін:сүйіспеншілік үшін,сұлулыққа ғажаптану үшін,ақиқатты тану үшін деп ажыратқанмен де, осы талпыныстың бәрі махаббаттан бастау алады.Пәктікті сүюге, сұлулықты түйсінуге, кемелдікті тануға талаптанудың барлығы махаббаттан шығады “Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол  Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жолы осы деп әділетті. Осы үш сүю болады иманигүл, Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл”.Имандылық жаршысы болған осы ғұламалардың махаббат жайлы пікірлері бір арнада тоғысады. Олар махаббат бастауы — Алла деп біледі. “Кәпір болса да берме азар” дейтін Иасауи де бүкіл адам баласын сүюге, татулыққа, бауырмалдыққа үндейді. Ал Хақ жолы — әділдікті сүю — ізгілікті сүю, яғни ғаламның, табиғаттың үйлесімділігінен, заңдылығынан ғибрат алып, соған сай өмір сүру, сондай-ақ адамзат қауымындағы, адамның жаны мен тәніндегі бүкіл заңдылықтар мен құбылыстарды ретке келтіретін ақиқат ілімге сай өмір сүру.
Сұрақ-жауап жүргізу.

 

Махаббат тарихына қысқаша шолу жасау(суреттері интербелсенді тақтадан шығып тұрады).

Атақты махаббат жұптарымен таныстыру:

Қозы Көрпеш-                   Қыз Жібек пен                       Еңлік-Кебек

   Баян сұлу                             Төлеген                        

 

Қалқаман-                         Ләйлі-Мәжнүн                     Ер Тарғын

Мамыр                                                                             Ақжүніс

 

V.Тапсырма.

«Қызықты жағдаяттарды талдау»

1.    Бір-бірін ұнатқан екі жас, яғни қыз бен жігіт көшеде келе жатады.Сол кезде қыз жігітті сынамақшы болып сұрақ  қояды.

Сұрақ: жолдың шетінде бір құмыра жатады,қыз жігітке сен мені шын сүйсең осы құмыраның ішіне кіріп кет дейді.Сол кезде жігіт қызға жауабын қалай қайтарады?

2.    Бейтаныс қыз бен жігіт өтіп бара жатқан екі автобустың екеуінде отырады.Сол кезде бір-бірін бақылап ғашық  болып,танысып үлгіреді.Екі автобус екі жаққа жүріп кете береді.

Сұрақ: Сол екі ортада қалай танысып үлгіреді?

Шығармашылық жұмыс:

«Махаббат бейнесі» тақырыбында оқушылар өз пікірлері негізінде махаббат бейнесін салады.

  Ойын: «Ашық хат» оқушылар бір-бірлеріне хат жазады.

 VI. Қорытындылау:

Сұрақ-жауап:   «Махаббат» ұғымының мәнін анықтау.
1-топ. Ұқсас ұғымдарды іріктеу.
2-топ. Қарсы ұғымдарды іріктеу.

•Махаббаттың қандай түрлері болады?Оларды қысқаша

•Қай ғалым «Махаббат  бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған бастапқы күш» деп білді?
• Қай ғалым және махаббатты нешеге бөлді?Оларды ата.

• Сезімдік,рухани деген бұл қандай махаббат ? 

• Ер-азаматтың қорғауға міндетті басты үш намысын атаңдар.

•Адам жаратылысының  негізгі үш себептерін атаңдар.
•Махаббаттың құндылығы неде?
• Адамға махаббат қаншалықты қажет?

• Адамда махаббат сезімі болмаса, не болар еді?
•Махаббат адамға қандай артықшылық береді?

Махаббаттың кемшіліктерін анықтау.
• Махаббатта кемшіліктер бола ма?
• Махаббат әрқашан да жақсылық әкеле ме?
• Адам өз махаббатынан қорлық көре ме?
• Махаббат қай уақытқа жағымсыз қасиетке айналады?  

«Махаббат»  сөзіне түйіндеме жасау.
Махаббат – бұл ...
Сонымен, махаббат дегеніміз – шын жүректен жақсы көру сезімі. Махаббат – бақыт, шаттық, қуаныш, сүйіспеншілік, елігу, жақсы көру, құштарлық, сезім, түсінісу, өзара сыйластық, ізгілік, адамгершілік, жаны ашу, қайырымдылық, нәзіктік, шыдамдылық, төзімділік және т.б. түсініктерге тән адамның барлық сезімдері мен іс-әрекеттерін, қасиеттері мен сапаларын қамтиды.
Жүректен жүрекке.
Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады- дей келе сабағымызды қорытындылап, баршаңызға жүректер таратамын. Әрбіріміз оған жақсы тілектер жазып Жер тәрізді шарға орналастырамыз.

 

 

 

 

 


Пікірлер (2)

жибек

жақсы жазылған жұмыс, адамға ой салатын сөздер алынған.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз