Бұл бетте «Өмір» атты Қадыр Мырза Әли жазған өмір туралы өлең берілген.
Қызғыштай қорып өңірді
Кездерің, ұлым, жортатын.
Қиыны қиын өмірдің,
Түгі жоқ бірақ қорқатын.
Кез болған
Дала,
Қалаға
Пулемет ажал боратқан.
Әкеге бала,
Балаға
Әкесі көздеп оқ атқан.
Кез болған
Үйің
Құтханаң
Құлаған,
Шөгіп тіреулер.
Аузынан тіпті шықпаған
Сөз үшін күйіп біреулер.
Сөнді деп сенім шырағы,
Жүрегің неге қозғалған?!
Бір әйел емес,
Бір ауыл
Еркексіз қалған кез болған.
Кез болған
Табын-табыннан
Тігерге тұяқ қоймаған.
Кез болған
Шалдар қағынған
Қаралы қызбен ойнаған.
Киімім жыртық демегін,
Болсын да түгел жан аман.
Көйлегің түгіл,
Денені
Кезіміз болған жамаған.
Жоқтау боп кіріп ән үйге,
Жылаған жас та,
Кәрі де...
Құлыным,
Мынау фәниде
Бәрі де болған,
Бәрі де!
Әйтсе де
Құшақ жайсаңдар,
Жетеді көңіл шуағы.
Жақсылар мен жайсаңдар
Күресу үшін туады.
Қызғыштай қорып өңірді,
Кездерің ұзақ жортатын.
Қиыны қиын өмірдің,
Түгі жоқ бірақ қорқатын!
Ероха
Мықты керемет екен
Майра
Қадыр Мырза Әлидің «Өмір» өлеңін оқып, төбемнен жай түскендей болдым. Ақын өмірдің ащы да шындығын, қиындыққа толы кезеңдерін батыл жеткізген. «Қиыны қиын өмірдің, түгі жоқ бірақ қорқатын» деген жолдар – қазақтың мінезін айнытпай көрсеткен. Әсіресе соғыс жылдарындағы азапты, адамдардың басынан өткен ауыр сәттерді айқын суреттейді. «Бәрі де болған, бәрі де» деп қорытындылауы – өмірдің сырын терең түсінген даналық. Соңғы шумақтағы «Жақсылар мен жайсаңдар күресу үшін туады» деген сөзі бүгінгі ұрпаққа зор үміт артқандай. Қадыр ақынның қаламына тағзым! Өлең мәтіні таза әрі толық берілген. Bilim-all.kz сайтына осындай құнды туындыны оқырманға жеткізгені үшін рахмет. Бұл өлеңді әр қазақ баласы жаттап өссе деймін.