Кітапты қоя тұрып парақтаған – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Кітапты қоя тұрып парақтаған» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.05.2019
  • 0
  • 0
  • 3371
Кітапты қоя тұрып парақтаған,
Кішкене аялдап ап әрі аттанам.
Бір мезет
Дүниені түгел ұмытып,
Өзіммен-өзім болу керек маған.
Қаншама сеніп сөзге,
Еріп тілге,
Қажыдым бір суретті көріп күнде.
Аңсаймын оңашаны,
Керегі жоқ
Бір мезет жолдастың да,
Серіктің де.
Бір мезет мезі қылып арағың да,
Келеді қашып кеткім Қарақұмға.
Бір мезет
Баз кешкендей дүниеден,
Келмейді қыз-қырқынға қарағым да,
Татитын оны жүзге,
Жүзі мыңға —
Апыр-ай —
Шаршатады қызығың да!
Бір мезет
Дүрілдеген мотор түгіл
Көтермен сары масаның ызыңын да.
Шалқытып от жүректің қайран өртін,
Бір мезет
Өлең-жыр боп сайра, дертім.
Ол кезде жабамын мен біраз күнге
Көңілдің халықаралық аэропортын!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері