Жек көреді дейсің, дос, тойлауды кім – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Жек көреді дейсің, дос, тойлауды кім» атты Қадыр Мырза Әли жазған достық туралы өлең берілген.

  • 01.05.2019
  • 0
  • 0
  • 3429
Жек көреді дейсің, дос, тойлауды кім.
Қажеттірек әйтсе де ойлау бүгін...
Жүгенім жоқ,
Ноқтам жоқ,
Бұйдам да жоқ,—
Бірі де жоқ,
Бірақ та байлаулымын!
Жек көреді еркелік жасауды кім?
Артта қалды әйтсе де асаулығым
Кісенім жоқ,
Бұғау жоқ,
Шідерім жоқ,—
Бірі де жоқ,—
Бірақ та тұсаулымын.
Шаруасымен дәстүрдің,
Ғұрыптардың
Кіре алмайтын жерлерге кіріп бардым.
Дегенменен...
Ханым жоқ,
Қадиым жоқ,—
Бірі де жоқ,—
Бірақ та кіріптармын.
Шектелуді тірілікте сауап көрдім.
Ақылына сыяр бұл сауатты ердің:
Кіріптармын,
Еркіммен кіріптармын!
Ар алдында өйткені жауапкермін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері