Кімге енді жалбарынам жайып қолды –
Қадыр Мырза Әли
Бұл бетте «Кімге енді жалбарынам жайып қолды» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Кімге енді жалбарынам жайып қолды?!
Бір сәтте жүзіп өтті қайық көлді.
Апыр-ай!
Былдырлаған бөбек кезім
Бір жылап алғанымша ғайып болды.
Мұндайда ерте оянған әтеш ұтты-ау,
Мұндайда қабағыңды қате шытпау...
Шіркін-ай,
Жайраңдаған жігіт шағым
Бір күліп болғанымша өте шықты-aу!
Жастығым әрі құтты,
Әрі үмітті —
Ештеңе көрмегендей —
Жар ұмытты.
Болатын көп сияқты әлі уақытым,
Бір ойлап алғанымша бәрі бітті.
Жалт еткен жас сұлудың қарасындай
Зымырап, уақыт-тұлпар, барасың ба, әй!
Жиырма менен елудің екі арасы
Алматы — Шамалғанның арасындай!
Әлі есік қақпағанмен қаралы күн,
Мен, мүмкін, осыны ойлап «жаралымын».
Бауырым, білем деме,
Есептеме
Күлкі мен көз жасының аралығын!
- Азамат Төре(авторлық ой)
- Азамат Төре
- Рабиндранат Тагор
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі