Мініп жүріп тірліктің қызыл атын

Бұл бетте «Мініп жүріп тірліктің қызыл атын» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 01.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2360
Мініп жүріп тірліктің қызыл атын,
Кез болады желігіп,
Қызынатын.
Қинайтын да осы өмір,
Қимайтын да,
Ал өлімнің несі бар қызығатын?!
Айтып жүріп тірліктің қызыл әнін,
Алаулаймын,
Асаудай қызынамын.
Түк жетпесін білемін тірі кезге,
Кей өлімге дегенмен қызығамын.
Бір көретін айында,
Аптасында,
Бала да жоқ,
Жарың да жоқ қасыңда,
Жолдасың жоқ бірге өскен бала кезден,
Өліп кетсең қайтесің от басында?!
Қуып жүріп соңынан құр қызықтың,
Құлағанды алады тұрғызып кім?!
Өзің айтшы:
Жақсы ма
Бейбіт кезде
Өліп кетсең қолынан бір бұзықтың?!
Жоқ, бауырым!
Қызыл қан — қызыл ағын.
Шынын айтпай мен неге сызыламын?!
Өлімнің де, байқаймын, өлімі бар,
Кей өлімге сондықтан қызығамын!
Кейбіреудің өмірі ерлік неткен!
Қай кезде де,
Қашан да болып көппен,
Сарбаздарын көтеріп шабуылға,
Алға!— деген сәтінде өліп кеткен.
Бар тірлікте киелің,
Күйелің де,
Жаяуың да
Биелің,
Түйелің де.
Бұзылуға болады кей өмірден,
Қызығуға болады кей өлімге!
Қызықпаймын дененің солғанына,
Қызықпаймын «мәңгілік жол» қамына.
Дегенмен де, бауырым,
Не жетеді
Өлімнің де мазмұнды болғанына!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Мініп жүріп тірліктің қызыл атын өлеңінің авторы кім?

Қадыр Мырза Әли — осы өлеңнің авторы.

Мініп жүріп тірліктің қызыл атын өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Мініп жүріп тірліктің қызыл атын өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қадыр Мырза Әли өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Мініп жүріп тірліктің қызыл атын өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері