Өлең, жыр, ақындар

Шабандоз қобыз (ертегі дастан)

  • 15.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2564
Қазақтың кең даласы
Толған аңыз, ертегі.
Сайы менен саласы
Сыр ғып соны шертеді.

Ойпаты да, белі де,
Желкілдеген құрағы,
Ызыңдаған желі де,
Аңыз айтып тұрады.

Сыбырлайды шалғындар,
Зейін салып көрейін.
Тыңдасаңдар, балғындар,
Аңыз айтып берейін...

Жетісу – жер жаннаты,
Күн күлімдеп көгінен,
Қағылып əн қанаты,
Күй күмбірлеп төгілген.

Небір əнші болыпты,
Жасыл бақтың бұлбұлы,
Небір күйші болыпты,
Тасқын үннің дүлдүлі.

Неге қалсын азайып,
Дарындарға толыпты.
Қасиеті бар ғажайып
Əулие ата болыпты.

Бір тармағы Найманның –
Садыр ма, əлде Матай ма?
Қасиетіне қайранмын,
Қызығам Əулие атайға.

Кешке отқа қоюға,
Шығады атын жетектеп.
Не бар екен ойында,
Мəнісіне жет ептеп.

(Артық сөзді қыстырып,
Ұйқас болды керегі.)
Қалса атай ысқырып,
Екі жылан келеді.

Қос жыланды тына
Тұсау етіп салады.
Ертеңгісін, батыл, ə,
Өзі шешіп алады.

Жұрт тыңдаған тамсана,
Бар екен бір қобызы.
Əуендердің қаншама
Бүгіндері жоқ ізі.

Қобыз үні сарнаған,
Əуендердің өзегі
– Асып-тасқан арнадан,
Бейне Ақсу өзені.

Ауру əбден меңдеген,
Азап шеккен түнімен,
Науқастарды емдеген
Қобызының үнімен.

Құдіретті күштілік,
Қасиетті қандай жан!
Дұға оқып, үшкіріп,
Бір сипаса аңдайдан,

Кете берген сауығып,
Əл үстінде жатқандар.
Кете берген айығып
Уайымға батқандар.

Ғажайып сыр, досым-ау,
Ой-санамды шайқады.
Оқиғаны осынау
Аңыз ғып ел айтады.

Көңілім бір түсті ізге,
Болған жағдай расында
– Сауын айтқан үш жүзге
Маман байдың асында.

Жетісуда əйгілі
Маман деген бай болған.
Оңынан туып Ай-Күні,
Төрт құбыласы сай болған.

Қай заманда бай мықты,
Төрінде боп Меккенің,
Білген нағыз байлықтың
Өнер, білім екенін.

Сауатты екен зерделі,
Берік екен салтына.
Аз болмапты бергені
Туған елі, халқына.

Ұрпағы нұр шашқанын,
Білім дəнін еккенін,
Ел біледі ашқанын
«Мамания» мектебін.

Ілияс – сөз зергері,
Жырдан өрнек тоқыған.
Халықтың небір ерлері
Сол мектепте оқыған...

...Үйсін, керей, жалайыр,
Маман байдың асына,
Келді ертіп талайы
Балуандарын қасына.

Келді əншілер үні асқақ,
Жұртты аузына қаратып.
Келгендер бар бұл асқа
Бəйге аттарын жаратып.

Мұны осал, жəй деме,
Қызықтырып жігітті,
Аламанға – бəйгеге
Атан түйе тігіпті.

Əулиенің бір құрдасы,
Досы да екен сүйікті.
Көптен бергі сырласы
Намысына тиіпті.

Сөзі де жоқ татымды,
Көрінгенмен білікті.
«Бəйгеге жауыр атыңды
Қоссаңшы» деп күліпті.

Тиетұғын намысқа
Өсектен сөз жоқ ұзын.
Сонда Əулие жарысқа
Қосам депті қобызын.

Қобызын беріп үмітпен,
(Айтушы еді өңге не?)
Ат айдаушы жігітке:

«Жеткіз, – депті, – көмбеге.
Үмітім бар сөнбеген,
Күнге қойма, күймесін.
Алыстау қой көмбеден,
Ат тұяғы тимесін.

Кетпес деймін түгі де,
Қиындықтан жолдағы.
Тобылғының түбіне
Сүйей салсаң болғаны».

Кетті солай аттар да,
Сəт қой күткен күні-түн.
Кім біледі ақтар ма
Атбегілер үмітін?

Ұмытты ма сөздерді,
Жеткен кезде межеге.
Ат айдаушы өзгерді,
Кейін тартты кежеге.

Уəде қалып бастапқы,
Жаман іске бастады.
Тобылғыға аспапты
Мықтап байлап тастады.

Ал бұл кезде ауылда
Əн шырқалып əр тұста,
Қызық силап қауымға,
Балуандар түсті тартысқа.

Мынау астың сəніне
Қалар еді патша таң.
Əн салғанның бəріне
Сыйлығы бар ат-шапан.

Ада боп ескі ұғымнан,
Демеңдер тек бұл несі?
Балуанға да жығылған
Беріледі жүлдесі.

Бол жақсыдан үміткер,
Қара жылы қабақпен.
Жорға мінген жігіттер
Ет таратқан табақпен.

Қарағайдың түбінен
Ойып алған қатырып,
Қыз-келіндер күбіден
Қымыз құйған сапырып.

Риза болды келгендер
Молшылыққа аста-төк.
Жеңілген де, жеңген де
Келмегендей асқа тек.

Керегеден түрілген
Ескен желге салқындап,
Жадырады бүгін ел,
Қызық көріп, əн тыңдап.

Ішінде боп батаның,
Жақсылықты тіледі.
Бірақ Əулие атаның
Күпті еді жүрегі.

Бір кезде жұрт дүрлікті,
Аттар келе жатыр деп.
Əулие ата жүр күпті,
Құлағына жат үн кеп.

Қобызы жоқ, дүбірлеп
Ат шабысы шығады.
Отыра қап, күбірлеп,
Оқи берді дұғаны.

Сонда қобыз бұлқынды,
Басы жерге соғылды.
Алға қарай жұлқынды,
Жібермеді тобылғы.

Қобыз қайта тебінді,
Қырдың желі шайқаған
Екі шектен төгілді
Қуатты күй қайтадан.

Шалқып, тасып күй кетті,
Тасқын күйден от алып,
Тобылғыны сүйретті,
Тамырымен қопарып.

Мұны Əулие оқыған
Құдіреті дұғаның
Жəне шекте толқыған
Күй күші деп ұғамын.

Жақындауға мəреге,
Сəт қалғанда қасқағым,
Қалмай тіпті зəре де,
Аттар үрке бастады.

Соңдарынан тақымдап,
Ергендей ме, бірге ме?
Қас қаққанша жақындап,
Ербеңдейді бірдеңе.

Арындаған алдағы
Жалт бергенде тарланбоз.
Ауып түсе жаздады
Үстіндегі шабандоз.

Сан үмітті күйретіп,
Шаң көтерген жел еді.
Тобылғыны сүйретіп,
Қобыз ұшып келеді.

Жетпес бұған ақылы,
Болса-дағы көреген.
Бірінші боп ақыры
Өте шықты сөреден.

Қасиетіне абыздың
Ел тағы да қанықты.
Үнін тыңдап қобыздың,
Содан ғибрат алыпты.

Əулие ата осындай
Қасиетті болатын.
Туысындай, досындай
Ардақтайды ел атын.

Ұрпағының қолында
Əлі де бар сол аспап...
...Əділдіктің жолында
Айбынды бол, бол асқақ!

Кеудесі асыл қазына,
Өткен небір даналар.
Құлақ түріп сазына
Қабылдаңдар, балалар.

Нақыл сөзі – жыр асыл,
Құнын білген бағалар.
Аталардың мұрасын
Қастерлеңдер, балалар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жеті нота – жеті өзен

  • 0
  • 0

Жалғыз жүріп тосылсаң,
Ісіңде жоқ берекет.
Жеті нота қосылса,
Қуаты бар керемет.

Толық

Дыбыстар

  • 0
  • 0

Жұмысың жоқ ел ісімен,
Қойып бізге мың талап,
Дүниеге келісімен
Дауыстадың іңгәлап.

Толық

Ноталар тізбегі (гамма)

  • 0
  • 0

Секілді бір баспалдақ.
Көрсетеді ол да сый,
Әр сатысын басқанда-ақ.
Күй төккендей болады,

Толық

Қарап көріңіз