Шақырдым сені
(Ярослав Смеляковқа)
Шақырдым сені,
Кең далама шақырдым:
Шаңқан қырда,
Астында аспан шатырдың,
Шырқағанда самғап ұшқыр өлеңің,
Ырғақтарын, кетсін деп мың шақырым.
Көтерсін деп ақын досым кеудесін,
Мінбер етем Алатаудың өркешін,
Құзда тұрып,
Шырқасын деп алысқа
Жаңғырта бір қазақтың кең өлкесін!
Алатаудың алтын иық құзынан
Аңқып ұшқан қырандарға қызығам.
Келеді ұшқым сол құстардай жазыққа
Жырларымның кестелері сызылған.
Қос дауысыңды,
Мен де өзіңдей ақынмын,
Ұшан қырға
Ұшсын самғап батыл үн,
Жорға жырға мінгесіп
Жыр желімен
Жарысуға жырларыңды шақырдым.
Ашамын қырдың
Алтын, сағым пердесін,
Шық төріме,
Шерт шабыттың пернесін!
Кілем гүлдер
Майсаң белдер үстінде
Жорға жырың
Жігіт болып билесін.
Кер қызықты сахналы жерімнен:
Қырымда жоқ сұп-сұр белдер шөлірген.
Ақ қалалар қанат қаққан өрінен,
Онда, Қурай басқан түздерде,
Дәнбикелер толықсыған, керілген.
Онда, сонау
Атамды сор айдаған,
Қу жапаннан алтын-күміс жайнаған.
Барсаң саған
Аңыздарын шертеді
Қазіргі жас,
Қашанғы қарт айдалам.
Кел далама,
Өлеңіңді өргізіп,
Жөнелтейін жасыл қырға желгізіп,
Оттар жанған өзендер бар,
Шомыл да,
Жырларыңа моншақтарын бер тізіп.
Мен қазақпын.
Қыр досымын, малшымын,
Мен сүйемін
Дала жырын — мал шуын.
Қосыл менің үндеріме
Қиырдан
Жылқыларды өр дауыспен қайырған.
Көрші сен де
Баям таудың бауырын,
Көл жағалап
Қонақтаған ауылын,
Саумал көлдің жағасында толғанып,
Екеуміз бір
Әндетейік тау жырын.
Көрерсің көп тамаша,
Зәулім үйлер қатарланған қалаша,
Ақ бидайдың арасынан ән шырқап,
Қайтер едің, қыздар саған қараса!
Кел аулыма,
Көр қазақтың ұл-қызын,
Солар — жырым,
Менің гүлім — қырмызым.
Жырла бірге,
Жұт самалын,
Жұт жеңгемнің
Гүл аңқыған қымызын.
Кел қырыма,
Отандасым, ақыным,
Кең даланы құшақ етіп, шақырдым,
Жырлайық кел,
Қырандарша шарлайық,
Жыр гулеген қырдың аспан-шатырын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі