Жеті емес, жетпіс шығар – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Жеті емес, жетпіс шығар» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2884
Жеті емес, жетпіс шығар су дегенің.
Естимін күндіз-түні гулегенін,
Бұл таулар осыншама селдетпесе,
Білмедім дала қайтіп күн көрерін.
Тірліктің тұңғыш таңы атқаннан-ақ,
Осылай дамыл кермей аққандай-ақ.
Далаға мың дария орнатудың
Жоспары орындалмай жатқандай-ақ.
Дамылсыз дарқан ағыс құла таңнан,
Бұқарға керуендей жүк апарған.
Дауысы сан тірліктің сол суда бар
Естіген қалмайтындай құлақта арман.
Балқаш пен Алакөлге сауын айтқан,
Алайда келтіре алмай тауы қайтқан.
Еріксіз елшілердей жеті үлкен су,
Олардың құшағына мәңгі батқан.
Жолшыбай сан саламен өсіп-өніп,
Құяды қос теңізге екіленіп,
Асыққан облыстағы мәжіліске
Ауданның басшылары секілденіп.
Баяндар ел бақытын, жұрт ырысын,
Осы екен жерден соңғы бір туысың.
Басында Баянжүрек тағы білдім
Қадірлі жердің демін, су тынысын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері