Алматы кеші – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Алматы кеші» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 22.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2807
Бас айналған еңбектің қарқынынан,
Білек қызып, кеуде ысып, алқынып жан,
Зырылдаған тірліктің доңғалағы
Адам күшін бойына тартып жылдам.
Қалмаймын деп қарқыннан әсте мен де,
Күннің езі кеп тұрып тас төбеңде,
Жұмысшыдай қалжырап, дем сағынып,
Алыс кетпей, құлайды Қаскелеңге.
Бірте-бірте баяулап сойқан қарқын
Үйді-үйіне аяндап тарқар халқың.
Биік-биік крандар көкке қарап,
Ыстық бетон төменде тартар салқын.
Сағынса да үй ішін сабыр сақтай,
Сан дүкеннен дәм жинап дамыл таппай,
Автобустан төгілген адам бейне
Ақдорбадан шашылған бауырсақтай.
Сәлден кейін жабылып ымырт жетіп,
Әр терезе көз ашар жылт-жылт етіп.
Қуаныштың әр үйден үні естілер,
От басының қазаны бүлк-бүлк етіп.
Сонда тағы қараймын мен биіктен,
Алтын теңіз Алматы көз сүрінткен.
Сол теңізге қарғымақ болып тұрған
Айнымайды Көктөбе жез киіктен.
Теледидар — қос айдар мұнарасы
Сол оттардың секілді бір ағасы.
Көрінеді көк жасыл сәуле болып
Үлестірген әр үйге сыбағасы.
Айқай, шіркін, Алматы түнде қандай!
Көз құмары қарайсың мүлде қанбай.
Өз ажарын астана отты сезбен
Жұлдыздардан асырып жырлағандай.
Күндіз мұнда жұмсаған мыңдар күшін.
Күндер өзі игеріп жылдар ісін
Алатаудың қойнында жақсы астана.
Мәңгі осылай жарқырап тұрмақ үшін!
* * *
Алматыда «Ауыл1» бар
Көктөбенің басында.
Ағайын бар, бауыр бар
Кеп жұлдыздың қасында.
Түнде көрсең сағыныш
Сап-сары ала от жаққандай,
Күндіз көрсең ағылыс,
Адам су боп аққандай.
Төбеде аспан анық көк,
Төңірегің мақпалдай,
Ауылына барып кеп,
Мәз болып жұрт жатқандай.
Шаңқан аппақ отаулар
Шаңқай түсте жайнаған;
Қарағай бас қарт таулар
Кісідей ат байлаған.
Мұны тапқан расында,
Жомарт еді ой қандай,
Алматының басына
Сурет іліп қойғандай!
Керемет қой жолдағы
Жүр! — деп дабыл ұрғандай.
Елегізимін мен-дағы,
Атым сыртта тұрғандай.
Не бір рақат ой кешіп,
Жұмбақ сырға батасың,
Алды-артыңмен сөйлесіп,
Шалқып келе жатасың...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Алматы кеші өлеңінің авторы кім?

Ғафу Қайырбеков — осы өлеңнің авторы.

Алматы кеші өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Алматы кеші өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ғафу Қайырбеков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Алматы кеші өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері