Өлең, жыр, ақындар

Типтер

  • 30.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1646
Жапырақ көрдім жауын күні жылаған,
күн жаумай-ақ жылап тұрды бір адам.
– Еркектер де жылайды ғой, ә, десе де,
қатын құсап жылап тұрған көшеде
неткен жансың, – деп сұрап ем әлгіден,
– Саған, – деді ол, – айтылмайды әңгімем.
– Әлдебіреу қытықтады ма, ақымақ,
аппақ бұлақ жер бауырлап жатып ап
күледі кеп, сол күлкінің
себебін
айтшы, мұның неткен күлкі, –
деп едім.
– Тосқауылды табиғаттың өзі өндеп
суым шіріп, тосылған бір кезенде
құйдым, – деді ол, – ағысы бар өзенге.
Көп нәрсенің мәні бізге бұлдыр-ақ,
табиғатта жоқ дейміз ғой тіл-құлақ,
бірақ мынау көл жағасы құдырақ,
күні бойы тұрад бірақ сыңғырап?
– Тіл, құлақ жоқ сыңғырасам күнімен,
бұ тірліктің көп заңынан түңілем:
не тапты жұрт құлағынан есектің,
не пайда бар ақымақтың тілінен?!
Жан еді ол іш-тарлығы бізге анық,
Ер екен деп айтсын дейтін бір мінезі бар тағы,
Ал, шынында азабының өзін жеке тартады,
Досымен де бөлісуге қызғанып.

* * *
Сірә, бүгін күн жауатын секілді,
жауарында бұлданатын секілді:
қабағына бұлтын жиды бір түрлі,
бұлтын жиып өзінше құйқылжиды бір түрлі.
Жиырыла қалған сын-ды түнеріп,
Әлдеқандай бола қапты аспан да.
Төтеп берген халық едік жұтқа сан,
Апаттан да ұтылғам жоқ, ұтпасам.
Бұлт ұртыңды бұлтитпа көп,
көргенбіз біз, ағайын, нөсерлердің талайын,
сондай болып бір жауарсың мықтасаң.

* * *
Укол алдың дірілдеп,
ол уколды мен де алдым.
Сен аурусың бүгінде,
ал мен ауру болғанмын.
Ұйқы көрмей ісінсе
күндіз-түні жарысып,
бұрын арақ ішуші ек,
енді отырмын дәрі ішіп.
Анау да у ғой, дәрі де у,
дәрігерлердің бәрі қу,
у ішкізеді амалдап,
жазыласың деп алдап.
Аузың бұрын орнында ед,
өзгермесе не қызық:
арт жағына бітті аузың,
шприцтер-емізік.
Дәрі емізсең – тез еміз,
өлмегенге ол да сеп,
біз де әрине, сеземіз:
жазыламыз өлмесек.
Укол алдың дірілдеп,
ол уколды мен де алдым.
Сен аурусың бүгінде,
ал мен ауру болғанмын.
Лыпып соғып тұр ғой жүрегің,
әлсін-әлсін дәрігер кеп жүр тыңдап,
сен ауырсаң ыңқылдайсың, білемін,
көңлің үшін мен де ауырам ыңқылдап.
Ниет қой тек бір-біріңді демемек,
бұдан басқа ете аласың не көмек.
Мен ауырдым, сен ауырдың
керемет,
енді екеуміз бір жазылсақ
деген ек...

* * *
Дүние түгел пісіп кеткен тәрізді,
арамшөптің дәндері де тоқтықтан
ісіп кеткен тәрізді.
Қайда ғана асығасың сен алқынып,
ақ бұлағым, менің алақаныма
бірер көсіп суыңды алдым – сәл тынық.
Күннің жерге көңілі түсіп кеткенде,
бір қу сабау шаншып еді көктем кеп,
желкілдеп тұр сол жерге енді тал шығып.
Көк тас қана жолатпайды беттеңдеп,
құрды десем шегіртке де әншілік,
тікеннің де бұтағына гүл шығып,
дүние тұр тоқтығына тұншығып.
Тоқ жапырақ болса-дағы қанша ұлы
алақанында аунатады тамшыны.
Пісіп шықты қанша дәме, қанша үміт,
қанша жігіт қармап тынды мақсұтын!
Әлдеқайда атқалы тұр ақ сүтін
шың-сыздаған емшек құсап шаншылып.

* * *
Күнді теңейді алтынға,
дүние-қоңыз жұртым-ай.
Алтын деген салқын да,
біледі тек жылтырай.
Күміс-күн деп ақын жырлап болмады
дүниеқорлық ¬ ұяты.
Жылтырайды ол-дағы,
жылуы жоқ құятын.
Теңеу, теңеу, не керек,
теңеу іздеп керемет,
жырымызды бір-дағы
жылтыратсақ деген ек.
Жылтыраттық – сол қайғы,
сөзіміздің сондықтан
жарығы да болмайды,
жылуы да болмайды.
Металл да тас, шатағы:
алтын деген –атағы,
күміс деген –атағы
біреулерге қасірет боп батады.
Күнді тенеу,
образға орау не керек,
күннің өзі –образ ғой керемет,
күн деген сөз –
өзі- ақ жетіп жатады.
Көп теңеуден бас алып,
жырлар туды көп алтын:
сол алтынның жылтырлығын жасадық
күн-алтынның жылылығын жоғалтып.

* * *
Әлденені, асылы,
асыру-ау ниеті,
екі көзін жасырып
көзілдірік киетін.
Майдан ері ед,
сеземін,
әлдекімдер есінеп,
сәуегейсіп сөйлейтұғын:
көзі оның
өз көзі ғой – жасыратын
несі деп.
Сезілмейтін айла-ебі
жақынға да,
жатқа да:
көздігінің әйнегі
қап-қара еді, қап-қара.
Сыртқы жұрттан именіп
еткен ісін сеземін,
көзілдірік кигені –
соқыр екен көзі оның.
Көрмеу үшін бұрыңғы ескі танысын,
көп азамат білікті
киеді және сән үшін
қара көзіл-дірікті.
Әкім болды, салды кенет жалтақты,
ақылы азды сол жігітті
ант атты:
жаба алмады кемістігін
басының,
қанша баса кигенімен қалпақты.

* * *
Өлем, өлем деп сайланып біттің-бe,
өлу де емес кәзір,
мықты дау
өлгеннен соң басталады деседі,
көп жұрт содан жасқанады деседі.
Өлген күн-ақ тыңдалады себебі
Жұрттың твор-чество-лық есебі.
Ал, сен болсаң өлем дейсің, мөлдіреп
жыр авторы тым ертерек өлді деп,
айтсын дейсің, болар-ау ол дегенің,
әттең, одан жақсармайды өлеңің!
Тіршілікке не алсаң да – аз бәрі,
талай ерді өкпе өлтіре жаздады.
Өлсе – мақталады дегенге сен, сенбе,
сенің жырың мақталмайды өлсең де.
Сондықтан сен
сайланба көп өлем деп,
өлсең бұдан да кетесің төмендеп.
Көңіліңн алма,
қонбаса егер бұл өнер,
авторынан бұрын ылғи жыры өлер.
Жырың өлсін, сен асықпа бірақ та,
балаларға
нан-шай болып жүре бер.
Қасым жазды, тапты ма екен бақ содан,
Жақсы жырлар –қалды,
өлді – жақсы адам.
Жазған жақсы
жақсы жырды жататұғын
екпінінен тас құлап,
бірақ одан
тірі жүрген жақсырақ!

* * *
Өсек, сөз – бар мұрады,
ессіз ел ед бұ қандай:
мені сөз ғып жүр әлі
ауру сырын ұға алмай.
– Сыртқы жұртқа байқалмай
шеттеп, ішіп жүр еді.
– Айтатынын айта алмай
жарылған ғой жүрегі?
– Тиді біреу шамына,
мен жанында тұр едім, –
байқап қалдым: сонда ол
ұстап қап ед жүрегін.
– Бар ғой бізде жұт әлі,
ол да қу ед бір әккі:
– өткізбепті кітабын,
– жоқ, өлеңін сынапты.
– Неге керек бос ұлып,
бәрі жұрттың өсегі,
бірі де емес осының
арақ құртқан деседі.

– Жазғанымен жаңаша,
Дау-шарға өзі олақ-ты.
Содан шығар,
соңғы кезде о да аса
көп ішетін боп апты.

– Жігіт еді күші көп,
бас қосылып, жұрт ұйып
өткенде бір ішіп ек,
көзі кенет шыға келді кіртиіп.

– Рахмет, достарым,
сендер үшін болған екен бәрі әйгі.
Ойдан шыққан өтіріктің қос бәрін –
Бір жүректі жаруға сол жарайды.

* * *
Талай түрлер өзгеріп,
таусылады-ау талайлары түбі өліп,
өмір атты жолға алыс,
құрып кетті динозавр түгелі
қылыш тісті жолбарыс.
Көп зерттеуді керек етед бұл әлі
Ғалымдардың күмәні көп, күмәні,
әрине, адам кінәлі ғой,
ал маған
жолбарыстың өзі сын-ды кінәлі,
тісін жасыра алмаған.

* * *
Біраз ағаш, біраз бұта жұтаған,
жайсыз мезгіл келгені ғой шамасы.
Неге шошып қаласың
сары жапырақ ұшқан сайын бұтадан...
Аэс шығар бір ұлы,
әр өкпенің сырылы,
әр тамырдың лүпілі,
әр жүректің дірілі.
Қыс – боранды, жазда нөсер күркүрлі,
Ұғу қиын аспан деген шіркінді.
Сытыр етіп сынған сайын әр бұта
шошып қалам бір түрлі.
Күллі өмірді ұстап тұрған
бүтіндеп,
ток таратса әр тамырым
үлпілдеп,
ұлы генератор шығар
жүрегің?
Әр жапырақ ұшқан сайын мұнша мұң
Табад жаным – сөнген сын-ды бір шамым.
Әрбір бұта
сынғанының өзінен
бір тамырым үзілгендей сезінем.

* * *
Бүгін берді «көк қағазды» қолыма:
«продолжает болеть» депті соңына.
Жарамайды еңбекке
уақытша – деп жазыпты,
көңіл үшін айтқан сын-ды оны да.
Дене дерттен айыққандай болады –
көңіл зерек обалы не, обалы,
қалам ұстап көрсем шын-ақ сезінем:
сырқатымнан сауыққам жоқ мен әлі.
Ауруға да ойлау керек ұятты:
екі ай болды, екі жол жоқ бітірген.
Үйге шықтым «сол»
режим-күтіммен
палатамды ауыстырған сияқты...


* * *
Алтын, алтын деп кергіп,
мысты ұмыттық,
расында
мыс дегенің мықты ғой
қаңылтырдың қасында.
Өз орнында, әрине,
бәрі мықты, бәрі айқын:
әдетіміз бәріне
салыстыра қарайтын.
Мыстың құны хақында
мен де дедім,
деп едім:
«бір көруге алтыннан
мыс жалтырлау келеді».

Ардақтама алтынды,
мыстың құнын түсінбе –
алтының не, мысың не
көп жылтырдың ішінде.

Бір кемсіту – ол да амал,
айла етуге күшті адам.
Алтын – алтын болмаған
жасау үшін мысқа обал.

Қаңылтырды жібіт те,
дауыңды соқ, -
дәм сызба:
мысты мақта, үгітте,
алтын –алтын онсыз да.

Есейдік біз осы оймен,
кәрілік келер,
тұра тұр:
ақыл-ой да есейген,
тәжірибе де сұрапыл.
Таразы өстіп тартылды,
Тек кінәміз: мына біз
содан, әлі де...
алтынды
мыспен шатыстырамыз.

Жара қарын-іш тойса,
жайы не жүйке-жұлынның:
алтынды да мыс дей сал –
өлшер дейсің құнын кім!
Құн болмайды құр елес,
алтында құн жоқ онды аса:
алтын алқа – түк емес,
алтын балық болмаса...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Төбемде бұлттар жарысты...

  • 0
  • 0

Төбемде бұлттар жарысты,
Төменде оттар жанады.
Онан ұшқан әр ұшқын
Көкірегіме қонады.

Толық

Қажыдым-ау күнбе-күн жұмыстан-ақ

  • 0
  • 0

Қажыдым-ау күнбе-күн жұмыстан-ақ,
Кісі емес,
мен бүгінде құмырсқа нақ.
Қыздар сыңғырлап күліп...

Толық

Алты карта

  • 0
  • 0

Балта түсті,
мәткең бар ма — соқ, қане!
Бір соғарға жарайтын күш жоқ па әлі?!
Қызды-ау ойын,

Толық

Қарап көріңіз