Түйсігі бар тастың да – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Түйсігі бар тастың да» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.06.2019
  • 0
  • 1
  • 3319
Түйсігі бар тастың да,
Тас та кейде жұлқынар...
Мына қабақ астында
Көшкен елдің жұрты бар.
Анау емен түбінде
Қурап, ұшып, үгілген
Жапырақ бар бүгінде –
Жүгірме, жел, жүгірме!
Түнгі аспанның өрінде
Жұлдыз дейміз жанғандар –
Ақыл, ойдың төрінде
Ардақталған арман бар.
Сонау күннің көзінде
Төгілмеген жалын бар.
Мына жердің өзінде
Бәрі де бар – алыңдар!
Қайрат, шыдам, ұстам бар,
Салмақталған сабыр бар –
Таңдап бірін ұстаңдар,
Іздеңдер де табыңдар.
Анау таудың басына
Қарашы, бұлт тиюін.
Бұлттар, бұлттар жасырма
Табиғаттың биігін...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

Нұргүл

Өте жақсы сайт екен.Үлкен рахмет! Іздеген өлеңдерімді түгел таптым. Шығармашылық табыс тілеймін!

Осы автордың басқа өлеңдері