Өлең, жыр, ақындар

Құтты қонақ

  • 06.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1836
(Толғау)

Домалақ жер шарымен
Шыркөбелек айналып,
Келе жатты қарт адам
Қолында айна толғанып.
Қолындағы айнадан
Көрініп оған бар әлем,
Көрініп жердің жартысы
Шұғыла шашқан күнменен.
Дөңгеленіп жұмыр жер
Зыр жүгіріп ұршықтай,
Басылмай мауқы қарт келед
Күнді айналып бір шықпай.
Айнасын салып жан-жаққа
Жасарғандай кәрі шал.
Қарт бетіне қарасаң,
Бетінде терең сыры бар.
Сөйтіп келе жатып ол
Бір бақша көрді алыстан.
Бақшадан көрді шұғыла
Аспанда күнмен шағылысқан.
Күмбезделіп күптелген
Алтынменен бағаны,
Шоғына күміс жалатқан
Сұлу бақша бағалы.
Бақыт нұры шашылып,
Жан жағына тараған.
Өмірдің алтын ордасы
Көз тігіп ғалам қараған.
Неткен бақша екен бұл?
Деді қарт сөйлеп өзіне.
Құлпырған нұрға таңданып,
Елестеген көзіне.
Бақшаға сөйлей келіп ол
Қақпаны қақты ақырын.
Таң қалып тұрды бақшаға,
Жеткізе алмай ақылын.
Дүние кезген қонаққа
Ашылды болат дарбаза.
Шыға келді алдынан
Әскери форым бір бала.
- Жақсысыз ба, ата - еке!
Жансыз қайдан келе жатқан,
Кімді іздеп жүрсіз сіз,
Іздейсіз нені, бұл жақтан?
- Алты ай жүріп келемін.
Шырағым, балам, құлақ сал.
Ғасырлар бойы жол шеккен,
Мен бір қонақ кәрі шал.
Бармаған жерім жоқ менің,
Қыдырып келем әлемді,
Ызғарың қатты дейді де
Алмайды көбі сәлемді.
- Білдім, ата, жөніңді.
Отыр күтіп жұртшылық
Сізді күтіп тұр дайын.
Ойын-сауық тым қызық.
Мен семсері елімнің
Еркесі қызыл қыраны.
Бастырмайтын суық қол.
Жанмын бір тұрған қырағы.-
Сөйлесуге сізбенен
Ақын қазір келеді.
Елімнің жай жағдайын
Сол айтып толық береді.
Бақшада жүрген жас ақын,
Кесте іздеп керім өлеңге,
Келіп қалды қақпаға
Қонақ тұр күтіп дегенге.
- Сәлемат па, қарт ата!
- Жақсысың ба, қарағым!
Ат-жөніңді айт, және де
Бақшаңа таң қаламын?
- Баласымын қазақтың,
Қара көзде нұры бар.
Бұлбұлымын халқымның,
Аузында балдай жыры бар.
Ақынымын елімнің
Тілімнің жүйрік желі бар.
Еркесімін елімнің
Кеудемде жырдың кені бар,
Мені көр де елімнің —
Еркелеп өскен ерін көр.
Мынау тұрған кең бақша
Көз тартқан күннің көгінен.
Елімнің сырт бейнесі
Нұрын төккен өңінен,
Ішіне кірсең жайнаған,
Жиһазымды кересіз.
Жиһазды көр де, жұртым көр!
Бақшамды жүрсең аралап,
Кесек-кесек сары алтын,
Кеміріліп атқан сыртына —
Ақ алтынды Алтай бар,
Алтайды көр де кенім көр!
Одан әрі асқанда
Қара алтындай көмірі
Тұтасып жатқан асты бай,
Таусылмастай көмірі.
Қара алтынның анасы,
Алыптардың бабасы
Қарағанды базым бар.
Базымды көр де белім көр!
Одан әрі асқанда
Қорытылған қорғасын,
Балқып жатқан баһардай,
Құшақ-құшақ өнімі.
Қабат-қабат салынған,
Мысалы жаңа шаһардай,
Туырылып тұрған кілегей —
Қаймағы қазір қатардан,
Ақ қалайы, қорғасын
Қорымды көр де таусылмас,
Оқтаулы тұрған оғым көр!
Одан әрі асқанда,
Қалыбына құйылып,
Қазанында толқыған,
Саудырап жерге төгіліп,
Айнымай сұлу шолпыдан
Қопарылған қойнынан,
Қазаннан жез қалқыған.
Жез атасы — Жезқазған
Жерінен жұпар аңқыған,
Жездіні көр де, жерім көр!
Шүмектеп майы құйылған
Ембіні көр де өнім көр!
Жер түгіндей жайылған
Малымды көр де жерім көр
Аймаққа көзің сал – дағы
Өмірдің шыңын, төрін көр!
Аңқылдаған ақ көңіл,
Ағаны көр де інім көр!
Қарындас көр де қара көз
Төгілген жібек айдары —
Бақытты жеңге, келін көр!
Еркелеп өсіп келе атқан
Жас ұрпақты көр – дағы
Көктемгі жердің көгін көр!
Халқымның соғар жүрегі
Мәскеу деген қала бар.
Астанам Қызыл Мәскеуім
Мәскеуді көр де өмір көр!
Тірегі бар елімнің
Инженері өмірдің
Шахтері әрі басшысы
Алтынның, күміс, көмірдің
Жаныма қуат әл берген,
Өмірге түр, сән берген,
Ұстазым бар лениншіл —
Ол көсемім ұстазым.
Аспандағы нұр шашқан
Бар әлемге күнім көр!
Қиялында халықтың
Ғасырлар бойы сақталған,
Рақат сөз — пейіш бар,
Пейішті көр де қиялдап,
Коммунизм шыңын көр!
Сол шыңға шырқап бет алған
Жеңімпаз істі елім көр!
Келед деп сізді көптен – ақ
Көңілді күткен елім бар!
Елкасын дайындап
Отыр бірге балалар.
- Түсіндім, білдім бұл елді,
Ақын балам, қарағым!
Жүр ал, шырақ жүрейік!
Елкаға барамын.
Қарт болғанмен, жасы ұзақ
Мен бір өлмес адаммын.
Коммунизм залында
Әлі-ақ қонақ болармын.
Десті де қонақ ақынмен
Қолтықтасып жөнелді.
Десіп жатты ел сонда
Бақытты Жаңа жыл келді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жолдас құстар, күттік сізді, сіздер үшін ұшпасқа не?

  • 0
  • 0

Үн келеді
Барлық жақтан:
Үн тарайды
Барлық жаққа:

Толық

Оқушы жыры

  • 0
  • 0

Мектеп, сені сүйем мен,
Аялаған анамсың.
Ақ сүтің — маған оқуың,
Деп берген көңілің

Толық

Қош, қос қыран!

  • 0
  • 0

Мұзбалақ, алтын топшы қос қыраным,
Айрылып қапылыста қайғыландым.
Булығып, жас жүрегім қапаланып,
Қазасы қажытады бауырлардың.

Толық

Қарап көріңіз