Өлең, жыр, ақындар

Батырлар рухына тағзым!

  • 07.06.2019
  • 0
  • 1
  • 25985
(Бауыржан Момышұлы рухына)

Қан майданнан оралмаған,
Елестетіп солдаттарды.
Жеңіс күні досым маған,
Тебіренте сыр ақтарды.
Бақыт нұрын айтты жырлай,
Келмегенін бізге тегін.
Жиырма миллион жүрек ұрмай,
Елім үшін үзген демін.
Қалқан болып халқымызға,
Қаһармандар төккен қанын.
Қанды балақ жау доңызға,
Күл болмасқа алтын таңым,
Қарғыс атқыр соғыс түнек,
Қалың жұртты аямаған.
Аштық,өлім желі гулеп,
Қайғы бұлты ұялаған.
Шаңырақ жоқ жоғалтпаған,
Әке, ұл, қыз иә анасын.
Жан күйзелте ойып салған,
Бәрінде де мұң таңбасын.
Әркімнің бар өз есебі,
Қарғыс атқыр ол соғыста.
Әлі аналар ой кешеді,
Үмітімен арпалыста.
Көз жұмғанша сенбейді олар,
Бір хабары болар – ау деп.
Ұлын аңсап, түсін болжар,
Сүрлеу жолға сан елеңдеп.
Ал жеткіншек ұмытар ма,
Есте қалып білгендерін?
Әкелердің аттанар да,
Қимастықпен сүйген демін.
Өтер жылдар, қанатқа іліп,
Бізге қымбат інжу айын.
Олар бірақ күндей күліп,
Ортамызда жүрер дәйім.
Тізе бүкпей өлімге де,
Сындырмаған ер сағымын.
Өшпес мәңгі ерлігінде,
Менің нұрлы болашағым.
Үні болып ғасырлардың,
Әр ізімен ырыс келген.
Рухына бас ұрамын,
Жаралтылған жеңістерден.
Жаса, жаса Отанымның,
Қарапайым солдаттары.
Елің үшін, жас жаныңның,
Ерлікпенен тамған қаны.
Қатер бұлты төккен шақта,
Сенген саған, сүйікті елім.
Өздеріңмен бірге сапта,
Болғаннан соң, туған жерің!
Найзағайдай тіліп өттің.
Фашизмді тырнақ салған.
Ерлік іздеп,Жеңіс күттің,
О, бауырым!Алғыс саған!
Москва мен Одессамда,
Сталинград,Киевімен.
Өзің болған ұрыс сында,
Ешбір жауға жеңілмеген.
Ашу, кектен қайнап каның,
Севастополь қорғанында.
Қарсы тұрып аттанғаның,
Сұм ажалға ел жолында.
Қоршаса да құрсау тұман,
Ленинградта асыл қыран,
Аштық пен оқ араласып.
От қарпыдың, жағаласып.
Жүрек соңғы тоқталғанша,
Ұран салдың батыр үнмен.
Сенде ізгі арман қанша?
Өлмеу үшін, өле білген.
Аждаһайдай өткен үрлеп,
Шарпысы да лаулап жалын
Кеудеңменен оқты тіреп,
Фашизмнің жаптың жолын.
Кекшілдерім түн жорытқан,
Партизандар жау жүректім.
Зұлым жауды ел жылатқан,
Ізін аңдып, қанын төктің.
Қарап тұрды Отан ана,
Мерейлене сүйіп іштен.
Ұмытпа – деп ешқашанда,
Ұрпағыңды гүлдей өскен.
Кек арылып көкіректен,
Алды халқым еркін тыныс,
Құтылғандай ауыр жүктен.
Тарқап бойдан қайғы – реніш.
Біз әрдайым ұмытпаймыз,
Достарды да тізе қосқан.
Дәм бөліскен,окопта сыз
Туысқандай құшақ ашқан.
Поляк, Румын, Чехтың ұлы,
Сұрапыл жыл кетер ме естен?
Достығымыз күндей нұрлы,
Сақтай білдік сөндірместен.
Еске аламыз, Албан досты,
Алған бірге жауды алқымға.
Ағылшын мен Югославты,
Американ солдатын да...
Бәрі, бәрі майдан үшін,
Маңдай терін аямаған.
Мәңгі айтар әнімдесің,
Тылдағы ел, аяулы анам.
Түнеп цех пен заводтарда
Көз ілместен таңды атырдың.
Ұлы еңбекпен болашақтарға,
От деміңді жалғастырдың.
Мұнай,көмір,қорғасын ба,
Бар қажетін беріп жаттың.
Өзек талып, аш болсақта,
Келер күнге үміт арттың.
Соғыстағы солдаттардай,
Ақсақалдар тау алыптар.
Тұрды таңда кірпік қақпай,
Қолында ойнап станоктар.
Бірі жүрді бидай орып,
Қайғы нөсер арасында.
Бірі елдің малын бағып,
Боран кешті қыр басында.
Неткен қайсар төзімді еді,
Қайран қазақ әйелдері?!
Жеңіп шықты сенімдері,
Қара қағаз – дүлей желді.
Сілкінді де білек түріп,
Арқалаған ерлер жүгін.
Жаңына пәк ілестіріп,
Келешектің келер күнін.
Таң нұрындай аялармын,
Туған елден алған деммен.
Әлия, Мәншүк, Хиуаздарым,
Қару алып, жауын жеңген!
Ұрлап соғыс балалығын,
Елде қалған жеткіншектер.
Ұстап әке шаңырағын,
Жалаң аяқ ержеттіңдер!
Білмедіңдер демалысты,
Еңбек етіп шахта, тауда,
Маңдайыңнан тамған ыссы,
Терің оқ боп шықты жауға.
Жерде жырттың, мал да бақтың,
Майысқанмен сынбадындар.
Дәмін алып алшонқайдың,
Жас өмірді жалғадыңдар.
Қалай оны ұмытармын,
Өсірді ғой бізді сүйеп,
О, кішкентай батырларым,
Сендердегі Ұлы жүрек!
Жылдар бетін парақтаса,
Айтар бізге ашып мұңын.
Көрмегендер айтшы қанша,
Арман қылған жеңіс күнін?
Бәрін, бәрін еске аламын,
Жас жаныма от лаулатып.
Қайран арыс ағалардың,
Іздерінде сыр қаншалық?!
Олар тірі бізбен бірге
Отаным да нәр алатын.
Сәбилердің жүздерінде
Періштедей ақ қанатың.
Хош иісті бау бақшаның,
Құлпырған сан гүлдерінде.
Қарағайлар көкке өрлеген,
Қалың нулы ормандарда.
Алға бізді жетелеген,
Сенімі мол армандарда.
Құрылыста жаңа салған,
Қуанышпен сән беретін.
Туған елге шаттық берген,
Күй шалқытар құдыретім.
Кең даламда ырыс толған,
Сәулесінде Жеңіс нұрдың,
Қара өлең – салюттермен,
Ерліктерін айтып тұрмын.
Сақтар мәңгі – тарих ана,
Олар айтқан аманатты.
Қаны тамған сарғыштана,
Хаттар қанша сырын айтты.
«Барамын мен отты ұрысқа,
Өз ұлым, - деп біліңдер тек.
Жазылған сөз асығыста,
Соңғы тыныс қайнаған кек».
Антымен бұл өсиетін,
Қабылдаған келер ұрпақ.
Қастерлеп Рух, қасиетін,
Сәнді бейбіт өмір құрмақ.
Қорғауға әзір әр минутта,
Бақыт күнді сендер берген.
Көз ілместен тұрмыз сапта,
Қанат қағып ерлігіңнен.
Сүйер терең махаббатпен,
Қастерлеумен ел – анаң да!
Тірісіңдер, жұрсің көппен,
Шуағы мол армандарда!
Өшпес мұра ерліктерің,
Жанымызда жұр жаңғырып.
Күндей шарлар жердің бетін,
Ғасырлармен ол Мәңгілік!



Пікірлер (1)

Амина

Керемет өлең

Пікір қалдырыңыз

Фаризасы қазақтың

  • 0
  • 0

Жыр қанжары найзағайды боратып,
Тайсалмастан әділетсіздерге оқ атып.
Масыл болып айықпаған дертінен,
Қалғығандарды селк еткізіп оятып.

Толық

Ізгі ісіңмен ұлысың

  • 0
  • 0

Арқалаған сан алғысын талайдың,
Сізді көрсек елестейді арай күн.
Атақ-даңқың гүрілдеген теңіздей,
Марқасқасы кіші жүзде Адайдың!

Толық

Сүйінқара

  • 0
  • 0

Сүйінқара! Сүйінқара!
Маған ыстық осы есім,
Ағылтқандай ерлік жырдың,
Емін еркін термесін.

Толық

Қарап көріңіз