Қорқыт баба – Лұқпан Сисекенұлы

Бұл бетте «Қорқыт баба» атты Лұқпан Сисекенұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 4388
Желмаясын желдіртіп,
Жері қалмай кезбеген.
Арып-ашып жең жыртып,
Жер ұйығын іздеген.
Қорқыт бабам зер құйған,
Сыр тыңдаймын іздерден.
Құлағымда дауысы,
Қобызының сарнаған.
Сырдың сұлу ағысы,
Күйден құшақ жазбаған.
Тербеткені жанымды,
Ботадай үн боздаған!
Жоқтағанда Аралын,
Күңіреніп кең далам.
Жаспен жуды жанарын,
Өксуменен Жер-Анам,
Тұла бойын жаза алмай,
Қажып қанды жарадан!
Шыдай алмай еңіреп,
Төкті жел де мұңды әнін.
Құлазыған төңірек,
Ізі қызыл жыланның
Жорғалаған көгіме
Уын cалып тұманның!
Көре тұра сұмдықты,
Үндемейін мен қалай.
Айтып бердім шындықты
Арды шаңға былғамай.
Қуат берші, О, Пірім!
Қорқыт баба! Таң арай!
Жас жанымды тулатып,
Келіп едім Абызым.
Сөйле десең, тіл қатып,
Бегалыдан жалғызбын.
Үміт артып өсірген,
Еліме көп қарызым.
Дауа іздеген халқыма,
Сенен қалған қобызбын!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері