Хазар патшасы туралы ой
Табиғаттан тауып әсем жарасым,
Құт дарытып Қызыр кезген жағасын.
Аңыз болған сұлулығы әлемге,
Мекен еткен екі теңіз арасын.
Қайда кеткен Хазар елі құдай-ау,
Ізсіз-түзсіз бос қалдырып даласын.
Ең соңғы рет топырағын құшақтап,
Ағылдырып ақ жауындай көз жасын?!
Ел мұратын ойламастан түнерген,
Бәрі, бәрі патша әкелген пәледен.
Өзі болып халық соры, тіл соры,
Көрген түсін шешпек болып әр елден.
Көріпкелдер дәруіштер шақырып,
Сойхандықпен елге маза бермеген.
Тирандардан кім көрмеген қорлықты,
Зұлымдықтың сыбызғысын үрлеген!
Мақтау сөзге жаны тоймай жандасып,
Мәз мәйрам боп жүргенінде бақ тасып.
Өз еліне қайғылы күн әкеліп,
Жындар мінген от кемеге жармасып.
Ынсап рахым ұят кетіп бойынан,
Қажымастан алдау арбау ойыннан,
Көз байланып дүниеге тойынған,
Озбырлармен байлық үшін жымдасып,
Қасырет толы дауылында адасып.
Өзге дінге, өзге тілге жол ашып,
Ақырында аһ ұрғаны шоқ басып.
Кәпірленіп тозақ отын өзі ашып?!
Жармасқандай құшағына албасты,
Өз нәпсісін ойлай-ойлай түн қашты.
Аялаған халық гүлін солдырып,
Қызықтады алтын тақтан әр тасты.
Атақ даңқын шығармақ боп жүргенде,
Саудаланып сорға түсіп қу басы.
Соғыссыз-ақ апат келіп еліне,
Жалмауыздай жауыздықпен жармасты!
Күрт үзіліп түп-тамыры ырысты,
Қонған бақыт шошынғандай көкке ұшты.
Алтын сарай қалды қаусап қаңырап,
Құшаққа алып қалың қара қамысты.
Жолбарыстар көртышқанға айналған,
Күнде мұнда аралайды қоқысты!
Жем іздейді безек қағып байғұстар,
Қалмағандай бақ таластық тартысы.
Ойлап тұрсаң мәңгілікке тұрардай,
Олар қанша адал жаннан қан ішті?!
Бабасының қадір тұтпай өрісін,
Періге еріп дүрліктірген ел ішін,
Тәркіленіп ұлт сезімі жоғалып,
Сыйламаған өлі түгіл тірісін.
Бәйек болған байлық қуып жанығып,
Толтырмаққа көздің түпсіз ұңғысын.
Ел сенімін адалдықпен ақтамай,
Жемқорлықтың өзі құрған үлгісін
Арқалаған кек қарғысын халқының,
Сатқын жанның кім қатесін кешірсін.
Жалғыз қызы аққу құсқа айналып,
Еркіндіктен іздеп өмір тынысын.
Оралады әр жыл сайын Еділге,
Іздегендей қыпшақ қандас туысын!
Қанға құмар құзғындардан сақтанып,
Жарқыраған айдын көлді бетке алып.
Есіне алып әлдилеген бесігін,
Күй тыңдайды, ән тыңдайды шаттанып.
Тылсым күшпен көз алдында анасы,
Қол созады толқындарды қақ жарып.
Өз тілінде сездіре алмай сезімін,
Сыңсиды аққу шерлі мұңын ақтарып!
Бұдан асқан қасірет барма туысым,
Естігенде зарлы мұңды дауысын.
Өксік жұтып жанарымнан жас ағып,
Қалың оймен кештім үнсіз тау ішін.
Тәңір бізді тіл мен діннен айырмай,
Имандықтың ақ қанатын қайырмай
Жалғастыртып бабалардың игі ісін.
Басын қосып Түркі елдерін бір туған,
Ақиқаттың сыйға тартып бақ құсын,
Ұрпағымның ашып сана тынысын,
Ұлттық намыс ар ожданын кірлетпей,
Көк Бөрілік тектілігін жүдетпей,
Ынтымақтың берсін ғажап нар күшін.
Нағыз бақыт адал болу халқыңа,
Ер жігіттер жанын қиған ел үшін!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі