Менің сүйген Отаным
Өткеніңмен тарихыңды танымай,
Мүмкін емес алға басу адымдай.
Айнымастан ата салттан жан салып,
Ақ жолында алаулай біл жалындай
Алтын ұяң өз тіліңнен айрылмай.
Дінің болып егіз біткен жаныңдай,
Күнде Аллаға жасай біліп құлшылық,
Инабатпен жан сарайын таза ұстап,
Парыз намаз уақытынан жаңылмай.
Инабатпен жан сарайын таза ұстап,
Адамға жат былықтарға салынбай.
Ізгіліктің әсемдігін меңгеріп,
Адал еңбек туа біткен қаныңдай,
Шүкірлігің тірліктегі танымдай.
Ар ұятпен жақсылыққа талпынсаң,
Ұлттық Рухың өн бойыңда жалындай.
Сонда ғана менің сүйген Отаным,
Өн бойыңа құйып жігер от әнін.
Ұрпағымның жүрек көзі ашық деп,
Ашар саған ұлы жолдың соқпағын.
Бар кеңдігін сыйға тартып даламның,
Аманатын табыс етіп бабаңның!
Сан ғасырлар еркіндікке күрескен,
Қилы-қилы тағдыры бар мұң кешкен.
Менің сүйген қасиетті Отаным,
Әуел бастан ерлікпенен бірге өскен.
Азаттықтың ақ таңы үшін алысқан,
Ұрпақтары жанын қиған намыстан.
Ұмытпастан құшаққа алып күнде ол,
Ақ жауын жыр ағылтады алғыстан.
Үлгі қылып ерлік толы жолдарын,
Жүректерге өжет сазды үнімен,
Құя біліп қан қайнатар от жалын.
«Аттан»- дейді, дауысымен олардың,
Ала таңнан тебіреніп оянам,
Аманатын орындауға Отанның!
Тіке қарап бітпес күрес өмірге,
Құлақ түріп кие толы үніне.
Жар саламын қасиетін жыр қылып,
Келер ұрпақ ұғынсын-деп, төрімде!
Құшақтарын емін еркін жаза алмай,
Баз біреуі күн кешкен соң азардай.
Дауа іздеумен күндіз түні тынымсыз,
Ұлттық Рухым тарихымнан көз алмай.
Атқызамын ойға бөлеп таңымды,
Сан сұрақтар мазалайды жанымды.
Сақтай біліп әдет ғұрпым, дінімді,
Келер ұрпақ терең зерттеп танымды.
Жақсылықпен ақтап елдің үмітін,
Жеткіземе гүл жайнатып барымды?!
Айтпай кетсек сөз атасы өледі,
Ұрпақтарым ғылым қуып өрелі.
Бір Алласын күндіз түні ұмытпай,
Ойларма екен ұлттық мүде тереңді?!
Қандай болар құрсауланған қоғамым,
Оған дағы ой кешумен алаңмын.
Өзі болып азаттықта көркемнің,
Кең даламда өсерме екен көктем гүл.
Қалай айтсам болады екен ашылып,
Көңілдегі көп ойлардың төркінін.
Әр күнімді үмітпенен сабақтап,
Ойларымды баба ізіне құндақтап.
Ұмтыламын кемелдіктің шыңына,
Тәңір берген Муза аруын құшақтап.
Қырандардай қос қанатын қомданған,
Шырақ жағып сезім толы ойлардан.
Жауап іздеп тыным таппай шарқ ұрам,
Аласұрған теңіздердей сұрланған.
Біздер кімбіз, қандай жолдан келеміз,
Қай бағытта керуен көш кемеміз.
Бабалардың адалмызба алдында,
Ақиқатқа қандай жауап береміз?
Әзірмізбе жеңістерін жалғауға
Ынтымақпен бет алдықпа бақ тауға.
Танимызба өзіміз өзіміз,
Ұлттық үнім өшпейтұғын жол қайда?
Кеудемдегі жалын атқан сезіммен,
Тауды жарып қара тастай төзіммен
Сырласамын ой бөлісіп тағы да,
Келер ұрпақ үміт күтіп өзіңмен.!
Тыңдау да өнер, оны ұғады білікті ер,
Мен сөйлейін еркін ойға ерік бер.
Саз сырнаймен әлдилеген әлемді,
Көз алдымда түп қазығым Түріктер,
Керегесін қағанаттың көтерген,
Ашин бабам аңыз толы ерліктер!
Тамырыңа тереңдікпен көз салсаң,
Ғасырлардан талай асу асқан бел,
Сыр айтады өр Алтайдан соққан жел.
Қорқыт бабам қобызынан саз төгіп,
Қосылады оған далам кемеңгер,
Дауысына елжірейді туған ел.
Тасқа жазған кітаптарды құшақтап,
Маңдайымнан ағылады моншақ тер.
Ұлы сөздер мұнда досым қаншалық,
Үңілемін әр әрпіне зер салып.
Тағдыр жазып қайғыменен азабын,
Төңкергенде қуаныштың қазанын.
Ел қырылып қылыш тілген жалғыз ұл,
Көз жасымен жазып жатты зарлы әнін.
Лағнат айтып қарғыс атқыр соғысқа,
Ата жұртқа салып кеткен зор лаңын.!
Сөнбесін-деп, шырылдаған жан шырақ,
Тәңір өзі көктен жіті бақылап.
Тылсым күшпен сәуле төгіп жанына,
Жапырақтармен қанын жауып,жатты орап.
Не болады дән қалмаса асылдан,
Ертең өссе бүр жармайма жас ұлан.
Шыдай алмай шырылдаған дауысқа,
Жан ұшырып көмек тілеп шақырған.
Бөлтіріктері өліп кеткен аңшыдан,
Қаншық қасқыр жетті аптығып, шапқылап,
Қатыгездердің қылығына ашынған.
Сүт емізіп емшегінен сыздаған,
Денесіне жылу беріп мұздаған.
Жеткізгендей өмір атты асқақ ән.
Бой берместен тағдырына жасқаған.
Анасындай емірене аймалап,
Бауырына қатты қысып жас алған.
Суретін салу қиын сол сәттің,
Дүлділ ақын болсаңызда бал тамған.
Жүрек тербер көрініс ғой ғажайып,
Түсінеме кісіліктен азған жан,
Тірі адамды тірі кезде сүйе алмай,
Жол азықсыз қабірге кірген адамдай,
Адамдзаттың сәулетіне кір салған.
Табиғаттың берген сиын ұғынбай,
Бір-бірінен дәулет байлық қызғанған.
Қанға құмар адамдардан шошынып,
Жер –Анасын қадірлемей ор қазған.
Сескенгендей қиямет толы ызғардан,
Алып кетті күміс тауға көк бөрі,
Тіке өтіп қия соқпақ құздардан!
Бірге жүрді есейгенше жанында,
Көк бөрінің өрлігі ойнап қанында.
Жұлдыздармен жүрді еркін сөйлесіп,
Адам жаны айналмады тағыға.
Тәңір өзі ой салғандай жүрекке,
Туған жерін жүрді іштей сағына.
Түсіне еніп ақ жаулықты әжелер,
Іздеу салған дауыстыры жаңғыра.
Жылдар сырғып өтсе дағы сынаптай,
Тау ішінде малынғандай таң нұрға,
Ұлылықтарын сездіре алып тағы да,
Ақша бұлттан хабар салып ұлына.
Жұлдыздармен хат жазғандай жанына,
Сәулесінен тамшы құйып қанына.
Аққулардан естідіме бір хабар,
Әлде өзінің тағдыр жазған бағыма,
Жан қиналып мұңға батқан шағында.
Тау ішінде жол таба алмай адасқан,
Керуен көш тап болғаны бағына.
Кейде өмір көрген түсің сияқты,
Өшірмеген үміт оты шуақты.
Тәңір өзі ниетімен жол салса,
Тақырдан да атқылатар бұлақты.
Орман қылар сыбдырлаған құрақты,
Дариялармен жуар шөлді қыратты.
Қалғып кеткен тауларыңды оятар,
Құашағына жағып сансыз шырақты,
Бар ғаламды емін-еркін аралар,
Жұлдыздардан мініп жүйрік пырақты.
Қаһарланса топан қылар мұздақты,
Құдіретінде бауырым-ау, шек барма,
Адамзатқа берген жерден тұрақты,
Бойына құйып иманмен ар ұятты.
Болмысына таңданбассың сен қалай,
Бірегей ол!Жан біткенді жаратты.
Серігі жоқ,нұрдан шуақ таратты.
Жетім көрсе адастырмай жұбатты.
Үйсін қарты тұрды танып құшақтап,
Ер Түріктен қалған жалғыз тұяқты.
Жетім болып жалғыз қалған жасында,
Бақыт қонды ер жігіттің басына.
Ару сүйді туған айдай нұр төккен,
Дүркіреген тойлар өтті қосында.
Хан сайлады тектілердің көзі –деп,
Қарт даналар басын қосып осында.
Ғұн ұрпағы,күн ұрпағы есімі,
Даналықпен серік қылған естіні.
Алтындалған көк бөрінің басы бар,
Байрағымен алға тартқан көшімді.
Соңына ерген бес жүз ғана шаңырақ,
Уақыт өте жайған жасыл жапырақ.
Өсе, өсе ұлыс болып бір тұтас,
Ешкімге де бас имепті қалтырап.
Сақ,Каспиі жақса ошағын көркейтіп,
Аддар ғажап ерлігімен күй шертіп.
Үйсін Қаңлы керегесін үлкейтіп.
Құт әкеліп ынтымақпен төріне,
Бақ сыйлапты абыройын көркейтіп.
Бертін келе жиырма тайпа қосылып,
Ортақ болып байтақ далам кеңістік.
Ұлыс күнін тойлайды екен наурызда,
Бір-бірімен сағынышпен көрісіп.
Қартарына тартып өгіз шекесін,
Жастары ішіп наурыздың көжесін.
Көкбар тартып әсем ойын сауықпен,
Әнмен күйден жібермеген есесін.
Ерік жігер беріктігі болаттай,
Күн бесігі Тұранына жолатпай.
Жәй оғындай атылыпты жауына,
Шайқастарда жауын бетке қаратпай.
Кең даламда жеңіс даңқын шарлатып,
Ұлан ғайыр кең әлемге тіл қатып.
Ақ ордамда киіз үйлі ұямнан,
Қырандарын ұшырыпты самғатып.
Етпен қымыз асы болып сүйікті,
Қонағынан аямапты сыйлықты.
Ұрпақтарым шыңдалумен жүрсін-деп,
Жүйрік атпен аң аулауды сүйіпті.
Күміс таудан алтын күміс өндіріп,
Темірінен қайқы қылыш идіріп.
Небір асыл бұйымдарды жасапты,
Өн бойына сұлулықты сыйдырып.
Тіршілікті терең ойлап зердемен,
Өмір кілті өнерде-деп, нәр берген.
Мөлдіретіп тамшысындай бұлақтың,
Бар киімін алтынменен зерлеген.
Кең жаһанды көру болып арманы,
Ойлап тауып қос дөңгелек арбаны.
Шағын үйді үстіне дәл қондырып,
Қосыпты сан тоғыспаған жолдарды.
Алдарынан қанша өзен су ақты,
Қай сәтте де бола біліп жинақты.
Таңғажайып сұлулыққа таңданып,
Жер бетінен көп жаңалық жинапты.
Қажымастан халық үшін сең бұзып,
Қастерлеумен кең ғаламды күн бесік,
Табиғатпен бір туғандай тілдесіп
Таба біліп ізгілікпен үндестік.
Берген сыйын тұрмысына енгізіп,
Қауке бабам үйретіпті ең алғаш
Жер ананың сүт емшегін емізіп.
Қызықпапты үлде менен бүлдеге,
Иман байлық жинағаны кеудеге.
Алла ілімін меңгерсек-деп, армандап,
Ар санапты өресіз боп жүруге.
Үйреніпті өмір ұстаз өзінен.
Маржан теріп құлаш ұрып тереңге.
Берекенің жаға біліп шырағын,
Аямапты от басынан шуағын.
Пір тұтыпты ана біткен ерлерін,
Баптағандай әулиенің пырағын.
Ұл өсірген қыз өсірген намысты,
Азаматы бола білер Тұранның.
Әрбір адам еркіндікпен деп алған,
Әділдіктің адал сақтап ұранын.!
Жетісуда, Шу мен Іле,Таласта,
Дарияларым мұзға оранып тоңбасқа..
Жанкент, Сайрам, Отырармен,Таразда.
Сарайшықта Жібек жолы азбасқа
Сыр мен Жайық арасынан әр тасқа.
Жан бітіріп сан қалалар салыпты,
Жел өтінде мәңгілікке қалмасқа.
Кеуделері кең болыпты даламдай,
Ұлылықтан терең тыныс алардай.
Бар әлемді ақылына сыйдырып,
Баба тілін қастерлепті анамдай.
Тәңір ұлы,ардың құлы бақ та осы,
Ақындарын сыйлай білген ел жақсы.
Даналықпен ұран салған халқына,
Афрасябтай әділдіктің патшасы.
Халқын теңеп теңіздегі маржанға,
Баға құнын түсірмепті арзанға.
Ата салтты тәрбиенің көзі деп,
Толғаныпты мақал-мәтел жазарда.
Даналықтың оймен ашқан есігін,
Бүкіл әләм қастерлеген есімін.
Анахарсистей кемеңгердің жырларын,
Жаттатыпты түзеу үшін бесігін.
Ұрпағымның ерте ойлап құт қамын,
Іштей тілеп ғалам сырын ұққанын.
Зоротуштра пайғамбары даламның,
Елге тілеп нұр шуағын ақ таңның,
Сыйға тартқан»Авеста»атты кітабын.
Ұлылығын көрсетіп ол өзінің,
Терең ұғып ата жұрттың сезімін.
Жаратушы Тәңіріме сиынып,
Қалап берген Тәңірлік дін негізін.
Бүлінбеске намыс толы ар қаны,
Мәңгілікке жалау қылып иманды.
Жұлдыздармен емін еркін сөйлесіп,
Іздепті олар білімі мол жолдарды.
Ұл мен қызы болсыншы-деп, жан жақты,
Алпамыс пен Манас жырын жаттапты.
Тілін, дінін санасына сіңіріп,
Тазалығын мөлдір күйде сақтапты.
Еркін ұстап заман тылсым тізгінін,
Адал ісін қолдай біліп ізгінің.
Қатарына қосылғанды тілекпен,
Бауырындай сезініпті өзінің!
Мейірімнің нұры жауған жүзінде,
Ашық жарқын мәрттей бекем төзімге.
Сол ұлдарын өз қосыным деп атап,
Тәңірімнің қарасыпты өзі де!
Құшағынан тарқамастан ырыс бақ,
Шөбі шүйгін кең өрісті қоныстап.
Кезген екен ол шеті мен бұл шетін,
Кең даламнан дауа тауып тыныстап.
Қаһарланса қысқы аяздай қақаған,
Мақсатына жетпей нәрін татпаған.
Мейірлене құшақ ашып бас иген,
Махаббат пен шын достыққа сақталған.
Қорқауылдай түнде жорытқан сүзіп таң,
Көп болыпты байлығына қызыққан.
Қауіп төнсе қорғау үшін бақытын,
Құтылуға асығыпты бұзықтан.
Батырлары көк байрақты ту ұстап,
Атой салып дауылға еніп дауыстап.
Аттан десе, аттың жалын төгілтіп,
Жұдырығы жұмылыпты қылышты ап.
Бойларында намыс ойнап кекпенен,
Жұлдыздардай құлдыраған көкпенен.
Арғымақтары жүйрік желмен жарысып,
Қас жауына күтпес жерден беттеген.
Айбынды әскер ұран салған ел үшін,
Ерлік даңқын жаза біліп өрт деммен!
Ысқырыпты тартқан садақ жебесі,
Кетеді екен оны естісе жау есі.
Төбесінде нажағайлар ойнақтап,
Кезіккендей сұм ажалдың елесі.
Аттилла деп, ер есімін жаттаған,
Ерліктерін аңыз қып кім айтпаған.
Қытайыңа алып салық төлетіп,
Европаңның төсін басып таптаған.
Днепрдің толқынымен жарысып
Ерегескен қас дұшпанын жанышып,
Қырым, Кавказ тауларының үстінде,
Тұлпарларын ойнақтатқан табысып.
Адайкөк-деп,Элбурстың шыңына,
Туын тіккен тау гүлімен танысып.
Шеркестерге сол бір жерді сый қылған,
Жанға дәру бұл мекенде таңғы шық.
Жасыл орман құшақ ашқан ерлерге,
Аңсап келген бауырындай ып-ыстық!
Донға атын суаруға тоқтаған,
Дунайында Мадиярларды жақтаған.
Мұқит асқан үндістерді жоқтаған,
Албандардың қайсарлығын мақтаған.
Бір туғандай оның қолын қақпаған,
Стамбулда өз үйіндей қыстаған,
Омбысына қалың қардан тау жасап,
Барнауылда темірші ұста ұстаған.
Қарашайға соққан алтын тостаған.
Бұлғырдарды туысындай қостаған.
Хакасында Адайлардан қос қалған,
Аямаған шұғыласын жанының,
Шын достықты ұмытама жақсы адам.
Бірақ қанша малынса да байлыққа,
Боз жусанды боз даласын жоқтаған.!
Туған жерге жетсе ашып құшағын,
Басу үшін өрттей дертін құсаның.
Топырағын сүйе салып аунапты,
Дым қажеті жоқтай одан басқаның!
Бірақ қайдан бола қойсын тыныштық,
Жау келеді қалың қолмен ыңырсып.
Аттан! Аттан! Тағы майдан ел үшін,
Туған елдің әрқашанда таңы ыстық!
Сол бабалар ерліктерін таны –деп,
Ер Күлтегін,Тумын, Білгі, Тоныкөк.
Жаздырыпты тасқа елдің тарихын,
Келер ұрпақ баба алдында тәжім ет!
Бақыт құсы құшағында қоныстап,
Кең даламнан тарқамастан ырыс бақ.
Әруақтары қолдап жүрсін халқымды,
Әрбір төрге шаттық сыйлап тыныстап
Шуақ төксін өшпес рухың санаңа,
Мен оқиын аманатын дауыстап!
Сен бәрінде жүрегіңе құйып ал,
Парасатпен көріскендей қол ұстап.
«Биікте көк Тәңірі,ал төменде,
Жаралғанда көк аспанмен қара жер,
Арасынан пайда болып Адам ер.
Одан өрбіп ата – бабам ержеткен,
Бумын қаған,Естемі қаған туған ел!
Бір Тәңірім қайырыммен күш беріп,
Имандығын нар халқымның ескеріп.
Салтантпен билеп Батыс,Шығысты,
Даналықпен отырда жол көрсетіп!
Інілері ізін басып олардың,
Қағандар боп жалғағанмен жолдарын.
Бірін – бірі бағаламай,қадірлеп,
Күлге былғап ата-туыс қандарын,
Пенделікпен өршітіп кек дауларын
Жемі болды Табғаш озбыр жаулардың.
Алты бақан алауыздық у шашып,
Жықты бізді ор түбіне оқсатып.
Айдап салып арбағандар мәз болып,
Мазақ қылып залымдықпен тас атып,
Алапаттың зілін төгіп тұрды ылғи,
Қамшы үйіріп зар илетіп қақсатып.
Сақтай алмай ынтымақ пен бірлігін,
Түркі халқы жойып алды елдігін.
Бек ұлдары бұғауланған құл болып,
Пәк қыздары күңге айналды,құлыным.
Бақыт солай бізден теріс айналып,
Қоқыс төккен батпақ сорға айналдық.
Дәуірлеген кездер көзден ғайып боп,
Біріге алмай арпалысып қиналдық.
Елім деген еңіреген текті елмен,
Құтқаруға жаудан елді кекпенен.
Ерлікпенен күресуден тынбадық,
Жарқылдаған нажағайдай көк тілген.
Еркіндіктің шам шырағын жақсақ-деп,
Алға ұмтылдық ізгі халық көппенен!
Көз жасымыз көрінді ме Тәңірге,
Қайта көктеп келдік мынау өмірге.
Ыдыраған аз халықты көп қылдым,
Ынтымақты жалау қылып теріме!
Халқым болды менің күнім,ай – нұрым,
Кедейлерін жетілдіріп бай қылдым.
Елім үшін күндік дамыл алмастан,
Түнде ұйықтамай арттырдым бақ айбынын.
Сорғалатып моншақ қара терімді,
Жаудан қорғап әрбәр сүйем жерімді,
Қызыл қаным төгілсе де өзімнің
Мен халқыма жұмыс тауып күш беріп,
Көркейткенмін Ұлы Түрік елімді.
Әділ болып пейілі кең халқыма,
Мәңгілік із қалдырдым мен артыма.
Қазғақ оғұлым бәрі саған аманат,
Дақ түсірме қасиетті ұлтыңа.»
Бабаларың жеткізем –деп, жан сырын,
Құпиясын жаудан сақтап жасырын.
Шежіресін күй мен жырға сыйдырған,
Сонда сенің баға жетпес асылың!
Қастерлей біл,алма ізін жоғалтып,
Мұнда біздің баба жолы бәрі анық.
Онда ғажап ұлы сипат айбын бар,
Оқы,оқы тарихыңды қолға алып!
Түрік,Түрік,Тәңір берген есім бұл,
Өзі сүйіп маңдайына ескен нұр.
Бұдан артық бақыт барма қандасым,
Түрік десем тербеледі бесік жыр.
Көз алдыма келер байтақ Тұраным,
Көңілімнің отауына өсіп гүл!
Болған онда қанша асыл алыптар,
Ер Тұңғадан бастау алар ерлігі,
Келер ұрпақ әулиелеріңді танып қал.
Алысқан ғой олар туған ел үшін,
Өшпеуі үшін ана тілің-тарихтар!
Бірегейі Ер Едіге – таң нұрың,
Қайта жалғап ата жұрттың тамырын.
Орыс,Поляк,Литваңды талқандап,
Түрік елдің шешіп берген тағдырын.
Не болар ек жаудан егер жеңілсек,
Билер ме еді кең даламды келімсек,
Құл болар ма ең кісендеулі алдында,
Болмас еді алда жарқын келешек!
Бабалар- ай, кешкен талай бейнетті,
Басын жауға ұрпақ үшін имепті.
Бірде шықса тарихыңның шетіне,
Бірде қайта төрін алып билепті.
Амандығын тілеп тіл мен дінінің,
Туы астында Шыңғысхандай ұлының
Сілкіндіріп мынау байтақ әлемді,
Көшпенділер қосқан қайта бірлігін.
Одан соң да болған талай бақталас,
Аласапыран билік үшін тақталас.
Қазғақ оғыл баба отын өшірмей,
Қазақ елін көтеріпті Жас Алаш!
Сарайшықта шоғы жатыр сөнбеген,
Жанбауырым тарихыңа құшақ аш.
Ата жұртқа болған алғаш астанам,
Бұл күндері ағылтқандай көзден жас.
Махаббаттың болмас оған өлшемі,
Әруақтарға дұғаңды оқып мауқын бас.
Қанша тағдыр бастан кешті нұр іліп,
Бірде тұрып, бірде сорда жығылып.
Озық ойды биік өрге самғатып,
Шу бойында бір Тәңірге жүгініп,
Әз Жәнібек,Керей хандар жұмылып,
Батасымен Майқы бидей бабамның
Ту тігіпті қуанышпен жыйылып.
Жер ұйықты тапқан далам өзінен,
Асан қайғы бал тамызған тілінен.
Жыр төгіпті жаны сұлу халқыма,
Асқақтатып Рух толы сезіммен!
Желпісе де заманалар желдері,
Дауыл құрып шайқап қарап ар-бері.
Тас түйінде бірліктерін жоғалтпай,
Қайыспаған ұлы қазақ ерлері.
Сөнбесін деп өмір атты шамшырақ,
Омырауын оққа тосып қансырап.
Бізге жеткен сол бабалар өр Рухын,
Ұғасың ба,жауап берші жас ұрпақ!
Қорғау үшін байтақ далаң қырыңды,
Қаншама ерлер жанын қиып қырылды.
Елім- айлап, қанын төгіп жеткізген,
Көтердің бе ту қып ТІЛ МЕН ДІНІҢДІ?!
Алтын сандық іші толы бәрі асыл,
Кең әлемнен таба білген жарасым.
Ғасырлардан бізге әкеліп жеткізген
Сүйе алдың ба әдет – салтын,мұрасын?
Айқастарда біздер үшін көз ілмей,
Жүрегінің отыменен өшірмей.
Алып келген күмбірлеген ән күйін,
Бақ кілті- деп, ұстадың ба түсірмей?
Жалауы боп бар мұсылман ұямның,
Адамзатқа сұлулықтан құйған үн.
Мұхаммедтей пайғамбарды пір тұтып,
Үлгі еттің бе өмірбаянын?
Қарсы тұрып қара дауыл,құйынға,
Қара қылды қақ жара алған қиында.
Төле би мен Әйтекедей билердің,
Даналығын жан сарайға құйдың ба?
Қаз дауысты Қазыбектің батасын,
Айта алдыңба ұрпағыңа тойыңда?
Құлаш сермеп іліміне Алланың,
Жұмбақ сырын шерткен мынау ғаламның,
Әл – Фараби,Баласағұн жырлаған
Білесің бе жұлдыздарын далаңның?
Қалың Алаш қамын ойлап қайысқан,
Болжай білген болашақты алыстан
Абылайдай ханың жатқан киелі,
Ой салды ма жүрегіңе Түркістан?
Үркердейін жарқыраған тамызда,
Аты айналған ерлігімен аңызға.
Хангелдіұлы Райымбектей бабаңның
Ерліктерін өшпес жыр ғып жаздың ба?
Қысылшаңда қол бастаған намыспен
Саурық,Тайлақ,Бөгенбайлар нар кескен.
Әбілхайыр,Қабанбайлар ерлігін
Қайталауға әзірсің бе Жеңіспен?!
Кең далаңның жалау қылып шыңдығын
Нар халқыңның жастай ұғып шер – мұның.
Бар ғұмырын азаттыққа арнаған
Ұқтың ба үнін Кенесары,Сырымның?
Кең әлемнің бас идіріп шың құзын,
Таңдандырған даналықпен жер жүзін.
Абай,Шоқан қос жұлдыздан нұр жұтып,
Сен ғылымға ұмтылдың ба ұл – қызым?
Жауап беріп азаматтық арыңа,
Баба рухы тулап ыстық қаныңда.
Азаматтың қол бастаған сұңқары
Исатайға бас июге бардың ба?
Халық үшін жауы болып хандардың,
Махамбеттей сүйіп ерлік жолдарын,
Енгіздің бе жүрегіңе ем қылып,
Найзағайдай жарқылдаған жырларын?
Тасқындаған әруағы тарылмай,
Патша құрған темір торға бағынбай.
Жолбарыстай қарсы атылған жауыңа,
Ер Есеттің желпіндің бе туындай?
Қара дауыл жан жағыңнан қаптаған,
Кездерінде халқың үнін жақтаған.
Кеудеңде ме Мағжан,Сәкен жырлары
Еркіндікті тозақ кешіп жоқтаған?
Қызыл құйың зар жылатып еліңді,
Өртеп кетті – ақ босағаң,төріңді.
Содан қалған шаң тозаңнан сілкініп,
Тазалап сен жуа алдыңба кіріңді?
Қадір тұтып есіл ерлер есімін,
Алашым деп ашылды ма есігің?
Біздер Шоқай,Әлихандар,Тұрар деп,
Бұлқынды ма ұлың қозғап бесігін?
Жеткіншегің қолына ұстап Құранын,
Жатқа соғып хадистердің зор мәнін.
Жалау қылып байлады ма жанына
Ер Баукеңнің халқым деген ұранын?
Мыржақыптың үніменен оянып,
Ахмет боп ана тілін қолға алып,
Мен қазақ -деп,мың өліп,мың тірілген,
Жұбан болып ой кештің ме толғанып?
Есіңе алып мақсат қойып алдыңа
Бас июге сол асылдар Рухыңа.
Арыстан Баб пен, Яссауидей әулиең,
Шырақ жаққан Меккеңе сен бардың ба?
Қараңғылық бұлтын серпіп ізденіп,
Жетілдіңбе білім қуып өзгеріп.
Жарадыңба ел жұртымды жебеуге,
Ел болудың қамын ойлар кезге еніп.
Өткеніңді хатқа тізіп жаңылмай,
Ізгілікпен ізденуден жалындай,
Кешегі өткен арыстардай ерлікпен,
Ар иманмен абыройдан айрылмай,
Ояттыңба келер ұрпақ санасын,
Әділетсіздікке қайсарлықпен бағынбай.
Озбырлықпен алыстыңба жан салып,
Желіккендер жүрмес үшін қағынбай.
Талай дауыл қиындықтарды көп көрген,
Сан азапты бастан кешіп өткерген.
Аналар мен әкелерді құрметтеп.
Ниетіңмен шуақ құрып көктемнен,
Ерлік жалын тарихыңа барабар,
Басыңды иіп жырладыңба от деммен?!
Мазалаумен жас жаныңды сан сұрақ,
Сөнбесін-деп, бейбіт өмір сан шырақ.
Таң алдында айта алдыңба ұлы сөз,
Жаратқанға алғыс айтып Аллалап!
Ең бастысы елдің мұңын жоқтайтын,
Бола алдыңба жаны таза азамат?!
Әзірмісің ар намысын қорғауға,
Отан үшін отқа түсер қолқанат.
Жету үшін асқақ биік арманға,
Ерік беріп ұлттық сана ойларға.
Күн бесігің туған жерден толғанып,
Шыға алдыңба ұлыңды ертіп жолдарға.?
Қандай мақсат алға қойдың ақылмен,
Саналы іспе, нәсібі мол алды кең.
Бейімделіп ұға алдыңба нарықты,
Тірлік жасап талаптанып заңымен.?
Түсін мені келер ұрпақ ақ таңым,
Сенде менің жалындаған от әнім.
Ұғынбасаң қасиетін жасыңнан,
Кешірмейді менің сүйген Отаным!
Ойлан, ойлан,парасатпен ертеңді,
Опық жейді ойламаған ел қамын!
Төрің көрге айналмасын десең сен,
Бірлікпенен қазірден соқ қамалын,
Жайқалдырып әділдіктің орманын.
Жауыздық пен зомбылыққа жол бермей,
Биіктерге қанат жайсын арманың!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі